Самрат, Ж. Қызылжар — тарихи атау

Ежелгі Қызылжар қазақтың және басқа да мұсылман халықтарының қаласы болған. Бұған қала тарихына қатысты көптеген архив деректері мен жазбалары айғақ. Яғни, бұрынғы Петропавл қорғанынан өсіп шықты деген пікірлер негізсіз.

Жуырда қолымызға «Бір әулеттің тарихы» деген жинақ түсті. Оның авторлары – облысқа белгілі өлкета­ну­шылар Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаев. Кітап Барлыбай әуле­тінің бұрынғы және бүгінгі ұрпағы тағ­дырының тарихына арналған. Міне, осы жинақта мынадай жолдар бар: «Есеней Естемесұлы көзінің тірісінде өзінің Қызылжар, Омбы қалаларындағы сауда дүкендерін, шеберханаларын, қонақ­үйлерін қағаздатып, жақсы көретін құдасы, досы Алжыған Бар­лы­бай­ұлының атына аударған екен» (37-бет).

Шындығында ХІХ ғасырда Қызыл­жар негізінен қазақ және басқа да татар, қоқандықтар, бұқаралықтар, тәш­кендіктер деген сияқты мұсылман жама­ғатының қаласы болған. 1785 жылы Орын­бор экспедициясын бастап қазақ даласын зерттеуге шыққан академик И.П.Фальк Қызылжар туралы былай деп жазған: «…все местное население, кроме немногочисленных казаков и солдат-инвалидов, составляют азиаты. Здесь 172 дома и 914 жителей».

Ал саяхатшы-ғалым А.Носилов ХІХ ғасыр­дың аяғында Қызылжар тұрғын­дарын былай суреттейді: ««Пестрый халат киргиза смешался с халатом татарина, его поддевкой: высокие белые, серые, черные, меховые шапки смешались с тюбетейками, которые блестят золотом и серебром… и русский среди них кажется совершенно чужим, гостем, а не хозяином. Татаро-киргизский город дает себя знать всеми своими оригинальными чертами своих жителей, странным для нас говором толпы».

Кеңестік ұлыорыстық шовинистік идеологиядан ада, нағыз зерттеушілер өз көргендерін осылай, шындықпен жазған.

Бірақ кеңестік идеология «көш­­пенді халық» деп бізді қалаға жолат­қысы келген жоқ. Оны өкіметтің қам­қорлығындағы жергілікті ғалымдар, өлкетанушылар да қостап, қазақтың иісін Қызылжарға «жақындатпауға» тырысты. Осыны кеңестік орыстар ғана емес қазақтар да басына терең сіңіріп алды. Тіпті архивтерден құжаттарын да тауып, жазылған ақпараттарды да көлденең тартып, халық жадындағы жүздеген деректі келтірсек те әлі күнге «Абылайдың ақ үйі Қызылжарда болған емес» дейтін петропавлдық «білгіштер» бар. Ондайлардың түпкі мақсаты Қызыл­жардың қазаққа қатыстылығын жоққа шығару арқылы оның «Петропавл» атауын сақтау сияқты.

Жуырда біздің қолымызға Қазан қаласында 2011 жылы шыққан «Из истории и культуры народов Среднего Поволжья» деген жинақ түсті. Бұл – татар оқымыстыларының өз халқының ХІХ ғасырдағы тарихын, соның ішінде діни харекеттерін зерттеген еңбектерінен құралған жинақ. Барлық деректер Ресей архивтеріндегі материалдарға негізделген. Міне, сол жинақта былай делінеді: «В 1897 году в Петропавловске насчитывалось 19 688 жителей, среди которых мусульмане составляли 43,6%. В этническом плане большинство принадлежало татарам – 6087 душ обоего пола (2999 мужчин и 3088 женщин). Вторая группа мусульман была представлена казахами – 2184 человек (1247 мужчин и 934 женщин)». Бұл таза қазақтардың өзі сол кезде 11 па­йыз болғанын көрсетеді. (1989 жылғы санақта, қалаға үйреніп, оқуға көптеп келіп, қызметке жаппай тұрған кезінде қазақ 8 пайыз ғана болған еді).

Ол кезде шаһарда қазақтан басқа оның ықпалын көбейтетін шалақазақ деген субэтностың, бұхарлықтар, қоқан­дықтар, тәшкендіктер деген халықтардың болғанын қосыңыз. Олардың бәрі қазақ тілінде жақсы сөйлеген. Тіпті казак­тардың да көбі ежелден қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтінін ғалым Г.Потанин жазған. Сөзіміз жалаң болмас үшін оның пікірін де келтіре кетелік: «Казаки, живя с киргизами, совершенно окиргизились и говорят не только с киргизами, что было бы вполне понятно, но и между собою по-киргизски, считая этот язык более легким для себя, носят они также и киргизскую одежду. Маленькие дети казаков – и те говорят по-киргизски». Тағы бір мақаласында ол: «Киргизский язык не только не пренебрегается, но считается разговорным; киргизские обычаи также многие усвоены: так, например, казаки охотно пьют кумыс и едят конину…»

Татарлар болса болмасын қазақша сөйлей біледі. Тіпті олардың қазақ жерінде туған көптеген ақын-жазушы­лары өз шығармаларын қазақтың «кең де кен тілінде» жазған. Мысалы, аталған жинақ­та Ахмет Уразаев (Қурмаши) деген татар ақыны өзінің «Бозжігіт», «Тахир мен Зухра» деген поэмаларын қазақ тілінде жазғаны айтылады.

Демек, сол кездегі Қызылжар хал­қының 70-80 пайызы қазақша сөйлей біл­ген десек қателеспейміз. Ал орыс тұрғындардың көбі әскери отрядтарда болған, олар негізінен казармаларда тұрған. Саптан босаған кәрі-құртаңдар мен мүгедектердің тұрақты тұрғындар секілді ықпалы болмағаны анық. Ал орыс көпестері өзінің қазақ арасындағы саудасының жанды жүруі үшін қазақ тілін білуге тырысқан. Қазақтан піркәзшік (приказщик) алғанымен саудада алданып қалмау жағын қарастырып, қазақ тілін меңгерген.

Қай күнде де қалаға қолы ұзын, іске бейімді адамдар келеді. Ал ондайлар негізінен байлар мен олардың балалары арасынан шыққандар. Деректің өзі сол кезде қалада қазақтың саны 2 мыңнан артық десе, солардың арасынан дүкен, кәсіпорын, қонақүйлер ашқандар болмады дегенге кім сенеді? Тарихи деректерде Қызылжардағы барлық тері илейтін, сабын қайнататын, мал соятын цехтардың иелері кілең мұсылман текті адамдар болып келеді. Біздің арамыздан арнаулы зерттеушілер болмағандықтан олардың бәрін татар халқының пысықай зерттеушілері өздеріне теліп алғаны да белгілі. Патша өкіметінің кеңселерінде де, дәрігерлердің анықтамалығында да кейде мұсылмандардың бәрін «татар» деп жаза салғанына қазақ көңіл аудармаған. Мысалы, Қызылжардың ұзақ жылдар бойы дәрігері болған Ц.Белиловский өзінің анықтамалығында жақсы тұратын мұсылмандардың бәрін «татарлар» деп жазған және олардың көбі күніне 1,5-2 шелек қымыз ішетіндерін айтады. Ал қымызды жақсы көретін татарлар емес, қазақтар ғой… Көшпенді халықтардың сүйікті сусынын отырықшы булгарлардың ұрпағы қолданғанымен қазақтардай көп ішпейді. Демек, жақсы тұратын мұсылмандардың бәрі татарлар ғана емес, олардың арасында қазақтар да көп екендігі осыдан-ақ байқалады. Олардың бәрінің де айналысатын кәсібі болған. Сондықтан жоғарыда айтылған Есенейдің де кәсіпорындары болғанына еш қайран қалуға болмайды.

Кейін, естерін жия бастаған патша өкіметінің жергілікті шенеуніктері Петропавл қорғанының жанындағы шаһарда қазақтар үлесінің артып келе жатқанынан қауіптенген. Бір күні шағын қорғанды басып алулары да мүмкін екенінен қауіп еткен. Патша өкіметінің қырағы барлаушылары да осыны ескертіп отырған. Мәселен, патшаға қызмет еткен этнограф, барлаушы (саяхатшы деген атты жамылады), ұлты эстондық, генерал-лейтенант А.К.Гейнс (1834-1892) қазақ даласын аралаған сапарынан орталық өкіметке былай деп жазған: «Касимовские и казанские татары ежегодно приезжают в Петропавловск, чтоб поселяться здесь. Таким образом, магометанский элемент постепенно берет вверх над православным. К тому же они обращают серьезное внимание на образование своих детей. На магометанское население Петропавловска существует семь школ, тогда как в городе существует только две православные школы: одна для мальчиков, другая для девочек. В магометанских училищах воспитываются даром, на счет мусульманского городского общества, до 150 киргизских мальчиков».

Осындай дабылдардан кейін пат­ша өкіметі Қызылжарда орыс тұр­ғын­дардың көбеюіне ықпал етіп, орта­лықтан оған көшушілерге көмек беріп, салықтардан да босатады. Соның нәти­жесінде айналасы 15 жылдан кейін, яғни 1912 жылы болған санақта қала­дағы мұсылмандардың үлесі 29,9 пайызға дейін төмендеген. Бұл жолы қазақтардың саны да азайып, 1460-қа, татарлардың саны 1143-ке дейін түскен. Орыс санының көбеюімен православие шіркеуінің ықпалы да арта түсіп, көптеген мұсылмандар, соның ішінде қазақтар Қызылжардан кете бастаған.

Қызылжардың қазақ және басқа да мұсылман тұрғындарының ежелгі мекені болғанының тағы бір бұлтартпас дәлелі – қаланың қақ ортасындағы демалыс паркінің ішіндегі зират. Оған алдымен қазақтар, кейін барлық мұсылман тұрғындар жерленген. Бертінде аталған зиратқа Мағжанның әке-шешесі де жерленгені белгілі. Қызылжарда басқа халықтардың бұдан ескі зираты жоқ. Ал көне зираттың болғаны – бұл жерді алдымен кімнің қоныстанғанының бұлтартпас дәлелі. Кейін шаһар өсіп, оның аумағы қаланың ішінде қалғанда, саябаққа айналдыру үшін зиратты жою туралы шешім шыққанда мұсылмандар қарсы болады. Аталған жинақта бұл туралы былай жазылған: «Мусульмане, страхуясь от возможной передачи городу территории старого мусульманского кладбища, предназначенного под парк, возвели на его территории деревянную мечеть, закрепив этот район за собой. Об этом свидетельствует документ, отложившийся среди делопроизводственных материалов ОМДС (организация магометанского духовенства Сибири). Проживающие в Петропавловске мусульмане 16 марта 1872 г. составили общественный приговор о том, что киргиз Курбанбай Джалтыров решил построить за свой счет на месте существующей деревянной мечети на старом мусульманском кладбище каменное богослужебное здание. Духовное собрание, рассмотрев 21 июня 1872 г. докладную записку Петропавловского полицмейстера и приговор мусульман, дало «добро» инициативе купца».

Жердің ежелгі иесі кім екендігінің белгісі – ежелден ағаш, тас белгілер, артефактар, зираттар, жер атаулары. Отарлаушы өкімет бұларды біртіндеп жойғанымен кейбір зираттар қалған. Соның ішіндегі белгілісінің бірі – жоға­рыдағы зират. Белгілі өлкетанушы Дәс­тен Баймұқановтың айтуына қара­ғанда, Калинин атындағы зауыттың орнында, әуежайға шығатын жолда да зираттар болған. Бірақ оларды Кеңес өкіметі жылдарында жермен-жексен етіп жіберген… Қазақ Қызылжарда болмаса, оның аумағында тұрмаса, қазақтың зираттары қайдан келген?

2015 жылғы қыркүйек айында қазіргі Петропавлдың «Солнечный» кентінің аумағынан орыс зираты табылды. Оны жергілікті тарихшы А.Плешаков Петропавлдағы ең көне орыс зираты деп бағалады. Оған негіз болған Омбы архивінде 1787 жылдан басталған «метрическая книганың» деректері. Кітап осы жылдан жүргізіле бастаған болса, тұрғындар одан беріде шоқындырылып, тіркеле бастаған, демек бұл орыс зиратына мәйіттер ең әрі дегенде ХІХ ғасырдың басынан қойыла бастаған…

Ал Қызылжар паркінің аумағындағы көне зиратқа мәйіттер, халық аузын­дағы деректерге қарағанда Абылай (1713-1781) заманынан жерленген. Қы­зылжардың ежелгі тұрғыны, мар­құм Кенжебек Әбішев ағамыз да соны ай­тушы еді. Демек, қазақ зираты бұл жерде ХVІІІ ғасырда болған. Міне, осы деректердің өзі қала алдымен қазақ мекендерінен тұрып, ол Қызыл­жар аталғанын дәлелдейді. Демек, Петро­павлдың ежелгі аты – Қызылжар екен­дігі сөзсіз. Біздің ендігі міндетіміз – оның көне атауын қайтару. Біз біреудің нәрсе­сін тартып алғалы тұрған жоқпыз, тек өзіміздің дүниемізді қайтаруды ғана сұраймыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Самрат, Ж. Қызылжар — тарихи атау / Ж. Самрат // Egemen Qazaqstan. – 2020.- 2 қазан.- Б. 1

 

 

Похожие записи

  • И вечный бой, покой нам только снится…

      2016 год является годом 25-летия Независимости Республики Казахстан, 80-летия Северо-Казахстанской области, ветеранская организация готовится отметить своё 30-летие — этот ряд событий важен и значим для всех земляков, Данный материал — о ветеранском движении, о людях, событиях, фактах. Через призму воспоминаний мы бросаем мостик в далекие годы и снова возвращаемся в день сегодняшний.

  • Удивительный директор завода

     45 лет назад ушел из жизни Алексей Сергеевич Ворожев — незаурядный человек, горячо любимый заводчанами директор завода имени Куйбышева, ныне ОАО «ЗИКСТО» (с апреля 1961 года по 19 августа 1971 года), руководитель новой формации, приведший завод имени В. Куйбышева к вершинам славы и наивысшего расцвета. Было ему 47 лет, когда тяжелая болезнь оборвала яркую, но очень короткую жизнь.

  • Жылу беріп үйлерге, жарқыратты түнекті

    «СЕВКАЗЭНЕРГО» акционерлік қоғамы еліміздегі энергиямен қамтамасыз етудің барлық буынын (жылу мен электр энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу) қамтитын ірі компаниялардың бірі болып саналады. Ол 580 мың солтүстікқазақстандықты электр қуатымен, Петропавл қаласының 206 мың тұрғынын жылумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның тарихы тереңде жатқанын бүгінде көпшілік қауым біле бермес.

     Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ашылған жылу электр орталығының облыс экономикасының дамуында өзіндік орны бар.

    Биыл облысымыздың құрылғанына 80 жыл толады. Осы уақыт аралығында өңірде

    көптеген ауқымды іс атқарылды. Кәсіпорындар іске қосылып, зауыттар ашылды. Көптеген әлеуметтік-тұрмыстық нысандар пайдалануға берілді. Бір сезбен айтқанда, облысымыз дамудың даңғыл жолына түсті.

     

  • Азаттығымыздың айшықты белгіс

     Бүгін еліміздің қаржы саласының қызмет-керлері өздерінің кәсіптік мерекесін атап өтеді. 15 қараша — Ұлттық валюта — Теңге күні. Осы мерекелік мақаламның басында облысымыздың банк жүйесінің тарихына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.Биыл біздің облыста банк жүйесі құрылғанына 145 жыл толып отыр. 1871 жылы Петропавл қаласында алғашқы банк ашылған. Ол патшалық Ресей банк жүйесінің бір бөлігі болған.
    Оған мемлекеттік банк, акционерлік және қалалық банктер, ипотекалық несие банктері мен басқа да несиелік мекемелер кірді.
    1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін банк істерін ұйымдастыруда мемлекеттік монополия қағидалары жүзеге асырылды.Кеңестік кеңістікте банк жүйесі мемлекеттік банкпен бір деңгейлі, елдің жалғыз эмиссиялық және несие институты болды. Ақша-несие қатынастарындағы туындаған жағдай нарық талаптарына сәйкес келмеді. 1991 жылғы тамызда Кеңес Одағы құлағаннан кейін банк жүйесінде түбегейлі өзгерістер болды.

     

     

  • Сенімді серпін

    Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Біз — азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл — Тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт», — деп атап көрсетті. Алдымызға — дамыған озық 30 елдің қатарына кіру мен «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру міндетін қойды. Осы міндеттерді саралай отырып, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі кезеңді ой елегінен өткізген менің санамнан: «Сынаптай сырғыған осы уақытта «Мен не атқардым?» -деген сауал кетпей қойды. Ой жетегіне ерген менің көз алдымнан сонау Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар көші жылжып өтіп жатты… 

  • Жұмыла көтерген жүк жеңіл

    Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы Тәуелсіздік таңының арайлап атқаны күні кешегідей көз алдымызда тұр.

     Тәуелсіздік  туралы толғамды ой, салиқалы әңгіме өрбіту  үшін оның тарихындағы айтулы күн — 16 желтоқсанның мерекелік сипатына да тоқталған жөн деп ойлаймын.

    Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда қайтадан егеменді ел болған күні ретінде ерекше мағынаға ие. 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып шықты. Солардың бірі — Қазақстан. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдады. Бұл Заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.