Жақында жол түсіп Астанада болғанымда, көзі тірісінде сыйласып, сырласып, тонның ішкі бауындай араласып кеткен қазақтың қабырғалы қаламгері Нұрғожа Ораздың шаңырағына соқтым. Айман тәтеміздің жүзі сынықтау көрінді. Қайтсін, сыңарынан айрылған аққудай жалғызсырап жүрген шығар?! Амандық-саулық сұрасып, біраз жайға қаныққаннан кейін ағаның екінші қабаттағы жұмыс кабинетіне көтерілдік. Ол кісі өте ұқыпты еді ғой, жазу үстелінің үстінде басы артық нәрсе көрінбейді, әрдайым қолының астында ұстайтын ақ қағазы мен қаламы ғана жатыр. «Ештеңесін қозғаған жоқпыз, бәрі өзі қалай қойды, солай тұр. Сол күні де таңертең ұйқысынан сергек оянып, тамағын ішкеннен кейін жазу үстеліне келіп отырды. «Қайтесің, дем алсайшы», -дедім. «Жоқ, жай отырмын», — деді күлімсіреп. Байқаймын, бөлменің ішін шолып отыр. Қабырғадағы қаз-қатар тізілген кітаптарына ұзақ қарады… Қайдан білейін, қоштасып отыр екен ғой», — деді Айман жеңгей терең күрсініп.