Уақыт сынынан сүрінбей өттік

 Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда Қазақ елі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен талай «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткеріп, бүгінде өзіндік бет-бейнесі және ерекшеліктері мен ұстанымы бар әлем танитын әрі мойындайтын елге айналды. Бұл күнге оңайлықпен келмегеніміз анық.
Ширек ғасыр бұрын егемендігін паш етіп, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдаған Тәуелсіз мемлекетіміздің ұлық мерекесі қарсаңында халқымыздың ортақ мүдде үшін күш-жігерін біріктіріп, егемендігімізді нығайтып, әлемдік аренадағы саяси салмағымызды бағамдауға өзіндік үлес қосқан Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Самат Бекназаровты әңгімеге тарттық.

— Самат Жанатайұлы, өзіңіз ауыл шаруашылығы институтын бітірген екенсіз. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қызметке қалай келдіңіз?

— Шал ақын ауданындағы белгілі ғалым Евней Букетов дүниеге келген қазіргі Бағанаты ауылынанмын. Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, жиырма жеті күн ғана агроном болып қызмет істедім. Сергеев аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетіне нұсқаушы, бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқардым. Бірде партия органында істеп жүргендер арасынан мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке іріктеу өтті. Мәскеу қаласына Қазақстаннан аудандық партия комитетінің хатшысы лауазымында қызмет істеген, жасы 40-тан аспаған үш жігітті жіберді. Сөйтіп, мен Мәскеудегі Дзержинский атындағы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы мектебіне жолдама алдым. Отбасыммен бірге екі жыл сонда тұрып, оқыдым. Жоғарғы мектепті де, академияны да үздік бітірдім.
Талдықорғанда төрт жарым жыл ұлтшылдық, экстремизм, терроризм сияқты жағдайлардан қоғамды, мемлекетті қорғауға міндетті бөлімде қызмет атқардым.

— Қазақ жастарының Үкімет басына Колбиннің келуіне наразылық білдіріп, ұрандатып көшеге шыққан 1986 жылдың желтоқсанындағы қанды оқиғаны алғашқы кезде «ұлтшылдық әрекет» деп қабылдап, қаншама өреннің тағдырына балта шабылғанын білеміз. Жастардың толқуын басу үшін әскердің де жұмылдырылғаны белгілі.

— Иә. Бұл бір күтпеген жағдай болды. Ол кезде мен Талдықорғанда қызмет істеймін. Жұмыстан үйге келсем, теледидардан Колбинді бірінші хатшы етіп тағайындағандығы туралы хабарлап жатыр екен. Колбинді сайлағанда біз де іштей қарсы болдық, алайда, ол кезде заман басқа, Қазақстан КСРО халықтары достығының зертханасы болып саналатын. Алматыдағы студент жастар бірден көтеріліп, сол кездегі Брежнев алаңына шықты. Алматы мен Талдықорғанның арасы бар-жоғы үш жүз километр. Қала бойынша жастарды көтеріліске шығуға шақырған қолдан жазылған парақшалар тарап кетті. Олар- «Намыстарың болса, отырмаңдар, қарсы шығыңдар!», «Колбинді үкімет басына қойғызбаймыз деген үндеулер еді. Бізге Талдықорғандағы жастарды толқуға шығармау керек болды. Қаладағы оқу орындарына, жатақханаларға облыстық, қалалық партия комитеттерінен, милициядан, еріктілерден кезекшілік қойылды. Жастарды тоқтатып, келіссөз жүргізіп, сабырға шақыру үшін ақсақалдар, Талдықорған облысының, қаласының құрметті азаматтары шығып, түсінік жұмыстарын жүргізді. Талдықорғанда Алматыдағыдай үлкен көтеріліс болған жоқ. Мәскеуден мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамдары келіп, тексеру жүргізді, ойламаған жерде болған оқиғаға жастардың білдірген көзқарастарын олар «ұлтшылдық» деп қарастырды. Бірақ бұл шындыққа жанаспайтын еді. Жастар дұрыс көтерілді, бұл ұлттық мүддені ескермеумен тең болатын. Ұйымдастырушыларды іздедік. Ешкімді қамаған жоқпыз, бірақ бірнеше адам институттан шығып қалды. Сол өкінішті болды. Қазір қазақ халқының нағыз интернационалист екеніне кімнің болсын көзі жетті деп ойлаймын.

— Осылайша, келген Тәуелсіздіктің әр сәті бүгінгі біз, кейінгі өскелең ұрпақ үшін алтын әріппен жазылып қалатын тарих екені сөзсіз. Біз осы күнге оңайлықпен келе қалмағанымызды ешқашан ұмытпай, уақыт безбенінен қалай өткенімізді, өркениет көшінен алып отырған орнымызды айту бүгінгі мерейлі шақта орынды емес пе?

