«Мәңгілік елдің иесі – бүгінгі балғындар»


Биыл еліміз Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі мерекесін атап өткелі отыр. Тарих үшін қас қағым сәттей болып көрінетін осы уақыт аралығында еліміз айтулы белестерді бағындырып, бейбітшіліксүйгіш, мәмілегер мемлекет ретінде барша әлемге танылды.
Тәуелсіздіктің нығаюы жолында тер төгіп, аянбай кызмет етіп жүрген адамдар аз емес. Ұлағатты ұстаз Балдырған Ілиясовты елдің ертеңі, халықтың игілігі жолында табанды еңбек етіп келе жатқан азамат ретінде танимыз. Онымш өмір жолы, қызметі және жоспарлары жайында әңгімелескен едік.
— Балдырған Қамбарұлы, «Жүйрікті жүйрік, жақсыны жақсы таниды» дегендей, сізді қызылжарлықтардың көпшілігі біледі деп ойлаймыз. Оқырмандарымызға өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз, артық болмас еді…
— Шал ақын ауданындағы Ақсу деген ауылда өмірге келдім. Әкем Қамбар Ілиясов — бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған адам. Бүгінде есімдері өңірімізге белгілі бірқатар азаматтар оның алдын көрді. Бертін келе жұмыс бабымен отбасымыз Шал ақын ауданындағы Балуан ауылына қоныс аударады. Мен ол кезде қырқынан жаңа шыққан шақалақ екенмін. Содан бері менің балдәуренім де, жігіттік шағым да Балуанда өтті.
Ол кезде Балуандағы мектеп сегізжылдық қана болатын. Сол алтын ұяның қарлығаштары болып, тамамдадық.
Тоғызыншы-оныншы сыныптарды Шал ақын ауданындағы Ыбраев ауылында жалғастырдым. Мектепті тамамдағаннан кейін бірден жұмысқа араластым. Оның да өз себебі бар. Ол кезде жоғары оқу орнына түсу үшін конкурс өте күшті болатын.
Содан әскерге кеттім. Азаматтық борышымды өтеп жүргенімде қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Талантым мен тәртібіме куә болып жүрген әскери бөлімнің бастығы оқуға түсуге жолдама берді.
Осылайша, Петропавл педагогикалық институтының (қазіргі М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) дене шынықтыру факультетіне түстім. Институттың екінші курсында оқып жүргенде физика-математика факультетінің аруына үйлендім. Екеуміз де студентпіз, басымызда баспанамыз да, жағдайымыз да жоқ. Содан студенттер болып өзіміздің күшімізбен жатақхана тұрғыздық. Оның бір бөлмесіне біз орналастық. Қазіргі төртінші жатақхананың біз сияқты жалынды жастардың ерік-жігерімен салынғандығын біреу білсе, біреу білмес.
— Еңбек жолыңыз Балуан ауылындағы орта мектепте басталды ғой…
— 1985 жылы өзім білім алған алтын ұяма мұғалім болып бардым. Арада бір жыл өтер-өтпес уақытта мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Дене шынықтыру факультетін бітірген жігіттің қолынан мектептің оқу ісін меңгеру келе ме деген сұрақтар туды. Менің қарсы алдымда мектептің бұрынғы төрт бірдей директоры, мүйізі қарағайдай ұстаздар отырды.
Олардың барлығы мені білім нәрімен сусындатқан жандар болатын. Оларға басшылық жасау, ұжымның арасында ауызбіршілік сияқты жақсы ахуал қалыптастыру менің қолымнан келе ме деген сауалды өзіме де қойдым. Бір жылдан кейін менің басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілетімді мойындаған олар ерекше сыйластықпен қарай бастады.
Өйткені, мен жаңаша жұмыс істедім. Шалғай ауылдағы Лидия Андреевна деген тәжірибелі ұстаздан үйрену үшін ол тұратын елді мекенге атпен баратынмын. Ол кісінің іс-тәжірибесін мектебімде тиімді қолдануымның арқасында Балуан сегізжылдық мектебін зертханаға айналдыруға күш салдым. Ол мақсатымызға да жеттік. Сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы біздің тәжірибемізді Шал ақын ауданының барлық мектептеріне қолдануға ұсыныс жасады.
— Сонда Сіздің жаңа бағыттағы іс-тәжірибеңіз мектептің алға басуына алғышарт болып отыр ғой…
— Әлбетте. Ол кезде ауылдағы мектептерде тәртіп деген жоқтың қасы. Мұғалімдердің өзі сабақ уақытында мектептен кетіп қоятын. Осы олқылықтардың барлығын тыйып, мектепте тәртіп қалыптастырдық.
Оқушылар жаттығу жұмыстарымен айналысатын болды. Аудандық, облыстық спорт сайыстарына Балуан мектебінен қатысатын өрендердің саны артты. Тіпті, көптігі сонша «Балуаннан шыққан балуандар», -деген ұғым қалыптасты. Көркемөнерпаздар, спорт үйірмелері ашылды. Қазақ күресіне ұмтылған оқушылардың қатары қалыңдады.

