Жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің… бөс, бөс, бөспебай!
Мен білер қазақ әрдайым өсіріп айтуға, көпіртіп сөйлеуге бейім, оңтайлы тұрады. Баяғыда, бала кезімде, ауылдың шалдары жиналып, сөз жарыстыратын.
— Е-е, біздер не көрмедік, қайда бармадық?! Көктерек, Мектеп, Жаңажол Жаңаталап түгіл со-о-нау-у жер түбіндегі Марьевканың өзінде үш-төрт дүркін болғанбыз.
— Иә, иә, — деп, қалғандары бастарын шұлғитын.
Ал солардың әңгімесін тыңдап отырған мен Еділ бойынан жер ауып келген жүгірмек, таңғалатынмын апырай, мына шалдардың айтып отырған ауылдары таяқтастам жердегі аңғал-саңғал мекендер. Марьевка дегені, көп болса, жиырма бес шақырым маңайындағы аудан орталығы. Соны дабырлатпай-ақ, сол қашықтықты неге дәл айтпасқа деп, неміс басыммен аң-таң болатынмын.
