Асылболат Смағұловтың бекежаны – Қазақ театрындағы қайталанбас бейне

Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы республикалық академиялық қазақ-сазды драма театрында Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының тумасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Асылболат Смағұловтың шығармашылық кеші болып өтті. Оған өнер иесінің ұстазы, профессор белгілі театр сыншысы, республикамызға танымал «Жансарай» хабарының жүргізушісі Әшірбек Сығай қатысып, кино және драма актерінің шеберлігін сан қырынан танытты.

Өзінің актерлік жолын Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында бастап, Құрманғазы атындағы консерваторияда Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хадиша Бөкеевадан дәріс алған, өнерін С.Қожамқұлов атындағы Торғай және Жезқазған театрларында шыңдаған, кейін Астанадағы қазақ театрының негізін қалауға өзіндік үлес қосқан Асылболат Смағұлов Пайғамбар жасына келгенде өзінің шығармашылық кешін алғаш рет ұйымдастырып отыр.

Соңғы жылдары Асылболат Кәкенұлы еркін шығармашылыққа ауысып, режиссер Т.Дүйсебаевтің «Апиын» фильмінде капитан Ашляевтің бейнесін жасады, кейін В.Пұсырмановтың «Ұмытпа мені» (Әбілхайыр хан) фильмінде Сауран сұлтан бейнесін сомдады, «Көшпенділерде» Төле би болып аталы сөз айтты. Осыдан 5 жыл бұрын өзінің курстасы — Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмінде сазгер, біртуар әнші Біржан салдың атқосшысы Жұбайдың рөлін дала сахнасына сай ерекше өрнектеді. Содан бері режиссер А. Райбаевтың «Лаве» фильмінде Медет бейнесімен көгілдір экранға шықты. Осыдан төрт жыл бұрын режиссер А. Айтуаровтың екі сериялы «Елім-ай» фильмінде басты рөл саналатын Мәди бейнесін айшықтауға ден қойды. Оның төрт сериялық теледидарға арналған нұсқасын қазақстандықтар бірнеше рет тамашалап та үлгерді. Соңғы бір жарым жылда бірнеше шетелді аралап, «Қазақстан» телеарнасында «Жиһанкез» хабарын өзіне тән шеберлікпен жүргізді.
Міне, осылай театрдан он жылдай алшақтап кеткен Асылболат Кәкенұлы шығармашылық кешін сахна жайлы толғаудан бастады, оның құдіретін тебірене айтып, қазақы шебер тілмен әсерлі жеткізді. Ол театрда еңбек еткен жылдары бірнеше басты рөлдерде ойнады. Бұл күні ол ең алғашқы сомдаған бейнесі мен егде тарта бастаған кездегі рөліне басымдық берді. Екеуі — бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі тұлға. Соған орай ол Ғ.Мүсіреповтің атақты драмасындағы Қозы Көрпеш болып, емірене Баян сұлуын іздеді, кейін Жантық болып, Қодарға «күш-қайрат» берді. Келесі кезекте Біржан сал болып толғанды, өмірге деген өкінішін, наласын жүрек тебірентер әнмен жеткізді.
Ал алдыңғы қатарда отырған Әшірбек Сығай ағамыз болса, ара-арасында сахнаға көтеріліп, түсініктеме беріп отырды, әр көріністі сыни тұрғыдан бағалады. Осыдан он жыл бұрын меценаттардың республикалық «Тарлан» сыйлығына ұсынылған кезде: «Асылболат «Тарлан» сыйлығын алса да — тарлан, алмаса да — тарлан» («Қазақ жолында сахналық һәм экрандық тұлғаларды сомдауда аса талантты екендігін үнемі дәлелдеп келе жатқан ұшқынды актер. Операда Бекежанды Кәукен Кенжетаев, кинода Асанәлі Әшімов қалай сомдаса, драмадағы Асылболаттың Бекежанынан әлі ешкім аса алған жоқ. Образ психологиясын тереңдей ұғынып, кейіпкер мінез-құлқының нәзік иірімдерін мөлдірете аша білер арқалы суреткердің шығармашылық орны бөлек екеніне бүгін тағы бір көз жеткізіп отырмыз, -деді.

Ақын Қанат Жүнісов, Қ.Қуанышбаев атындағы республикалық академиялық қазақ-сазды драма театрының режиссері Әлімбек Оразбеков, Арқалық және Қостанай театрларындағы әріптестері Отаркүл Мұқатова мен Ерсайын Төлебаев, жерлесіміз, «Хабар» телеарнасының қызметкері, Т.Жүргенов атындағы өнер институтының оқытушысы Мұрат Бекқожин Асылболат Смағұловтың халықаралық және республикалық театр фестивальдерінде Бекежан, Сәкен, Махамбет рөлдері үшін төрт рет гран-при иеленгенін атап айтып, актерді театр сахнасына қайтып оралуымен құттықтады. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев студент кезінде Алматыдағы жасөспірімдер театрында «Қыз Жібек» спектаклінде Асылболат Смағұловпен бірге ойнағанын айта келіп, жерлес актерді қойылым сахналауға Қызылжарға шақырды.

Асылболат Кәкенұлы қолы қалт еткенде майлы бояумен сурет салуды, ағаштан мүсін жасауды ұнатады. Оның І.Жансүгіровтің «Құлагер», М.Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» поэмалары бойынша салынған картиналары, туған жер табиғатын суреттейтін кескіндемелері ірі толғаныстан туғандығын танытады. Оны шығармашылық кештің қонақтары театр фойесіне қойылған көрмеден де байқады.

Актер Сарыарқаға кеңінен тараған халық әндерін тамылжыта орындауымен де ерекшеленеді. Осы күні ол шығармашылық кештің қонақтарына өзінің екінші «Арман-ай» аудиотаспасын тарту етті. Оған Сегіз серінің, Ақан серінің, Біржан салдың, Абайдың, Естайдың, Мәдидің танымал туындылары мен «Сұржекей», «Мұхида-Шайбан», «Екі жирен» сияқты халық әндері енгізіліпті. Ішінде «Асылболат» атты өз әні де бар. Барлығы -19 ән.

Кеш барысында алматылық режиссер мерейтой иесін жаңа кинотуындыға бас кейіпкерлердің бірін сомдауға шақырды…

Нурсайын ШӘРІП,
«Солтүстік Қазақстан».
Петропавл — Астана -Петропавл.


Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 15 мамыр. – 11 б.

Похожие записи

  • Тергеуші. Әңгіме

     Көрші ауылдағы бастауыш мектепті тексеріп кел. Біз сегізжылдық мектеп болғандықтан, оларға үлгі берер дәрежеде болуымыз керек. Ішкі — сыртқы жұмысын бірдей көр. Кемшілік жағына баса көңіл бөлерсің!
    Директордан осындай нұсқау алысымен автомат қаламды сияға толтырып, үлкенірек бір блокнотты қойын қалтаға салып алып, тарттым да кеттім. Шанаға жеккенім — сыңар езу, жынды торқұнан. Шыға шапқан түріне қарағанда нағыз тексеруші мінетін ат екен дерлік.

  • Ақан серінің перизаттары

     Қазақтың кеңдігінен кемдігі бар ма, шіркін! Соңғы асым етін қонағына сақтап, сұрағанға аузындағысын жырып беріп, өзі аш жүруге әзір мұндай мәрт халық бұл жалғанда жоқ та шығар. Алты күн дым сызбай ашқұрсақ жүрсе де жүгін арқалап балп-балп күйіс қайтарып тарта беретін нағыз нар сияқты ғой, нар сияқты. Біздің ауылда сондай бір Алпысбай деген нар азамат болды. Өзі он саусағынан өнер тамған ісмер әрі әйдік етікші еді. Сол өнерімен сонау аштық жылдары бүкіл әулетін асырап аман сақтап қалды.

  • Сакен Жунусов: 70 лет пистателю

     Однажды известного казахского писателя Сакена Жунусова спросили: «Что дает вам обращение к прошлому своего народа?» Он ответил: «Человек, у которого нет памяти, нет истории, нет духовной биографии, обречен на духовную нищету и не готов к восприятию сложнейшей современной жизни».

  • «Батыр Баян» дастанындағы Баян бейнесі

     Баян батыр туралы жырды Баян ағаның (Баянғали Әлімжанов) домбырада орындауында алғаш тыңдаған едім.
    Ағаның орындаушылық шеберлігі, жыр оқиғасының тартымдылығы, жыр тілінің әсерлілігі — бәрі-бәрі үйлесіп келіп, санамда ұйып қалыпты.

  • Мағжантанудың шешілмеген мәселелері

     Ақын мұрасын ақтарып, төңкеріп отырған күнде Мағжан ақындығының қалай қалыптасқанына көз жүгіртіп, ой топшылауға болады. Ол – ақын болып туған еді, ақын болып өлді. Мағжанның бақыты ма, соры ма, әрбір өлеңі оқырман назарынан тыс қалмағаны байқалады. Оқырман дегенде мен оның өлеңдерінен сән іздеген, ән іздеген, рухани нәр алған, осындай отандасы бар екеніне қуанған ақ жүрек адал оқырманды да, ақынның табиғи дарынын көре алмаған, күншілді, әр өлеңнің астарынан қылмыс іздеген тыңшы, тіміскіні де айтып тұрмын.