Өшпес мұра

«TUǴURUL HAN» халықаралық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлағатты ұстаз, белгілі өлкетанушы, тіл және руханият жанашыры Қайролла Мұқановтың туғанына 90 жыл толуына орай «Ұлттық құндылықтар» тақырыбында онлайн конференция өтті. Шара барысында өңірімізге және республикаға танымал тарихшылар мен өлкетанушылар, ардагерлер мен ұстаздар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған жерлесіміз жайындағы естеліктерімен бөлісті.

Қайролла Мұқанұлы 1932 жы­лы Тимирязев ауданының­ Ынты­мақ ауылында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған ол әжесінің бауырында өсіп, мектепті күміс медальға тамамдаған. С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің тарих фа­культетін үздік аяқтап, еңбек жо­лын бұрынғы Октябрь ауданын­дағы Н.Хрущев кеңшарында орта мектепте бастаған. Жас маман із­денімпаздығымен, алғырлығы­мен, білімділігімен көзге түсіп, сол кездегі облыс басшылығының ұй­ғарымымен Шал ақын ауданына мектеп директоры болып таға­йын­далған. Білікті басшы мұнда 12 жыл абыройлы еңбек етіп, 1971 жылы облыстық халыққа білім бе­ру басқармасы бастығының орын­басары болып бекітілді. Ол ұлт­тық мектептер мен балабақша­лар­дың көптеп ашылуына, ана ті­лі­міздің өркендеуіне, педагог кадр­лардың біліктілігінің артуына зор үлес қосты. Мәселен, Қайрол­ла ағамыз мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқының тілін құрметтеу­ге қатысты сонау 1989 жылғы 6 ма­мыр­да «Өз халқыңа өгей болма» атты мақала жазып, өз ойын ашық айтудан жасқанбаған. Оның ай­туынша, “интернационалдық бір­тектіліктің”, “ұлттарды біріктіру­дің” теперішін қазақ елді мекенде­рі көп көрген. «Халықтар мен тіл­дер­ді жақындастыруды насихат­тау­дың мақсатты түрдегі көрінісі салдарынан тіл саясаты өрескел бұрмаланды», – деп сол кездің билігіне ашықтан-ашық пікір біл­дірген екен.

Белгілі ұстаздың осы және өзге де қырларын әңгіме еткен мар­құм­ның шәкірттері, химия ғылым­да­рының докторы, профессор Ажар Баешова, А.Слухаевский атындағы бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің директоры Константин Рыб және Шал ақын ауданындағы Городецкий орта мектебінің мұғалімі Нұрсұлу Жұ­мағалиева марқұмды зор құрмет­пен еске алды. «Осындай тұлға­мен мақтануымыз керек. Өйткені, ол кеңес саясаты белең алып тұрған заманда білім көкжиегін кеңейтумен қатар қазақ тілінде сабақ беретін білім ордаларының жабылмауына мұрындық болды. Солардың қатарында біздің Бос­тандық ауылындағы қазақ мектебі де бар», – деді ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиев.

Қайролла Мұқанұлының өске­лең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы 40 жыл­дан астам тынымсыз еңбегіне тоқ­талған Қостанай мемлекеттік уни­верситетінің профессоры Аман­жол Күзембаев оны нағыз тарих жанашырына балады. Ғалымның айтуынша, өлкетанушы өзінен кейінгі толқынға отызға жуық ғылыми зерттеу кітаптары мен жинақтарын жазып қалдырған. Бүгінде оның есімі «Асыл мұра» ғылыми-әдеби, тарихи әдістеме­лік орталығының негізін қалаушы­лар­дың бірі ретінде зор құрметпен аталады. Өлкеміздің тарихын қағаз бетіне түсіруде көп еңбек ет­кен автордың «Жұмағали Тілеу­лин – Алашорда қайраткері», «Тоқ­сан би», «Қожаберген жырау», «Ар­манды ақын», «Бір әулеттің тари­хы» және тағы басқа құнды еңбек­терімен оқырмандар етене таныс.

Шара барысында «Асыл мұра» орталығының қызметкері Ахмет­жан Қуантаев, археолог Виктор Зай­­берт, зейнеткер Болат Сағын­дықов жерлесіміз туралы жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ до­центі Зәуре Қартова мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «TUGURUL HAN» қоғамдық бірлестігінің же­тек­шісі Рақымбек Мамырбаев ұстаздың ғылыми мұрасы туралы әңгіме өрбітті. Шара соңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің про­фессоры, марқұмның қызы Гүл­нәр Қайроллақызы конференция қатысушылары мен ұйымдасты­рушыларына алғыс білдірді. Кон­ференцияда Қайролла Мұқа­нов­тың есімін тарихта қалдыру мақ­са­тында С.Мұқанов атындағ­ы об­лыстық ғылыми-әмбебап кітапха­нада бұрыш ашу және облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қабырғасына ескерткіш тақта ор­нату жөнінде ұсыныстар ай­тыл­ды. 

Кубенова, Г. Өшпес мұра : ұстаз, өлкетанушы Қайролла Мұқанов жайында / Г. Кубенова // Soltústik QAZAQSTAN. – 2020.- 29 qyrkúiek.- Б. 5
 

Похожие записи

  • Бірегей тұлға

    Герольд Бельгерді білгелі жетпіс төрт жылдың жүзі болыпты. Оның отбасы Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Волга жағалауынан біздің елге — Солтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Шал ақын ауданының Қабайтұяқ ауылына қоныс аударды.

    Сонда Гера мектеп жасына жаңа толған қаршадай сары бала еді. Әкесі Карл фельдшер болып жұмыс істеді. Бүкіл бір ауылдағы жалғыз неміс отбасы болды. 7 жасар Гера сол төңіректегі жалғыз қазақ орта мектебінде білім алды.

     

  • «Мақсатымыз -академиялық театр атағына ие болу»

     Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының бір ғасырдан асатын тарихы бар. 1972 жылдың желтоқсанында театр заман талабына сай салынған жаңа ғимаратқа көшті. 2014 жылдан бері театр тізгінін ұстап келе жатқан өңірімізге есімі жақсы таныс өнер саңлағы Спартак Рамазановтың айтуынша, 2016 жылдың басты жаңалықтарының бірі — жаңа мұражайдың ашылуы.
    Өткен кундерден сыр шертіп, көрерменді театр тарихына бойлататын мұражай екі бөлімнен тұрады. Оның ішінде театр құрылған күнінен бастап, тәуелсіздікке дейінгі маңызды оқиғалардың барлығы қамтылған.
    Құнды құжаттарды, өңір өмірінің айшықты сәттер бейнелен суреттерді, ескі жарнамаларды, осыдан 50-60 жыл бурын әртістердің сахналық қойылымдарға киген киімдерін де осы жерден көріп, бүгінгі күнмен салыстырып, тамашалауға болады.

  • Ардақты азамат

     С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Ербол Шаймерденовтің туғанына 70 жыл толуына орай “Еліміздің ардақты перзенті” атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Тағылымы мол ісшараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері мен Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің оқушылары қатысты.

  • Қисық қайың

     Сыртта боран ұйытқып тұр. Бүгін төртінші күн. Боран болғанда да, кәдімгі жынды боран: аш қасқырдай ұлып, ышқына соғып терезені сабалағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Алқа-қотан отырған ауылды жұтып қойғандай. Көрші үйдің өзі көрінбейді.