Саңқылдап солтүстіктен сөз бастаған…

  “Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек” демекші, елдің абыройлы азаматы атану – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Адамгершілік қасиетімен, елге адал қызметімен осындай құрметке ие болған Қызылжардың бетке ұстар азаматы, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің 75 жасқа толған мерейтойына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында салтанатты шара өтті.
Салтанатты жиын Жарасбай Сүлейменовтің “Түзу ағаштың көлеңкесі” атты повесінің желісі бойынша әзірленген спектакльді тамашалаудан басталды. Қойылымның режиссері – Мәдениет саласының үздігі Дәурен Тойбазаров.
Спектакльдің басты кейіпкері – Ерлік Бәйкенұлы. Адал, еңбекқор, елжанды азаматтың жазықсыз темір торға тоғытылуынан бастау алған көрініс көрерменнің ойын сан-саққа жүгіртті. Алданған азамат па, алдаған адамдар ма? Өмірдің өзінен алынған туынды түрлі қайшылықтарға толы. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезең, нарықтық экономика, жекешелендіру науқаны адамдарды біраз титықтатты. Осынау қиын сәтте қастандықтың, сатқындықтың құрбаны болған кеңшар басшысы Ерліктің қарақан басын күйттемей, бір кездері елге жасаған еңбегі ұмытылып, әлдебіреулердің айтағымен аяқ астынан қылмыскер, ұры, алаяқ атануы таңғаларлық жайт емес. Ту сыртынан пышақ ұрған Алтай сынды сатқындар әр кезде де табылады. “Жығылған үстіне жұдырық” демекші қалтасына есірткі, көлігіне суық қару салып, ауыр айып арқалатуды мақсат тұтқан құқық қорғау органдарының бұл пиғылы әріден-ақ белгілі болатын. Адалдықтың туын жықпаған Ерлік тағылған айыппен келіспек емес. Шындық үшін жанын қиюға дайын кеңшар басшысы қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына, жанындағы адамдардың опасыздығы мен сатқындығына налиды.
Таныс адамдардың бір сәтте жауына айналатынын ол қайдан білсін?! Шаруашылықтың тасын өрге домалатып, бір жылда 30 шаңырақ тұрғызып, сонша отбасын қуанышқа бөлеген директордың жаман атын шығаруға ұмтылғандардың айтағына ерген халықты райынан қайтару да оңай емес. Жеме-жемге келгенде Ерлікке басқа емес, өзінің отбасы ерекше қолдау көрсетті. Әйтсе де әділдік үшін араша болған адамдар да бар. Осындайда адасқанды тура жолға, тентекті тезге салатын қарттардың жөн сөзі керек-ақ. Әлбетте шындық тасты да жарып шығады. Әділдік заңы салтанат құрып, Ерлік ақталады.
Ерліктің табандылығы, қайсар мінезі, қайраткерлік рухы жан сүйсіндіреді. Өкінішке қарай адамдар арасындағы алауыздық, сатқындық, опасыздық, атаққұмарлық дерті қазіргі қоғамымызда да кездесіп жатады. Осындай теріс мінездерден арылу арқылы біз елді игілікке бастаймыз. Автордың айтар ойы да осыған саяды. Көрерменге ой салған қойылымның жарыққа шығуына театр актерлерінің сіңірген еңбегі орасан. Басты кейіпкерді сомдаған – Дүйсехан Қасым.
Қойылымнан кейін өнер ұжымына облыс әкімі Ғауез Торсанұлының ықылас гүлі тарту етіліп, көрермендердің қошеметімен пьеса авторы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов сахна төріне шықты. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтау сөз сөйледі.
