Шағыров, С. Ел қорғаған Ер Жанатай

Таяуда Айыртау өңірінде сауапты бір шаруа қолға алынып, абыроймен атқарылды. Төл тарихымызды айқындау үшін маңызды қадам жасалды.

Жанатай батыр бабамыздың ұрпақ­тары бас болып қолға алып, кесене салды. Әрине, «тас түскен жеріне ауыр» демекші, батыр ұрпақтарының іші­нен осыған айрықша күш салған екі ел ағасын ала-бөле атағанымыз дұрыс, Қайрат Қожахметов пен Жаябай Жаңа­бергенов осы игілікті іске мұрындық болып, көп күш-қайрат жұмсады. Өзге­лерге өнеге, ұлағат болуы үшін жақсы істерін жария еткеннің айыбы жоқ шығар.

Абылай хан үш жүздің басын қосып, ортақ іске, қасиетті туған жерімізді басқыншы жау­дан қорғау үшін күреске жұ­мылдырғанда, жанында серік бола білген, қолдаған батыр­ларымыздың абзал есімін ұмыта алмаймыз.

Тәуелсіздігімізге қол жеткіз­ген кезең­нен бері, халқымыздың рухы оянып, дүр сілкініп көтері­ліп, ежелгі арнасын тауып, ата-бабалар жолын ұлықтауда. Соның бір үлкен көрінісі – еліміздің тарихындағы аласапыран шап­қын­шылықтарға толы, қазақ хал­қының «жанталас» дәуірінде үш жүздің басын біріктірген ұлы билеуші Абылай ханның жауға қарсы қаһармандық күресінде қол бастаған айбынды ерлерінің бірі – Жанатай батыр. Батырға орнатылған кесененің бүгінгі күн үшін маңыздылығы сол, бұл ескерткіш белгі ғана емес, өскелең жастарымызға рух беріп, ұрпақтарға ұран болардай құдіретке айналарына сенеміз. Өйткені қазіргі ұрпаққа керегі, ата-бабамыздың ел мен жерді қорғау жолындағы күрескерлік биік рухы, қаһармандық қасиет­тері мен өрлігі, арман-мүддесінің асқақтығы. Ұл-қыздарымыздың бойынан осындай қайсарлық пен өжеттілік, табандылық пен биік мұрат табылып жатса, Жанатай бабамызға орнатылған кесене осы бағытта қызмет етсе деген тілек бар.

Жоғарыдағы Абылай хан есімін ұлағаттап, оның ұлы жеңіс­пен аяқталған дүбірлі, әй­гі­лі он сегізінші ғасырын е­с­ке­ алып, жаңғыртып отыруы­мыз­дың өзіндік себебі бар. Тари­хымызда Абылай хан айналасында жиі аталатын, тіпті, ең жақын серіктерінің бірі деп дәріптелетін Қарауыл Жанатай батыр бабамыздың есімі көп­шілікке жақсы таныс. Тіпті, сол тарихымыз нақты зерттелмеген, көп деректер көмулі жатқан, немесе, қасақана жойылып келген кезеңнің өзінде Жанатай батыр есімі аталмай қалған жоқ. Әрине, бұл арада басын ашып алатын жағдай, қазақ тарихында бірнеше Жанатайдың аты аталып жүргендігі де белгілі. Біз атап, айшықтап отырған Жанатай батыр бабамыз Қарауыл ішінде алты ата Ноғай тармағынан өрбиді, толық аты-жөні – Жанатай батыр Ақанұлы. Бұл кісінің есімі тарихта көп аталғанымен, оның өзгелермен шатастырып танылуының бірнеше себебі бар. Ең басты себебін жоғарыда айтып өттік. Біріншіден, кешегі кеңестік дәуірде тарихымыздың аяқасты болып, нақты зерттеу­лер жүргізілмей келгендігі. Екіншіден, бұрын-соңды тари­хымыздың көп деректері Ресей тарихымен байланысты болып келгендіктен, көбі­несе, мағ­лұматтардың сол елдің архив­те­рінен алынуы. Көптеген маңыз­­ды деректеріміз ресейлік ғалым­дардың еңбекте­рі­нен алынған. Бұл арада, біз ол атақ­ты ғалымдардың еңбек­тері­нің маңыздылығына күмән­данбаймыз, қалай болған күнде де, қазақ тарихы, әсіресе, осы Абылай хан дәуірі Ресей тарихында көп зерттелгендігі, қазақтың кенжелеп қалған тарихында одан өзге құнды деректер жоқтың қасында екендігін мойындауымыз керек. Қазақтың көшпелі кезеңдерінде оның тарихының сақталу мүмкіндігі төмен болғандығы, көбінесе, ел ауызындағы аңыздарға негізделіп келгендігі шындық.

