Отаным — бақыт ордасы

Еліміздің Тәуелсіздік алуымен өшкеніміз жаңғырып, өлгеніміз тірілуде. Жат жұртта жүрген қазақтардың да атамекенге қарай көш басын бұруы осы Тәуелсіздіктің арқасы. Мен де отбасы, ағайын-туысыммен бірге 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келгенмін. Елім маған бар көмегін жасады, енді мен еліме не берсем екен деген оймен осыдан 17 жыл бұрын ағаштан қолөнер бұйымдарын жасайтын шағын цех аштым. Бүгінде бұл отбасылық шағын бизнеске айналды.

Көзін тапса, кәсіп көп. Қазақтың қолөнер бұйымдары да сұранысқа ие, ол ұлттық брендіміз десе де болады. Қазақ халқына ғана тән, еш баламасы жоқ соны бұйымдарымызға қызығушылар көп. Ресейдің Омбы қаласында және Үндістанның бірнеше шаһарында болған кезде біздің ұлттық аспаптарға, басқа да бұйымдарымызға жатжұрттықтардың қызығушылығы зор екенін бірден байқадым.

Қолөнердің дамуына мемлекет тарапынан да қолдау бар. Кәсібімді кеңейту үшін «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 1 миллион 200 мың теңге қайтарымсыз грант берілді. Бұл қиын да қызықты кәсіпті қолға алған маған дер кезінде көрсетілген қолдау болды. Аты қолөнер болғанымен, жан-жақтан түсіп жатқан тапсырыстарды орындау үшін қос қолдың күші аздық етеді. Сондықтан заманауи станоктар, құрал-саймандар сатып алдым. Цехта жасалатын бұйымдардың ішінде ең қиыны музыкалық аспаптар. Себебі, оның сәнімен қатар әуені де дұрыс шығуы маңызды. Музыкадан хабары жоқ адам қанша жерден шебер болса да жасаған бұйымы кәсіпқойлар тарапынан сынға ұшырап жатады. Менің алғаш алған музыкалық білімім және оншақты жыл орта мектепте ән-күй пәнінен сабақ бергенімнің пайдасы тиюде. Сондықтан адырна, жетіген, домбыра, қобыздарымды кәсіби әншілер мен филармониялар арнайы тапсырыспен алдырады.

Қолөнер менің ғана ермегім емес, ол — отбасылық бизнес. Зайыбым Ғибат Қарақызы шағын тігін цехын ашты. Ине-жіпке бала күнінен әуес болып өскен ол да маған демеу болып, бес баланы оқытып-өсіруге қажет қаржыны бірге табысуға белді бекем буды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының шапағатын бұл кісі де көрді. Бір жарым миллион теңге арзан несие ресімдеп, үш бірдей тігін машинкасын сатып алды. Біреуі — заманауи компьютерлік машина. Кез келген ою-өрнек пен суретті компьютерде сызып шыққан соң машинка дәл сол қалпында өзі бедерлеп тігіп шығады. Қалған екеуі — матаның шетін бүретін және тігетін құралдар.

Ертеден келе жатқан «Әке көрген оқ жонар, шеше керген тон пішер» деген тәмсіл — біздің отбасының басты ұраны. Бес баламыз бірдей ағаш жонып, тігін тігуге қолғабыс етеді. Әсіресе, кішіміз Әселдің құлшынысы қуантады. Тігін цехының атауын «Әсел» деп қоюымыздың да мәні сонда жатыр.

Жандос Мәдиғажы, қолөнер шебері.

Мәдиғажы Ж. Отаным — бақыт ордасы //Солтүстік Қазақстан.- 2016.- 26 мамыр.- 5 б.

 

 


Похожие записи

  • Өнердің қайнар бұлағы

    Биыл еліміз өзінің тәуелсіздіктің ақ таңымен өткерген тағылымды жиырма бесінші жылынатап өтпек. Осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық, саяси, қауіпсіздік, тіпті, жаһандық мәселелерде өз алдына дербес шешім қабылдай алатын егемен мемлекет екенімізді дәлелдедік. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың асыл арманы болған тұғырлы тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы берік қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ.

  • Гүлдену мен даму жолында

     Тәуелсіздік. Бұл сөз бақытты тағдырымыздың, жаңа тарихымыздың шыңының, Қазақстан халқының жеңістері мен жетістіктерінің, қазақ жерінің жаңаруының символы іспеттес.

     

    1997 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ленин және Москва аудандарының бірігуі нәтижесінде Есіл өзенінің бойында орналасқан көркем өлкеге Есіл ауданы атауы берілді.

  • Елмен бірге есейдік

    Тәуелсіздік таңы шуақ шашқан егеменді елдің бүгінгі тыныс- тіршілігі туралы сөз қозғай қалғанда, әуелі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы ойға оралады. Бүгінде көш бастаған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен тәуелсіз Қазақстан экономикалық дамудың жаңа белесіне аяқ басты.

    Ата-бабамыздың мәңгілік мұратына айналған Тәуелсіздік тұғыры орнағанына, міне, 25 жыл Осынау ширек ғасыр несімен ерекшеленбек? Жиырма бес жыл ішінде не тындыра алдық?” — деген сауал әркімге ой салады.
    Өткен өмір белесіне көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын болсақ, бірталай іс еңсеілді.
    Әлі де қолға алынбай жатқан шаруа аз емес. Нарықтық экономика қазақстандықтарды өз ырқына көндіріп, уақыт талабына сай өмір сүруге үйретті.
    Бүгінде біз нарықтық экономикаға бейімделген, бәсекеге қабілетті елдің біріне айналдық.
     

  • Азаттығымыздың айшықты белгіс

     Бүгін еліміздің қаржы саласының қызмет-керлері өздерінің кәсіптік мерекесін атап өтеді. 15 қараша — Ұлттық валюта — Теңге күні. Осы мерекелік мақаламның басында облысымыздың банк жүйесінің тарихына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.Биыл біздің облыста банк жүйесі құрылғанына 145 жыл толып отыр. 1871 жылы Петропавл қаласында алғашқы банк ашылған. Ол патшалық Ресей банк жүйесінің бір бөлігі болған.
    Оған мемлекеттік банк, акционерлік және қалалық банктер, ипотекалық несие банктері мен басқа да несиелік мекемелер кірді.
    1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін банк істерін ұйымдастыруда мемлекеттік монополия қағидалары жүзеге асырылды.Кеңестік кеңістікте банк жүйесі мемлекеттік банкпен бір деңгейлі, елдің жалғыз эмиссиялық және несие институты болды. Ақша-несие қатынастарындағы туындаған жағдай нарық талаптарына сәйкес келмеді. 1991 жылғы тамызда Кеңес Одағы құлағаннан кейін банк жүйесінде түбегейлі өзгерістер болды.

     

     

  • Бірлік пен еңбек егіз

    Биылғы жылы қазақ халқы қаһармандықпен, қаны мен жанын азаттықтың ақ жолына сарп етіп, ерліктің ерен үлгісімен қол жеткізген Тәуелсіздігіміз екі мүшелге толғалы отыр. Тыңнан түрен түрген осы уақыт аралығында елімізде едәуір ірі көлемдегі мемлекеттік қалыптасулар болды. Қазақстан түбегейлі реформаларды жүзеге асырды және экономикалық, әлеуметтік, саяси жүйені жаңғырту жолында нық қадамдар жасады. Қазіргі таңда Қазақстанның ширек ғасыр аралығында әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің бірі ретінде өз орнын айқындағанының куәсі болып отырмыз. Бұл күнге жету үшін қазақстандықтар талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті. 

  • Дін — көрінгеннің қолжаулығына айналмауы керек

    Биылғы жылдың үлкен датасы — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл мерейтойдың еліміз үшін мәні мен маңызы ерекше. Осы орайда Тәуелсіздігіміздің  тұғырлы болуында өзіндік үлесін қосқан көрнекті ғалым, танымал қоғам қайраткері Мырзатай Жолбасбековпен елдегі діни ахуал және ислам дінінің бүгіні туралы әңгімелескен едік.