Жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің… бөс, бөс, бөспебай!

Мен білер қазақ әрдайым өсіріп айтуға, көпіртіп сөйлеуге бейім, оңтайлы тұрады.Баяғыда, бала кезімде, ауылдың шалдары жиналып, сөз жарыстыратын.
— Е-е, біздер не көрмедік, қайда бармадық?! Көктерек, Мектеп, Жаңажол Жаңаталап түгіл со-о-нау-у жер түбіндегі Марьевканың өзінде үш-төрт дүркін болғанбыз.
— Иә, иә, — деп, қалғандары бастарын шұлғитын.

Ал солардың әңгімесін тыңдап отырған мен Еділ бойынан жер ауып келген жүгірмек, таңғалатынмын апырай, мына шалдардың айтып отырған ауылдары таяқтастам жердегі аңғал-саңғал мекендер. Марьевка дегені, көп болса, жиырма бес шақырым маңайындағы аудан орталығы. Соны дабырлатпай-ақ, сол қашықтықты неге дәл айтпасқа деп, неміс басыммен аң-таң болатынмын.

Енді бірде сол шалдар тақырға шыққан арамшөптей сирек сақалдарына, жас шамаларын айғақтайтын
— Ой, Алла-ай, алпысты да алқымдап қалдық-ау!
— Алпысың не? Мына біздер, мәселен алпыстың алтауына да жетіп отырмыз ғой.
— Ой, тәйірі! Өз басым жетпістің жетеуіне қалай келгенімді аңғармай да қалдым.
Ал ауылдық дәрігер («першыл», «лөктір», «белгір») менің әкемнің тізімінде сол шалдарың бар болғаны елудің ар жақ, бер жағында болатын. Демек, қазіргі менен әжептәуір жас.
Есейе келе, жалпы асыра сөйлеу қазақтың бір ерекшелігі екеніне көз жеткіздім. Бұл- ұлттық менталитет. Бұған қазақтың ауыз әдебиеті, мақал-мәтелдері дәлел бола алады.
Поликлиникада үш атақты жазушы дәрігерге кезегін күтіп даурығып сөйлеп отыр.

— Менің инфаргім ғаламат ауыр инфаркт болды. «Глубокий!».
— «Глубокийің» не?! Менікі тіпті орасан. «Широкий!».
— Ту-у! Айтады екенсің! — деді үшіншісі тыжырынып. — «Широкий», «глубокий» дегендерің инфаркт болып па?! Инфаркт деп менікін айт!
— Е, сіздікі қайсысы еді?! — деп, алғашқы екеу жиырыла қалды.
— Ойбой, менікі деген, сіздерге айтайын, «глубокий» мен «широкийдің» көкесі ғой.
— Ондай да бар ма еді?
Болғанда қандай! Обширныйдың обширныйы!» Ал оны аз десеңдер, инсульт деген бәлесі тағы бар.
— Құдай сақтасын! — деп, анау екеуі жым болды.
Өзіміздің Жазушылар одағының бүгінде 600 мүшесі болса, соның кемі үштен бірі — кілең ұлылар, ақиықтар, біртуарлар, кемеңгерлер, данышпандар, бірегей саңлақтар, тұлпар, тарлан, қырандар, сұңқарлар, шаппай бер, озықтар, асқарлар.
«Адамзаттың Айтматовы!»
«Шығыстың Шерханы!»
«Әлемнің Әбдіжәмілі!»
Пай-пай! Уах! Жаса-жаса!
Тіпті: «Дүние дүлдүлі Дүкенбай» деп енді біреуі шыға келсе де, таңғалатын түріміз жоқ.
Мен білетін бір Бальзак бар еді, сөйтсек, тек Қазақстанның өзінен үш Бальзак шықты. Жасырақ кезімде Сәбеңді (Сәбит Мұқановты) Бальзак деуші едік. Кейінірек менің құрдасым, мамандығы француз тілі, марқұм Рамазан (Тоқтаров) Бальзак болды. Соңғы бірер жылдан бері газет бетінде Бальзак болып менің досым Дүкеш орнығып алды.

Ал не дейсің?! Не дерің бар ма? Бөс, бөс, бөсербай! Сілте! Дүңкілдет! Күпілдет! Дүрілдет! Аңқылдат! Саңқылдат! Бұрқылдат! Жарқылдат! Содан май шықса…
…Әлқисса, инфаркт пен инсульт деп аталатын қияметтің қыл көпірінен өтіп, аман қалғандаймын. Тағдыр: «Әзірше жүре тұр», — деп, қайырымдылық жасағандай. Бірақ түсінемін, қатаң ескерту жасап, шарт қойған сыңайлы. Шарты: «Күн сайын еңбектен, қаламнан қолың босамасын, шалтай-балтайды қой». Жазған басым соған иланып, содан бері шамамша қыбырлап-жыбырлап жүрмін. «Жұмысты қойған күні ай-шайға қаратпай, аяғыңды көктен келтіріп, жұлып аламын», — деп ескертеді Жаратқан Ием.
«Денкихь ан Дойчланд ин дер Нахт…» — «Ұйқысыз түнде Германиямды ойласам…». Генрих Гейненің тамаша өлеңдерінің бірі осылай басталады.

Өз елінің шынайы азаматымын деп есептейтін қай-қайсымыз да осы тектес өлең жолдарын өз ішімізде үнемі болмаса да, жиі айтатын болармыз. Тек «Германия» сөзінің орнында Қазақстан тұрар.
Иә, Қазақстан туралы, оның өткені, қазіргісі, болашағы туралы осы күні, тіпті, қатты ойланам.
Қазақстанда мен 60 жылдан бері, бүкіл өмір бойы десеңіз де болады, тұрып келемін. Бұл елді «Менің Қазақстаным» деуге әбден хақым бар деп ойлаймын.

«Елу жылда ел жаңа» дейтін қазақ мәтелінің терең шындығын растай аламын Мен соған куәгермін.
Уақыт желі біздің бейбіт үйіміздің іргесін ырғап, шаңырағын шайқап тұр. Ол уйдің ішінде не болып, не қойып жатқаны ешқайсымызды да бейтарап қалдырмаса керек. Ал оның ішінде жақсы да, жаман да болып жатыр. Оның ішінде қуаныш та, қасірет те бар. Үміттендіретін де, күдік ойлататын да жай-жағдаяттың бәрі соның ішінде.
Суреткер парызы — осы туралы ашық та адал сөйлеу.
Ақындар (жазушылар) әрқилы белгілеріне қарай әртүрлі категорияға бөлінеді. Соның ішінде қарғыбаулы, қарғыбаусыз ақындар деп те жіктеледі. Қарғыбаулы ақындар қазақ әдебиетінде көп (олар басқа әдебиетте де аз емес). Қарғыбаусыз ақындар- аздың ішіндегі сирегі.

АҚЫЛ МЕН БІЛІМ
Бұрынғы би-болыстарда білім аздау болған, бірақ ақыл мол.
Қазіргі елдің игі жақсыларында азын-аулақ білім бар сыңайлы, есесіне ақыл жағы, ай, кемдеу-ау…
Ақыл болмаған соң, профессор, академик дипломдарын өне бойына қат-қабат жапсыра береді, жапсыра береді, ал ісі бір оңбайды.
Сонда қайтпек керек? Ақыл жоқ жерде білім қауқарсыз. Ақылсыз — бишара. Елді аздырып, тоздыратын да солар.

ӘДЕБИЕТ ТӨҢІРЕГІНДЕ
Қазақ прозасында мықты деп марапатталып жүрген шығармалардың біразы — өлі бұйым.
Ой, Алла-ай, мен білетін кейбір жазушылар кітаптарын оқырман үшін емес, сыйлық алу үшін жазатын болып жүр. Әдебиеттің өлген тұсы да-осы.

(Мұнар тау  кітабынан алынды).


Жүре берсең, көре бересің, көре   берсең, көне бересің… бөс, бөс, бөспебай (Мұнар тау  кітабынан алынды).// Солтүстік Қазақстан. – 2016. — 2 ақпан 4– 5б.

