Береке Қайнары — Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралиновпен сұхбат

Серікбай Шәріпұлы, биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеміз. Осы мерейтой  қарсаңында халық үлкен жұмыстар атқарып, мол шашу шашпақ. Мерекелі жылға сіз басқарып отырған ауданның да құралақан келмегені анық. Ендеше биылғы жоспарларыңыз қандай, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына серпіліс беретін бағыттар бар ма? Солар туралы айтсаңыз.

Елді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға кең тоқталмай-ақ қояйын. Өйткені, бағдарламалар — әр аудан үшін белгілі, мақсатты, қаржылық көзі айқын шаралар. Олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге серпін беретінінде сөз жоқ. Бұл бағытта бізде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Мен тек халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қолғабыс жасап отырған кәсіпкерлер, іскер азаматтар жайында айтсам деймін. Бүгінгі таңда аудан әкімдігі мемлекеттік-жекешелік әріптестікке үлкен сенім артып отыр. Бұл бағытта жұмысымыз қарқын алуда. Елмен бірлесе атқарған іс-шаралардың арқасында аудан аумағындағы жолдар түзетіліп, тұрғын үйлерді жаңғырту шаралары ұйымдастырылып, балғындарға спорт және ойын алаңдары салына бастады. Сондай-ақ, елдің экономикасын көтеру кәсіпкерліктің дамуына байланысты екендігі де белгілі. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлық жаңашылдықтар бар. Заманауи талаптармен жұмыс істеуді таңдаған тауар өндірушілеріміздің қатары көбейіп келеді. Биылдың өзінде мал басын көбейтіп, шаруашылығын кеңейтіп, тұрғындарды жұмысқа тарту мүмкіндігін тудырып отырған шаруашылықтар аз емес.

Мәселен, «Бекзат» ЖШС-І Дәуіт ауылында 600 басқа арналған үлкен сүт кешені құрылысын жүргізіп жатыр, Ақжарқын ауылындағы «Данил» шаруа қожалығы 150 бас асылтұқымды бұқа алып, аудан халқының жекеменшік малын асылдандыруға өз үлесін қосуды жоспарлауда. Сондай-ақ, Қазан ауылында «Сүт» ЖШС-і, Қулыкөл ауылында «Тоғыз» ЖШС-і, Май ауылында «Бимурзин» жеке кәсіпкерлігі, Ленинград ауылында «Дем» шаруа қожалығы сүт өңдеу ісімен айналысуда. Олар жұрттың сүтін жинап, басқалардың да табыс табуына мүмкіндік жасауды қолға алған.

Ал «Талшық Астық Агро» ЖШС  ет өңдеу мен ұн өндіру ісін кеңейтпек. Қуаттылығы 300 тонна өндіріс басына 8 адамды, тәулігіне 120-150 тонна ұн өндіретін кәсіпорынға 12 адамды, жылына 150 тонна макарон өнімдерін өндіретін және жемазық дайындайтын цехқа 8 адамды жұмысқа тартпақ. Бұл жобалар алдағы жартыжылдықта жүзеге асырылады.

— Экономикалық дамудың бір көрсеткіші — құрылыс. Ауданда үйлер жөнделіп жатқанын көрдік. Қанша тұрғын үй қалпына келтірілмек?

Ауданда құрылыс мәселесі соңғы жылдары қиындық тудырып келген еді. Биыл оның да күрмеуі шешіле бастады. Оған да кәсіпкерлер қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, аудан орталығында бұрынғы екіқабатты 12 пәтерлі екі тұрғын үй жөнделуде. Оның біреуін «Сарбай инвест» ЖШС- і қолға алса, екіншісін өз жұмысшылары үшін «Талшық Астық» ЖШС-І жөндемек. Бізде ішкі миграция үлкен. Сондықтан кәсіпкерлердің мұндай қадамдарына қуанамыз.

Көкөніс шаруашылығы бойынша қолға алынған жобалар да көңіл көншітеді. Биылғы жыл аудан  үшін жаңашылдыққа, өнімділікке, дамуға шұғыл бетбұрыс жасаған кезең дер едім. Биылғы жетістіктердің барлығы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.

—  Жоғарыда мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бар екендігін айттыңыз. Осы мәселеге кеңірек тоқталсаңыз.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған соңғы Жолдауында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі мемлекет экономикасына жеке инвестицияларды тартуда үлкен әлеует екенін атап көрсеткен болатын. Жалпы мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономикалық өсімді ынталандыру және жекеменшік сектордың экономикаға қатысуын кеңейту әдісі болып саналады. Ақжарлықтар үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызы зор. Ауданда экономикалық ахуал әлі де күрделі, шешімін күтіп тұрған мәселелер көп. Мысалы, салық жинау бойынша жыл сайын оның орындалу пайызы артқанымен аудандық бюджеттің кірісі мен шығысының айырмашылығы үлкен. Сондықтан дамудың қосымша тетіктерін қолданудың маңызы зор. Бұл жерде ауданның іскер азаматтары мен тұрғындардың қолдауы көңілге үлкен қуаныш ұялатады. Бүгінде қолға алынған үш бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.

