Алтын ұя — мектебім

Қасіретке толы 1930-31 жылдары аталарымыз елімізде басталған ұжымдастырудың қиындықтарына  қарамастан, болашаққа үміт артып, жан-жақта қыстауларда бытырап жүрген ағайындарын жаңа қонысқа жинап, «Бостандық» ұжымдасқан шаруашылығын құрған. Жаңа қонысқа көшумен қатар, бір үйді бастауыш мектепке арнайы бөлуі де аталарымыздың көрегендігі болар. Бұл тарихи оқиғалардың басында ұжымдастыру  жұмысына белсене араласып, алғашқы «Бостандық» ұжымшарын құрған сол кезеңдегі көзі ашық Жәкула Оралдин, Нұғыман Оранкин, Ғали Мусин сынды аталарымыз тұрды.

Алғашқы бастауыш мектептің ашылуы «қараңғылықтан» шығуға ұмтылған ауылдастарымыз үшін баға жетпес оқиға болды. «Қызыл отау» деп аталатын қысқаша оқу мен жазуға  ғана үйрететін курстардан сауаттарын ашып, хат таныған жастар енді мектепке баруға ұмтылды.Алғашқы ашылған бастауыш мектепте жас балалармен қатар ересектер де оқыды. Мектептің табалдырығын бірінші болып Гауһар Есембаева, Қайни Дүйсекова, Есләм Сарсебеков, Шотни Қасейінова, Қайролла Қарабатыров, Бәткен Жахина, Қуан Сарсекеев, Болат Сауменов, Жанбота Қасымов, Сәбит Барақов, Божан Нұртаев, Ахметжан Жанболатов, Қажыахмет Кәкиев, Мәну Әбілова, Қапура Сәлемова аттады.Бостандық мектебінің негізін қалаған алғашқы ұстаздарымыздың қатарында Нұғыман  Оранкин,  Ғали Мусин,  Ғабдолла Шоқаев сияқты аяулы азаматтарымыз болды. Қазан төңкерісіне дейін қазақ жерінің солтүстік өңірінен оқуға ұмтылған жастар көбіне Ресейдің Троицкі қаласындағы «Уазифа», Уфаның «Ғалия» медреселеріне оқуға баратын. Солардың қатарында біздің өңірден шыққан Ғабдолла, Нұғыман, Ғали аталарымыз да болған екен. Бұл оқу орнында сол кезеңдегі озық ойлы, «Алаш» қозғалысы мен үкіметінің негізін құрған азаматтар оқыды.  Біздің  жерлестеріміз де «Алаш» қозғалысы өкілдерімен тікелей байланыста болды деп айыпталып, Нұғыман Оранкин «халық  жауы» ретінде  ату жазасына кесілді. Нұғыман  Оранкин — XX ғасырдың бас кезінде солтүстік өңірдегі қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі  үлес қосқан азамат.  Ол «Айқап», «Қазақ» баспаларымен байланыс жасаған. Оған дәлел сол жылдардағы «Айқап» журналында жарияланған «Отырықшы қазақтар» мақаласында Петропавл уезіндегі қазақтардың отырықшылыққа көше бастағанына тоқталып, экономикалық-әлеуметтік мәселелерді қозғаса, «Отбасындағы шалдың зары» деген өлеңінде қоғамның кемшіліктерін сынап, әлеуметтік тақырыпқа қалам тартады. Нұғыман  атамыз сол кезеңдегі газет ісінің нашарлығын,  кемшін тұстарын қалай жөндеуге болатындығына тоқталып, Ресейде шығатын газеттермен салыстырған («Айқап» 1913 ж. №6). «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 31 наурыздағы №115 санында «Халық тұрмысын жақсарту үшін түрлі ұйымдар мен серіктестіктер ашу» керектігін сөз етсе, 1916 жылғы 29 ақпандағы №171 санында Ақмола облысындағы қазақ ауылдары орыс шаруаларымен біріге «Уаққарыз» серіктестігін ұйымдастырғаны туралы  жазған  мақалада  оның өте сауатты, нағыз саясаткер әрі экономист ретінде білімді екені байқалады. Нұғыман ұстаздық қызметпен қатар, ақындық өнерден де кенде емес, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан қоғам қайраткері болған.Ғабдолла Шоқаев атамыз негізінен оқу-ағарту тақырыбына қалам тартқан. Оған «Қазақтың білім-өнермен жұрт қатарына кіруі турасынан бір-екі ауыз сөз» («Айқап» 1913 ж. №18), «Алғашқы дәрігер Алдияровтың халықты емдеп жүргеніне рахмет білдіреміз» («Айқап» 1913 ж. №8) атты мақалалары дәлел.