— Балдырған Қамбарұлы, Сіз мектепте еліміз тәуелсіздік алған қиын-қыстау жылдары еңбек еттіңіз ғой. Өмірдің барлық саласы тұралаған сол кездері өзіңіз басқарған мектептің жағдайы қалай болды?
— Еліміздің егемендігі деген мәселе туындағанда, шыны керек, көңілімізде үміт те болды, күдік те болды. Одақтас он бес мемлекет тараса біздің халіміз қандай болмақ деген сауап санамызда көлбеңдеді. Тәуелсіздік жылдары қиындық барлық салада туындады. Әсіресе, білім саласы тұралауға шақ қалды. Кеңес дәуірінде Қазақстан тарихын оқытуға бір жылға он жеті сағат қана уақыт берілетін.
Он жеті сағатта оқушының санасына қазақтың қай тарихын сіңіреміз? Пышақтың қырындай жұқа кітаптағы дүниелердің көтерген салмағы да өте жеңіл болды. Өзіміздің төл тарихымызды қосымша сабақ ретінде оқитын едік. Өткен өмірімізге, ұлттық құндылықтарымызға апаратын сара соқпақтардың барлығын жоғалтқан кеңестің қатып қалған қағидасын бұзып-жаруға кішігірім жолдар ашыла бастады.