— 1988-1989 жылдары Қазақстанда Кеңес одағына деген сенім жоғалды. Михаил Горбачев демократияландыруды бастаған кезде ел арасында іріткі жүріп, сенімсіздік белең алды. Экономика әлсіреп, адамдардың болашағы бұлыңғыр болды. Кеңес одағының құлауы елімізді экономикалық, саяси күйреуге әкеліп соқтырды. Адамдар зейнетақы, жалақы ала алмай, жұмыссыздық жайлады, кәсіпорындар жаппай жабылды.
Тәуелсіз Қазақстанды құру оңай болған жоқ. Халқымыздың алды-артын болжай алмаған осындай шағында бар жауапкершілікті өзінің мойнына алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді қалыпқа келтірді. Президентімізбен бірге Тәуелсіз еліміздің тыныштығын, бірлігін, тұрақтылығын сақтау үшін біз де өз шамамызша тырыстық. Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Ұлттық қауіпсіздік органдары Елбасының тұрақты қолдауы арқасында үнемі даму үстінде. Бүгінде ол егемен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, барлық жағынан жинақы да ұтқыр құрылымға айналды.

Қазір еліміз өз кәсіпорындарын ашып, жұмыс орындары пайда болуда, адамдардың жағдайының көтерілуіне мүмкіндік жасалып жатыр. Экономикамызды дамыту қарқыны бойынша озық елдермен иық тірестіруге шамамыз жетеді, ТМД елдерінің арасында көшбасшымыз, бұл біз үшін қуанышты жағдай. Тәуелсіздік ғажап, бірақ басқа елдермен достық қарым-қатынаста болып, сауда-саттық, саяси-экономикалық байланысымызды үзбей, жалғастыра беруіміз керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тұрғыда да ұстанып отырған саясаты дұрыс.

— Самат Жанатайұлы, әңгіме ауанынан аңғарғаным, сіз мемлекеттік қызметте 30 жыл еңбек етіп, 18 жылын тәуелсіз елімізге қалтқысыз қызмет етуге арнапсыз. Омырауыңызға он медаль тағыпсыз. Солардың ішінде ерекше бағалайтын наградаңыз қайсы?

— Дұрыс айтасыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті кез келген кездейсоқ адамды қабылдай беретін орган емес. Соның ыстығына күйіп, суығына төздік. Он медальдың жетеуін Кеңес Одағы кезінде алдым. Қалған үш медалімнің жаныма жақыны әрі ыстығы — ол Тәуелсіздіктің 10 жылдығында алған марапатым. Ол кезде жағдай қиын болды. Жаңа да аяғынан тік тұрған мемлекеттің материалдық-техникалық жабдықталуы өте нашар еді. Жастар біздің көргенімізді білмейді. Қазір шүкір, бәрі жақсы. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі жағдайын біздің кезіміздегімен салыстыруға болмайды. Материалдық-техникалық жабдықтары, жыл маусымдарының кез келген жағдайына арналған ыңғайлы киімдері, жоғары деңгейде жаттығулар жүргізетін базаларының бәрі бар. Ештеңе де бірден бола қоймайды, тәжірибе жылдармен жинақталады.

— Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет ететін адамның бойында қандай қасиеттер болуы шарт?

— Зейнеткерлікке шыққаныма 20 жыл болды. Жетпіске дейін жұмыс істедім. Қазір де органмен байланысып, жастармен тәжірибе бөлісіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері өз Отанына, халқына, жұмысына, шын берілген болуы керектігін айтып, ақыл-кеңесімді беріп тұрамын. Бізде істейтіндер көп ақпарат біледі, сондықтан онда кездейсоқ адамдардың қызмет етуіне жол берілмейді. Ондайлар мемлекетке, елімізге нұқсан келтіреді. Отаныңа адал, мінсіз қызмет етіп, ешкімнен бір тиын алмай, таза еңбегіңмен күн көрсең, ұйқың да, отбасың да тыныш болады.
Біздің жұмыс тікелей адамдармен, олардың тағдырымен байланысты. Кез келген оқиғада дұрыс шешім қабылдап, шалыс баспауға тырысу керек. Тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді оны одан әрі дамытып, ұстап тұру қажет. Отанды қорғау ер-азаматтардың міндеті. Сондықтан оларды отансүйгіштікке, адалдыққа, тазалыққа бала кезінен тәрбиелеп, Отанды қорғау міндет екенін құлақтарына құя беру керек. Әскерсіз, әскерилерсіз мемлекет болмайды. Әскери қызмет оңай емес, соған төзе білген жөн. Қазіргі біздің қызметтегі азаматтар халықтың жағдайын ойлап, қиыншылықты солармен бірге бөлісіп еңбек етеді. Бүгінде органдарда адал, таза жүректі, өз ісін білетін, Отаны үшін отқа да, суға да түсуге дайын мамандар жұмыс істейтініне сенімдімін. 25 жылда осындай жағдайға қол жеткізген Тәуелсіз елімізді әрқашан биіктерден көруге нәсіп етсін!