 

Похожие записи

  • Ғибратты ғұмыр

     Қазіргі замандастарымыздың көпшілігі мектеп қабырғасында жүргенде газет-журналдардың оқырманы болды десек артық айтқандық бола қоймас. Ол кездері қазіргідей әркімнің қолында ұялы телефон түгіл телевизордың өзі ауылда саусақпен санарлықтай еді. Ауылымыздағы хат тасушы Сапура апайдың екі үлкен сөмкесі болатын. Сол сөмкелеріне газет-журналдарды толтырып алып, мектепке таңертең және түстен кейін келіп, әр отбасының жаздырып алатын басылымдарын балаларына тарататын. Көбі облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетін жаздырып алатын.

  • Ғабит ғұмырнамасының жаңа парақтары

     Бауыржан Момышұлы Ғабит Мүсіреповке 1955 жылы 20 сәуірде жазған бір хатында Оянған өлке романын оқып шыққанын, жорғаға мінгендей, ұзақжол жүрсе де шаршамағанын айтады.

    Кібіртіктеп, сүрінген тұстары да болғанын жеткізе келе: «… Жалпы айтқанда, тілің жақсы. Оған қазақ түсінеді. Қазақтан шыққан министр мен миллионерлер түсінбейді. Е, бақытсыз жазушы — мен сені аяймын!.. деген екен.
    Осы сөздерде керемет бір астар бар. Аяп отырып, аялау бар ардақ тұту бар. Әсілі, Ғабит Мүсіреповтей сөз зергерінің, сөз шеберінің жазғандарын екінің бірі түсіне алмайды.
    Оны түсіну үшін ана тілінің уызына жарыған, қазақ тілінің құдіретімен қасиетін терең сезінетш, рухани жан дүниесі аса бай оқырман болуы шарт.

  • Алғыс арқалаған азамат

    «Бірде Н. Погодин театрының  жанынан өтіп бара жатып, Пушкин мен К.Сүтішев көшелерінің қиылысындағы екіқабатты көк ғимаратқа көзім түсті. Қазақтың талай атпалдай азаматтары осы мекеменің ішінде жазықсыздан жазықсыз ату жазасына кесіліп кетіп жатты. Алақандай ауылдан аттап шықпаған жігіттерді өңі түгіл түсінде көрмеген Жапония елінің жансызы деп айыптағанын қайтерсіз?

    Қан сасыған сол ғимаратқа кейінгі жылдардың өзінде көбіміз кірмек түгіл  маңына жолауға жүрегіміз дауалай бермейтін. Енді, міне, шынжырлы трактор сенің де төрт қабырғаңды төрт жаққа айырып, күлпаршаңды шығаруда.

    Бұл өмірде мәңгілік ештеңе жоқ екені ақиқат», — деп бастады әңгімесін Болат Мағазұлы.

     

  • Батыр Баян: Тарихи зерттеулер

     Осыдан қырық жылдай бұрын Қызылжардың жанға сая, жүрекке дауа майдақоңыр жазғы кешінде жасыл бақта сырлы сұхбат шертіп, шалқыған көқілдің шермұңын тарқатып бір топ әдебиетшіл қауым гулесіп отырды. Әңгімелері әсем, әсерлі. Көлденеңнен құлақ шалған адамның өзі бері бұрылып селтиіп, тыныс тартып, тынып қалғанын көрер едіңіз. Сол тұста көз қиығымен тындарман ықыласын аңғарып қалған арқалы ақын. Хамза Абдуллин дауыс мақамын мәнерлей түсіп, жыр маржанын жарқылдатып шаша берді.

  • Құлагер ғұмыр

     Ақан серілік құрып жүргенінде Тінәлі қажының қызы Ұрқияға ғашық болады. Ұрқияның атастырылып қойғанына қарамастан алып қашады. “Мұның арты кейін үлкен дауға айналып, сол кездің Тулақ дейтін батыры Ақанды атып өлтірмекші болған екен”, – деген әңгімелер де бар. Алайда, ел жақсылары ара түсіп тоқтатып, “Серінің аты сері ғой. Осымен дау бітсін”, – деп, ақыры Ұрқияны Ақанға қосып, қалың малын Қорамса төлейді.