Мәңгі сөнбейтін жұлдыз


Жиырмасыншы ғасырдың бастапқы кезеңінде Ұлы далада жасындай жарқ етіп жанған, кешегі солақай саясаттан жазықсыз жапа шеккен Алаш жұртының аяулы да ардақты азаматы Мағжан Жұмабаевтың есімі күллі түркі әлеміне мәлім.
Өмірі қыл үстінде тұрса да, артына сан ғасыр бойы ұмытылмайтын мұра қалдырған ақынның шығармашылығы соңғы жылдары кең көлемде, егжей-тегжейлі зерттеле бастады. Өзінің інжу-маржан өлеңдерімен өнегелі із
қалдыра білген Мағжан Жұмабаевтың туған күні қарсаңында Қызылжар өңірінде «Мағжан көктемі» республикалық өнер фестивалінің төртінші мәрте өткізілуі — осының айғағы. Аталмыш өнер фестивалі жайлы толығырақ мәлімет алу үшін рухани шараны ұйымдастырушы, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспановты әңгімеге тартқан едік.

Кемел Қарашаұлы,ақынның туып-өскен, кіндік кескен жерінде үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан «Мағжан көктемі» өнер фестивалінің маңызы туралы айтсаңыз.

— «Мағжан көктемі» өнер фестивалін ұйымдастыру тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастамасымен және облыстық әкімдіктің қолдауымен қолға алынған болатын. Фестиваль екі жылда бір рет өткізіліп келеді.
Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. 2011 жылдан бастап қолға алынған шараның тұсаукесері 700-ге жуық көрерменнің қатысуымен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» деген атаумен өткен еді.
Бірінші фестивальдың тұсауын Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев кесіп, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын насихаттауға бағытталған ауқымды фестивальдың қазылар алқасына төрелік еткен болатын.
Қазылар алқасының құрамында сол кездегі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, бүгінде облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы вице-президенті, жазушы Жанболат Аупбаев, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Мұхтар Өтеуов, тағы басқа да Қазақ еліне белгілі тұлғапардың келуі фестивальдың республика көлеміндегі ауқымды өнер байқауы екенін білдірсе керек.

— Фестивальды ұйымдастырудағы мақсат не болды?

— Мағжан әлемін танығаң тереңіне бойлаған әр адамның жан дүниесі ерекше нұрланып, өрісі ашылары сөзсіз. Фестивальды өткізудегі мақсат — ақынның шығармашылығы арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеп, мәдени-эстетикалық сезімін дамыту, оны рухани ұстанымына айналдыру және отандық әдебиет пен өнер, музыка салаларында озық туындылардың дүниеге келуіне, оның авторлары — талантты тұлғалардың шығармашылығының халық игілігіне айналуына жол ашуды көздеген болатынбыз.
Бұл мақсатымыз бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының міндеттерімен астасып жатыр деуге толық негіз бар.
Отансүйгіштік, ұлтжандылық пен елжандылық рухтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің барлығын Мағжан өлеңдерінің әр шумағынан табуға болады. Сондықтан IV республикалық «Мағжан көктемі» өнер фестивалі ұлы ақынның шығармашылық мұрасын жүйелі түрде насихаттап, есімін ел есінде мәңгі сақтау миссиясын атқарып қана қоймай, оның ел ертеңі болып табылатын өскелең ұрпақ тәрбиесінде алар орнын айшықтай түседі.

— Мағжан Жұмабаевтың өршіл рухқа, асқақ мақсатқа, кіршіксіз сезім мен пәк махаббатқа толы поэзиясын оқып, сүйсінбейтін жан жоқ шығар.

— Дұрыс айтасыз. Мағжан поэзиясына сүйсінбейтін жан жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақтың асыл перзенті, алты Алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны — от, иманы мен ары — от Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі сәулесі мәңгі өшпес жұлдыз, қайтапанбас құбылыс!» -деп жазды. Осы сөздер-ақ Мағжан поэзиясының бағасын, қоғамда алатын орнын көрсетіп тұрған жоқ па?!

«Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын Мағжанның сөзі қазақ әдебиетін XX ғасырдың басында-ақ әлемдік деңгейге көтерді», -дейді Мұхтар Әуезов те.

Ұлты үшін тар жол тайғақ кешуден өтсе де, «халық жауы» ретінде тарихтан есімі сызылып, атын атауға тыйым салынса да, «Ұлтым», «Алашым», «Туған жерім» деп жырлаудан бір таймаған Мағжандай біртума ақынын халқы ұмытпады. Ақын еліне, жеріне, ұлтына деген кеудесінде бұлқынған асқақ махаббатты өлең жолдарымен жалпақ жұртқа жария етті. Мағжанның өз ұлтына деген махаббаты барша адамзатқа деген сүйіспеншілігімен үндесіп, ұласып жатты. Ол халқына өлеңімен, өмірімен жанын сала қызмет етті. Мағжанның сыршыл өлеңмен, өрнектелген еркің маржандай тізілген поэзиясына оқыған жан тәнті болмай тұра алмайды.
— Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын насихаттау, өлеңдерін танымал етуді көздеп, екі жылда бір рет өткізуді дәстүрге айналдырған фестивальға қатысу шарттары қандай?

— Өнер фестивалінің өрісі кеңейіп, маңызы артып келеді. Бұған дейінгі сайыстарға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас таланттармен қатар республикаға танымал ақындар Серік Тұрғынбеков, Елена Әбдіхалықова, композитор Жоламан Тұрсынбаев, тағы басқалары қатысқан болатын.
Өнер фестиваліне үш аталым бойынша алдын ала іріктеуден өткен 60-тан астам үміткер қатысады. Жазба ақындар өздерінің бұрын еш жерде жарияланбаған Мағжанның рухына бағышталған өлеңдерін оқыса, мәнерлеп оқу сайысына қатысушылар оның асыл мұрасы-өлеңдерің поэмаларын жатқа оқуы керек.
Әр қатысушы ақынның 50-ден астам өлеңін білуі міндет. Соңғысында сазгерлер бақ сынайды. Олар Мағжан өлеңдеріне жазылғаң бұған дейін еш жерде айтылмаған музыкалық туындыларын ұсынуы тиіс.
Өлеңдер тақырыбы — ақынның шығармашылық-адами келбетін, айнымас ұстанымың елдік-ерлік қасиетін, ұлт тағдырындағы алатын орның туып-өскен жерінің шежірелі тарихың тағы басқасын көрсететін туындылар болуы шарт.

Мағжан рухына арналған биылғы өнер сайысының қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы төрағалық етеді. Одан басқа ақың халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғалым Жайпыбай, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Жоламан Тұрсынбаев және тағы басқа әдебиет пен өнер майталмандары келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ләйла Жанысова, «Солтүстік Қазақстан».

 

 


Мағжан көктемі — 2017″
Құлсарылық Абдолла ақсақал М.Жұмабаевпен Магаданда айдауда бірге болғанын айтты. Оның айтуынша, ақын 1951 жылы ауыр науқастан көз жұмған.(Газеттен).


Жұмбақ жаратылыс

«Сұм өмір абақты ғой саналыға…»
Сонда бір кеудесінде қамалып ән,
Сол сөзді айтқан екен Мағжан ақын,
Сергімей Сарыарқаның самалына,
Қан тамып қызыл гүлдің сабағынан…
Ем таппай еңіреген есі барға,
Елім деп өткен, шіркін, есіл арда,
Туған жер тұғыр болса бас иерге,
Туысқан тұтқа болмай төс ұрарға.
Сырласы жерде сағым, көкте жұлдыз,
Танымай тегімізді текке жүрміз.
Ұлы дала төсінде — көшпеліміз,
Ұлы өмір көшінде — өтпеліміз.
Мәселе мәнінде ғой мәңгіліктің,
Әйтеуір әнінде емес әңгүдіктің.
Тізгінін ұстау үшін бір сенімнің
Шылбырын үзу керек сан күдіктің.
Мағжанның мұңы мұнар, арманы шың,
Үзілген үміт жіптің жалғап ұшын.
Ол жұмбақ жаратылыс болатұғын
Опасыз мына дүние-жалған үшін.
«Сұм өмір абақты ғой саналыға»,
Сергелдең соқыр соқпақ сан алуан.
Сол сөзді айтқан екен Мағжан ақын,
Сергімей Сарыарқаның самалына,
Қан тамып қызыл гүлдің сабағынан…

 

Дала дауылы
«Барады үдеп бұл боран…».Мағжан.
Мен — Мағжанның мөрімін,
Мәрт көңілдің төрімін.
Түрік тегім тектесем
-Алтай, Тұран төлімін.
Алаш зарын толғасам,
Айға ұлыған бөрімін.
Қызыл қанға құныққан
Қорқаулардан жерідім.
Құлы болсам деп едім
Ұлы Қазақ Елінің
Мен — Мағжанның мұңымын,
Жел тараған тұлымын,
Маң даланың ұлымын,
Ұлт ұйытқан ұғымын.
Көзге бірден шалындым
Мүйізіндей бұғының.
Алаш десе үзілер
Тұтас жүйке, жұлыным!
Мен — Мағжандай зарлымын,
Ұқтым зарын арлының.
Сүйдім туған елімді,
Ұлан-байтақ жерімді,
Күнін, түнін, таң нұрын,
Тауын, тасын — барлығын.
Айта-айта шерімді
Даусым қалды қарлығып!