– Қожаберген жырау, Ақан сері, Шал ақын, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды белгілі тұлғалар дүниеге келген қасиетті Қызылжар елі – ұлылар мекені. Осындай даңқты тұлғалардың ізін жалғастырып келе жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – біздің мақтанышымыз, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов. Қаламгерлігі мен қайраткерлігі бір төбе жазушы-журналистің 75 жылдық мерейтойына орай өңірімізде бірқатар шаралар өтуде. Бұл ардақты азаматқа көрсетілген халықтың ыстық ықыласы, лайықты құрметі деп білеміз, – деді Ғауез Торсанұлы. Облыс әкімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді. “Халқымыз өзіңізді қарымды қаламгер, қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Саналы ғұмырыңызды журналистикаға арнап, өзіңіз туып-өскен өңірдің тарихи шежіресін, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген тұлғалар туралы салмақты туындылар жаздыңыз. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге және оның мол мұрасын насихаттауға сүбелі үлес қостыңыз. Мәжіліс депутаты болған тұсыңызда отандық заңнаманы жетілдіруге күш салып, ұлттық құндылықтарды сақтау тұрғысындағы ой-пікірлеріңіз қоғам тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта игілікті істердің белортасында жүріп, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық және отбасыңызға амандық тілеймін”, – делінген құттықтау хатта. Өңір басшысы мерейтой иесіне қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Салтанатты жиында біздің облысымыздан Парламент Сенаты мен Мәжілісіне сайланған қос депутат Әсем Рахметова мен Еркебұлан Мәмбетов ақжарма тілектерін айтып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары Мәулен Әшімбаев пен Ерлан Қошановтың, ал Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің құттықтау хатын табыс етті.
Биыл Жарасбай Қабдоллаұлы Қызылжар ақын-жазушыларының ішінен алғаш болып Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығын иеленді. Бұл – облыс руханияты мен әдебиеті үшін үлкен жетістік. Алатаудың баурайынан барша қаламгердің аманатын арқалап келген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов сахна төрінде мерейтой иесіне салтанатты түрде Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығын табыстап, сыйқұрмет көрсетті.
– Солтүстік Қазақстан десе, есімізге Мағжан, Ғабең, Сәбең түседі. Сол асқақ рухты жоғары ұстап келе жатқан жазушы Жарасбай Сүлейменов. Ол дүниеге келген Шал ақын ауданында болып, жергілікті билік өкілдері мен халық тарапынан жазушыға құрметтің зор екенін көрдік. Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының атынан қаламгерді құрметтеген елге, одақ мүшелеріне деген шынайы қамқорлық үшін облыс басшыларына алғысымызды білдіреміз, – дей келе Қасымхан Сейітханұлы жазушы-журналист Жарасбай Қабдоллаұлы көпшілікке мағжантанушы ретінде де жақсы таныс екенін атап өтті.
Айтулы шарада жан-жақтан жолданған ақжарма тілектер, құттықтаулар легі толассыз болды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен қоғам қайраткері Тайыр Мансұровтың Мәскеуден жеткен құттықтаулары бар. Ақын Ғалым Жайлыбайдың:
“Биікті ажыратсаң аласадан,
Айдынды шалқарыңа Алаш алаң.
…Саңқылдап Солтүстіктен сөз бастасын
Жарасқан Қызылжарға Жарас ағам”, – деп өрілген өлең шумақтары көрермен қауымды сүйсінтті.
Мерейтой аясында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында “Туған жерім – тірегім” атты байқауда жеңіске жеткен жеткіншектер марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік атанған Тайынша ауданы Зеленогай орта мектебінің оқушысы Мадияр Зеймолла 1 орынды жеңіп алды. Оған ноутбук сыйға берілді. Жамбыл ауданы Қожаберген жырау атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Аяжан Менглибаева, Қызылжар ауданы “Парасат” мектеплицейінің 8 сынып оқушысы Томирис Арықова екінші орынға ие болды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка орта мектебінің 8 сынып оқушысы Абумансұр Талғатов, Айыртау ауданы Саумалкөл қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Төлеу Аяжан, Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Мерей Дисенбекова үшінші орынға лайық деп танылды.

