Алаштың аяулы перзенті

  Жуырда тұлғатану курсы бойынша Смағұлтануға елеулі үлес қосатын үш жинақ қолымызға тиді. Үшеуін де Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған. Жинаққа мақалалары енгендер елімізге танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдар мен өлкетанушы, зерттеушілер. Бірінші жинақ – «Смағұл Сәдуақасовтың мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-педагогикалық іс-әрекеті» (құжаттар жинағы), екіншісі – 2023 жылы Алматыда болған «ХХ ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азия тарихындағы ұлттық құндылықтар мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасалған баяндамалар, ал үшіншісі – жаңадан табылған архив және жазба дереккөздерінің негізінде құрастырылған «Смағұл Сәдуақасовтың мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-педагогикалық іс-әрекеті» деп аталады. Бір өкініштісі, ішіндегі кейбір материалдар болмаса үшеуі де орысша. Деректердің негізінде мақалаларын жазып, жинақты құрастырғандар – Г.Мұқанова, З.Қабылдинов, З.Байжұманова, Д.Қамзабекұлы, Ш.Бұлғауов, С.Жұматай.
Үш кітаптың әрқайсынан Смағұл Сәдуақасовтың өмірі мен шығармашылығына, мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі қырларына қосымша деректер табуға болады. Өркениеті озық елдерде Смағұлдай жарқын тұлғасына қатысты барлық дүниелерді қалдырмай зерттейді. Қазақ қоғамы да сол сатыға көтеріліп келе жатқан сияқты. Аталмыш кітапта С.Сәдуақасовтың өмірі мен еңбегін ғана емес, ата-баба, зәузатынан да көптеген мағлұматтар келтірілген. Бұрын Смағұлдың Ақжар ауданындағы Жарқын ауылында туғанын ғана білетін болсақ, енді оның әкесі Сәдуақас туралы да мол мағлұматтарға қанықтық.
Смағұлдың әкесі Сәдуақас осы өңірде 1872 жылы туған екен. Өз кезінде ол Уфаның «Ғалия» медересесін бітіріп, ауылда молда болып, бала оқытыпты. Жарқын ауылының ақсақалдары мен туыстары жинақта Смағұлдың 7 атасын да таратып берген. Жетінші атасы Керейдің Малайынан тарайды. Осы Малайдан Бабыс, одан Көтібақ, одан Жиенқұл, одан Жантемір, одан Жусан, одан Турабай туады. Смағұлдың әкесі Сәдуақас Турабайдың баласы.
Смағұлдың анасының есімі Мәжікен. Смағұлдың өзінің жазуына қарағанда, ол 1879 жылы туған екен. 1933 жылы сүйікті баласы Смағұлдың қайтыс болғанын естігенде қайран ана қайғыдан арыла алмай, күні-түні жылайды. Осы жылаудан оның көзі көрмей қалады. Ал 1937 жылы күйеуі Сәдақасты Смағұлдың әкесі болғаны үшін ғана қандықол өкімет айыптап, түрмеге салғанда ауыр қайғыдан бас көтере алмаған Мәжікен ана фәниден бақиға аттаныпты.
Марқұм 18 құрсақ көтерген екен, солардың ішінен Смағұл мен Орынбасар деген қызы ғана аман ержетеді. Алайда Смағұлдың өзі «Центросибирь» атты кооперативтік бірлестікке қызметке кірерде өзінің екі қарындасы мен бір інісі бар екенін жазады. Бірақ мұндағы бір бала мен бір қыз Сәдуақастың інісі Әлімнің балалары екен. Еншісі бөлінбеген ағайындылар бірінің баласын екіншісі бауырына басып, өз балам деп атай берген. Ондай салт қазақтың барлық жерінде бар. Аса бауырмал болып келетін қазақтар өздерінің балалары мен аға-інісінің балаларын да айырмай, бәрін өз балам дейтін болған. Шын мәнінде Смағұлдың бір анадан туған қарындасы Орынбасар ғана. Смағұлдың атасы Турабайдан Сәдуақас пен Әлім туған. Әлімнің бір баласы Ароннан Рахымжан туады. Смағұлдың қарындасы осы Рахымжанның отбасында 1990 жылы Омбының Любин ауданындағы Капустин ауылында дүниеден өткен.
Жаңа деректерден Смағұл өскен ортаның білімге, ағартушылыққа құштар болғанын көруге болады. Жергілікті байлардың қолдауымен өңірге татар, орыс мұғалімдері шақырылып, жәдид мектебі ашылған. Смағұл 12 жасында оны бітіріп, Жарқыннан 50-60 шақырым жердегі Полтавка деген қыстақта үш жылдық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Алғыр бала осы мектепте жүріп, орыс тілін еркін меңгеріп алады. Ең қызығы Смағұлдың бұл мектепті бітіргенде алған бағалары қойылған құжат табылған. Жалынды жастың мектепті қалай бітіргенін біз де айта кетейік: «Дисциплина – 5; Божий Закон – освобожден; Русский язык – 5; Арифметика – 5; География – 5; Геометрия – 5; История – 5; Естествознание – 5; Черчение и рисование- 5;» деп жазылыпты құжатта. Осының өзінен-ақ Смағұлдың бала жасынан ширақ, топжарғпн екенін көруге болады. Өйткені ауыл баласының барлық сабақты беске игеруі некен-саяқ болатын жағдай.
Жинақтардан Смағұлдың өмірі мен қайраткерлігіне байланысты көптеген жаңа деректер табуға болады. Ол жас Қазақстанның ең ұшар басында тұрған ірі қызметтерді атқарды. Соның ішінде мемлекеттік жоспарлау комитетін басқарып, 1923 жылы Қазақстанның үш облыстан қалыптасуы керек екенін айтқан. Соның ішінде Шығыс Қазақстан – орталығы Омбы; Батыс Қазақстан – орталығы Орынбор; Оңтүстік Қазақстан – орталығы Ташкент болуы керектігін ұсынған. Өкінішке қарай кейін Қазақстан осы үш қаладан да айрылып қалды. Алайда оның күш салуымен бұрын Сибревкомға (Ресей) қараған Ақмола мен Семей облыстары, Бөкей ордасының жері, Жетісу мен Сырдария (Түркістан автономиясы) Қазақстанға қосылды.
Қазақстанды патша заманындағыдай шикізат базасы етуге болмайды. Біз фабрика-зауыт салып дайын өнімдер шығаруымыз керек деп қанішер Голощекинге (Қужақ) қасқайып қарсы тұрған жап-жас жігіттің ел деп, жер деп соққан жарқын жүрегі ешқашан ұмытылмайды. «Жыланның аяғын көрген» сұрқия қу болса да Қужақ оның көзін құрта алмай, тек оқуға жібереміз деген сылтаумен ғана құтылғаны белгілі.
Смағұл Сәдуақасовтың жарқын өмірі, ұлтына жаны ашыған күрескерлік келбеті, батырлығы мен батылдығы қазақстандық патриот жастарға әрқашан үлгі болары сөзсіз.

Жақсыбай САМРАТ,
журналист.


Жақсыбай С. Алаштың аяулы перзенті // Солтүстік Қазақстан.-2024.-25 сәуір.-5 б.

Похожие записи

  • Батыр Баян из рода Уак

     Кто такой батыр Баян? Откуда родом и чем прославился? Обо всем этом нынешнее поколение до сих пор знает очень мало и смутно. О его происхождении из небольшого рода Уак, давшего стране многих батыров, в своей поэме «Батыр Баян» Магжан Жумабаев пишет:

  • Ғибратты ғұмыр

     Қазіргі замандастарымыздың көпшілігі мектеп қабырғасында жүргенде газет-журналдардың оқырманы болды десек артық айтқандық бола қоймас. Ол кездері қазіргідей әркімнің қолында ұялы телефон түгіл телевизордың өзі ауылда саусақпен санарлықтай еді. Ауылымыздағы хат тасушы Сапура апайдың екі үлкен сөмкесі болатын. Сол сөмкелеріне газет-журналдарды толтырып алып, мектепке таңертең және түстен кейін келіп, әр отбасының жаздырып алатын басылымдарын балаларына тарататын. Көбі облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетін жаздырып алатын.

  • Қисық қайың

     Сыртта боран ұйытқып тұр. Бүгін төртінші күн. Боран болғанда да, кәдімгі жынды боран: аш қасқырдай ұлып, ышқына соғып терезені сабалағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Алқа-қотан отырған ауылды жұтып қойғандай. Көрші үйдің өзі көрінбейді.

  • Кино – ұлттық идеология құралы

     Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ұлттық сананы оятып, қазақ халқын рухтандырған кинолардың бірі — ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың поэмасының желісімен түсірілген «Батыр Баян» тарихи фильмі еді.
    Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі — Баян туралы туынды әлі күнге дейін көгілдір экраннан түсе қойған жоқ. Жақында осы фильмнің режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұзақ жылдар «Қазақфильм» киностудиясын басқарған, бүгінде Қазақ Ұлттық өнер университетінде иіәкірт тәрбиелеп жүрген белгілі кино маманы Сламбек Тәуекелов мырзаға жолығып, сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгімеміз тарихи фильмнің қалай түсірілгенінен басталды.

    Сәл әріректен бастайын. Балалар жазушыларының ішіндегі шоқтығы биік тұрған қаламгерлердің бірі — Сапарғали Бегалинді бәріңіз білесіздер. Атом жарылыстарының нағыз ортасында орналасқан Семей өңірінің Қайнар деген ауылында туып-өскен. Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезде ол ішкі істер саласының комиссары болып қызмет атқарды. Бір таңғалғаным, осындай қызмет атқара жүріп, жастығының ішіне Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын жасырып келген екен. Үйінен кеткенде жастықты кемпіріне тыққызып қояды, кешке келгенде алдырып, өзі ғана жастанған. Міне, сол азамат Мағжанның көп шығармаларын аман сақтап қалды. “Батыр Баян” поэмасы, “Шолпанның күнәсі” әңгімесі, басқа да көптеген шығармалары сол жастықтың ішінен шықты. Бұл -нағыз ерлік, ұлтқа қызмет етудің үлгісі.

  • Зейнел-Ғаби Иманбаев прозасындағы көркемдік сипат

     Мен «Есіл өңірінің әдебиеті» атты авторлық багдарлама жасаган едім. Оның мақсаты — өз өңірімізден шыққан, бірақ мектеп бағдарламасына енбейтін Ғ.Малдыбаев, З.Иманбаев, М.Тырбиев, Е.Зікібаев және тағы басқа жерлес ақын-жазушылардың шығармашылығымен шәкірттерді таныстыру. Сол себепті жазушы З.Иманбаевтың шығармашылығы жайлы жазған зерттеуімді әріптестеріммен бөліскім келеді.