Мен — Мағжандай жалқымын,
Бөліп алдым бояудан –
Батар күннің жалқынын!
Бостандық деп боздадым,
Бар қайғыны қозғадым.
Отар сана омалтып,
Құрып кете жаздадым…
Мен қайтадан ояндым,
От-жалындай маздадым!

Мен — Мағжандай беренмін,
Тұңғиықпын, тереңмін.
Ұлт мүддесін ұмытсаң –
Көрсоқырмын, кереңмін.
Санаменен сарғайсаң,
Сарыарқаның самалын
Саған сыйға берермін!
Ұрпақ үшін ұйыссаң
Күн боп, Ғұн боп келермін!

Мен — Мағжанға бауырмын,
Маржан — Жырмен «ауырдым».
Жусанымын Даламның,
Бөлшегімін Тауымның.
Жауы болса бақасқан
Қазақ дейтін қауымның,
Бәрін жайпап өтетін
Мағжан — Жырмын, Дауылмын!
Әділғазы Қайырбеков.


Жалгыз

«Ақында адамзаттан дос болмайды». Мағжан.

Өлең бе?

Өлең осы өр тұлғалы,

Шер тұнған шертерімнің шертілді әні.

Қалайсың,

Қызылжардың қайыңдары –
Есілдің ерке сылқым толқындары?!

Әуелде жаратқан соң көшелі ғып,
Жұлдыз боп жарқыраған деседі жұрт.
… Мағжанның бұйра-бұйра шаштарындай,
Солтүстік аспанында көшеді бұлт.

Осы елдің шыққан жолға күнін ертіп,
Жүректің жырына елтіп, Мұңына елтіп.
… Найзасын «Батыр Баян» жарқыратып,
Қобызын Қойлыбайдың күңірентіп.

Тұратын тауқыметтен тағдыры әрбір,
Тамызда ерте жауған таңғы қар бұл.
… О, Мағжан, сенің күнің жалғыз-ақ күн,
О, Мағжан, сенің жырың — жалғыз-ақ жыр.

Дүние дүрбелеңнен қашқанда сын,
Өтіпті аласармай асқар басың.
Әлемнің ақынында сен айтқансың,
«Ақында адамзаттан дос болмасын».

Келген жаз,
Келген көктем,
Келген әр күз,

Өлеңді шын талантқа өрде жазғыз!
«Ақында адамзаттан дос болмайды»,
Ағатай,

Сен де жалғыз,
Мен де жалғыз.

Көңілде төрсің ағам,
Өрсің ағам,

Еліңе беріп кеткен ен сыбағаң.
Ай етіп алақанда аялайын,
Жырыңның жалғыз жолын берші, маған!

Сен салған жалғандағы әні мұңның,
Сүйетін терегінің тамырын күн.
…Шер-ғалам түсінбейді ақын жанын –
Бер, маған бір тамшысын жарығыңның.

Аялап опа таппай аяр таңды,
Жырыммен толтырайын қай ортаңды?
Жанымның жалғызы сен,
Ақын аға —

Тағайын жұлдыз жүзік, ай алқаңды…

Ақынның адал жары

Ол жайлы сыр айтады
Сол кездің самалы, айы.
Жанымды мұңайтады
Қызылжар қарағайы.

Тағдырдың кесімі бар,
Уақыттың кермегінде.
Зылиха есімі бар
Өлеңнің өрнегінде.

Кейіпкер жырға қымбат
Бозтаңда боздасын ән.
… Ұққаным шын махаббат,
Тұрады көз жасынан.

Бұл тағдыр кейде шұбар,
Жазу бар жан нұрыңда.
Зылиха бейнесі бар
Мағжанның әр жырында.

Атыңды биік еткен,
Нұр көрем реңіңнен.
Ақынды сүйіп өткен
Айналдым жүрегіңнен!

Ғаламат ғаламдағы,
Ғажайып жыр ұйқасы.
Ақынның адал жары –
Мағжанның Зылихасы!

Мақпал Мыса.


Тарих неге сөйлейді кейде өтірік?..

Көп құпия журсе егер ой кетіріп,
Бастан кешкен Алаштың бейнетін ұқ.
Бет-жүзіңе қарамас әділ деуші ек,
Тарих неге сөйлейді кейде өтірік?

