Тағылымға толы кездесу

  Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында қоғам қайраткері, журналист, жазушы, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовпен кездесу өтті. “Өнегелі өмір” деп аталған іс-шара жазушының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды.
Жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатын осындай жиындарды ұйымдастыру дәстүрге айналған. Біз еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген жандарды мектебімізге қадірлі қонақ ретінде жиі шақырып, тәрбиелік кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Жарасбай Қабдоллаұлымен кездесуді оқушылар асыға күтті. Өйткені қаламгер – ең алдымен, осы мектептің түлегі. Интернат өмірінің қызығын көріп, нанын жеп жетіліп, осы жерден түлеп ұшты, биік белестерді бағындырды. Сондықтан жерлес жазушының өнегелі өмір жолы, айтар әсерлі әңгімесі жас буынға қызықты болары сөзсіз.
Саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған Жарасбай Қабдоллаұлы 100 жылдан астам тарихы бар қарашаңырақ – “Soltüstık Qazaqstan” газетіне басшылық етіп, басылымды жаңа деңгейге көтерді. Ағамыздың бастамасымен қалалық “Qyzyljar nūry” газеті, республикалық “Mağjan” журналы жарық көрді. Облыс атынан Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, өзекті мәселелерді көтерді. Бүгінде ол құрметті еңбек демалысына шықса да, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүр.
Жиын мектебіміздің музыка жетекшісі Күлайым Жанайдарқызының “Туған жер” әнімен басталып, Жарасбай ағаның өмір жолынан сыр шертер бейнероликті тамашалаумен жалғасты. Бұдан соң сөз алған Жарасбай Қабдоллаұлы ыстық ұя – мектебіне келіп, оқушылармен жүздескеніне ризашылығын білдірді. Сыр-сұхбат барысында ұл-қыздар журналист аталарына қызықтырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап, аталық ақыл-кеңес алды. Жарасбай аға оқушыларға қай мамандықта болмасын мықты болу үшін ең әуелі терең білім, содан соң сана керектігін тілге тиек етіп, саналы тәрбие мен білім ұштасқанда ғана қоғамға пайдаң тиетінін жеткізді.
Жиын барысында 7-сынып оқушылары Жамантай Ақжол мен Қайрат Әдия мағжантанушы аталарына ақиық ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
– Сізді ортамызға алып, сұхбат жүргізіп жатқанымызға қуаныштымыз. Бір сағаттың қалай өткенін білмей қалдық. Біраз нәрсе үйрендік. Біз, қазақ, сіз сияқты тұлғаларға қарап тәрбиеленетін халықпыз. Қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеміз. Арамызда отырған оқушылардың ішінен дара тұлғалар шығуы әбден мүмкін. Оларға сіздің жолыңызды берсін. Өйткені бәріміздің көздегеніміз бір – елімізді көркейту, – деді мектеп директоры Ержанат Бакиров.
Жиынға қатысқан мұғалімдер мен оқушылар Жарасбай Қабдоллаұлының халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығына ие болғанын біліп, құттықтау сөздерін айтты. Жиын соңында қаламгер мектепке өз кітаптарын сыйға тартып, ізін басар оқушылардың өтінішімен естелік суретке түсті.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық
дарынды балаларға мамандандырылған
гимназия-интернаты жанындағы
музейдің жетекшісі.


Сейілбеков Н. Тағылымға толы кездесу // Солтүстік Қазақстан.-2024.-21 мамыр.-3 б.

Похожие записи

  • Бәйтеректің бұтағы

      Жылына бір рет, кейде екі мәрте «іш жаққа» (Ресейдің Қазақстанмен шекаралас өңірлері) сапарлап барып қайту — Баймағамбет Сабырұлының көптенгі әдеті. Оған ұлы Нұрлан да үйреніп алған. Әкесін қасы мен қабағынан танитын ол көлігін үнемі қыл бабында ұстап, «ал, кеттік» дегенде, дайын тұрады.

  • Кино – ұлттық идеология құралы

     Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ұлттық сананы оятып, қазақ халқын рухтандырған кинолардың бірі — ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың поэмасының желісімен түсірілген «Батыр Баян» тарихи фильмі еді.
    Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі — Баян туралы туынды әлі күнге дейін көгілдір экраннан түсе қойған жоқ. Жақында осы фильмнің режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұзақ жылдар «Қазақфильм» киностудиясын басқарған, бүгінде Қазақ Ұлттық өнер университетінде иіәкірт тәрбиелеп жүрген белгілі кино маманы Сламбек Тәуекелов мырзаға жолығып, сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгімеміз тарихи фильмнің қалай түсірілгенінен басталды.

    Сәл әріректен бастайын. Балалар жазушыларының ішіндегі шоқтығы биік тұрған қаламгерлердің бірі — Сапарғали Бегалинді бәріңіз білесіздер. Атом жарылыстарының нағыз ортасында орналасқан Семей өңірінің Қайнар деген ауылында туып-өскен. Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезде ол ішкі істер саласының комиссары болып қызмет атқарды. Бір таңғалғаным, осындай қызмет атқара жүріп, жастығының ішіне Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын жасырып келген екен. Үйінен кеткенде жастықты кемпіріне тыққызып қояды, кешке келгенде алдырып, өзі ғана жастанған. Міне, сол азамат Мағжанның көп шығармаларын аман сақтап қалды. “Батыр Баян” поэмасы, “Шолпанның күнәсі” әңгімесі, басқа да көптеген шығармалары сол жастықтың ішінен шықты. Бұл -нағыз ерлік, ұлтқа қызмет етудің үлгісі.

  • Қазақ жырының жезкиігі

     Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов “Ақынды қаламының күші қай биікке көтерсе алатын орны сол жерде”, – деген екен. Ғабең сөзімен таразыласақ ақын Кәкімбек Салықов өлең өлкесінің, поэзия әлемінің биігінен өз орнын ойып тұрып алғандығына дау айта алмаймыз.