Шыншыл жазушы

Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ермек Қонарбаевтың шығармашылығы туралы сыр шерту мен үшін зор сүйініш. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында артына сүбелі әңгімелер мен повестер қалдырып кеткен дарынды жазушы тірі болғанда 85 жастың төріне көтеріліп, өңір қаламгерлерінің ортасында күліп-ойнап, әзіл-қалжыңы мен сазды әнін келістіре айтып, әдебиетсүйер қауымды қуанышқа бөлер еді. Бірақ тағдыр оны елу жасқа жеткізбей мәңгілік мекеніне алып кетті.
Ермек Қонарбаев Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылында дүниеге келген. Оның әдебиет пен журналистика әлеміне түрен салуы кездейсоқ емес. Жастайынан көркем әдебиеттің түрлі жанрларына, соның ішінде поэзияға іңкәрлігі қаламгерді қадамынан жаңылыстырмады: шығармашылық тұрғыдан толысуына, есімінің көкірегі ояу оқырман қауымға танылуына жол ашты.
Мен Ермек Қонарбаевты ең алғаш рет әкем Зейнел-Ғаби Иманбаевтың 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада көрдім. Ол кісі құрметті қонақтармен бірге біздің үйде мейман болды. Науқастанып жүр екен. 1984 жылдың аяғында өмірден өтті. Талантты жазушы, ұлағатты ұстаз, сегіз қырлы бір сырлы Ермек Қонарбаев жалған дүниені жарқырап тұрған шағында тәрк етті.
Ол кісі менің әкеммен шығармашылық байланыста болды. Бір-біріне үнемі телефон соғып, әдебиет төңірегінде әңгімелесетін. “Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр” дейтініндей, бірін-бірі қолдап жүрді. Олар бірі – аға, бірі – іні болып, бір-бірін қатты құрмет тұтты, сыйласты.
Әкем елу жасқа толғанда облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетіне “Қаламгер жолы” деген тақырыпта көлемді мақала жазды.
Ермек Қонарбаев – өмір шындығын жазуға тырысқан шыншыл жазушы. Әдетте ауыл өмірі неше түрлі оқиғаларға толы болады. Маскүнемдік, еріншектік, ұрлық-қарлық, басшылардың әділетсіздіктері, тағы басқа жағдайларды шығармаларына арқау қылған жазушы адамдарды жамандықтан жирентуге тырысқан. Оның “Айып кімде?” деген юморескасын оқыған кісі “ащы су” ішіп алып шу шығарған Сәмеңкенің өзін-өзі қалай ақтағанын оқып, күлкіге қарық болады.
Ермек Қонарбаевтың әкесі Лә¬мәли өз ортасында сыйлы болған адам. Қаламгерге әкесі салған білім ошағында қызмет ету бақыты бұ¬йырды. 1961 жылы 23 жасында мек¬теп қабырғасында сабақ берген¬де 8-сыныпта оқып, тәлім алған шә¬кірті, ақын-журналист Болат Қожах¬метов облыстық “Soltüstık Qazaqstan” га¬зетіне жариялаған “Құс – қаламгер” мақаласында Ермек ағамызды көз алдымызға былайша елестетеді: “Қа¬зақ тілі мен әдебиеті пәндерінен са¬бақ берген оның жаратылысы жұм¬бақтау еді. Басы артық бір сөзін ес¬тіген емеспіз. Ілуде бір мұғалімге ғана бітетін сүйкімді дауыс. Ал кес¬кін-келбеті сурет сияқты: көзі де, мұрны да – бір мүшесінде бір мін жоқ! Оның үстіне киімді де келістіріп киетін. Велюр костюмінің немесе нарт қызыл көйлегінің маталары өз алдына, алдымен бояулары қанықты. Міне, осындай киім киісінен, бір тал шашы қозғалмайтын байсалды жүріс-тұрысынан айнымаған адам. Ішкі сезімін сыртқа шығармайтын оның бет-әлпетінен де бірдеңені аңғару қиынды”.
Қаламгердің әкеме жазған хаттары аз емес. 1984 жылы жазған хатында “Біздің облысымызда жазар адам шамаланып қалды ғой. Соған қарағанда сіз бен біз облыс туын ұстайтын сарбаздар сияқтымыз. Денсаулық көтеріп, шама жеткенше жаза берейік. Адал еңбек далада қалмас”, – деп жазған. Сол хатында 1983 жылдың күзінде Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өткені туралы хабар алғанын, алайда мүшелік билеттің қолына тимей жатқанын қынжыла жеткізіпті. Әкеме әдебиеттанушы, ғалым Мырзатай Серғалиевтің 1983 жылы Алматыдағы “Жазушы” баспасынан “Кең өріс” атты сыни мақалалар жинағы шыққанын, онда әкемнің шығармалары туралы жақсы лебіз білдіргенін қуана хабарлаған.
Сол жылы сәуір айында аудандық “Новатор” газетінің 50 жылдығына орай әкем мақала жазып, Ермек Қонарбаевтың Қазақстан Жазушылар одағына мүше болғанын қалың елге, Есіл өңіріне сүйіншілей хабарлады. Бұл жағымды жаңалықты естігендердің барлығы Ермек ағаға қоңырау шалып, құттықтаған.
“Қаламаймын өлімді,
Өмір сүргім келеді.
Өлеңнің тауып өзегін,
Көгін түргім келеді!”, – депті жазушы Ермек Қонарбаев өмірінің соңғы жылдарында жазған өлеңдерінің бірінде. Ол мынау фәнимен тұп-тура 46 жасында қош айтысты. Түрлі тақырыптарға жазған көптеген тамаша әңгімелерін, повестерін артына аманат, бағалы мұра етіп қалдырды. Жас ұрпақ жазушы Ермек Қонарбаевтың еңбектерін жүйелі түрде мектептерде, оқу орындарында оқып-танып жүрсе нұр үстіне нұр болмақ. Оның шығармаларының өскелең ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні өте жоғары. Ол тек жазушы ғана емес, ұлағатты ұстаздығымен де өшпес із қалдырды.

Марал ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
СУРЕТТЕ: Е.Қонарбаев (екінші қатарда оң жақтан бірінші) бір
топ ақын-жазушылармен бірге.



Зейнел-Ғабиқызы М. Шыншыл жазушы // Солтүстік Қазақстан. — 2023. — 7 желтоқсан.

 

Похожие записи

  • Намыстан жаралған азамат

    Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, қаламы қарымды журналист, ұлтжандылығымен «ұлтшыл» атанған абзал азамат  Өмір Есқалимен ең алғаш 1990 жылы сырттай танысқан едім.

     Өзге ұлттар басым тұратын теріскейде Супрунюк, Ачкасов  cияқты айтаққа ерген мүшелері бар шовинистік, экстремистік топтар қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына өршелене қарсы шығып, арам пиғылдарын жүзеге асыруға тырысып баққан.

  • “Біржан деп атым шықты алты Алашқа…”

     Өнер дегеніміз – мүмкіндігі шексіз, құдіретті күш. Кейде бір ауыз сөз, бір минуттық музыканың өзі адам өмірін өзгертіп, санасына жарық түсіретін қасиетке ие. Өнердің әр саласының өзіндік ерекшелігі, бөлек бір құдіреті болады. Әуелеп ұшқан әсем ән талай адамның жүрегін тербеп, кеуделеріне ізгілік нұрын сеуіп келеді. Кез келген ұлттың өткенін, арман-мұратын, мінезін танытатын өнері – әні. Қазақ әні де халқымыздың сан ғасырлық қасірет-қуанышының, өкініш-жұбанышының айнасы. Қоғамдағы өзгеріс, толқулардың барлығы дала дарындарының жүрек сүзгісінен өтіп, ғасырдан-ғасырға жалғасатын туындыларға айналып отырған.

  • Сөз зергері

     Қара сөзді орып айтатын, кемел ақыл-парасатпен толқыта айтатың озық ойлы, заманынан озып туған Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденов 1987 жылғы 23 мамыр күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин қатысып отырған Қазақстан Жазушылар одағының пленумында қас батырдай қасқайып, жанартаудай лапылдап тұрып сөйлеген еді.