Талшық ауылында үлкен спорт алаңы салынып жатыр. Құны 11 миллион 582 мың теңге тұратын «Бестерек» спорт алаңының құрылысын екі кәсіпкер қалталарынан 7 миллион теңгеге жақын қаржы шығарып, салуда. Жастарды спортқа баулу — ел үшін маңызды мәселе. Осыны түсінген азаматтар өз үлестерін қосудан тартынып жатқан жоқ. Жеке кәсіпкер Бегайдар Жанабаев Ленинград ауылында 7 млн. теңгеге жасанды төсенішті қазіргі заманғы спорт алаңын салса, «Дәуіт Астық» ЖШС-нің директоры Болат Әубәкіров  Дәуіт ауылында 10 миллион теңге демеушілік қаражатқа дәл осындай алаң салып, орта мектепке тарту етуді жоспарлап отыр.

Екінші бағыт — тұрғын үйлерді жаңғырту, аулаларды абаттандыру бағдарламасының жүзеге асырылуы. Мұны үш жақты ынтымақтастық шарасы деуімізге болады. Аудан орталығында жүдеп тұрған тұрғын үйлер бар. Соны жергілікті билік, демеушілер және тұрғындардың бірлескен әрекетімен жөнге келтіруді қолға алдық. Биыл 11 үй орналасқан үлкен 3 аула қамтылады. Жергілікті бюджет абаттандыруға — 5,115 миллион теңге, үш ойын алаңын салуға 2,4 миллион теңге бағыттап отыр. Тұрғын үйлердің қабырғалары мен шатырларын жөндеуге тұрғындар мен демеушілер қолғабыс етпек. Бұл — күзге дейін бітірілуге тиісті шаруа.

  — Ауыл түрғындары үшін ең өзекті мәселе – жол  Осы қиындықты қалай еңсеріп жатырсыздар?

— Біздің ауданда 6 бағытқа жол тартылған. Ол жолдардың жөндеу көрмегеніне біраз жыл болды. Күн жауын-шашынды болса, қар түссе тұрғындардың мазасы кететінін көріп жүрміз. Жол жөндеу ісі мол қаржыны талап етеді. Өткен жылдың аяғына қарай мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы «Ащыкөл элеваторы» ЖШС-І тасжолдан ауылға дейінгі 11 километр жолды күрделі жөндеуге 38 миллион теңге қаржы бөлді, сол жолды қыс бойы қардан тазалады. Биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында Ұялы, Горьковское, Алқатерек ауылдарына қарай баратын жолдарға қиыршықтас төселіп, жолаушылардың жүріп-тұруына мүмкіндік жасалды. Ол жолдарға 8 миллион теңге тұратын 7350 тонна инертті зат төселді. Ал Ұялының жолын қалыпқа келтіру үшін жұмсалған қаржыны есептеген кезде 20 миллион теңгеге жетті. Бостандық ауылының жолы да жайсыз. Ол елді мекенге барып жиын өткізген кезде, ондағы төрт шаруашылық басшысы көмек көрсетуге ниеттерін білдірді. Бүгінде 18 шақырым жол үстінің ескі жамылғысы қопарылып, үстіне қиыршықтас төселіп, бастырылып жатыр. Сонымен қатар, осы әріптестік негізінде биылғы жылы Ақжарқын, Ащыкөл, Дәуіт, Қызылту, Қазан, Восход мектептерінің жылыту жүйесін сыртқа шығару жұмысы жоспарланып, ғимараттары дайындалуда. Аталған мектептер бойынша жұмсалатын жалпы қаражат мөлшері 40 млн теңгеден асады. Сондай-ақ, ауданда төрт қиыршықтас өндіретін кәсіпорын бар. Солардың аудандағы жолдарды жөндеуге қосып отырған үлесі мол. Әсіресе, «Ақжар-неруд» ЖШС-ін ерекше атап өтуге болады.

Кәсіпкерлердің көбі елдегі өзекті мәселелер туралы сөз қозғаған кезде, ауыртпалықтарды жұмыла көтеруге дайын екендерін білдіреді. Бүгінгі жаһандық дағдарыстың ықпалын олар да оңай еңсеріп отырған жоқ. Алайда, ауызбірлік пен татулық, жанашырлық бұл аудан тұрғындарына тән қасиет дер едім. Бұдан әрі де ел болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» талай істі тындыратынымызға сенімдімін.  Ата-бабамыз аңсап кеткен, бүгінгі ұрпақтың қолы жеткен Тәуелсіздігіміздің арқасында біз талай игі істерді еңсеретініміз сөзсіз.

Сұхбаттасқан Ербақыт Амантайұлы, «Солтүстік Қазақстан».

  //Солтүстік Қазақстан. — 26 мамыр. – 2016.- 4 б.


 

 

Похожие записи

  • Қазақтың нағыз жанашыры

     Мен белгілі жазушы, жерлесіміз, марқұм Герольд Бельгерді көптен бері білетінмін. Оны толып жатқан көп жазушының бірі емес, қазақтың нағыз жанашыр азаматы, аудармашы, қазақ тілі мен әдебиетінің тәлімгері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі және Қазақ елінің патриоты ретінде танимын.
    Жазушының ерен еңбекпен, ізденіспен өрілген өмірбаянына үңілсек, тағдыр тауқыметін жасынан-ақ бір кісідей тартқандығын ұғынамыз. Өмірден көрген-түйгенін табиғи дарынына суарып, кемел білімімен шыңдап, көркем шығармаға айналдыра білген дара тұлға екенін зор мақтанышпен айтуымыз керек.
    Қиырда, желдің өтінде, елдің шетінде орналасқан Қызылжарда жатып, Герольд Карловичтің өмірі мен шығармашылығына арналған мерейлі жиындарға қатысуға мүмкіндігіміз аз болды, ол туралы өз көзқарасымызды көзі тірісінде жиі айта алмадық.
    Бір есімде қалғаны, Герольд Карловичке «Абылай хан» деген атпен 2005 жылы жарық көрген кітабымды тапсырғаным бар. Кітапты қолына ұстап тұрып: «Басқа қазақтар ұйықтап жүргенде, сен үлкен еңбек тындырған екенсің, мынауың ғажап қой, құттықтаймын!» — деп бірауыз жылы лебізін білдірген еді.

  • Ұлт шежіресін жазған ғалым

     Қазіргі кезде тарих атасы Геродот тарихына пікірлер айтылып жүр. Ежелгі Римнің тарихшысы Плиний жазбаларына да басқаша қарау бар. Бұлар түсінікті де секілді. Өйткені, қазіргі тарихшылар өзіне дейінгі заманды зерттеп, бүгінгі күн биігінен бағалайды. Ал олар өздерінің көргендері мен естігендерін сол заман өлшемдерімен бағалап, жазды.
    Тарих — ғылымның таласты салаларының бірі. Оған әркім баға беруге келгенде өз білім-білігі бойышна әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда Конфуций философиясындағы бір заңдылық үстемдік құрады.
    Онда былай делінгек «Егер үстіңдегі ақ көйлегіңді біреу «мынауың қара екен» десе, үндеме, әлгі екінші рет келіп, солай десе, тағы үндеме. Үшінші, төртінші, тіпті, жүзінші рет әлгісін қайталаса да, «мұның қате деме», өйткені, оған сенің көйлегің қара көрініп тұрған болуы керек». Бұл дәл қазіргі заманға арнап айтылған секілді.
    Осылардың бәрін еске алып отырған себебім тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Манаш Қабашұлы Қозыбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «мынауың қара екен» деген секілді сындарды да естіді.

  • Нық сенім, қарышты қадам

     Санаулы күндерден кейін қазақстандықтар ата-бабаларымыз аңсап, асқақ армандарына айналдырып, ұрпақтарына аманаттаған тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесін ұлан-асыр тойлайды.
    Осы торқалы тойдың алдында өңір жұртшылығы тағылымды әрі қатпарлы тарихы бар облысымыздың 80 жылдық мерейлі белесін атап өтті.
    Бұл айтулы оқиғалар баршамыздың еңсемізді көтеріп, абыройымызды еселеген егемендіктің өлшеусіз нығметтері іспеттес.
    Еліміздің егемендігі баршамыз үшін басты құндылық болуы керек. Өйткені, ол — ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі.
    Тәуелсіздіктің әр сәтімен баянды болашаққа құлаш ұрған еліміздің өркендеуіне ерке Есілдің жағасында қанат жайған, үш ғасырға жуық уақыттың сырын бауырына басқан касиетті Қызылжар қаласы да өз үлесін қосып келеді.

  • Ғұлама тарихшы

     Қазактың ғұлама ғалымы, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Манаш Қозыбаевтың туғанына 85 жыл толып отыр.

    Мәкеңнің қандай адам болғанын әйгілі ақын Кәкімбек Салықов өзінің «Қазақтың Манашы» атты эссесінде: «Манаш Қабашұлы Қозыбаев кім? дегенде менің ойыма оның бір сырлы мінезі мен мың қырлы қасиеттері түседі.
    Алдымен оны сергек сезіммен ақыл-парасаты үйлескен ел алдындағы парызын әділ де адал ақтап өткен халқымыздың ең сүйікті перзенттерінің бірі, нар тұлға деп танимың ізденімпаз, терең ойлы, зерлі оқымысты, теңізден маржан тергендей тапқырлықтың иесі, дарынды жаң өресі биік энциклопедист, әмбебап білімдар, әдебиет пен мәдениет, өнер мен бүкіл өмірімізді жіті білетін ғалым.

  • Дін — көрінгеннің қолжаулығына айналмауы керек

    Биылғы жылдың үлкен датасы — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл мерейтойдың еліміз үшін мәні мен маңызы ерекше. Осы орайда Тәуелсіздігіміздің  тұғырлы болуында өзіндік үлесін қосқан көрнекті ғалым, танымал қоғам қайраткері Мырзатай Жолбасбековпен елдегі діни ахуал және ислам дінінің бүгіні туралы әңгімелескен едік.