Арысым көп шыға алмай шырғалаңнан,
Бас сүйегін күн мүжіп құмда қалған.
Қасқа маңдай қазаққа қатыстының,
Барлығы да кезінде бұрмаланған.

Зарлы күннен тұрады жетіп ызғар,
Сөзін бөлмей тыңдайтын ретіміз бар.

Сені іздеуде Алматы өр аймағы,
Жырға қостың тебіреніп көл — айнаны.
Сағыныштан шаштарын жайып тастап,
Сені іздеуде Қызылжар тоғайлары.

Шабытымды жырларың еселеді,
Мағжан — Рух боп тербеттің неше мені?
Кеудесіне көгілдір көктем кіріп,
Сені іздеуде Тәшкеннің кешелері.

Төгіліп бір Шолпанның бар күнәсі,
Сылдыр қақты Тобылдың арғы басы.
Жырларыңнан күш алып, қанат қаққан,
Сені іздеуде Қазанның қарлығашы.

Жеңе алмады сені, ақын, өлім дағы,
Өлеңіңнен құлпырды көңіл бағы.
Жаназасы оқылмай кеткендердің,
Рухына Фатиха оқыңыздар.

Еске алып ем қазасын кіл қыршынның,
Көп азабын өлеңде бір күн сүрдім.
Ұлтан етті-ау ұлтымның ұлыларын,
Құдайсыздар жасаған қуғын-сүргін.

Жасырғасын ел кешкен әр сұмдықты,
Ашылғасын білем деп қанша ұл күтгі.
Көлгірсіген тарихтың бетін тіліп,
Уақыт айтып береді бар шындықты.

Дәтімізге осы ойды қуат қылдық,
Қолдағы бар деректі лақтырдық.
Магаданда Мағжанмен бірге болған,
Абдолла қарт сөзіне құлақ түрдік…

 

Абдолла қарттың әңгімесі

(Жоғалған қойын дәптер)

Ақын еді, арлы еді,
«Алаш!» — деді әр демі.
Мыңға қарсы тұрам деп,
Таусылған-ды дәрмені.
Көк тулы елдің жұртына елеңдеген,
Сені іздеуде Омбының өр ұлдары.
Кербез еді,өр еді,
Жыры шуақ себеді.
Сары аязда Сібірде,
Жан жылытты өлеңі.

Ақтан да ол ақ еді,
Өзгеше ғой әдебі.
Басқа тепкен кей қазақ,
Маңдайдағы бақ еді.

Ұзамасын түсінді,
Дерт қинады, қысылды.
«Жеткізерсің, елге», — деп,
Қолжазбасын ұсынды.

Орындалмай парызым,
Болды мәңгі қарызым.
Ұлы ақынның ұрлаттым,
Жылап жазған арызын…

Сол оқиға қарасақ,
Кетті жанға жара сап.
Мағжан ақын кешірер,
Кешіре ме, Болашақ?!

Ұлықбек Тәңірберген.

Сені іздеуде

Сені іздеуде қарттар да, жас та мына,
Айналдың ба Алаштың дастанына?
Сағыныштан сарғайып, мүжілуде,
Сені іздеуде Уфаның тастары да.

Бөтенді де қосқан ең өз еліңе,
Өкінішім тығылды өзегіме.
Өзенінде өмірдің ағып жатқан,
Сені іздеуде Мәскеудің өзені де…
Кеңейтуде мұратың тар сананы,
Көңілімді миллион ой паршалады.
Жан-жағына қолдарын жайып өсіп,
Сені іздеуде Бурабай аршалары.
Ризамын мен ел-жұртың күткеніне,
Ауырлауда көтерер жүк те, міне.
Сені іздеуде Сібірдің қынасы да,
Сені іздеуде Карелия мүктері де…

Күннен нұрдай Әлемге тараласың,
Жасарасың, және де жаңарасың.
Ақындардың ақыны ең арда туған,
Сені іздейтін артыңда бар Алашың!

Саят Қамшыгер.


Сүйемін

(Мағжанша)

Тұяқ тірер тұрағым,
Жұпар иісті жұмағым,
Сәл көрмесе сағынар.
Ақылды әрі ажарлы,
Басқан жері базарлы
Сөздерінен лағыл ал.
Менің де асыл анам бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол Анамды сүйемін!

Көзінде айбат ізі жоқ,
Сөзінде ғайбат сызы жоқ.
Тіршілігімнің тынысы.
Бұлданып қалмас қай бектей,
Бұрқ-сарқ етпейді шәйнектей,
Білгені — адал жұмысы.
Қорғаным болар жарым бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол жарымды сүйемін!