Білім және ғылым министрлігінен талаптар мен нұсқаулар түсті. Оқулық жоқ. Кеңес дәуірін дәріптейтін оқулықтардағы келеңсіз тақырыптардың барлығын алып тастау бір күндік шаруа емес. Тәуелсіздікке қызмет ететін оқулықтардың қажеттігі қатты сезілді. Оларды басып шығару үшін мемлекетте қаржы жоқ екендігі айдан анық.
Осы сарынмен біз он жылға жуық уақыт бойы амалсыз ескі оқулықтарды пайдаландық. Біз Украинаның, Ресейдің тарихын оқыдық. Қазақтарды қойдай қырған Пугачев көтерілісінің кереметін білдік. Олар бізге керек пе еді? Оқу ісінің меңгерушісі ретінде қиындық менің бүйірімді қатты қысты. Сол кезде мен ең болмағанда оқушылардың санасына қазақтан шыққан ұлы тұлғалардың өмірін, атқарған жұмыстарын сіңіре берейік деп шештім. Ол кезде Сегіз сері, Қожаберген жырау деген ұлы тұлғалардың есімдерін білетіндер аз. Мағжан Жұмабаев туралы айтылмайды да. Бар білгеніміз Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезов болатын. Есесіне, А. Пушкин мен В. Маяковскийдің өлеңдерін жатқа білдік.
Осындай келеңсіздіктерді жою үшін облыстық білім басқармасының мамандарымен бірлесіп, әртүрлі шаралар өткізуді қолға алдық. Бірде Петропавл қаласында «Қазақ тілінің тағдыры» деген тақырыпта семинар өтті. Әр бұрышта төбе көрсеткен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері пікірлерін айтып тарқасты. Шыны керек, жасырын түрде өткізген шара сияқты болды.
Сол кезде Балуан мектебінде үш жүзге жуық бала оқитын еді. Қазір оған кім сенеді? Жаңа оқу жылы қарсаңында жер-жерлерде педагогикалық тамыз конференциясын өткізу дәстүрге айналған. Онда бірнеше шағын ауылдардағы мектептердің басшылары жиналып оқулық, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылайды. Талқылау барысында мен қолымыздағы бар оқулықтарды алдыртып, қажетті, қажетсіз материалдардың тізімін құрастырдым. Қорытындысын қарасақ, елдік мүддеге сай қызмет ететін ештеңе таппадық. Жалғыз мен үшін ғана емес, халық үшін жауапты сәттей болған кезеңде әрбір қазақтың, әрбір қазақ мұғалімінің көкірегінде үміттің, болашаққа деген сенімнің сәулесі жанып тұрған болатын.
— Менің білуімше Сіз содан кейін қалаға қарай ат басын бұрдыңыз ғой…
— Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында бала-шағаның қамын ойлап, әжептеуір жұмысын тастап, сауданың, базардың маңайын жағалап кеткендер көбейді.
Қиындық біздің отбасымызды да орап өткен жоқ. Ресейдің Орынбор қаласында жүрмін. Қалтамда еліміздің айналымға шыққан ұлттық валютасы — теңге ғана болды. Сүйінбай Аронұлы, әл-Фараби сияқты ұлы тұлғалардың суреті таңбаланған теңгені Ресейдің рубліне айырбастау үшін дүңгіршектерге барсам, қызмет көрсетуші қыз: «Откуда вы это взяли, что за дедушки?» — деп өзіме қарсы сауал қойғанда, жылап жібере жаздағаным бар. Көлігіме жанар-жағармай сатып алу үшін осыншалықты қиналғаным қабырғама тастай батты. Отбасымды асырау үшін мектепте оқу ісінің меңгерушісі әрі таксист болдым.
Бірде қалаға келгенде қазақ классикалық гимназиясының директоры Жангелді Тәжиннің облыс орталығында жаңа мектеп ашылатындығы туралы әңгімесін естідім. Интернационал көшесі бойындағы №6 мектепте Әдия Ахметоваға жолықтым.
Назымбек Кенжебайұлы менің жұмыс іздеп жүргендігімді естіп, бірден оқу ісінің меңгерушісі болуға ұсыныс жасады. Қалаға келсем, жағдай ауылдан да нашар екен. Мектептің құрылысы әлі аяқталмаған. Тақта, парта жоқ. Оқу жылы жақындап қалды. Бір ілездемеде басшылық бізге мектепке бала жинауды тапсырды. Оқудың басталуына жарты ай ғана уақыт қалды. Қаладағы әрбір үйдің есігін қағып, баласын жаңадан ашылып жатқан мектепте оқытуын өтіндік. Сол кезде көкірегімнен итерген адамдардың кейбіреулерінің көзі тірі, бүгінде менімен қатар жүр.
Жаныма қатты батқаны өзіміздің қазақтардың пиғылының мүлдем өзгеше болып кеткендігі еді.
Оныншы сыныпты жеті ер бала бітіргенде оларды жеті қазынаға теңеп, жақсылыққа жоритын едік. Мұғалімдердің табанды еңбектерінің арқасында екі жылдан кейін бала санын 200-ге жекіздік.
— Сөзіңіз аузыңызда, екі мыңыншы жылдардың басында еліміздің жағдайы жақсы арнаға бұрыла бастағаны белгілі. Қазақ кадрларының саны еселене түсті. Жұртшылықтың көңіліне қуаныш ұялай бастады. Нақтырақ айтсақ, қазақ мұғалімдерін орыс мектептеріне жіберу белең алды емес пе?