Салтанатты жиында Жарасбай Қабдоллаұлының 5 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов бастаған, Қасымхан Бегманов, Жабал Ерғалиев қостаған зиялы қауым өкілдері кітаптың лентасын қиып, қаламгерге шығармашылық жетістік, шалқар шабыт тіледі. Қызылжардағы дүбірлі тойға Шымкент, Астана, Алматы қалаларынан келген өзге де құрметті қонақтар сөз алып, қаламгерге жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің ақжарма тілегін жұртшылық жылы қабылдады.
Құрмет пен марапатқа бөленген қаламгер абыройын аспандатқан жерлестеріне, тілеулес барша жанға өз ризашылығын білдірді.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.


Құрманайқызы А. Саңқылдап солтүстіктен сөз бастаған… // Soltüstık Qazaqstan.- 2024.-16 шілде.-4 б.

Похожие записи

  • Өшпес мұра

    «TUǴURUL HAN» халықаралық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлағатты ұстаз, белгілі өлкетанушы,…

  • АРҚАНЫҢ АРДАҚТЫСЫ

     Жақында жол түсіп Астанада болғанымда, көзі тірісінде сыйласып, сырласып, тонның ішкі бауындай араласып кеткен қазақтың қабырғалы қаламгері Нұрғожа Ораздың шаңырағына соқтым. Айман тәтеміздің жүзі сынықтау көрінді. Қайтсін, сыңарынан айрылған аққудай жалғызсырап жүрген шығар?! Амандық-саулық сұрасып, біраз жайға қаныққаннан кейін ағаның екінші қабаттағы жұмыс кабинетіне көтерілдік. Ол кісі өте ұқыпты еді ғой, жазу үстелінің үстінде басы артық нәрсе көрінбейді, әрдайым қолының астында ұстайтын ақ қағазы мен қаламы ғана жатыр. «Ештеңесін қозғаған жоқпыз, бәрі өзі қалай қойды, солай тұр. Сол күні де таңертең ұйқысынан сергек оянып, тамағын ішкеннен кейін жазу үстеліне келіп отырды. «Қайтесің, дем алсайшы», -дедім. «Жоқ, жай отырмын», — деді күлімсіреп. Байқаймын, бөлменің ішін шолып отыр. Қабырғадағы қаз-қатар тізілген кітаптарына ұзақ қарады… Қайдан білейін, қоштасып отыр екен ғой», — деді Айман жеңгей терең күрсініп.

  • Қазақ жырының жезкиігі

     Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов “Ақынды қаламының күші қай биікке көтерсе алатын орны сол жерде”, – деген екен. Ғабең сөзімен таразыласақ ақын Кәкімбек Салықов өлең өлкесінің, поэзия әлемінің биігінен өз орнын ойып тұрып алғандығына дау айта алмаймыз.

  • Ауыл өмірінің жаршысы

     Қызылжардың құйқалы топырағынан түлеп ұшқан қаламгерлердің қатарында Зейнел-Ғаби Иманбаевтың есімі ерекше ілтипатпен аталады. Біз жазушының ауыл адамдарының өмірін, табиғаты мен тұрмыс-тіршілігін суреттеп жазған маржандай асыл сөздерін оқып, зердемізге түйіп өстік.

  • Я словно открываю клад…

     У Какимбек Салыкова есть строки, фактическим подтверждением которых стала его яркая жизнь:

    Как не гордиться мне судьбою,

    Которой не знаком покой… Завтра, 22 января, исполняется 85 лет со дня рождения автора этих строк — известного государственного и общественного деятеля, видного казахского поэта, нашего земляка.

    Какимбек Салыков родился в ауле Енбек (теперь это район Шал акына). Детство и юношеские годы его прошли в ауле Укили Ибрая (Айыртауский район), где все напоминает о великих казахских поэтах и певцах, таких как Биржан сал, Акан серэ, Укили Ыбырай. В 1950 году Какимбек окончил с серебряной медалью Казгородскую (ныне Сырымбетская) казахскую среднюю школу у подножия знаменитой горы Сырымбет, в 1955-м — горный факультет Московского института цветных металлов и золота.

    Мы познакомились с ним в 1954 году в Алматы. Тогда я учился в КазГУ им. С.М.Кирова, а Какимбек после четвертого курса института направлялся на практику в рудный город Текели и на несколько дней заехал в столицу республики. В те дни в книжные магазины Алматы поступил двухтомный сборник произведений Абая. Какимбек подарил мне этот сборник с дарственной надписью.

    Сам он начал сочинять стихи еще в школьные годы, публиковаться стал в 1960-е годы, когда уже работал на Жезказганском горнометаллургическом комбинате. В то время и родились строки признания:
    Как не гордиться мне судьбою,
    Которой не знаком покой.
    Горняк-я целый день в забое, Поэт — я ночью над строкой…
    К имени Какимбека, сочетавшего работу инженера-горняка с литературным творчеством, его друзья добавляли редкие определения «поэт-горняк», «поэт-рударь».