Жаһанданудың сесімен,
Жаңа заманның көшімен,
Жалқаулығынан арылған,
Он сегіз мың ғаламға
Әміре менен Димаш боп
Әншілігімен танылған.
Қазақ деген елім бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол елімді сүйемін!

Есілдің болған ажары,
Әлемнің ауған назары.
«Қыс — ақ кебін, жаз — сары»
Бәйтерек көктің таласы,
Ханшатыр жердің қадасы,
Мәңгілік Елдің астанасы
Сарыарқа деген жерім бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол Арқамды сүйемін!

Жұлдыз Қожабекова.


Жанысова.Л Мәңгі сөнбейтін жұлдыз,
Қайырбеков.Ә Жұмбақ жаратылыс,Дала дауылы,
Мыса.М Жалғыз,Ақынның адал жары,
Тәңірберген.Ұ Тарих неге сөйледі кейде өтірік,Абдоллла қарттың әңгімесі (Жоғалған қойын дәптер)
Қамшыгер.С Сені іздеуде
Қожабекова.Ж Сүйемін(Мағжанша) //Солтүстік Қазақстан. – 22 маусым. – 2017. -4-5 б.

Похожие записи

  • Шыншыл жазушы

     Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ермек Қонарбаевтың шығармашылығы туралы сыр шерту мен үшін зор сүйініш. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында артына сүбелі әңгімелер мен повестер қалдырып кеткен дарынды жазушы тірі болғанда 85 жастың төріне көтеріліп, өңір қаламгерлерінің ортасында күліп-ойнап, әзіл-қалжыңы мен сазды әнін келістіре айтып, әдебиетсүйер қауымды қуанышқа бөлер еді. Бірақ тағдыр оны елу жасқа жеткізбей мәңгілік мекеніне алып кетті.

  • Даламыздың дүлдүлі,әннің бұлбұлы

     Қазақ халқының әдебиеті мен өнерінің ең озық өкілдерінің бірі ақтангер ақын, дана композитор, үздік әнші Ақан сері Қорамсаұлының туғанына биылғы күзде 165 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстан үшін асыл мұраларымызды жаңаша көзқарастармен ұлттық тұрғыдан қарап, үлағаттай түсу ел қуанарлық дәстүрге айналды. Жан дүлдүлі Ақан серінің аты аталғанда, мал дүлдүлі Құлагерді ұмыта алмаймыз. Дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, Ақан сері «өмірін өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен де суреттей білді». Махаббат лирикасының кереметі десек артық болмайды. Құлагердің трагедиясы бір төбе, нақыл сөздері мен философиялық тебіреністері, әзіл-қалжыңдары, қағытпалары, айтыстары сол асыл аңыздай өмірдің айғағы. Ад сегіз қырлы, бір сырлы дарындылығы талай ұрпаққа сабақ болып, салт-дәстүрімізді байытты.

  • «СВЕРЯЯ ЧИСТОТУ СТРОКИ»

     

    22 января — 75 лет со дня рождения поэта и общественного деятеля К. Салыкова
    О. СЫСОВА, гл. библиограф библиотеки им. С. Муканова
    Какимбек Салыков родился 22 января 1932 года в небольшом ауле Енбек ныне района Шал акына. (По другим сведениям, в селе Казгородок Володарского района (ныне аул Сырымбет Айыртауского района).

  • Жұлдызы жоғары. Жазушы Ермек Қонарбаевтың туғанына 60 жыл

     Уақыт қандай ұшқыр десеңізші. Бәрі де кеше ғана сияқты еді. Енді міне содан бері қырық жылға жуық қайран күндер зымырап өте шығыпты. Бүгін туғанына 90 жыл толып отырған халық ақыны Ахметжан Нұртазинмен, 60 жылдығын атап жатқан жазушы Ермек Қонарбаевпен дала кербезі көк Есілдің кемерінде Аютастың мәрмәр тасында тұрып туыстай табысып құшақ жая қауышқанымызға да қаншама жылдар ара түсіп кеткеніне таңырқамасқа амал жоқ.

  • Ақан сері

     Ақан туралы білгендерін айтып һәм жазып берген Мырзалыұлы Баялы, Шыңғысұлы Қокыш, Бозайұлы Ысмағұл ақсақалдарға һәм Самыратұлы Қазыға көп рақмет айтамын.

    Мағжан.

     

  • Күй шертеді көңілің басқа – басқа…

     Бірнеше кітаптың авторы. Үздік публицистикалық еңбектері үшін Міржақыл Дулатұлы атындағы Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйпығын алған. Қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Баспасөз қызметінің басшысы.