Туған жер төрінде

  Өңірдің қонысқа жайлы, табиғаты сұлу, тарихы терең аймақтарының бірі – Шал ақын ауданы. Қасиетті мекеннің жасыл даласы, өзен-көл, орман-тоғайы, тіпті қазақы қалпынан айнымаған ақжүрек халқы да бұл жердің ежелден қазақтың ән-жырына, асыл сөзіне бесік болған атырап екенін еске салып, көңілді ерекше әсерге бөлейді.
Кешегі жыраулар поэзиясының соңы, жаңа заман әдебиетінің басы саналған Шал ақыннан бастап бұл ауданда небір әдебиет майталманы құндақталды. Сөз қонған киелі топырақтан қазақтың небір майталман ақын-жазушы, ғалымдары өсіп шықты. Мұндағы ел де өзінің асыл перзенттерін жадынан шығарған емес. Ауданда жергілікті ақын-жазушылардың мерейтойлары үнемі атап өтіліп, іріліұсақты шаралар ұйымдастырылып тұрады. Биыл да мұнда қуаныш көп. Соның ішінде жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің 75 жасқа толған мерейтойына аудан халқы ерекше дайындалыпты. 
Қаламгер мерейтойына орай Жарасбай Сүлейменовпен бірге ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Шал ақын ауданында болып, жұртшылықпен кездесті.
Аудандағы мерейтойлық шаралар осындағы Шал ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Белгілі ақынға тағзым ету рәсімінен кейін Жарасбай Қабдоллаұлы жиылған жастармен кездесіп, ақ жол тілеп, ақ батасын берді.
Кейін аудан әкімі Рахат Смағұлов келген меймандарды орталықта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Соңғы бірнеше жылда Сергеевка қаласының кейпі біршама жақсарып, тұрғындар серуендеп, бос уақытын өткізетін орындар пайда болған. Бұл жоспарланған жұмыстардың нағыз қызған шағы екен. Мәдениет үйі жөнделіп, бірнеше көшеге асфальт төселіп жатыр. Одан басқа да істеліп жатқан дүние көп. Қаланың орталық көшесімен серуендеген қаламгерлер мұндағы нысандарға, орнатылған ескеркішлерге оң пікірлерін білдіріп жатты. Жұртшылыққа жаяу серуендеуге арналған ұзын көше халықтың жиі қыдыратын орны екені көрініп тұр. Екі жағы гүлге оранған, ағаштардың саясындағы жол жанға тыныштық сыйлайды. Соңғы жылдары іске қосылған маңызды нысандар да осы көшенің бойында. Жуырда бұл маңға саяси-қуғын сүргін құрбандары, өзге де кеңестік саяси науқандардан зардап шеккендерге арналған ескерткіш ашылған. Ауданда дүниеге келген, қызмет еткен, осы мекеннің тарихында өшпес ізін қалдырғандарға арналған Даңқ аллеясы да оңтайлы ұйымдастырылған. Көшенің екі жағындағы ескерткіш тақталарда Зейнел-Ғаби Иманбаев, Кәкімбек Салықов, Ермек Қонарбаев, Герольд Бельгер, Ніл Болатбаев, Евней Бөкетов, Ғалым Малдыбаев, Ахметжан Нұртазин т.б. тұлғалардың суреті салынып, өмірбаяны қашалыпты. Өткен жылы жарық көрген аудан өмірі туралы “Ақындардың атасы” атты кітапта да осындай асылдар туралы ақпараттар жинақталыпты. Саябақты аралаған қонақтар мерейтой иесінің ұстазы, қаламгер Сейтен Сауытбековтің ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.
Одан әрі аудан орталығындағы музейде ақын-жазушылармен кездесу өтті. Кеш тізгінін ұстаған аудан әкімі Рахат Смағұлов Жарасбай Сүлейменовті мерейлі жасымен құттықтады.
– Жарасбай Сүлейменов жазушылық пен журналистикада көп жыл тер төгіп, шәкірт тәрбиеледі. Ағамыздың еліне, жұртына деген ерекше ыстық сезімі ешқашан басылған емес. Халқыма пайдам тисе екен деген таза ниеттегі азамат күрделі мәселелерді қопарып жазып, түйткілдерді шешуге атсалысты. Осылайша ол өзінің өткір мақалаларымен оқырман қауымның жүрегінен орын алды, – деді аудан әкімі.
Шараға жиылған жұрт қаламгер шығармашылығынан сыр шертетін көрме мен шағын бейнефильмді тамашалады. Мұнда жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Белгілі ақын Ғалым Жайлыбай өзінің қаламдас досына арнаған жырын оқыды.
Балуанда туылдың да, Шал ақында,
Сөз алдың саңлақтардың санатында.
Нар нұлғаң байтағыңа баян тілеп,