Келесі, 2023 жылы Жанатай батыр бабамыздың туғанына 300 жыл толатын дүбірлі мерейтойды ұрпақтары ғана емес, бүкіл ел болып атап өту мәселесі туындап отыр. Әрине, осынау, батыр баба басына орнатылған зәулім ескерткішті сол дүбірлі тойға дайындықтың басы деп қабылдаймыз. «Істің сапасы қалай аяқталуынан емес, қалай басталғандығынан білінер» деп дана Абай атамыз айтпақшы, игілікті іс жалғасын табарына, ол тойдың Жанатай батыр бабамыздың ел тарихындағы орны айқындала түсер, ерлігі мен өрлігін паш еткен салтанатты мерейтойға айналарына сеніміміз зор.

 

Сәбит ШАҒЫРОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Құрметті азаматы

Солтүстік Қазақстан облысы


 

Шағыров С. Ел қорғаған Ер Жанатай  // Egemen Qazaqstan. – 2022. — 14 қараша (№217). — 12 б.

Похожие записи

  • Алаштың аяулы перзенті

     Жуырда тұлғатану курсы бойынша Смағұлтануға елеулі үлес қосатын үш жинақ қолымызға тиді. Үшеуін де Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған. Жинаққа мақалалары енгендер елімізге танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдар мен өлкетанушы, зерттеушілер. Бірінші жинақ – «Смағұл Сәдуақасовтың мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-педагогикалық іс-әрекеті» (құжаттар жинағы), екіншісі – 2023 жылы Алматыда болған «ХХ ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азия тарихындағы ұлттық құндылықтар мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасалған баяндамалар, ал үшіншісі – жаңадан табылған архив және жазба дереккөздерінің негізінде құрастырылған «Смағұл Сәдуақасовтың мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-педагогикалық іс-әрекеті» деп аталады. Бір өкініштісі, ішіндегі кейбір материалдар болмаса үшеуі де орысша. Деректердің негізінде мақалаларын жазып, жинақты құрастырғандар – Г.Мұқанова, З.Қабылдинов, З.Байжұманова, Д.Қамзабекұлы, Ш.Бұлғауов, С.Жұматай.

  • Шал ақынның туғанына 250 жыл толуына қарсаңында

     Есіл өзенінің жарқабағындағы Аютас шыңы әудем жерден мұнартып көз тартады. Ел аузындағы аңыз бойынша, осынау өрнекті құздың «Аютас» аталуы қазақтың белгілі де беделді батырларының бірі — Күлекенің есімімен байланысты. Тарихи дерекнамаларға қарағанда, ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында ұланғайыр қазақ жерін жатжұрттық жаулардан Корғаған Құлеке, Тілеке атты ағалы-інілі батырлар өмір сүрген. Күлеке батыр Абылай ханның жаугершіліктегі үзеңгілес серігі болумен қатар, көрнекті саясаткер ретінде ел мен ел арасын бітістіріп, елшілікте де жүрген.

  • Три струны его души: [Герольд Бельгер]

     В гуманитарно-техническом колледже Петропавловска по инициативе его директора Александра Мерка торжественно открыт музей-аудитория казахстанского переводчика, прозаика, публициста, литературоведа и просто очень честного и порядочного человека Герольда Бельгера. Теперь у каждого из нас есть возможность познакомиться с жизнью и творчеством нашего великого земляка.