Мәдениет — елдің келбеті


Егемендік алған ширек ғасыр ішінде еліміз экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да кемелдене түсті. Тоқырау жылдары талан-таражға түскен талай мәдениет ошақтары қайта қалпына келтірілді.
Жоғалып барып, халықпен қайта қауышқан ұлттық өнеріміздің орны бір бөлек. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басы Қызылжар өңірінің мәдени өмірінде де жаңа серпіліс болғанын білеміз. Қазақ театрының ашылуы, ұлттық өнер ұжымдарының құрылуы, республикалық айтыстардың өткізілуі — сөзіміздің дәлелі. Сол оң өзгерістердің бел ортасында нардың жүгін арқалап жүрген азаматтардың бірі Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, облыстық мәдениет басқармасын басқарған Амангелді Балмұқанов болатын. Бүгінде зейнет демалысындағы ағамызбен жолығып, қызығы мен қиындығы бірдей сол күндерді еске алдық.
— Сіздің Қызылжарға елде аумақтық реформалар жасалып, қос облыс қосылған тұста келгеніңізді білеміз. Алдымен Көкшетаудың мәдениет басқармасына жетекшілік етіп, кейін Солтүстік Қазақстан облысында осы салада басшылық қызмет атқардыңыз. Біз білетін ақпарат осы ғана. Сондықтан сұхбатымызды алдымен туған жеріңіз, өскен ортаңыздан бастасақ.

— Менің туған жерім — бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданына қарасты Ұялы ауылы. Алапат соғыс жүріп жатқан 1944 жылы дүниеге келіппін. Сол ауылда сегізінші сыныпқа дейін қазақша білім алып, ал қалған екі жылды орыс тілінде оқып бітірдім. Тың және тыңайған жерлерді игеріп жатқан заман, қазақтілді білім ордалары жаппай жабыла бастаған тұс еді ғой.
Жүректе жастық жалын бар. Мақсат терең білім алу. Ағайын-туыспен ақылдаса келе, ағаларымның кеңесімен Қызылжарға оқуға баруға ұйғардым. Миғаш Саттаров деген ағамыз екеуіміз қара күзде сөмкемізді арқалап, қазақтың марқасқалары еңбек еткен осы бір қасиетті шаһарға табан тіредік. Үміт алдамады, жолымыз болып екеуіміз де сол кездегі К.Ушинский атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану-география факультетіне оқуға түстік. Менің жасым 15-те ғана еді. Ол кезде институтта ес тоқтатқан ересек адамдар ғана оқитын.
Ең кішісі мен болған шығармын. Анам — мұғалім, сондықтан кішкентайымнан әріп таныған мен бірінші сыныпты оқымай, бірден екіншіден бастағандықтан, мектепті ерте бітіргенім бар. Көзді ашып-жұмғанша институттағы оқу да аяқталды, кейін әскери борышымды өтеп келіп, ауылға мұғалім болып орналастым. Артынша комсомолдан бастап, кеңестік басқару жүйесінде әртүрлі жоғары лауазымды қызметтер атқардым. Тізіп айта берсе ол көп әңгіме.
— Ал мәдениет саласына қалай келдіңіз?
— Қызылту ауданында идеология бөлімін басқарып, кейін атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүрген кезде білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының жұмысын қадағаладым.
Әр саланың ерекшеліктерін жетік білуге тырыстым. Бұл-бір, екіншіден, біздің отбасымыздың мүшелері өнерге өте жақын жандар. Әкем Балмұқан ел басқара жүріп, қолынан домбырасын тастамайтын, кез келген жиынның көркі еді.
Менен үлкен екі әпкем де жезтаңдай әншілер. Жалғыз ағам Совет ұлдың үлкені болғандықтан, туғанынан әкемнің жанынан бір елі қалмай, бар өнерді бойына сіңіре білген.
Осыдан үш жыл бұрын ол өзінің сахнаға шығып, шығармашылық өнермен шұғылданғанына елу жыл толғанын тойлады. Жастық шағында көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған.

— Тоқсаныншы жылдардың басы егемендікті енді алған жас мемлекет үшін қиынға соққанын бәріміз білеміз. Мәдениет үйлері мен кітапханалардың есігіне қара құлып ілінді. Жаппай жабылып жатты. Дәл осы алмағайып кезде мәдениет саласын басқару қаншалықты қиынға соқты?
— 1997 жылы республикада облыстарды біріктіру саясаты жүре бастады, мамыр айында Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан облыстары қосылды. Көрші шаһардан елуге тарта адамды осында шақырып, қызметке орналастырды. Көкшеде мәдениет саласын басқарып жүрген мені облыстық басқарма бастығының орынбасары етіп тағайындады.

Қай саланы алып қарасақ та, қиын кез еді ғой. Жаппай жекешелендіру жүріп жатқан. Ірі-ірі кәсіпорындар, кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылды, кейбірінің мүлкі талан-таражға түсті десе де болады.
Бұл жағдай мәдениетті де айналып өткен жоқ. Кітапханалардың, Мәдениет үйлері мен клубтардың есігіне қара құлып ілінді. Елді мекендерде жоқ дегенде бір шағын кітапхана немесе клуб болушы еді ғой.
Соның бәрі сатылды, су тегінге берілді десе де болады. Қап-қап кітапты далаға шығарып тастағанын да көз көрді. Осындай келеңсіздіктерге қарап, көзіңе еріксіз жас үйіріледі екен.
Қолдан келер басқа қайран жоқ. Кейде облыстың басшылары бізді тұрғызып қойып, бір аптада қанша мәдениет ошағы сатылып, қаншасы жабылғаны жайлы есеп алатын. Саны аздау болса, сөгіс берілетін. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңнен өтіп, бүгінде сол жоғалтқандарымызды түгендеуге кірістік.
— Қызылжардағы қызметіңіз неден басталып еді?
— Облыс тұрғындарының ұлттық құрамына қарайтын болсақ, Қызылжарда қаракөздеріміздің саны өте аз еді. Бұл тарихи қалыптасқан жағдай ғой.
Ұлттық ұжымдар да жоқтың қасы болатын. Сондықтан алдымен қазақ халқының бай мәдениетін көрсету, халықты рухани азықтандыру қажет болды.
Екі жыл қатарынан облыста республикалық театрлар фестивалін өткіздік. Ол кезде Қазақстан бойынша 48 театр болатын, соның тоқсан пайыздайы жиналды.
Өзіңіз есептеп көріңіз, бір ұжымнан кем дегенде отыз адамнан келді. Оларды қарсы алу, орналастыру, репертуарларындағы қойылымдарын сахналауға жағдай жасау, көрермен жинау сияқты жұмыстар айтуға ғана оңай. Бұл фестивальдарға өзіміздің қос театрымыз да қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріне білді.
Тағы бір ауыз толтырып айтатын мәдени шара — республикалық ақындар айтысы. Оны да екі рет өткіздік. Сөз сайысына қазақтың сол кездегі аузы дуалы ақындарының ішінен Серік Құсанбаев, Аманжол Әлтаев, Айтақын Бұлғақов, Ақмарал Леубаева, Баянғали Әлімжанов, Дәулеткерей Кәпұлы сынды дүлділдер жиналып еді. Бұл төл өнерімізді ұлықтаған, халыққа рух берген үлкен шара болды. Қазір сол театр фестивалі мен ақындар айтысын көрген көзі қарақты көрермен кездескен сайын осындай ауқымды мәдени шараға сусап жүргендерін айтып жатады.
— Жаңа мыңжылдықтың басталуы елдің мәдени өмірінде жақсы жаңалықтармен есте қалды. Мәдениетті қолдау жылы деп аталып, көптеген өнер ордалары ашылып еді. Қызылжарда қазақ театрын құрудың басы-қасында да сіздің жүргеніңізді білеміз. Осы туралы айтып беріңізші.
— Жасыратыны жоқ, қалада қазақ өнері кенжелеп қалғаны рас еді. Театр, одан қалды ән мен би ұжымдарына дейін көбі орысша болатын. Кезінде Валерий Хренов басқарған бишілер тобы сонау Мәскеуде жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып, лауреат атанғанын білемін. Би ансамбльдері көп, бірақ солардың қатарындағы қаракөздеріміз саусақпен ғана санарлық.
Сондықтан алға қойған негізгі мақсатым — ұлттық ұжымдар құру болды. Расима Сучкова деген хореографты шақырып алып, тек қазақ қыздарынан ғана би тобын құру туралы тапсырма бердім.
Мектептерде, университетте оқитын қыздардың басын қосып, екі ай ішінде ансамбль жасақтады. Атын «Әдемі-ау» деп қойдық. Сол «Әдемі-аумен» бірге Үндістанға дейін бардық, халықаралық байқауға қатысып, жүлдегер атанды. Қазақтың ақ жаулықты әжелерінен құралған «Балқадиша» ансамблін құрғандағы көздегеніміз де сан ғасырлардан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан ән өнерін дәріптеу еді. Бұл қос ұжым әлі күнге дейін өнер көрсетіп жүр. Сегіз сері атындағы ұлт аспаптар оркестрінің де енді құрылған кезі екен. Аспаптар сатып алып, сахналық киімдер тіктіріп, оркестрдің аяғынан нық тұруы үшін біраз тер төктік.
Ал енді облыс үшін ең басты жаңалық, ақ түйенің қарны жарылған күн — Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ашылған сәті.
Ең бірінші кезекте театрға лайықты ғимарат іздестірдік. Онымен тікелей мен айналыстым. Энергетиктердің Мәдениет үйі таңдалып, сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағымановтың қолдауымен аз уақыт ішінде жөндеу жұмыстары да басталды.

Желтоқсан айында Мәдениет министрлігінің ұсынысымен Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек режиссер болып қызметке қабылданды. Ал актерлік құрамға Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері келетін болып ұйғарылды.
Өнерпаздарды пойыздан барлық сән-салтанатымен қарсы алып, алдын ала дайындалған 17 пәтерге апарып орналастырдық. Төсек пен көрпе-жастықтарды спорт интернатының директоры, баяғыда институтта бірге оқыған досым Жамбыл Тасеменовтен сұрап алғаным әлі есімде. Жөндеу жұмыстары біткенше Н.Погодин атындағы театрда алғашқы қойылымдарын сахналады.
Кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, өнер ордасын ашып, ақ батасын беріп кеткен болатын.
Мен жуырда облыстық мәдениет басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде барлық аудандарды аралап шықтым. Қай ауданға барсаң да аудан орталықтарында Мәдениет үйлері жарқырап тұр.
Бұрын не жарығы жоқ, не жылуы жоқ, есіктерінде қара құлып ілініп тұрушы еді ғой. Осыған қарап-ақ заман өзгергенін аңғаруға болады. Кей ауылдарда жеке шаруашылықтар өз қаражаттарына клубтар салып, соны халық игілігіне беріп отыр екен.
— Ұлттық өнерді жаңғырту жайында өз ойыңызды айтып қалдыңыз. Осы мақсатта атқарылған шаралардың да бір парасын тізіп шықтыңыз. Дегенмен, соңғы уақытта елімізде, әсіресе, біздің өңірде қазақтың дәстүрлі ән өнері өгейсіреп қалғанға ұқсайды. Үлкен сахнадан да көп естіле бермейді. Себебі неде?
— Қалада өтетін үлкен концерттердің көбіне көңілім толмайды. Жақында облыстың 80 жылдығына арнап қойылған кештің режиссеріне іштей қатты ренжідім.
Орыстың деревнясында айтылатын әнді сахнаға шығарыпты. Ал қазақтың атам заманнан келе жатқан дәстүрлі әніне, сонау Парижде Әміре Қашаубаев шырқаған әуезді әуендерімізге Қызылжар төрінен дұрыс орын бұйырмағаны қынжылтты. Үш жігітке бір-бір шумақтан попурри айтқызып қойғаны несі? Кез келген концертті қазақтың домбырасымен және халық әнімен ашуға әбден болады ғой.
Ұлттық ән өнеріне қолдау жоқ. Солтүстікте ғана емес, еліміз бойынша жағдай мәз емес. Сондықтан министрлік жанынан арнайы бөлім ашып, қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеу керек деп ойлаймын.
Екінші жағынан эстрадаға, даңғырлақ әуендерге, мән-мағынасы жоқ әндерге әуестеніп кеттік. Соның да кесірі тиіп жатыр.
Жалпы мәдениет ошақтарын жарқыратып-жайнатып қойғанымызбен, оның ішін мәні мен мағынасы келіскен өнер туындыларымен толтыра алмай жүрген сияқтымыз. Мәдениетті басқарып отырған кейбір басшылардың жеке бас мәдениетінің төмендігі аңғарылады.
Жақында Құрманғазы оркестрінің концертінен кейін болған жағдай жағамызды ұстатты. Мәдениет басқармасы басшысының әйел орынбасары сахнаға шалбармен шығып, қазақша жазылған құттықтау мәтінін ежіктеп оқып, елге күлкі болды. Біз мәдениетті көтерейік десек, әркім, оның ішінде осы саланың басшылары жеке басына, жүріс-тұрысына ерекше мән беруі қажет.
Театрларымыз да репертуар тұрғысынан жұтаңдау көрінеді.
Қазақ театрының шағын залды көрерменге толтыра алмай жүргені жұртты елең еткізер қойылым сахналай алмағанынан сияқты. Соңғы жылдары жастар бірнеше спектакль қойды.
Бірақ театр ашылған алғашқы кездердегідей жарқ етіп шыққаны байқалмайды. Керерменді кінәлап отыра беру жөн емес, оларды театрға тәрбиелеу керек. Ұжымдармен дұрыс жұмыс жүргізу қажет.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындықтардан өттік. Халықтың еңсесі көтерілді, енді ұлттық өнерімізден тамыр үзіп қалмаудың жолын іздеуіміз керек. Мәдениет — елдің келбеті. Жаһандану заманында ұлттық мәдениетімізді сақтаудың қиын тұстары өте көп. Жан-жақтан ентелеп кіріп жатқан сан түрлі мәдениетті көреміз. Соған төтеп беріп, ұлттық бет-бейнемізден, мәдениетімізден айырылып қалмаудың қамын жасауымыз қажет.

 — Ағыңыздан жарылып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Ербақыт Амантайұлы, «Солтүстік Қазақстан».

Сұхбаттасқан Амантай Е.Мәдениет- елдің келбеті.//Солтүстік Қазақстан. – 24 қараша. – 5 б.

Похожие записи

  • Алтын алма,алғыс ал

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында: «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде — 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады — барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға Алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді», — деген-ді.

    Бұл ұсыныс үстіміздегі жылы ел Президентінің Жарлығымен заңды күшіне еніп, бүгін қазақ елі Алғыс айту күнін атап өтуде. Осы мереке қарсаңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тарих, экономика және құқық факультетінің тарих және

    әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, қалалық мәслихаттың депутаты Сабыр Ыбыраевқа жолыққан едік.

     

  • Биік белестерге ұмытлған серіктестік

     XX ғасыр өнеркәсіптің қарқынды дамуымен және халық санының өсуімен сипатталса, XXI ғасырдың басында қоршаған ортаны ластайтын өнеркәсіптің кейбір салалары таза суға, өсімдіктерге және т.б. зиянын тигізе отырып, жылдамдықпен дами бастады.
    Адамзаттың бүгінгі іс-әрекеті, күнделікті тіршілік жерге, ауаға, суға орны толмас залал келтіруде. Адамның табиғатқа әсер етуі оның өзінің өміріне де қауіп төндіреді.
    Бабаларымыз «Су — тіршілік көзі» деп бекер айтпаған. Өйткені, адам баласының күнделікті тіршілігін сусыз елестету мүмкін емес. Бүгіндері әлемде сапалы ауызсу тапшылығы анық сезілуде.

  • Азаттықтан асқан бақыт жоқ

     — Зарқын Сыздықұлы, үш ғасырға жуық уақыт бойы бодандықтың бұғауында бұлқынып, Тәуелсіздік деген киелі арманға, қасиетті құндылыққа қол жеткізген Қазақстан бүгінде әлем елдері мойындайтын іргелі мемлекетке айналып отыр.
    Тәуелсіз еліміздің ширек ғасыр уақытта жүріп өткен жолы көпшілікке үлгі болса, кейбіреулер үшін қызыға да, қызғана да қарайтын дара жолға айналды.
    Осының барлығы егемендіктің берген өлшеусіз нығметі ғой. Сіз қазақ халқына қастерлеуге міндетті Тәуелсіздік атты ұғымды қалай түсінесіз?
    — Тәуелсіздік дегеніміз – бұрын тәуелді болып келгендер үшін үлкен бақыт. Ал бақыт дегеніміз не? Оны әркім-ақ біледі. Өйткені, бақытты болғысы келмейтін пенде жоқ. Белгілі бір құбылысты ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау үшін салыстыру керек.
    «Тоқшылықтың қадірін ашыққанда, барлықтың қадірін жоқшылықта білерсің» дегендей, салыстырмалы түсініктер ғана адамды ақиқатқа жетелейді.

  • Азат елдің шуағына бөленуде

     Еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын ауқымды түрде атап өтті. Елбасы Қазақстан халқын кұттықтап, осы уақытта әр сала бойынша жеткен жетістіктерді саралады, өткенімізге көз жүгіртіп, артта қалған ауыр кездерді де еске алды.
    Иә, сынаптай сырғып өте шыққан 25 жылда ғасырлар бойы арман болған ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күнге оңайлықпын жетпегеніміз айдан анық. Өзім білім саласының өкілі болғандықтан, Елбасының сөздерін тыңдап отырып бұл жүйенің де жеткен жетістіктерін естіп, марқайып қалдым.
    Тәуелсіздіктің алғашқы тоқырау жылдарында жергілікті бюджеттегі қаржы тапшылығына байланысты мектеп, балабақша тағы басқаларының халі мүшкіл болып, көпшілігі жабылып тынды.
    Алайда, қандай қиындық болсын елдің елдігін, оның руханият биігін көрсететін бір белес бар. Ол жетім, мүгедек балаларға мемлекет тарапынан көрсетілуге тиіс қамқорлық.
    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы — 2050″: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керектігін айтты.

  • Кемел келешек мектебі

     Ел Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда дағдарыстың қыспағына түсіп, талай қиыншылықты көргеніміз кеше ғана сияқты еді.
    Бүгін, міне, содан бергі өткен ширек ғасырда етек-жеңімізді жинап, әр салада қол жеткізген табыстарымызды саралап, марқаятын жағдай жеттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті.
    Тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтардық, тарихымызды түгендеп, даму бағытын айқындадық.

  • Ұлт шежіресін жазған ғалым

     Қазіргі кезде тарих атасы Геродот тарихына пікірлер айтылып жүр. Ежелгі Римнің тарихшысы Плиний жазбаларына да басқаша қарау бар. Бұлар түсінікті де секілді. Өйткені, қазіргі тарихшылар өзіне дейінгі заманды зерттеп, бүгінгі күн биігінен бағалайды. Ал олар өздерінің көргендері мен естігендерін сол заман өлшемдерімен бағалап, жазды.
    Тарих — ғылымның таласты салаларының бірі. Оған әркім баға беруге келгенде өз білім-білігі бойышна әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда Конфуций философиясындағы бір заңдылық үстемдік құрады.
    Онда былай делінгек «Егер үстіңдегі ақ көйлегіңді біреу «мынауың қара екен» десе, үндеме, әлгі екінші рет келіп, солай десе, тағы үндеме. Үшінші, төртінші, тіпті, жүзінші рет әлгісін қайталаса да, «мұның қате деме», өйткені, оған сенің көйлегің қара көрініп тұрған болуы керек». Бұл дәл қазіргі заманға арнап айтылған секілді.
    Осылардың бәрін еске алып отырған себебім тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Манаш Қабашұлы Қозыбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «мынауың қара екен» деген секілді сындарды да естіді.