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ләйла Жанысова, «Солтүстік Қазақстан».
Жанатайұлы.С. Сұхбаттасқан Жанысова.С Уақыт сынынан сүрінбей өттік.// Солтүстік Қазақстан. – 15 желтоқсан. – 2016. – 8 -9 б.

Похожие записи

  • «Мәңгілік елдің иесі – бүгінгі балғындар»

     Биыл еліміз Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі мерекесін атап өткелі отыр. Тарих үшін қас қағым сәттей болып көрінетін осы уақыт аралығында еліміз айтулы белестерді бағындырып, бейбітшіліксүйгіш, мәмілегер мемлекет ретінде барша әлемге танылды.
    Тәуелсіздіктің нығаюы жолында тер төгіп, аянбай кызмет етіп жүрген адамдар аз емес. Ұлағатты ұстаз Балдырған Ілиясовты елдің ертеңі, халықтың игілігі жолында табанды еңбек етіп келе жатқан азамат ретінде танимыз. Онымен өмір жолы, қызметі және жоспарлары жайында әңгімелескен едік.

  • Алтын алма,алғыс ал

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында: «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде — 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады — барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға Алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді», — деген-ді.

    Бұл ұсыныс үстіміздегі жылы ел Президентінің Жарлығымен заңды күшіне еніп, бүгін қазақ елі Алғыс айту күнін атап өтуде. Осы мереке қарсаңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тарих, экономика және құқық факультетінің тарих және

    әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, қалалық мәслихаттың депутаты Сабыр Ыбыраевқа жолыққан едік.

     

  • Елмен бірге есейдік

    Тәуелсіздік таңы шуақ шашқан егеменді елдің бүгінгі тыныс- тіршілігі туралы сөз қозғай қалғанда, әуелі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы ойға оралады. Бүгінде көш бастаған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен тәуелсіз Қазақстан экономикалық дамудың жаңа белесіне аяқ басты.

    Ата-бабамыздың мәңгілік мұратына айналған Тәуелсіздік тұғыры орнағанына, міне, 25 жыл Осынау ширек ғасыр несімен ерекшеленбек? Жиырма бес жыл ішінде не тындыра алдық?” — деген сауал әркімге ой салады.
    Өткен өмір белесіне көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын болсақ, бірталай іс еңсеілді.
    Әлі де қолға алынбай жатқан шаруа аз емес. Нарықтық экономика қазақстандықтарды өз ырқына көндіріп, уақыт талабына сай өмір сүруге үйретті.
    Бүгінде біз нарықтық экономикаға бейімделген, бәсекеге қабілетті елдің біріне айналдық.
     

  • Береке Қайнары — Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралиновпен сұхбат

    Серікбай Шәріпұлы, биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеміз. Осы мерейтой қарсаңында халық үлкен жұмыстар атқарып, мол шашу шашпақ. Мерекелі жылға сіз басқарып отырған ауданның да құралақан келмегені анық. Ендеше биылғы жоспарларыңыз қандай, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына серпіліс беретін бағыттар бар ма? Солар туралы айтсаңыз.

  • Летопись новой эпохи. Начало

    1992 год
    Новый 1992 год бывший советский народ встречал уже в другой стране. Каждый — в своей, суверенной. После распада единого могучего начался парад суверенитетов. Попытки сохранить Союз под флагом славянских или тюркоязычных государств не дали результатов, так как стало ясно, что политические декларации без решения главного вопроса — перехода к рыночной экономике — не имеют смысла. К тому времени уже был разрушен единый народнохозяйственный комплекс, который мог существовать лишь при жесткой плановой экономике. Каждая республика пустилась в самостоятельное плавание.

  • Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт.

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атауымен кезекті ХХІV сессиясы болып өтті.

    «Мәңгілік Елге» апаратын басты құндылықтар, міне, осылар. Оған еліміздің барлық өңірінен Ассамблея мүшелері қатысты. Қоғам және мемлекет қайраткерлері, түрлі этностардың ұлттық киімдерін киген этномәдени бірлестіктер өкілдері, орден-медальдарын жарқыратып тағып алған ардагерлер, еліміздің саяси-экономикалық, мәдени, спорттық өміріндегі танымал тұлғалар сарайдың ішін жайнатып жібергендей болды.

    Сессияға, оның жұмысына шақырылған қонақтарды қоса алғанда, 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды.