Тағзым етем ,Өрнегім, Бір қала бар, Сыншым-халқым

Өрнегім

 Тербеткен Арқаның самалы,

 Ержеткен қалқаның бал әні.

Мөп-мөлдір сұлудың жанары

 Жанымды тебірентіп барады.

 

 Қия алмай қызығып көргенім

Түс пе едің армандай, өң бе едің?

 Сағынып, сарылып, шөлдедім,

Аяулы ауылым — Өрнегім.

 

 Базарлы балалық бал шағым,

 Ажарлы арудай сал сағым.

Ауылым — арманым, аңсарым,

Өрнегім, өзіңді аңсадым.

 

Жас күнім, сайранды сауығым,

Тербеткен қара орман бауырын.

Елемей боранын, дауылын…

Күн кешкен гүл дестем-ауылым.

 

Қуат ап жерден де, желден де…

Көңілім ашылып шерменде.

Сағынып өзіңе келгенде,

Құс болып ұшамын мен демде.

 

Базарым, наз әнім — Өрнегім,

Сағынып, сарылып шөлдедім.

Дүниеде қанша ауыл көрсем де,

 Өзіңдей біреуін көрмедім.

Жыр кестем,

 

Гүл дестем — ауылым,

 Құрбымен бірге өскен ауылым.

Жастықтың сайранды сауығын,

Бәріңмен бір кешкен ауылым…

 

Сен барда босағам – төр менің,

 Қос анам,

 Бірі сен, Өрнегім.

 Өзіңмен биікке өрледім,

Өзіңдей басқа жер көрмедім.

 

Дәм тартып шалғайда жүрсем де,

Аңсатып құр атқа мінсем де…

Бақытым, базарым, наз әнім,

Тілегім, жүрегім бір сенде.

 

Ақ қайың,

Ай жүзді көлдерім,

Тағдырым, бақ-нұрым сен менің,

Армандай асыл Өрнегім!

 

Тағзым етем

 Бұйра толқын –ақ селеу, ақ жал далам,

 Жатыр тыныш, тымырсық, бақ жанбаған.

Түн тылсымын бір сәтке тыңдап көрші

Мұңлы дауыс шығады «Мағжандаған».

 

Бұл дауыс — Мағжандаған дала даусы,

Бұл дауыс –Мағжандаған ана даусы.

Шер-шемен көкірегін кернеп алған,

Бір әнге біз білмеген салады әнші.

 

Сол әнші -жын-пері ме,әлде адам ба,

Егіліп-елтимін бе, таңданам ба?

 Мен бұрын естімеген әуен-сарын

Ұрпағын Мағжанменен жалғаған ба?!

 

Өксік бар, қорқыныш бар, өкініш бар,

Сиқыр бар албастының отын ұстар.

 Бір мезет тор ішінде тобын құрып,

Мұң шағатын секілді тоты құстар.

 

Алаштың көтерем деп Туын биік,

 Қалғандай мезгілінен бұрын күйіп.

 Армандай алғы күнмен жалғаса алмай,

Алғандай өкініштің уын құйып.

 

Ойлаумен ердің қамын, елдің қамын,

Ойлаумен тау-тас, өзен, жердің қамын.

Қалайша аңдамаған албырт ақын

Өзіне ақтарылар селдің барын

 

Қандырып жан сусынын көз жасымен,

Күн кешкен бозінгендей бозда сүрең.

 Кетер ме ақтарылып у-запыран,

Көңілдің күй пернесін қозғаса ерен

 

Ғайыптан,

Оттан,


Судан жаратылғаң

Сөйлеген Ана атынан, Ар атынан,

 Ақында –заманының пайғамбары,

Жалғасып мәңгілікке баратын ән.

 

Сұлудыңқұлдықұрған күлкісіндей,

Суреттің мың құбылған түр-түсіндей,

Алаштың елдігін де, ерлігін де

Аспанның аясынан жүр түсірмей.

 

Күй кешкен ақын жаны ғұлама сыр,

 Тудырған сондай ерді Тұран асыл

 Елімнің көк байрағын көкке өрлетіп,

Бөлеген тамашаға ұлан-асыр.

 

Таратып туған жерге жан шуағын,

Қаратып думанды елге таң шырағын,

 Жиһаздай жыр-дестесін қалдырыпты,

Себелеп көкірегінің тамшы-нәрін.

 

Өскінбіз  сол тамшыдан қуат алғаң

Жалғасу жақсы ағаға — мұрат, арман.

Туған жер,

Топырағыңнан нәрленбесем,

 Мен-дағы шешек жарып, гүл ата алман

 

Елімнің абыройы, ар, құтындай,

 Өскен жер ҮШ бәйтерек жалқы тұрмай.

 Жыр жазып жүргенімді мақтан көрем,

Солардың соңындағы сарқытындай.

 

Бойыма жырдан жаһұт-асылды үйіп,

Кеудеме шабыт оты – жасын құйып.

Мағжаң Сәбит, Ғабиттер туған өлке

 Тарқамаған ән-жыры, думаны ерте,

Перзентің  болғанымды мақтан көріп,

 Тағзым етем мың мәрте басымды иіп!

 

Бір қала бар

 Айдынында ойнаған самал, сағым…

 Тарихынан ойлаған табар тағылым.

 Ұлағат ізі қалған ұлылардың

Бір қала бар төсінде Сарыарқаның.

 

Ақ қайыңы аққудай ырғалатын,

 Қағатындай гәккулеп жыр қанатын.

Алты Алашқа абыройын жеткізердей,

Мағжандай туса-дағы бір ғана ақын.

 

Дарияға малындырып мұң қанатын,

Ғасырларға ұласар жыр болатын.

Орысы көп, қазағы аз осы өңірге,

Жететіндей Мағжандай бір ғана ақын.

 

Әннің, күйдің тербеліп ерке үнімен,

 Астасқандай бүгінгі ертеңімен.

 Бір шеті — Есіл, бір шеті — орман-тоғай,

Өңірі ақ бидаймен көмкерілген

Ақ нәр, дән — ақ маржанмен көмкерілген,

Ақ нұрдай ақ маңдайдан тер төгілген.

Бір қала бар төрінде Сарыарқаның,

Ертеңі айнымайтын ертегіден.

 

Аты өзгеріп, орысша аталса да,

Шошырлықтай қала емес заты оншама.

 Қызылжар деген ұғымды елмен бірге,

Болашаққа барар деп қатар сана.

 

Көктемі де, жазы да, күзі де арман…

 Аққудай шығатұғын жүзіп алдан.

Қазақтың намысындай, арысындай

Абылай, Кенесары ізі қалған.

 

Көкірегімді сырға да, жырға да орар,

 Сезімімді сергітіп, нұрға малар.

Сарыарқаның төсінде төрдей биік,

Қызылжар дейтін ғажайып бір қала бар.


Сыншым – халқым… 

Өнер дағы өз алдына бір өмір,

Қырлары көп, сырлары көп, біле біл

 Толатын да, солатын да кезі бар

 Күнде жайнап тұра алмайтын гүл-өңір.

 

Қайсы кезде маңдайыңа бақ дарып,

Салған құсың көк бөріні жатты алып?..

Ойла, сонда құдайыңды ұмытып,

Кетпедің бе масаң тартып, мақтанып?

 

Бұл ғұмырда ғибрат көп білгенге:

 Пенделігің асып кетер бір демде…

 Соны ойлады-ау қайран бабам Жиренше

Жыртық тонын керегеге ілгенде.

«Семіздігін көтере алмас бұл пенде

Төрт аяғын бірдей басып жүргенде,

 Деді-ау қайран асыл бабам, — кейінде

Ғибрат болсын сөз қадірін білгенге!»

 

Кейде сынап, кейде мен де сыналам,

 Ерлік салты — бәріне де шыдаған

Алаулатып, жалаулатып шықпадым,

Бір жырымды мақтағанға бір адам.

 

Берер жауап, қойса уақыт сұрағын,

Көкірегімде тынбай аққан жыр-ағын.

Қай кезде де соңғы сөзді айтатын

ХАЛЫҚ дейтін СЫНШЫМ барын ұғамын!

 

Тағзым етем ,Өрнегім,Бір қала бар,Сыншым-халқым,//Солтүстік Қазақстан. – 7 маусым. – 2016. – 4 б.

 

 

Похожие записи

  • Саңқылдап солтүстіктен сөз бастаған…

     “Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек” демекші, елдің абыройлы азаматы атану – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Адамгершілік қасиетімен, елге адал қызметімен осындай құрметке ие болған Қызылжардың бетке ұстар азаматы, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің 75 жасқа толған мерейтойына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында салтанатты шара өтті.

  • Туған жер төрінде

     Өңірдің қонысқа жайлы, табиғаты сұлу, тарихы терең аймақтарының бірі – Шал ақын ауданы. Қасиетті мекеннің жасыл даласы, өзен-көл, орман-тоғайы, тіпті қазақы қалпынан айнымаған ақжүрек халқы да бұл жердің ежелден қазақтың ән-жырына, асыл сөзіне бесік болған атырап екенін еске салып, көңілді ерекше әсерге бөлейді.

  • Қожаберген батыр қол бастап…

     1757-1758 жылдар Абылай бастаған қазақ әскерлерінің жоңғар қалмақтарынан азат болған жерлерді қайтарып, қазақтарды қайта қоныстандыру шараларымен өткен еді. Бірақ шығыстағы алпауыт Қытай мемлекеті “бұл жерлер жоңғарлардың ата қонысы, ал жоңғарлардың түбіне жеткен біз қытайлар, ендеше жер де қытайдікі” деп есептеп, өздері иемденгісі келді. Бұл арада жоңғар тағына таласушылардың бірі Қалдан Сереннің жиені Әмірсананың қылығын да естен шығармайық. Ол әуелі Қытай үкіметіне өзі барып берілді де, жоңғарды қыра бастағандықтан ашық қарсы шығып, соққы жеп, жеңе алмайтын болған соң, Абылай қалмақ тұтқынында екі жыл отырғанда достасқаны есіне түсіп, қазақ даласына Абылай сұлтанға қашып келіп, пана тапты. Абылай болса осы алауыздықты әдемі пайдаланды. Әмірсанаға қолдау көрсетіп, ежелгі жауымыздың іштей бүлінгенін пайдаланып, өзіне-өзін айдап салды.

  • “Біржан деп атым шықты алты Алашқа…”

     Өнер дегеніміз – мүмкіндігі шексіз, құдіретті күш. Кейде бір ауыз сөз, бір минуттық музыканың өзі адам өмірін өзгертіп, санасына жарық түсіретін қасиетке ие. Өнердің әр саласының өзіндік ерекшелігі, бөлек бір құдіреті болады. Әуелеп ұшқан әсем ән талай адамның жүрегін тербеп, кеуделеріне ізгілік нұрын сеуіп келеді. Кез келген ұлттың өткенін, арман-мұратын, мінезін танытатын өнері – әні. Қазақ әні де халқымыздың сан ғасырлық қасірет-қуанышының, өкініш-жұбанышының айнасы. Қоғамдағы өзгеріс, толқулардың барлығы дала дарындарының жүрек сүзгісінен өтіп, ғасырдан-ғасырға жалғасатын туындыларға айналып отырған.