Ғабдолла ұстаз «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 16 қарашада шыққан  №38 санында «Қазақ мұғалімдері, қазақ шәкірттері!» мақаласында мұғалімдерге арнап сабақ беру әдістері бойынша сол уақытта шыққан оқулық кітаптарға талдау жасап, өзінің іс-тәжірибесімен бөліседі. Ғабдолла ұстаз ғана емес, сол заманның жаңашыл әдіскері десек, артық кетпейміз. Ол Алаштың арыстары сияқты жан-жақты болған. Ғабдолла «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 3 мамырдағы №16 санында шыққан  «Жазғы дауыл» атты өлеңінде туған жердің табиғатын тамаша суреттей отыра, табиғат апатының болатындығынан сақтандырған. Нұғыман, Ғали XX ғасырдың басында Бостандықтан шыққан, еліне рухани байлықтың шуағын сепкен арыстарымыз еді. Олардың біз біле бермейтін шығармалары әлі де табылып қалар. Заманның қиын кезінде көптеген мұралары жоғалды, жойылды. Іздеп тапқан осындай деректерді аз да болсын жариялап отырмыз. Ауылымыздан шыққан алғашқы ұстаздарымыздың екінші буыны Ұлы Отан соғысының сұрапыл қан майданында туған жерін қорғап, аман-есен елге оралған, соғыстан кейінгі бейбіт өмірге көшудің қиын-қыстау кезеңінде  ең қасиетті мамандық  ұстаздықты таңдап, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай абыройлы еңбек еткен Мәжит Мүрсәлімов, Болат Сауменов ағайларымыз бен Шәйзада Нұғыманова апайымыз болды. «Білім негізі — бастауышта» деп тегін айтылмаған ғой, өткен ғасырдың сексенінші жылдарына  дейін Бостандық ауылы оқушыларының осы асыл азаматтарымыздың алдынан өтпегені жоқ шығар. Бостандық мектебінде жарты ғасырға жуық бастауыш сыныптың мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққан Мәжит ағаны «ұстаздардың ұстазы» дейміз. Мектебіміздің бүгінгі құрамы — түгелдей Мәжит ағамыздың шәкірттері. Мен институт бітіріп, зайыбым Нағимамен туған ауылыма қызмет етуге келгенде құшағына алып, бірінші болып құттықтаған Мәжит ағамыз еді. Кейіннен бірге жұмыс істегенде ақылшым болды. «Менің тәрбиелеп өсірген оқушыларымның арасынан шыққан бірінші директор сенсің, бұған дейін олар басқа жақтан болатын. Сондықтан да өз туған ауылыңа аянбай қызмет ет, мектептің мәртебесін көтер», — деген еді. Алғашқы ұстазымның ұлағатты сөзін үнемі жадымда ұстап, 28 жыл бойы тапжылмастан мектепті басқардым. Болат Сауменов ағайымыз да естен кетпейді. Ол 40 жылға жуық Бостандық мектебінде бастауыш сыныпта сабақ беріп, талай ауыл балаларының музыкаға деген талантын ашты. Ағамыз домбыра мен мандолинада шебер ойнайтын. Ауыл балаларына алғашқы музыка әліппесін үйреткен ұстаз Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әртіс Асылболат Кәкенұлының үлкен өнер жолына түсуіне себепші болды. Өңірімізден шыққан санаулы генералдардың бірі Марат Мәжитов  те Болат Ағаның шәкірті.  Бостандық ауылынан шыққан ұстаздықты таңдаған алғашқы қыз ретінде Шәйзада Нұғыманованы еске аламыз. Әкесі Нұғыман Оранкиннен бастау алатын ұстаздық  мамандыққа деген сүйіспеншілікті Шәйзада тәтей жалғастырды. Онжылдықты жаңа ғана бітірген қыз баланың мұғалімдікке бейімділігін байқаған ұстаздары ол туралы аудандық оқу бөліміне хат жазып, ұсыныс жасайды. Ол кезде мұғалімдер жетіспегендіктен, онжылдық мектеп бітірушілердің жақсы оқығандарын ұстаздыққа тартатын. Шәйзада тәтей бастауыш сыныптарға сабақ беріп, зейнеткерлікке шыққанға дейін Бостандық мектебінде 40 жылдан астам еңбек етті.

Бостандық мектебінің дамып, өсуіне әр жылдары үлес қосқан басшылардың есімдерін үнемі еске алып отырамыз. Қажен Сүгіров соғысқа аттанып, елге қайтып оралмай, ерлікпен қаза тапқан. Баласы Ұлан Сүгіров облыс көлемінде көп жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызмет атқарды. 1950-1975 жылдары Шәйкен Мәдиев, Шаяхмет Хамзин, Жасұлан Қадыров, Әлімжан Мәжитов, Нұрахмет Уәлиев, Кәкітай Кәжеков сынды білгір азаматтар мектепті басқарды. Заманның қиын кезеңінде басшы болған ағаларымыздың әрқайсысы жеке-жеке айтуға тұрарлық тұлғалар. 1950-60 жылдары Бостандық мектебі оқушыларының аты математика пәні бойынша аудан, облыс көлемінде шығып жүрді. Сол кезде математикадан сабақ берген «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» Қаби Қылышбаевтың шәкірттері біздің мектепті бітіріп, басқа ауылдарға оқуын жалғастыруға барғанда ерекше көзге түсетін. Мектеп тарихында ерекше атайтын ұстаздардың тағы бірі -қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс берген Сұлтан Мәкентаев ағамыз. «Ұстаз — жаратылысынан жаны жайсаң, жинақылыққа құштар, мейлінше шешен, өнер-білімге іңкәр, аса қанағатшыл жақындарына да, жат адамдарға да барынша әділ жұрттың бәріне де жақсылық пен ізгілік жасауға құлшынып тұратын жан», — деп қазақтың ұлы ойшыл философы, ғұлама ғалымы әл-Фараби данамыз айтқан екен. Міне, осы айтқан асыл қасиеттердің бәрі Сұлтан ағамыздың және онымен бірге істеген аға буын өкілдерінің бойынан табылатын. 1950-1980 жылдары Бостандық мектебінен оқып шыққан балалардың қазақша сауатты, әдебиетке деген қызығушылығын арттырған Сұлтан ағай қазақ ауыз әдебиетінің білгірі ғана емес, ол домбырашы әрі термеші де болатын. Оның сол кездегі Приишим ауданы (қазіргі Қызылжар ауданы) орман шаруашылығын басқарған, облысқа аты шыққан белгілі айтыскер ақын Ахметжан Нұртазиннің жанында жүріп, облыстық ақындар айтысына қатысқан кездері де болды. Сұлтан ағаның Мамлют ауданының ақыны Уахит Темірбеков, Жамбыл ауданынан Игібай Әлібаев, көрші Бексейіттен шыққан Қаһарман Жантасовтармен бірге облысты аралап айтысқа қатысқаны есімізде. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары қазағы аз солтүстік өңірде айтыс өнерінің жандануы сирек құбылыс болатын. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін көп уақыт тоқтап қалған, бізден басқа еш халықта жоқ  құндылығымыз — қазақтың айтысы бүгінгі күні ез тұғырына қонғаны қуантады. 1972 жылы білім ошағы онжылдық мектеп болып қайта құрылды. Мектеп жанынан көршілес Бексейіт және Үшкөл ауылының балалары жатып оқитын интернат ашылып, онда 70 балаға дейін тәрбиеленді.  Ол жылдары мектебімізде ұстаздық еткен Ғ.Қадыров, Қ.Нұрғалиев, С.Жұмабаева, С.Төрежанова, Р.Пішенбаева, М.Омаров, С.Сұрағанова, тағы басқа да ұстаздарды ауыл тұрғындары, олардың алдын көрген мектеп бітірушілер жылы лебізбен атайды. Жоғары оқу орындарын тамамдап келген мектеп түлектері ұжымның қатарын толықтырып, оқу-тәрбие ісіне жаңа леп әкелді.

 1991 жылы қазақ елінің Тәуелсіздігі қарсаңында Бостандықта 160 оқушыға арналған екіқабатты жаңа мектеп ғимаратының пайдалануға берілуі ауылдықтар ушін айтулы оқиға болды. Еліміздің тәуелсіздігінен бастау алып, жаңа ғимаратқа көшкен Бостандық орта мектебінің ұжымы оқу-тәрбие жұмысын бұрынғыдан да жақсарта түсті. Бүгінде түлектеріміз аудан және облыс деңгейінде ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіштерге жетіп, білім мекемесі үздік мектептер қатарынан көрінуде. Түлектер арасында  ғылым жолына түскендер, әскери шенділер, кәсіпкерлер, басқа да мамандық иелері бар. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып жатқан түлектерімізді мақтанышпен айта аламыз. 85 жылдық тарихы бар Бостандық мектебінің ұжымы мен түлектері алдағы уақытта да еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосады деген үміттеміз. Тәуелсіз қазақ елінің «Мәңгілік Ел» болуы жолында жас буынды тәрбиелеуде бұл білім ордасының шығар биігі әлі алда.

 

Қажымұрат Нәсиев, ардагер ұстаз.

Нәсиев.Қ.  Алтын ұя — мектебім // Солтүстік  Қазақстан. – 9 маусым. – 2016. – 3 б.

 

Похожие записи

  • И вечный бой, покой нам только снится…

      2016 год является годом 25-летия Независимости Республики Казахстан, 80-летия Северо-Казахстанской области, ветеранская организация готовится отметить своё 30-летие — этот ряд событий важен и значим для всех земляков, Данный материал — о ветеранском движении, о людях, событиях, фактах. Через призму воспоминаний мы бросаем мостик в далекие годы и снова возвращаемся в день сегодняшний.

  • Елмен бірге есейдік

    Тәуелсіздік таңы шуақ шашқан егеменді елдің бүгінгі тыныс- тіршілігі туралы сөз қозғай қалғанда, әуелі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы ойға оралады. Бүгінде көш бастаған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен тәуелсіз Қазақстан экономикалық дамудың жаңа белесіне аяқ басты.

    Ата-бабамыздың мәңгілік мұратына айналған Тәуелсіздік тұғыры орнағанына, міне, 25 жыл Осынау ширек ғасыр несімен ерекшеленбек? Жиырма бес жыл ішінде не тындыра алдық?” — деген сауал әркімге ой салады.
    Өткен өмір белесіне көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын болсақ, бірталай іс еңсеілді.
    Әлі де қолға алынбай жатқан шаруа аз емес. Нарықтық экономика қазақстандықтарды өз ырқына көндіріп, уақыт талабына сай өмір сүруге үйретті.
    Бүгінде біз нарықтық экономикаға бейімделген, бәсекеге қабілетті елдің біріне айналдық.
     

  • Годы, равные векам

     Юбилей, отмечаемый нашей областью в этом году, стал отличным поводом для проведения в Петропавловске международной научно-практической конференции «Регионы Казахстана: история, современность, перспективы», участие в которой приняли более 30 ученых, исследователей со всего Казахстана и России, а также директора государственных архивов республиканского, областного и районного уровней.

  • Ұлт шежіресін жазған ғалым

     Қазіргі кезде тарих атасы Геродот тарихына пікірлер айтылып жүр. Ежелгі Римнің тарихшысы Плиний жазбаларына да басқаша қарау бар. Бұлар түсінікті де секілді. Өйткені, қазіргі тарихшылар өзіне дейінгі заманды зерттеп, бүгінгі күн биігінен бағалайды. Ал олар өздерінің көргендері мен естігендерін сол заман өлшемдерімен бағалап, жазды.
    Тарих — ғылымның таласты салаларының бірі. Оған әркім баға беруге келгенде өз білім-білігі бойышна әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда Конфуций философиясындағы бір заңдылық үстемдік құрады.
    Онда былай делінгек «Егер үстіңдегі ақ көйлегіңді біреу «мынауың қара екен» десе, үндеме, әлгі екінші рет келіп, солай десе, тағы үндеме. Үшінші, төртінші, тіпті, жүзінші рет әлгісін қайталаса да, «мұның қате деме», өйткені, оған сенің көйлегің қара көрініп тұрған болуы керек». Бұл дәл қазіргі заманға арнап айтылған секілді.
    Осылардың бәрін еске алып отырған себебім тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Манаш Қабашұлы Қозыбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «мынауың қара екен» деген секілді сындарды да естіді.

  • Летопись новой эпохи. Начало

    1992 год
    Новый 1992 год бывший советский народ встречал уже в другой стране. Каждый — в своей, суверенной. После распада единого могучего начался парад суверенитетов. Попытки сохранить Союз под флагом славянских или тюркоязычных государств не дали результатов, так как стало ясно, что политические декларации без решения главного вопроса — перехода к рыночной экономике — не имеют смысла. К тому времени уже был разрушен единый народнохозяйственный комплекс, который мог существовать лишь при жесткой плановой экономике. Каждая республика пустилась в самостоятельное плавание.

  • Бірлік пен еңбек егіз

    Биылғы жылы қазақ халқы қаһармандықпен, қаны мен жанын азаттықтың ақ жолына сарп етіп, ерліктің ерен үлгісімен қол жеткізген Тәуелсіздігіміз екі мүшелге толғалы отыр. Тыңнан түрен түрген осы уақыт аралығында елімізде едәуір ірі көлемдегі мемлекеттік қалыптасулар болды. Қазақстан түбегейлі реформаларды жүзеге асырды және экономикалық, әлеуметтік, саяси жүйені жаңғырту жолында нық қадамдар жасады. Қазіргі таңда Қазақстанның ширек ғасыр аралығында әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің бірі ретінде өз орнын айқындағанының куәсі болып отырмыз. Бұл күнге жету үшін қазақстандықтар талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті.