Байрақты сүйір батыр

 Қазақ халқының көне шежіресі көбіне ауыз екі тарап, құймақұлақ та зерделі шежірешілердің әңгімелері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бүгінгі күнде баға жетпес асылымызға айналып отыр. Ерте замандардан бертінге дейін жеткен осы шежірелердің ішіндегі ел жадында сақталып қалғандары — ұлы хандар мен билердің, ең айбынды батырлардың өмірдеректерін толыққанды жеткізгендері.

Алайда, осындай ұлы тұлғалармен қатар, ел өмірінде айтуға татитын ерліктері бар, бірақ елеусіз қалып, оқтын-оқтын ғана еске алынатындары да жоқ емес.

Осындай батырлардың бірі және есімі Уақтың ағайындас Сары және Баян батырларымен қатар атала бастаған Сүйір батыр. Шежіреші қарттардан бүгінгі күнге жетіп отырған азын-аулақ әңгімелердің өзі-ақ Сүйірдің батырлық, ел-жұрт ардақтаған тұлғасын таныта алады.

Мен Сүйір батыр туралы шежіренің бір ұшығын туған әкем Серғазы Тасеменұлынан естіген едім. Әкем 1904 жылы туған, руымыз -Уақ, оның ішінде Шоға атасынан тараймыз.

Әкем қазіргі Жамбыл ауданының Есперлі ауылынан әріректе Молалы көлінің жағасына қоныстанған Майкөт ауылында дүниеге келіпті. Ұжымдастыру басталған уақытта Уақтар қоныс аударып, кезінде «Киров» ұжымшарының осы аттас ауылы ұйымдастырылған екен. Бұл ауыл бүгінде қазақтың ардақты ақыны Баймағамбет Ізтөлиннің атында.

Осында көшіп келген соң әкем марқұм ұжымшардың белсенді мүшелерінің бірі болып, еңбек майданына араласқан. 1941 жылы, отыз жеті жасында Ұлы Отан соғысына шақырылып, 1944 жылы ауыр жараланып, майданнан келген соң да бригадир болды, зейнетке шықты.

Әкемнен ата-бабаларымыз жайында суыртпақтап сөз сұрасақ, «Е, біздің жадымызда не бар дейсің?» — деп алып, бірте-бірте білгендерін айта бастайтын. Сондай әңгімелерінің бірінде Сүйір батырға тоқталды.

Оның айтуынша, Сүйір батыр Уақтан тарайды екен. Өте қарулы, қайратты адам болыпты. Түсі ызғарлы, көп сөйлемейтін, қалың қасы қабағын жауып тұратын көрінеді. Оны қанжарының ұшымен көтеріп тастайды екен.

Тек қана, ашуланғанда қабағы желп етіп, айбарланған жүзіне кісі көз тоқтата алмайды. Бірде үйде Сүйір отырған кезде сырттан айғай-шу естіледі. Саспайтын батыр хабар жеткенше отыра береді. Тыстан жүгіріп кірген келіндерінің бірі: «Ата, жылқыны барымташылар айдап әкетті», — дейді.

Орнынан атып тұрған Сүйір батыр қолына найзасын және қоржынын ала салып, белдеуде қаңтарулы тұрған атына қонады. Барымташылар кеткен жақты үйір-үйір жылқының тұяғынан көтерілген шаңнан аңғарған батыр жалғыз өзі қуып береді. Сөйтіп, қуғынмен Есілдің жағасына жетіпті.

Төрт салт атты барымташы қалың жылқыны Есілден өткізіп, арғы бетке шығарып жүр екен. Батыр қоржынынан сыбызғысын алып, тарта бастағанда әуен құлақтарына шалынған жануарлар әдетте естіп жүрген үнге кері бұрылып, қуалап жүрген барымташылардың айдағанына қарамай, батырға қарай бергі бетке шығады. Оларға әлгі барымташылардың Есілдің арғы бетінде жайылып жүрген өзге жылқылары ілесіп, бергі жағаға өтіпті.

Барымташылар әуелі «Осы жалғыздан қорқамыз ба? Барып, соғыс салайық. Тым болмаса, өз жылқымызды айырып алайық», -деп ақылдасады. Алайда, жалғыз болса да, жардай болып, есік пен төрдей күрең қасқа айғырдың үстінде отырған алып батырға бата алмайды. Оның үстіне, қолындағы найзасынан сескеніп, кері бұрылып кете береді.

Бастары салбырап, барымта алмақ түгіл өз жылқыларынан айрылып қалғандар өз еліне барып, болған жағдайды айтады. «Әй, сендер де жай жүрмей, Сүйір батырға ұрынған екенсіңдер. Аман келгендеріңе тәубе айтыңдар! Біз барып, батырдың алдынан өтейік», — деп ұйғарады үлкендері.

Сол айтқандай, ана елдің үлкендері: «Батыр, басбұзарымызды өзіміз-ақ жазалап келіп отырмыз. Кешірім етіңіз, бір ашуыңызды қиыңыз. Телі мен тентегімізге тыйымды өзіміз салдық», -деп ат-шапан айыбын тартыпты.

Екі жылқы беріп, Сүйірге еріп келген екі үйір жылқысын кері айдап әкетіпті.

Сүйір батырдың сауыт-сайманы да өзінің тұлғасына сай, өзгеше болғанын әкем Тасемен атамнан және басқа үлкендерден естігенін айтушы еді. Оның қару-жарақтары мен жорыққа киетін киімдері кейінгі ұрпақтарынан табылыпты. Он сегіздегі бір жас жігітке кіреукесін, дулығасын кигізіп, қолына қалқанын, найзасы мен қылышын ұстатқанда анау көтере алмай, тізесі бүгіліп кетіпті.

Өкінішке қарай, Сүйір бабамыздың туған, дүниеден озған жылдары жайында нақты дерек қалмаған. «Егемен Қазақстанның» облысымыздағы меншікті тілшісі Өмір Есқали осы басылымдағы мақаласында Тимирязев ауданының Докучаево ауылының маңында Сары мен Сүйір батырлардың обасы табылып, ескерткіш белгі қойылғанын жазған еді. Егер Сүйір есімі Сарымен және Баянмен қатар аталса, ол ел ішіндегі жер дауы, мал дауы сияқты кішігірім оқиғаларға ғана қатысып қоймай, еліміздің сырт дұшпандарына да соққы берген айтулы батыр, жауына айбын болып, елін қорғаған ерлер қатарынан орын алуға лайықты адам деп ойлаймын.

Биыл кесене ашылмақшы. Біздер, ұрпақтары, бұл оқиғаға қуанып отырмыз.

Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,

еңбек ардагері. Петропавл қаласы.


Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 14 тамыз

Похожие записи

  • Бір үзік ой, Кәкімбек Аға, Ақынның соңғы жинағы, Күй тартамын, Ағаның өрге тартқан, Құтты өлке,Бір мін бар, Досыңның көзін ұғарсың, Перзентімін ардақты Жер-Ананың.

    Жылдар бедерінде талай-талай өлең көз алдымыздан өтті. Соның ішінде біреуі менің енжарлық инерциямның тұсауын үзіп, уздік көріністерімен көзге түсті. Ол — ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңі болатын Осыдан бірнеше жыл бұрын жазған мақаламда «Қос кеменің ақыны» дегенім бар, олай деуім Кәкімбек шығармашылығының ауыз әдебиеті дәстүрі мен жазба өдебиет жаңалығына байланысты болуында еді.
    Кәкімбек өлеңдерінің құндылығы тарихи оқиғалардың өлең кестесіне түсіріліп жазылуында ғана емес. Әрине, оның езі оңай түспейтін үлкен ақындық шеберліктің көрінісі ғой. Әңгіме үлкен оқиғалардың жалаң хабарланбай, ақын жүрегінен өтіп, сан алуан әсерлі сырмен кестеленуінде
     

  • Достықты дәріптеген қаламгер

     
    Көрнекті жазушы, аудармашы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының Бейімбет Майлин атындағы, Қазақстан Президентінің Бейбітшілік және келісім, тәуелсіз «Тарлан», Қазақстан ПЕН-клубының сыйлықтарының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» Герольд Бельгер 28 қазанда 80 жасқа толады.

    Жазушы-жерлесіміз Герольд Бельгердің баспадан шыққан кітаптарың газет, журналдарға басылған очерктері мен мақалаларың әңгімелері мен эсселерін оқып отырып, мен оның терең де жан-жақты біліміне, орасан зор еңбексүйгіштігіне тәнті боламыy Сол қасиеттерін көрсету үшін оның шығармаларының бірқатарын ғана атап өтудің өзі де жеткілікті.

  • Родои из аула Ортакколь

     Моему дорогому отцу — писателю, члену Союза писателей СССР Зейнел-Габи Иманбаеву — в январе исполнилось бы 80 лет. Он родился и жил в селе Ортакколь района Шал акына, написал 17 книг о жизни своих современников, тружеников села. У него были большие планы: выпустить полное собрание сочинений, перевести ряд произведений на русский язык. Отец не раз говорил нам: «Силу пера поймет тот, кто пишет». Он всю жизнь писал, смотрел на окружающий мир глазами писателя, очень любил природу, описывая времена года красочно, сочно. Любил свой аул, односельчан, их труд, быт.