Шежіре кеуде ақсақал

  Өңірімізде өмірдің талай қилы кезеңдерін бастан өткеріп, білімі мен тәжірибесін еліміздің өркендеуі жолына арнаған, бүгінде жұртшылықтың құрметіне бөленіп отырған ардақты ақсақалдарымыз аз емес. Солардың бірі — Мағжан Жұмабаев ауданының құрметті азаматы Зейнолла Олжабаев.
Әкеден ерте айырылып, талай шаңыраққа жазылмас жара, ұмытылмас қасірет әкелген соғыс басталғанда бұғанасы қатпаған жас бала анасына сүйеніш болып еңбекке ерте араласады. Ересектермен бірге ұжымшардың қысы-жазы бір тынбайтын жұмысына жегіліп, тағдыр салған жүкті қайыспай көтереді. Есепке жүйрік, алғыр балаға Стаханов атындағы ұжымшар басшылығы есепшінің міндетін атқаруды жүктепті.
Мағжан Жұмабаев ауданының Аралағаш ауылында өмірдің ащысын да, тұщысын да татып өскен жас жігіт облыс орталығындағы №5 мектепті бітірісімен берік шешімге келіп, жүрек қалауымен ауыл шаруашылығы саласын таңдайды да Мәскеу мал дәрігерлік академиясына оқуға түседі. Сол жылдардың өзінде атағы әлемге жайылған бұл оқу орнына түсу екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін. Тек қанаты талмай талпынғандар, ауыл шаруашылығының қыр-сырына қанығып өскендер, осы саланы өмір мұраты етіп, алдына биік мақсат қойғандар ғана сыннан сүрінбей өтетін.
Зейнолла ағамыз 1955 жылы туған жеріне мал дәрігері мамандығын алып оралады да бұрынғы “Возвышен” кеңшарында еңбек жолын бастайды. Ауылмен біте қайнасып өскен ол аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясының аға мал дәрігері, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары сияқты жауапты қызметтердің де жүгін арқалап, “Құрмет белгісі” орденімен, “Еңбек ардагері” және басқа да медальдармен марапатталады.
Кіндік қаны тамған Мағжан Жұмабаев ауданында қырық жылдан аса уақыт табан аудармай еңбек еткен ол әлі де тың, сергек, дарқан жүректі мінезінен танбаған. Жаратылысынан самарқау тіршілікті ұнатпайтын ақсақал құрметті демалысқа шыққаннан соң жайбарақат отырмай, өзін бала жасынан бері қызықтырып келе жатқан туған өлке, бабалар тарихы тақырыбына қалам тербеп келеді. Әсіресе тынымсыз ізденісінің нәтижесінде жарық көрген “Уақ Шоға шежіресі” және марқұм журналист, “Асыл мұра” орталығының негізін қалаушылардың бірі Социал Жұмабаевпен бірге жазған “Баян Батыр” туындысының ғылыми ортада алар орыны бөлек.
Зекеңнің бұл тақырыптарға ерекше ден қоюының өз себептері бар. Уақ руынан шыққан Шоға – Батыр Баянның арғы атасы. Ал Зейнолла ақсақалдың Баян Батырдың алтыншы ұрпағы екенін біреу білсе біреу білмес.
Тұлпар аунаған жерде түк қалады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда Баян Батырдың тұлпарының ізі қалған Зейнолла Олжабайұлының туған жерінде ата-баба жолын қуып, халық дәстүрін берік ұстанған азаматтар жастарға өнеге болар істер атқарып келеді.Сондай игі шаралардың бел ортасында қашан да Зекең жүреді.
Кеңес үкіметі кезіндегі сіресіп қалған идеологиялық сеңді бұзып, бұған дейін аты да ауызға алынбай келген Батыр Баянның есімін Булаево қаласындағы мектепке беру бастамасын көтеріп, бұған сөзі салмақты, зиялы қауым өкілдерін жұмылдырып, көп көкейіндегі ізгі мақсаттың орындалуына жол салған да, Мағжан Жұмабаев ауданында мешіт салу ісінің ұйымдастырушысы болған да өзге емес, дәл осы – Зейнолла қажы.
Өз қара басының құлы болмай, халықтың ұлы болу кез келген пенденің маңдайына жазыла бермеген. Бұл да бабалардан дарыған қасиет болса керек. Зейнолла Олжабайұлының ұлы атасы Басшығұл жомарт, мәрттігімен аты шыққан біртуар кесек тұлға болған екен. Атақты Шыңғыс Уәлиханов, Есеней Естемісов, Жылғара Байтоқиндердің замандасы, аузы дуалы, жұртына қамқор, халқына сыйлы жан болған деседі.
Осындай есімдері аңызға айналған аталарының жолын қуған Зейнолла қажы да ұрпақ парызын ұмытқан емес. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-жиендерінің қызығын көріп отырған оның кейде көңілі жабырқайтын кездері де кездеседі. Оның туған мекені, жері сулы, орманы нулы Аралағаш ауылы сексенінші жылдардың аяғында жоғарыдан келген нұсқаумен ыдырап, бұл күндері орнында жетімсіреген зират қана қалған. Осы мәселе ақсақалдың жанын жаралауда.
– Аралағаш – бір кезде сексеннен аса түтін түтеткен, төсінде малы мыңғырған, сүттей ұйып отырған қазақ ауылдарының бірі еді. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін осындай талай ауыл өктем саясаттың құрбаны болып кетті ғой. Енді қолдан келер бар амал – жастарға туған жердің қадір-қасиетін ұғындыру, ата-бабаға тағзым етіп, аруақтарды сыйлауды санасына сіңдіру. Қазір жастарды былай қойғанда жеті атасын білмейтін үлкендер де көбейіп барады. Қалай ренжімессің! – дейді ақсақал.
Жұртқа сыйлы, абыройлы әкелерінің жолын қуған сегіз ұл-қыз өмірден өз жолын тауып, бүгінде әр салада еңбек етіп келеді. Немерелері мен жиендері де аталарының әр күнін қуанышқа бөлеуде. Адам үшін осыдан асқан бақыт бар ма!

Марат ЕРМҰҚАНОВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің баспасөз хатшысы.


Ермұқанов М. Шежіре кеуде ақсақал // Soltustik Qazaqstan. – 2023.- 14 қараша. — № 134. – 4 бет. 

 

Похожие записи

  • «Но остается в памяти навечно…»

     В конференц-зале «Sabit» Северо-Казахстанской областной универсальной научной библиотеки имени Сабита Муканова состоялось мероприятие памяти поэта и журналиста Владимира Шестерикова, которому в эти майские дни исполнилось бы 85 лет.

  • Көктеректің бір бұтағы, жапырағы – кітабы

     Кіп-кішкентай Көктерек ауылын (Шал ақын ауданы) таптаурын болған тәсілмен көк терекке теңейтін болсақ, соның қадау-қадау бұтақтарының үшеуі, меніңше, мыналар: алдымен Ахметжан Нұртазиң сосын — тел қозыдай бірге өскен Ермек Қонарбаев пен Жарасбай Нұрқанов. Соңғы екеуі көктемде қайтқан құстардай ұшқан ұяларына оралды: еңбек жолдары өздері оқыған Ленин орта мектебінде басталды.

  • Кейіпкерлерімен бірге ілгерілеп кеткен жан-әкем жайлы сыр шертсем…

     Әкем марқұм «бұл көктемді көрген де бар, көрмеген де бар» деп көктем келгенде қуанып та, мұңайып та қалушы еді… Өйткені оны ойландыратын да, өкіндіретін де жайлар бар еді. Өзінің қатарластарының көбінен кешегі Отан соғысы айырды. Өзі болса солармен қатар соғыса да алмады, елім, жерім дегі соққан жұдырықтай жүрегіне соғысқа қатыса алмағаны тастай батты. Бірақ денсаулығының нашарлығына қарамастан, елде еңбек етті, сөйтіп жеңіске өз үлесін қосты. Оның айғағы — соғыстан соң әкем «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбегі үшін» медалімен марапатталғаны.

  • Қаламгер және қас қағым сәт

     Адам атаулының өзін-өзі түсінуіне, өзіне деген сенімін арттыруға, ақиқатқа ұмтылысын ұштауға ықпал жасау, оларды рухтандыру үшін жүректердің түкпірінен табылатын ерлік және ар-ұят сияқты сезімдерді ояту әдебиеттің мақсаты екендігі баршаға белгілі жайт. Міне, осы мақсат жұмылдырған жазушылар да елден ерекше-ау, шіркін: кез келген оқиғаға басқаша қарайды, әмбеге ғана емес, әрқайсысына қабақ қадайды және тарихи бетбұрыстардың саяси немесе экономикалық келбетін ғана емес, сонымен бірге жекелеген адамдардың жүректерінің лүпілін дәрігердей аңғарады. Мұның бәріне тағы бір қосарым бар: қаламгердің жаны адал, жүрегі ақ, сезімі нәзік болғаны қандай ғанибет?!