Өлеңнен тапқан бақытын

  Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада теріскей өңірде айтыстың дамуына сүбелі үлес қосқан ақын Уахит Темірбековтің туғанына 120 жыл толуына орай “Өмірді өлеңімен өрнектеген ақын” атты еске алу шарасы өтті. Игі іс-шараға ақынның көзін көргендер мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Уахит Әбжанұлы 1904 жылы Петропавл округіне қарасты №12 Қуандық ауылында туған, бұл жерді жергілікті жұртшылық “Бөрілі” деп атап кеткен. Қазіргі Шал ақын ауданындағы Сухорабовка ауылдық округіне қарасты Неждановка мен Шортай ауылының маңында орналасқан. Өкінішке қарай, Шортай да, Қуандық та жоқ, тек жұрты ғана қалған.
Облыстың құрметті азаматы Серікбай Құсайынов ақын шығармаларының өзектілігін айтса, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Зейнел-Ғабиқызы ақынның есімдері елге белгілі тұлғалармен шығармашылық байланыста болғанын нақты мысалдар арқылы жеткізді. Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин жерлес ақын-жазушыларымыздың асыл қазынасын ғылыми тұрғыдан зерттеу қажеттігін тіліне тиек етті.
“Уахит Темірбеков жас кезінде молдадан сауатын ашып, кейін жеті жылдық мектепте білім алады. 1926 жылы Покровкадағы ауыл шаруашылығы техникумын тамамдайды. Әуелі (1924 жылы) комсомол қатарына өтіп, аудандық жастар одағы басшыларының бірі атанған. 1927-1928 жылдары Айыртау аудандық милиция бөлімінің бастығы болып қызмет етеді. Әкесі Әбжан ұсталғаннан кейін іле-шала 1930 жылы Уахит та “халық жауы” деген жаламен түрмеге жабылады. Оған тағылған жалғыз-ақ айып – алашордашының баласы болғандығы”, – деді Серікбай Құсайынов.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәстен Баймұқанов, Уахит Темірбеков пен Әшім Меңдібаевтың айтысы жайлы баяндады.
Кітапхана оқырмандары ақынның өлеңдерін оқып, кештің шырайын кіргізе түсті. Шара қонақтары Уахит Темірбековтің шығармашылығына арналған “Өлеңнен тапқан бақытын” атты көрмені тамашалап, естелік суретке түсті.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.


Құскенов С. Өлеңнен тапқан бақытын // Soltüstık Qazaqstan.-2024.-27 маусым.-12 б.

 

Похожие записи

  • Мағжантанудың шешілмеген мәселелері

     Ақын мұрасын ақтарып, төңкеріп отырған күнде Мағжан ақындығының қалай қалыптасқанына көз жүгіртіп, ой топшылауға болады. Ол – ақын болып туған еді, ақын болып өлді. Мағжанның бақыты ма, соры ма, әрбір өлеңі оқырман назарынан тыс қалмағаны байқалады. Оқырман дегенде мен оның өлеңдерінен сән іздеген, ән іздеген, рухани нәр алған, осындай отандасы бар екеніне қуанған ақ жүрек адал оқырманды да, ақынның табиғи дарынын көре алмаған, күншілді, әр өлеңнің астарынан қылмыс іздеген тыңшы, тіміскіні де айтып тұрмын.

  • Лебіздер

     Лебіздер
    Әбділда Тәжібаев:

    «Есләм менің ойымда жүрген дәмелі, үміт артатын інілерімнің бірі болғандықтан, оның «Ақ қайнар» деген атпен топталған өлеңдерін шын ықыласпен оқып шықтым. Әрбір жырдың өз әуені, өз сыры бар. Есләм тақырып жағынан кілең жаңалық айтады деу қиын. Бірақ бізге мәлім тақырыптардың өзі де Есләмша жырланып, жаңғырып отырады. Өйткені, талантты ақынның өлеңді поэзиялық дәрежеге көтеретін өнері көп, аспаптары мол».

    Евней Букетов:

    «Ақ қайнарыңды» алғалы недәуір болды, кітаптың ықшамдылығы қандай жақсы — бірді-екілі қалтама салып жиналыстарға да бардым — сөйлеушілердің сөзі жалпылама болса, «Ақ қайнарға» үңіліп отырдым. Үлкен рахмет! Жазғандарыңды жүрекпен, тебіреніспен жазады екенсің, бұл ақындықтың шын белгісі ғой. Талабың өсіп, шабытың ұлғая берсін! Ақын інім табылғанына қуанып та жүрмін».

  • Сөз зергері

     Қара сөзді орып айтатын, кемел ақыл-парасатпен толқыта айтатың озық ойлы, заманынан озып туған Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденов 1987 жылғы 23 мамыр күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин қатысып отырған Қазақстан Жазушылар одағының пленумында қас батырдай қасқайып, жанартаудай лапылдап тұрып сөйлеген еді.