Талантты тұлға, парасатты азамат

  Француздың ұлы жазушысы О.Бальзак: “Дарындылар шалғайда туады, ал Парижге көпшілікке танылу үшін келеді”, – депті. Қазақтың да көптеген зиялылары, ақындары, жазушылары мен ғалымдары ауылдан шығып, қалаларға таланттарын шыңдау үшін, алға қойған үлкен мақсаттарына жету үшін келетін сияқты. Солардың қатарында есімі елге белгілі қоғам қайраткері, қаламы қарымды журналист, жазушы Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменов те бар. Жарасбай інім де – тамырларында талант тулаған көп дарынды тұлғалар сияқты ауылдан шыққан, өзінің еңбегінің, мінезінің арқасында, көптеген белестерді бағындырып, елдің құрметіне бөленген азамат.
Жарасбай Қабдоллаұлының өмір жолын шопандықтан бастағанын, кейін “темір тұлпарды” тізгіндеп, егін сеуіп, ел ырысын тасытуға үлес қосқанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Расында да солай. Оның бойындағы теңіздің тегеурінді толқынындай бұлқынған дарын, түбі жазушы боламын, елдің жайын, қамын ойлаймын деген арман жас жігіттің қолына қалам алғызды. Журналистік жолын кіші әдеби қызметкерліктен бастаған ол газетте барлық баспалдақтардан өтті. Сол табысын радио мен теледидарда да қайталады. Солтүстік Қазақстан облыстық радиосын басқарды, өңірлік телерадиокомпанияда, облыстық газетте бас редактор болды. 2007-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанда” бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Анығы сол, оны біз айтып отырған лауазымдарға уақыттың өзі апарып қоя салған жоқ. Еселі еңбегі, таза маңдай тері оны биікке жетеледі, осы жолда кешегі Әлихан Бөкейханов айтқандай, ұлтқа қызмет етудегі басты қаруы – мінезі қолтығынан демеді.
Мен Жарасбай Қабдоллаұлын журналист ретінде сырттай білуші едім. Мәжіліске депутат болып сайланып, елордаға көшіп келгеннен кейін жақынырақ таныстық. Екеуіміз де бір үйде – “Нұрсаяда” тұрдық. Кешкілік, күн ұясына қызараңдап батып бара жатқан уақыт болатын. Осы мезгілде есік алдына шығып, көрші-қолаңның амандығын сұрау әдетім. Екеуіміз осындай кештердің бірінде кездесіп қалдық. Өзі танып, сәлем берді.
Қазақта: “Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше”, – деген қанатты сөз бар ғой, әңгіме барысында Жарасбай Қабдоллаұлының білімді, ойы терең, көкірегінде жинағаны көп азамат екенін аңғардым. Ол қазақ халқының рухани болмысын, ғасырлар бойы жинаған құндылықтарын жақсы білетін және оларды шын мәнінде бағалайтын азамат болып көрінді. Жарасбай Қабдоллаұлы тек қазақ халқының мәдениеті мен оның рухани болмысын өте жақсы біліп қана қоймай, сонымен қатар орыс және әлем мәдениетін, құндылықтарын терең игерген азамат екен деп ой түйдім.
Француздың ұлы ақыны Сент-Экзюпери айтқандай: “Ең үлкен байлық – адаммен қарым-қатынас жасау байлығы”. Шынымды айтайын, осыдан кейін Жарасбай ініммен кездескен сайын тек амандық-саулық сұрасумен ғана шектелмей, ел, кісілік, адамзат туралы әңгіме-дүкен құрып, ұлы мұраттарымыз жайлы ой өрбітетін болдық. Қазіргі заманның өзі қызық, нарық халықтың мінез-құлқына, іс-қимылына да өзгерістер енгізіп жатыр. Бұрқ-сарқ қайнаған бәсекелестік қазаны кімді қайдан шығарары белгісіз. Әйтеуір, бәрі заман талабына лайық болуға ұмтылады.
Міне, осындай дүбірге толы дүниеде әлдекімдердің ұлттық құндылықтарымыз, өмір жайлы ой толғауға мойны бұрыла бермейтіні анық. Таныстар көп болса да, нағыз ой бөлісетін адамдар некен-саяқ. Осы ретте ұлы Абайдың: “Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным!” – деген сөздері ойыма оралады. Ұлы ойшылдың айналасында туыстары мен таныстары көп болғанымен, ол өзінің ішкі жалғыздығын үнемі сезініп жүрген ғой.
Ғұламалардан қалған: “Сөз түсінетін ойы бар, ақылы бар, жинаған құндылықтары көп бір адам сен үшін түсінігі аз көпшіліктен артық”, – деген тұжырымның астарында да терең сыр жатқаны сөзсіз. Мұның бәрін мен неге айтып отырмын, Жарасбай інім өзі көп сөйлемесе де кездескен сайын сыр суыртпақтап, сұхбаттасын әңгімеге үйіре біледі екен, оның ойлы сұрақтарына жауап іздеп отырып, өзіңнің ғажайып бір әлемге еніп кеткеніңді де аңғармай қаласың.
Жарасбай Қабдоллаұлымен бірнеше мәрте кездесіп, оның әдебиет, жалпы руханият жайлы ой-пайымының тереңдігіне көз жеткізгеннен кейін “Сізден сұхбат алсам” деген өтінішін аяқсыз қалдыра алмадым. “Сұхбат беріңіз”, – деп сұрайтын журналистер, тілшілер көп, бірақ көбі сұрақ қоюдың жауапкершілігі зор екенін, үлкен мәні бар екенін бағамдай бермейді. Әңгіменің терең ойға құрылуы қойылған сауалдың маңыздылығына, пікір алмасып отырған адамның деңгейіне көп байланысты. Әдетте, атүсті қойылмаған терең сұрақ мағыналы, терең ой туғызады. Сократ гректің зиялыларымен сұхбаттасқанда өте күрделі мәселелерді қозғап, терең мағыналы сұрақтар қояды екен. Сократтың ойынша, оның анасы әйелдердің бала тууына көмектессе, ол адамдардың дүниеге ой әкелуіне септескен.
Сонымен не керек, Жарасбай Қабдоллаұлымен екеуіміз әңгімеміз жарасып, “Егемен Қазақстан” газетіне бірнеше сұхбат дайындадық. Олардың бәрі жарық көрді және ең бастысы, оқырмандардың назарын аударды. Кейін сол сұхбаттарымызды толықтырып, “Өмір – өзен” деген атпен кітап шығардық.
Менің ойымша, Жарасбай Қабдоллаұлы – тек білімді азамат қана емес, сонымен қатар өте жақсы журналист. Журналистер көп, бірақ атына заты сай нағыз журналистер көп емес. Белгілі журналист Владимир Познер айтқандай: “Әрине, журналистердің міндеті – ақпаратпен бөлісу, алайда олар тек газеттер арқылы күнделікті мәліметті беріп отырмай, сонымен қоса шамалы болса да, халыққа қажет терең мәселелерді көтеріп, ой айтқаны дұрыс және жазушыларды, өнер адамдарын, ойлары бар ғалымдарды ой бөлісуге тартып отырғаны абзал”.
Менің білуімше, Жарасбай Қабдоллаұлы өзі басқаратын басылымдарда осы мәселеге мұқият көңіл бөліп отырады. “Музыка оны түсінетін құлақты тәрбиелейді”, – деп Карл Маркс айтқандай, ойдың өзін толғау, ойға құмар адамдарды, әсіресе, жастарды тәрбиелеуге көмектесетіні сөзсіз. Жарасбай Қабдоллаұлы өзінің күнбе-күнгі қызметінде осы мәселеге де көп көңіл бөлетініне күмәнім жоқ.
Мен білетін Жарасбай Қабдоллаұлы – жақсы адам. Ол – өзінің бойына қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған құндылықтарын, адамгершілік қасиеттерін, ізгіліктерін сіңірген, үлкенді сыйлайтын, кішіні інім деп білетін, аспайтын, тасымайтын, жақсы мен жаманды толық айыра білетін азамат.

Жабайхан ӘБДІЛДИН,
Қазақстан Республикасы
Ғылым академиясының
академигі.


Әбділдин Ж. Талантты тұлға, парасатты азамат // Soltüstık Казахстан.- 2024.-11 шілде.-4 б.

 

Похожие записи

  • Армандай ғұмыр дүние

     «Қарашығым!
    Ән тербеп өскен елдің баласымын,
    Әнмен айтсам жете ме жүрегіңе,
    Сырларымның саф таза, саф асылын.
    Сағым далам –
    Сұлулықты жырлаудан жаңылмаған.
    Махаббатты анамдай әлдилеген,
    Әлдилеген ғажайып лағыл ғалам», —

    деп өзі жырлағандай, Қызылжар өңірінің перзенті, ерке Есілдің жағасында, Өрнек ауылында балалық шағын өткізген Есләм Зікібаевтың ақындығы көк аспанда қанатын еркін сермеген қыран бүркітті көз алдыңа елестетеді.

  • Ғабит ғұмырнамасының жаңа парақтары

     Бауыржан Момышұлы Ғабит Мүсіреповке 1955 жылы 20 сәуірде жазған бір хатында Оянған өлке романын оқып шыққанын, жорғаға мінгендей, ұзақжол жүрсе де шаршамағанын айтады.

    Кібіртіктеп, сүрінген тұстары да болғанын жеткізе келе: «… Жалпы айтқанда, тілің жақсы. Оған қазақ түсінеді. Қазақтан шыққан министр мен миллионерлер түсінбейді. Е, бақытсыз жазушы — мен сені аяймын!.. деген екен.
    Осы сөздерде керемет бір астар бар. Аяп отырып, аялау бар ардақ тұту бар. Әсілі, Ғабит Мүсіреповтей сөз зергерінің, сөз шеберінің жазғандарын екінің бірі түсіне алмайды.
    Оны түсіну үшін ана тілінің уызына жарыған, қазақ тілінің құдіретімен қасиетін терең сезінетш, рухани жан дүниесі аса бай оқырман болуы шарт.

  • Зов березовых рощ

     Есть что-то неповторимое и таинственное в живописной красоте зеленых холмов, тенистых и дышащих освежающей прохладой в летний зной березовых лесов, окружающих аул Актас. Кажется, и люди здесь по-особому открытые, приветливые.

  • Кейіпкерлерімен бірге ілгерілеп кеткен жан-әкем жайлы сыр шертсем…

     Әкем марқұм «бұл көктемді көрген де бар, көрмеген де бар» деп көктем келгенде қуанып та, мұңайып та қалушы еді… Өйткені оны ойландыратын да, өкіндіретін де жайлар бар еді. Өзінің қатарластарының көбінен кешегі Отан соғысы айырды. Өзі болса солармен қатар соғыса да алмады, елім, жерім дегі соққан жұдырықтай жүрегіне соғысқа қатыса алмағаны тастай батты. Бірақ денсаулығының нашарлығына қарамастан, елде еңбек етті, сөйтіп жеңіске өз үлесін қосты. Оның айғағы — соғыстан соң әкем «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбегі үшін» медалімен марапатталғаны.

  • Е, Бәсе. Әңгіме

     Салдыртын желіп отыратын біркелкі жүрісінен танбайтын сары атымем қара жолдың шаңын будақтатып келе жатқан почташы Қари. Совхоз орталығындағы байланыс бөліміне күнде таңертең сапар шегу — оның жұмыс тәртібі. Омысынан жаңылмайды. Екі жақтауын қара дермантинмен қаптап алған қалқанды арба қашаннан бергі серігі. Қаридың өзің қартайтын шығуға жарайды әлі. Бөксе түсыда аспалы қара сөмкесі жатыр.

  • Шал ақынның шеберлігі

     Шал ақын — XVIII ғасыр әдебиетіндегі көрнекті тұлғалардың бірі. Біздің қолымызға жеткен қазынасына қарағанда Шал Құлекеұлы қазақ әдебиетінде Бұқардан кейінгі жарық жұлдыздардын бірі екендігінде шек жоқ. Мұндай халық тұрмысына, тіршілігіне жақын тұрған табиғи төкпе ақындар табиғатта сирек ұшырайтын құбылыс санатына жатады. Өлеңдері ауыздан ауызға, ғасырдан ғасырға тарап кеткен Шалдың шеберлігі хақында қалай айтсақ та, жазсақ та ірі мақтанға сиятын секілді.