Арманда өткен асыл тұлға

  ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында кеңестік империя “халық жауы” деген жаламен қазақ халқының мыңдаған асыл азаматын жазықсыз жазалады. Басқасын айтпағанда, бір ғана Қызылжар өңірі бойынша он мыңнан астам адам түрмеге қамалып, ату жазасына кесілген, жер аударылған.
Қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірі – Хамза Ыбырайұлы. Ол 1899 жылы Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының Қаратоқа қыстауында өмірге келген. Алғашқыда ауыл молдасының алдын көріп, кейін 1908-1910 жылдары әйгілі Абылай қажы Рамазановтың қазақша-орысша ашқан 3 жылдық мектебінде сауатын ашқан. 1911 жылы Сәмтік би немересі Хамзаны және өзінің інісі Қанапияның баласы Ғаббасты Уфа қаласындағы атақты “Ғалия” медресесіне апарып оқуға береді.
Басқа медреселер сияқты мұнда да Ислам дінінің уағыздары оқытылды. Сабақтар араб, парсы, татар, орыс тілдерінде өткізілген. Сонымен қатар математика, физика, химия, биология, тарих, география, жаратылыстану, педагогика, психология, дидактика, таза жазу, гигиена пәндеріне басымдық берілген. Медресенің физика, химия кабинеттері, сөре толы кітапханасы болған. Әрбір шәкірт одан ғылыми және әдеби кітаптармен қатар татар, орыс, араб, түрік тілдерінде шыққан газет-журналдарды оқи алатын еді.
Хамза медресені 1917 жылы үздік бітіріп, “Имам хатиб уә мүддәрис” деген атаққа ие болады. Жалпы имам деген сөздің мағынасы жалпы жұртқа белгілі. Ал “Хатиб” деген “елге уағыз айтуға”, “мүддәрис” дегені “медреседе дәріс оқуға жарамды” деген мағынаны білдіреді. Сол жылы медресені бітірген 69 қазақ жасының ішінде осы атақ тек үшеуіне ғана беріліпті. Соның бірі – Хамза Ыбыраев. Ол өмір бойы өзін осы атаққа лайық ұстап өтті.
Хамза Ыбырайұлы медреседе үздік оқумен қатар қазақ шәкірттерінің ана тілі мен қазақ әдебиетін дамыту жолындағы талпыныстарына белсене қатысады және Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергеновтің редакторылығымен қолжазба түрінде шығып тұрған “Садақ” газетінде біраз жыл қызмет етеді.
Хамза медресені бітіріп, елге қайтып келе жатып, 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында бірінші бүкіл қазақтың съезге қатысады. Мұнда ол Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және тағы баcқаларымен танысады. Алаш азаматтарының асыл сөздерін тыңдаған Хамза олардың қазақ халқының бостандығы үшін жан аямай күресуге дайын екендерін көреді. Алаш партиясының идеясын құптайды және сол идеяны іске асыруға өзінің дайын екенін сезінеді.
Хамза Ыбыраев съезд құжаттарын зор ықыласпен қабылдап, осыған байланысты ойларын ақын Мағжан Жұмабаевпен бөлісіп отырған. Ол екеуі кезінде медреседе оқып жүргенде танысқан. Мағжан екеуінің қуғын-сүргінге ұшырауының басты себебі – Алаш партиясының идеясын жақтағаны.
Ол елге оралғаннан кейін мектеп ашып, бала оқытады. Тек бұл жұмысы іске аспай, төңкеріс пен азамат соғысының әлегінен мектеп жабылады. Ел ішінде аласапыран басталып, ауылдарға біресе қызылдар, біресе ақтар келіп, халықтың шырқын бұзады.
1920 жылы большевиктер Хамзаның әкесі Ыбырайды атып өлтіреді, бұл қайғыны көтере алмаған анасы үш ай өткен соң жарық дүниемен қоштасады. Отбасының барлық жауапкершілігі Хамзаның мойнына артылады. Сауда ісіне жақсылап кіріскен Абылай қажы медресе бітіріп келген, сауатты Хамзаны жұмысқа шақырады. Абылай қажы екеуі Қызылжар қаласында бірнеше дүкен ұстап, саудамен айналысады.
Кейін Кеңес үкіметінің белсенділері бұлардың соңына түсіп “Сендер үкіметке қарсысыңдар” деп Хамза мен Абылайды, тағы бірталай кісілерді түрмеге қамайды. Абылай қажы түрмеде қайтыс болады.

Бірақ қиыншылық онымен бітпейді. 1929 жылы Хамза, Мағжан екеуі “алашордашылар” деген айыппен тағы да түрмеге қамалады. Хамза түрмеден шығып, үйге келсе, отбасындағы бүкіл мал-мүлкін тәркілеп алған екен. Бұл кез Қазақстан орталық атқару комитеті мен Халық комиссиярлар кеңесінің 1928 жылы 27-ші тамыздағы “Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы” қаулысының орындалып жатқан кезі еді. Осы жағдайдан кейін Хамза отбасымен 30 жылдары Ресейге қоныс ауыстыруға мәжбүр болады. Бір түнде бүкіл отбасымен, туыстарымен Түмен облысына көшіп кетеді. Сол уақыттан бастап өмірінің соңына дейін Ресей жерінде тұрады.
Солақай саясаттың салдарынан таудай тұлғаның бірқатар туындылары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Баспа бетінен шыққаны – тек төтеше жазылған “Әубәкір молда”, “Етекбай қарт” атты шығармалары ғана.
Хамза Ыбыраев кезінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллиндермен бірге жүріп, талай дәмдес болған. 1936 жылы қызмет іздеп, әрі шығармаларын жариялауға көмек болар ма екен деп Алматыға барып, Жазушылар одағының төрағасы Сәбит Мұқанов және Жоғарғы Кеңестің төралқасында қызмет істеп жүрген Шоқан Құдербековпен кездесіп, келген шаруасын айтады. Бірақ олар: “Мұнда саяси жағдай нашарлап барады, аманыңда елге қайт”, – деп кеңес береді. Содан қайтып ол ешқайда шықпай, сол Түмен облысында тұрып қалады.
Өмір иірімінің әр бұрылысында соққы көрген ол небәрі 65 жас өмір сүрді. Сол аз өмірінде талай адамға көмектестесіп, ақыл-кеңесін айтып, ағартушылықпен айналысып көпшіліктің есінде қалды. Оның зор адамгершілігі мен қайырымдылығы, білімділігі мен парасаттылығы, кішіпейлігі мен мейірімділігі туралы оны көрген, онымен бірге болған адамдар осы күнге дейін таңдай қағып, тамсана айтып жүреді.
Қазақтың зиялы ұлы балаларының оқу оқып, ұрпағының халқына пайдасы тиер азамат болғанын қалады. Бірақ перзенттерінің қанаты қатайып, қанат қаққанын көрмей жатып жарығы сөнді, тынысы үзілді. Арман арқалап, өзі сенген, жастығына қуат берген Алаштың есіл ерлерінің соңынан кетті.
Кеңес үкіметінің кезінде қуғын-сүргіннің құрбандары болып, бойындағы бар қабілетін толық аша алмай арманда кеткен Хамза Ыбыраев сияқты азаматтарды еске алып, олардың адал еңбегін жас ұрпаққа айту, насихаттау – бізге парыз.

Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
Ш. Уәлиханов атындағы
тарих және этнология
институтының ғылыми қызметкері.


Жұматайұлы С. Арманда өткен асыл тұлға // Soltüstık Qazaqstan.-2024.-30 мамыр.-5 б.

 

Похожие записи

  • Өмір гүлі

      Шытыр мінез, ашушаң кейбіреудің істік мұрнындай, үшкір қорғасынды стол үстіне тастай салып, Ағыбек креслоға сылң етіп отыра кетті. Шаршағанын енді сезіп, сигаретін құмарлана бұркыратып отыр.
    Ағаштың бүршігіндей ғана бейбіт қалыптағы осынау қорғасын кешеден бері зіл боп жабысып еді. Енді, міне, мүләйімсіп, жеңілген жау мүсіндес момақан ғана домаланып жатыр.

  • Тағдырлы талант

     Қаламгер Зейнел-Ғаби Иманбаев қазақ әдебиетінде өзіндік айшықты қолтаңбасы бар дарынды таланттардың бірі еді. Ол 1924 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Сергеевка ауданына қарасты Ортақкөл ауылыңда туды. Жасынан ауруға шалдығып, сырқатты өмірдің тауқыметін ғұмыр бойы азаппен кешкен Зейнел-Ғаби балалық, жастық шақтың қызығына да армансыз құлаш ұра алмады. Орта мектепті құрбы құрдастарымен қатар құлындай ойнақ салып жүріп бітіре алмаған өндір жас төсөк тартып, аурумен апысып жатқанның өзінде өмірге ғашық көзбен, құштар көңілмен ұмтылып, білім бұлағынан сусындауын тоқтатқан жоқ. Ол қалың-қалың кітаптарды түн баласында тынбай оқып, көкірегін қазынаға толтыра берді. Кітап оқу, жазуға құштарлықты оятты, қолына қалам алдырды. Алғашқы әңгімелерін жазды, талмай түзетіп редакциял арға жолдап жатты. Тынымсыз еңбек, сарылған ізденіс қашанда өз жөмісін берері анық.

  • Жарқырап келе жатқанда

     ЖҮРЕГІНІҢ мәңгі асыл арманы да, өмірінің алтын арқау ақык мұраты да әдебиетке арналып, көркемсөздің киелі құдіретін қымбат қастерлеп өткен қалам иелерінің бірі Ермек Қонарбаев еді. Ол кұлашты кеңге сілтеп құрсақты- құрсақты қалын кітаптар жазып, көлбеңдеп көзге түскен де жок, артында қалған әдеби мұрасы да шағын. Бірак сол аз дүниеліктерінің өзімен-ақ мол мүмкіндігін тереңде тұнған талантының құлпырма қырларын танытып үлгерді. Арамызда аман жүрсе Ермек елу жаска жаңа ғана толады екен. Әттең мейірімсіз ажал осыдан бірер жыл бұрын енді бой жазып, биікке самғап келе жатканда дарынды қаламгердін өмірін үзіп, кеткені окінішті. Енді міне жазушынын өмірін жалғастырған кітаптарын қолға алып отырып, арманды творчестволық жолын еске түсіреміз Ермек бізбен бірге жүрген достарымен, әдебиетті ерекше сүйген қалың оқырман жұртымен бүгінде кітаптары аркылы тілдеседі, өмір жайлы толғанады, көкірек түкпірінде кілкіген сырларын ақтарады. Ол әлі де бізбен бірге жүрген сияқты, ұмытылмайды, әр үйдің кітап сөрелерінде тұрып, қоңыр үнмен қилы-қилы кептерін шертеді.

  • Бірегей тұлға

    Герольд Бельгерді білгелі жетпіс төрт жылдың жүзі болыпты. Оның отбасы Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Волга жағалауынан біздің елге — Солтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Шал ақын ауданының Қабайтұяқ ауылына қоныс аударды.

    Сонда Гера мектеп жасына жаңа толған қаршадай сары бала еді. Әкесі Карл фельдшер болып жұмыс істеді. Бүкіл бір ауылдағы жалғыз неміс отбасы болды. 7 жасар Гера сол төңіректегі жалғыз қазақ орта мектебінде білім алды.

     

  • Қазақ жырының жезкиігі

     Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов “Ақынды қаламының күші қай биікке көтерсе алатын орны сол жерде”, – деген екен. Ғабең сөзімен таразыласақ ақын Кәкімбек Салықов өлең өлкесінің, поэзия әлемінің биігінен өз орнын ойып тұрып алғандығына дау айта алмаймыз.

  • Зов березовых рощ

     Есть что-то неповторимое и таинственное в живописной красоте зеленых холмов, тенистых и дышащих освежающей прохладой в летний зной березовых лесов, окружающих аул Актас. Кажется, и люди здесь по-особому открытые, приветливые.