Ар тұнған арманыңның қанатында, – деп жырлады ақын.
Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов та мерейтой иесіне арнаған жылы лебізін жеткізді.
– Кешегі Шал ақын, Мағжан, Сәбит, Ғабит туған далада өсіп, бүкіл қазақ даласына танылған қаламгер ағамызға әрдайым басымызды иеміз. Жуырда Жазушылар одағы тағайындайтын халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығын осы өңірден алғаш болып Жарасбай ағамыз иеленді. Ағамыздың шығармашылығын үнемі бақылап, оқып отырамын. Әсіресе “Ноғайбай би” романының орны бөлек. Ардақты ағамыздың кіндік қаны тамған өлкеге келіп, осындағы ағайынмен кездесіп отырғаныма қуаныштымын, – деді ақын.
Жиында жазушының ауылдас, замандас, сыныптастары да сөз алып, естеліктерін айтты. Соңында аудан әкімі қаламгерге “Шал ақын ауданының құрметті азаматы” атағын табыстап, шапан жапты. Жарасбай Сүлейменов жерлестеріне жаңадан баспа бетін көрген 5 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.
– Осы кешке келген азаматтардың бәрін жақсы білемін. Бәріңізге бүгінгі шараға келгендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Қазақтың белгілі ақындары Ғалым Жайлыбай мен Қасымхан Бегмановты өздеріңізбен кездестірсем деген ниетім де орындалды. Осы кешке келген жастар бір ойды жүрегіне түйсе, біз үшін үлкен олжа. Ауданға келген бүгінгі сапарда қуанып әрі толқып тұрмын. Сіздерге өте ризамын, – деді шара соңында Жарасбай Қабдоллаұлы.

Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.


Аяған Д. Туған жер төрінде // Soltüstık Qazaqstan. -2024.-13 шілде.-3 б.

Похожие записи

  • Шал ақынның туғанына 250 жыл толуына қарсаңында

     Есіл өзенінің жарқабағындағы Аютас шыңы әудем жерден мұнартып көз тартады. Ел аузындағы аңыз бойынша, осынау өрнекті құздың «Аютас» аталуы қазақтың белгілі де беделді батырларының бірі — Күлекенің есімімен байланысты. Тарихи дерекнамаларға қарағанда, ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында ұланғайыр қазақ жерін жатжұрттық жаулардан Корғаған Құлеке, Тілеке атты ағалы-інілі батырлар өмір сүрген. Күлеке батыр Абылай ханның жаугершіліктегі үзеңгілес серігі болумен қатар, көрнекті саясаткер ретінде ел мен ел арасын бітістіріп, елшілікте де жүрген.

  • Шыншыл жазушы

     Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ермек Қонарбаевтың шығармашылығы туралы сыр шерту мен үшін зор сүйініш. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында артына сүбелі әңгімелер мен повестер қалдырып кеткен дарынды жазушы тірі болғанда 85 жастың төріне көтеріліп, өңір қаламгерлерінің ортасында күліп-ойнап, әзіл-қалжыңы мен сазды әнін келістіре айтып, әдебиетсүйер қауымды қуанышқа бөлер еді. Бірақ тағдыр оны елу жасқа жеткізбей мәңгілік мекеніне алып кетті.

  • Жақсы Жырдың Ұшқыны

     

     Әмина Асқарқызы Шалабаева… Ақын жерлесіміз. Топырақтан тысқары болса, қаңтардың 10-шы жұлдызында бір ғасыр ғұмыр сүріп, 100 жасқа толар еді.
    Ақын апамыз Солтүстік Қазақстан облысының Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданындағы Ақмола деген ауылда дүниеге келіпті. Көзі қарақты қарттардан естуімше, бұл ауыл ертеректе жойылып кеткен екен. Расында да, тым әріге бойламағанның өзінде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан былай Булаев ауданында осындай ауылдың болғанын естімеппін.
    Менің Әмина Асқарқызының есімін әуелі естуім — жетпісінші жылдардың соңы. Сол кездері жерлес ақын-жазушылардың шығармаларымен жан-жақты танысуға ықыласым ауып, есімдері аса көп айтыла бермейтін қаламгерлердің, әсіресе, ақындардың өлеңдеріне ден қойған едім.
    Осы уақытта жақсы жырларымен көңілге көп үміт ұялатқан марқұм Ерік Асқаров Әмина Шалабаеваның інісі екенін білдім. Ерік марқұмның айтуынша, апасы оның дарынын жастай аңғарып, өзінің ағасы
    Мұхаммед-Хафиздің ақ тілегімен баланы Алматыға шақыртып алып, ақындық жолға түсірген.