— Дұрыс айтасыз. Сол кезде мені №42 мектептің директоры етіп тағайындады. Барсам, ондағы ахуал тіпті нашар. Қазақ тілі кабинеті асхананың дәл жанында орналасқан.
Аспаздар тағам дайындағанда көк түтін кабинетке тарап кетеді. Бірден кабинетті кең әрі жарық бөлмеге ауыстырып, безендіру жұмыстарымен айналыса бастадым. Тақтаның жоғары жағына қазақтан шыққан ұлы тұлғалардың суреттерін ілгіздім. Оған қарама-қарсы Қазақстан Республикасының картасын орналастырдық. Өзге этнос өкілдері балаларының қазақ тіліне деген құрметі артты.
Алматы қаласында өткен екі айлық курсқа қатысып, мектепке келсем оқу ісі жөніндегі орынбасарым қазақ тілі кабинетін бұрынғы жадау-жудеу қалпына қайта түсіріпті. Міне, қараңыз. Пейілі де, ниеті де қазақтың кесегесінің көгеруін қолдамайтын жандар менің үстімнен әртүрлі арыз-шағымдар жаза бастады. Мен туралы жалған қауесеттер еріп жүрді. Прокуратура өкілдері қанша рет тексерді. «Аққа Құдай жақ» демей ме? Ақыр соңында кінәсіздігім дәлелденді.
Сол кездегі жағдайды тілмен айтып жеткізуге келмейді. №42 мектепте көбіне ішкілікке салынған ата-аналардың балалары оқитын. Оқушылар сабаққа дайындықсыз, өте лас күйінде келетін. Таңнан ерте тұрып әрбір үйді жағалап, балаларды көлігіме салып алатын күндер де болды. Бала бақыты, ананың жауапкершілігі сияқты қанатты қағидаларды сезінбейтін ата-аналарға тілім тиген кездер де кездесті.
— Еңбек жолыңызды мұғалімдіктен бастадыңыз. Қиын-қыстау кезеңде білім саласының өрістеуі жолында бар жігеріңізбен, адал еңбегіңізбен атсалыстыңыз. Жеке кәсіп ашуыңыздың себебі өз мамандығыңызға, балаларға деген құрметпен байланысатын сияқты.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келген «Балапан» бағдарламасы адам баласының ортақ қазынасы — бүлдіршіндердің сапалы тәлім-тәрбиемен қамтамасыз етілуіне көп септесті.
Мен баланың күлкісінсіз өмір сүре алмаймын. Неде болса, мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігін ұтымды пайдалануға тырысып, өз ісімізді бастап кеттік. Зайыбым — ұстаз, ұлым да — педагог.
Бұл шаруаны ұршықша иіріп әкете аламыз. Жұмысшы кентіндегі екіқабатты ғимаратты сатып алып, жөндеу жұмыстарына белсенді кірісіп кеттік. Бұл жұмыста да біздің алдымыздан талай қиындықтар кездесті. Бағдарламаның шарты бойынша біз екінші деңгейлі банктердің бірінен несие алуымыз керек. Банктерге барсақ, несие бермейді. Олар бағдарламаның шарттарына да сенбеді. Қаражат болмағандықтан үйім мен көлігімді сатып жібердім де, тәуекелге бел байладым. Қазір, Құдайға шүкір, өрістеп, өркендеп келеміз.
— Жуырда Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық тойы қарсаңында барша солтүстікқазақстандықтарға тағы бір тарту жасап, жаңа балабақшаңызды пайдалануға береді екенсіз…
— Иә, екі жүз балаға арналған жаңа «Баларман» балабақшасының құрылысы толық аяқталды. Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің арқасы. Егемендіктің нығаюына қалтқысыз қызмет атқарып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Осыны әрбір қазақстандық жіті түсінуі керек. Осыдан жиырма жылдай бұрын елдің шетінде орналасқан облысымызда қазақ мектептерінің санын көбейту деген мүмкін еместей көрінген еді. Бүгіндері ол арманымыз орындалды.
Жуырда Елбасы туралы екінші фильм жарыққа шыққанда оны басынан аяғына дейін тапжылмай отырып тамашаладым. Қазақ қашан Еуропаға үлгі болып еді. Мемлекет басшысының көрегенділігі мен іскерлігінің арқасында осы күнге де жеткенімізге тәубе дедім. Ұлтымызды ұлттық болмысынан мүлдем ажыратып, тіпті, тарих сахнасынан біржола жоғалтып жіберуге шақ қалған кезеңдердің өтеуі біздің бақытты шағымыз емес пе?
— Балажан екендігіңізді аңғарып отырмыз. Немерелі болуға жазсын?
— Ұлым Арманға үйленіп, бізге тезірек немере сүйгіз деп қолқа салсақ, ол: «Балабақшада қанша бүлдіршіндеріңіз бар. Солар жетпей ме?» — деп әзілдейді. Бала — біздің байлығымыз, мемлекетіміздің болашағы. Олар біз өткерген қиындықты білмей бақыттың бесігінде алаңсыз өсіп жатыр. Оларды ұлттық дәстүрде тәрбиелеп өсіру үшін жанымызды салып жұмыс жасауымыз керек.

— Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нұргүл Оқашева. Суретті түсірген Талғат Тәнібаев.
Әңгімелескен Оқашева.Н Суретті түсірген Тәнібаев.Т «Мәңгілік елдің иесі – бүгінгі балғындар «// Қызылжар нұры. – 11 қараша. – 2016. – 3б

Похожие записи

  • Кемел келешек мектебі

     Ел Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда дағдарыстың қыспағына түсіп, талай қиыншылықты көргеніміз кеше ғана сияқты еді.
    Бүгін, міне, содан бергі өткен ширек ғасырда етек-жеңімізді жинап, әр салада қол жеткізген табыстарымызды саралап, марқаятын жағдай жеттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті.
    Тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтардық, тарихымызды түгендеп, даму бағытын айқындадық.

  • Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт.

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атауымен кезекті ХХІV сессиясы болып өтті.

    «Мәңгілік Елге» апаратын басты құндылықтар, міне, осылар. Оған еліміздің барлық өңірінен Ассамблея мүшелері қатысты. Қоғам және мемлекет қайраткерлері, түрлі этностардың ұлттық киімдерін киген этномәдени бірлестіктер өкілдері, орден-медальдарын жарқыратып тағып алған ардагерлер, еліміздің саяси-экономикалық, мәдени, спорттық өміріндегі танымал тұлғалар сарайдың ішін жайнатып жібергендей болды.

    Сессияға, оның жұмысына шақырылған қонақтарды қоса алғанда, 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды.

  • Отаным — бақыт ордасы

    Еліміздің Тәуелсіздік алуымен өшкеніміз жаңғырып, өлгеніміз тірілуде. Жат жұртта жүрген қазақтардың да атамекенге қарай көш басын бұруы осы Тәуелсіздіктің арқасы. Мен де отбасы, ағайын-туысыммен бірге 1992 жылы Моңголиядан көшіп келгенмін. Елім маған бар көмегін жасады, енді мен еліме не берсем екен деген оймен осыдан 17 жыл бұрын ағаштан қолөнер бұйымдарын жасайтын шағын цех аштым. Бүгінде бұл отбасылық шағын бизнеске айналды.

  • Азаттығымыздың айшықты белгіс

     Бүгін еліміздің қаржы саласының қызмет-керлері өздерінің кәсіптік мерекесін атап өтеді. 15 қараша — Ұлттық валюта — Теңге күні. Осы мерекелік мақаламның басында облысымыздың банк жүйесінің тарихына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.Биыл біздің облыста банк жүйесі құрылғанына 145 жыл толып отыр. 1871 жылы Петропавл қаласында алғашқы банк ашылған. Ол патшалық Ресей банк жүйесінің бір бөлігі болған.
    Оған мемлекеттік банк, акционерлік және қалалық банктер, ипотекалық несие банктері мен басқа да несиелік мекемелер кірді.
    1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін банк істерін ұйымдастыруда мемлекеттік монополия қағидалары жүзеге асырылды.Кеңестік кеңістікте банк жүйесі мемлекеттік банкпен бір деңгейлі, елдің жалғыз эмиссиялық және несие институты болды. Ақша-несие қатынастарындағы туындаған жағдай нарық талаптарына сәйкес келмеді. 1991 жылғы тамызда Кеңес Одағы құлағаннан кейін банк жүйесінде түбегейлі өзгерістер болды.

     

     

  • Азаттықтан асқан бақыт жоқ

     — Зарқын Сыздықұлы, үш ғасырға жуық уақыт бойы бодандықтың бұғауында бұлқынып, Тәуелсіздік деген киелі арманға, қасиетті құндылыққа қол жеткізген Қазақстан бүгінде әлем елдері мойындайтын іргелі мемлекетке айналып отыр.
    Тәуелсіз еліміздің ширек ғасыр уақытта жүріп өткен жолы көпшілікке үлгі болса, кейбіреулер үшін қызыға да, қызғана да қарайтын дара жолға айналды.
    Осының барлығы егемендіктің берген өлшеусіз нығметі ғой. Сіз қазақ халқына қастерлеуге міндетті Тәуелсіздік атты ұғымды қалай түсінесіз?
    — Тәуелсіздік дегеніміз – бұрын тәуелді болып келгендер үшін үлкен бақыт. Ал бақыт дегеніміз не? Оны әркім-ақ біледі. Өйткені, бақытты болғысы келмейтін пенде жоқ. Белгілі бір құбылысты ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау үшін салыстыру керек.
    «Тоқшылықтың қадірін ашыққанда, барлықтың қадірін жоқшылықта білерсің» дегендей, салыстырмалы түсініктер ғана адамды ақиқатқа жетелейді.

  • Ынтымақ көкжиегі

     1991 жыл — еліміздің “Қазақстан” деген асқақ атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан кезеңі. Қазіргі Қазақстан әлемде мақтанарлықтай беделге ие. Арада өткен осындай аз ғана уақыттың ішінде інде еліміз көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.
    Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар болып отыр.
    Бүгінгі Қазақстан тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіл әлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқарып келеді.
    “Қаз тұрып,қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 25 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді», — деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай,егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр.