Өз заманының күнделігі

Қазақ поэзиясы мен публицистикасында өзіндік қолтаңбасымен танылған ақын, журналист, аудармашы Жарасбай Әнәсұлы Нұрқанов көзі тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді.
Ақынның қаламынан туындаған «Қара көздер», «Нұрлы терезе», «Алтын десте», «Арманым менің», «Терең барлау», «Буынсыз бала» «Қызылжар», «Көкжиек» сияқты жыр жинақтары оқырман қауымға жақсы таныс. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл өзенінің екі бетін қуалай қонған ел-жұрт әлімсақтан бері тату-тәтті, құда-жекжат, ағайын-туған болып өмір сүріп келеді. Кешегі өткен кеңес дәуірінде де, күні бүгінгі егемендік пәрмен алған шақта да сол дәстүр жалғасын табуда. Осы әңгімеге арқау еткелі отырған кейіпкерім ақын, жорналшы, қоғам қайраткері Жарасбай Нұрқанов ағамыз да, міне, тап осы өңірдің тумасы. Жаны аралас, қойы қоралас, қатар қонған қос ауыл Көктерек пен ­Ленин елді мекені бүгінде Кеңес Одағының батыры атанған жерлесіміз Ысқақ Ыбыраев атындағы шаруа қожалығының төңірегіне топтасқан. Ресми тілмен айтқанда, Шал ақын ауданының бетке ұстар шаруашылықтарының бірі деуге болады.

Бұл өлке табиғаттың тамаша туындысы деп айтсақ әбден орынды. Қыры – қайың, терегі жайқалған орман болып келеді де, ойы – ерке Есілдің қалың тоғайы мен ойдым-ойдым қарасуы жайылған алқа. Егер ақын ағаның тілімен айтатын болсақ:

О, менің көк орайлы Көктерегім,

Жаһанда өзіңдей жер жоқ дер едім.

Арада айлар өтіп оралған соң,

Кеудемде сағынышым көп қой менің.

 

Ораған батысың мен түстігіңді,

Орманың – қорғаның ғой қысты күнгі.

Бауырында жалғыз ағаш жайнап өскен,

Теремін түрлі жеміс, түсті гүлді.

 

Мұхит қой маған сенің қарасуың,

Қайың-тал жағасында жарасуын!

Телміріп соған сонша қарап тұрған,

Өзіңнің оқып келген Жарас ұлың…

Міне, бұл ақын ағаның өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп келген кезде жас жүрегін жарып шыққан жыр жолдары болса керек.

Жасыратын сыр емес, тоқсаныншы жыл­дарғы тоқырау кезеңінде елдегі ауыр тұрмыс-тіршіліктің жұрттың жанына батқаны рас. Әсіресе орталықтан алыс аймақтарда жағдай өте мүшкіл болды. Ақын сондай қиын-қыстау шақтарда да өзінің туған жерімен байланысын үзген жоқ. Елге жиі қатынап, көңілі құлазыған жандардың жүрегіне жылы үміт сеуіп, серпілтуге тырысты.

Шіркін-ай, ауылым-ай, ауылым-ай,

Ауылда жүрген менің бауырым-ай,

Айнала қара боран қиыншылық,

Ауылға мына күннің ауырын-ай.

Ауылдың жүдеуін-ай, жүдеуін-ай,

Ауылым шымырлаттың жүрегімді-ай.

Ауыз су әлі күнге жоқ дегенде,

Білмедім жыларымды-ай, күлерімді-ай.

Ауылдың ажарын-ай, ажарын-ай,

Тарқаған жәрмеңкенің базарындай,

Ауылда өлім-жітім көп дегенде,

Білмедім қандай өлең жазарымды-ай…

Иә, әр ақын – өз заманының күнделігі. Сон­дықтан қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі де оның қаламына қорек. Жаңа тыныс беріп, шабытына шабыт қосатын, тың серпіліс туғызатын тылсым күш. Осы орайда, ­Жарасбай Нұрқановтың сан түрлі тақырыпта қалам тербегенін жыр жинақтарын ақтарып отырғанда көзің жетеді. Жалпы айтқанда, алғыр ойдың иесі күнделікті өмірдің тіршілік тамырын дөп басып, өз шығармашылық биігінен баға беріп отырған. Бұл ақынның көрегенділігінің белгісі болса керек. Осындай сәттерде туған шығармалар қатарына «Қар суы», «Ғаламның ғажабы», «Тәуелсіз Қазақстан», «Үш кемеңгер – мәртебем», «Кібісе жыл», «Журналист», «Өмір туралы толғаныс», «Айымсары», «Кере қарыс», «Жаңа туған теңгеміз», «Аяусыз», «Өршіл қайық» сиқты өлеңдерін жатқызамыз.

Шығарманың шырайы – тілінде. Көзі­ қа­рақты, поэзия құдіретін түсінетін оқырман қауым ақынның көркем тіліне, әдемі иіріміне, мәнерлі сөзіне, жатық ұйқасына бірден көңіл аударады. Өрілген өлең шумақтарын оқи бергің келіп тұрады, оқыған сайын көркем тілдің шуағына шомылып, ләззатына кенелесің. Мәселен:

Бірде шоқ, бірде жалын күйік-дертің,

Өмірді сұлу қыздай сүйсең де еркің,

Тірлікте көрген қызық өң мен түстей,

Жалт беріп, бастан дәурен өтер бір күн

Бүкпесі жоқ. Жатық тілмен, тартымды теңеумен жүрек қылын тап басқан.

Тіл демекші, Жарасбай ақын сонау жетпісінші жылдардың өзінде-ақ қазақ тілінің тағдыры үшін күрескен жандардың бірі. Өзі орысы – ормандай, кезінде тың өлкесінің орталығы болған Целиноград қаласында тұра жүріп, сондай жанкештілікке барды. Оның ұлтжандылық іс-әрекетін жетекші партия басшылығы жөн көрмеді. Туған тілінің жоқтаушысын сол кездегі билік те қоштай қоймады. Соңынан сөз де ерді. Азаматтық құқығы жағынан, шығармашылық беделі жағынан қағажу көрген сәттері аз болған жоқ. жылдары сәлемін алмаған шенеуніктер де ақын жүрегіне сызат салды. Дей тұрғанмен, ол өз тілінің жарқын болашағына сенді. Тәуелсіздік таңы атқан шақта туған тілдің мемлекеттік мәртебе алған сәтін жырға қосты.

Жарасбай Нұрқанов оқырман қауымға алғашында газет тілшісі ретінде танылды. Оның бұл саладағы шығармашылық еңбектері республикалық аға газет «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») мен Цели­ноград облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») басылымдарының беттері арқылы оқырманға тарады. Әсерлі жазылған мақалалары мен репортаждары, сан түрлі тақы­рыпты толғаған сын ескертпелері қоғамдық пікір туғызып жатты. Қызмет бабындағы алуан-алуан іссапарлар шығармашылық адамын шыңдай түсті. Әртүрлі деңгейдегі кездесулер мен танысулар оның ақындық әлемінің көкжиегін кеңейтіп, әріптестері мен тілектестерінің қатары көбейді.

Ақын Жарасбай Нұрқановтың өмір жолы менің көз алдымда тап бүгінгідей сайрап ­жатыр деп те айта аламын. Жәкеңмен қоян-қолтық араласа алмасам да, жиі жүздесіп жүрген інілерінің бірі екенімді мақтан тұтамын.

Біздер отыз жылдан астам уақыт Ленин ауылында үй арасында үй жоқ көрші тұрдық. Анасы Шәмшия менің анамды «Еркем» деп еркелетіп, жанындай жақсы көретін. Өзі ақжарқын, ақкөңіл, жан еді. Біздің үйдің бар баласы ол кісіні «апа» деп өстік. Қазина апайым туғанда есімін менің әкем «Қазына» деп қойған көрінеді. Қазақта өте сирек кездесетін әдемі есім емес пе?! Әйтсе де, жүре келе «ы» әріпі «и» болып айтылып, Қазина апамыз ешкімде жоқ есімнің иесі болып шыға келген.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ­Жарасбай мен Қазина Нұрқановтардың ­отбасы Целиноград (Астана) қаласында тұрғанда туған апам Ақбаян мен жездей Сейіт Қадыров Целиноград медицина институтында оқып, тамамдады. Апа-жездем екеуі де өлең жазып жүрді. Жазғандары газет бетінде жарық көріп жатты. Міне, осы кезде екі жанұяның арасында жарастық қарым-қатынас,шығармашылық байланыс қалыптасты. Жәкең сырт көзге томаға тұйық жан болғанмен өте көпшіл кісі еді. Әңгіме айтқанда баппен, жұмсақ үнмен балын тамызып айтатын. Ал шығармашылық тақырыбына ауысқанда, қолына қалам ұстап, бір жол өлең жазған жанды өзіне бауыр санайтын. Осы орайда олардың рухани көзқарастары ортақ болды.

Адам баласы өзінің мінезіне сәйкес өмір жолын, өнер жолын таңдайды. Жарасбай Нұрқановтың да табиғатына тән дара жолы болды. Мінезі биязы, жүзі жайдары, дауыс көтеріп сөйлемейтін, үні жұмсақ, дау-жанжалға жоқ, жағымды жан болғанмен, бойына ана сүтімен сіңген кербездігін, тәкәппарлығын, ақсүйектігін де айта кеткен жөн сияқты. Осындай ерекшеліктері ақынға жарасып тұратын. Тік жүріп, таза киінгенді ұнатты. Жаратылысынан сал-серілікке жаны жақын еді. Сол да себеп болған шығар, Жәкеңнің шығармашылығынан табиғат, махаббат лирикасы, сұлулық пен нәзіктікті суреттейтін жырларүлкен орын алады. Қолынан қаламы түскенше ақынға шабыт берген оның бойындағы туған жеріне, әйел затына деген ұлы сезім – махаббат күші болды.

Жалпы Жәкең махаббат лирикасын алыстан іздемеген жан. Оның өмірлік музасы жарты ғасырға жуық уақыт жанында жүрді. Ақынның өзінің іңкәр сезімге толы жырларын көбіне құдай қосқан қосағы, ұл-қыздарының анасы Қазина Сәдуақасқызына арнаған. Соның бірі мына жолдар:

«Жүректі лүпіл қақтырып,

Қояды назың, өкпең бір.

Сезімің әлі пәк, тұнық,

Таңдағы шықтай мөп-мөлдір.

 

Қарайсың қасың керіліп,

Жанарың ыстық жаздайын.

Ұмсынған бойы мен еріп,

Құшаққа құлай жаздаймын».

Жарасбай Нұрқанов – екі ғасырдың куәсі. Ол кешегі кеңестік кезеңді де бүгінгі тәуелсіз елдің еркін тұрмыс-тіршілігін де көзімен көріп, тәнімен сезінген адам. Соның бәрін ой елегінен өткізіп, өзінің ақындық биігінен сөз арнай білді.

Әрине, ақын ағаның өмірден ерте озғаны өкінішті-ақ. Ортамызда жүре тұруы керек-ақ еді. «Бұл күнде сексеннің бесеуіне келдіңіз» деп, иғына шапан жауып, інілік ақ тілегімізді өзіне айтар едік. Бірақ бәрі де біз ойлағандай бола бере ме?

Десек те, бір көңіл толарлығы, артында әке салтына лайықты ұрпағы қалды, атын да, затын да көзінің қарашығындай сақтайтын сүйген жары – Қазина апамыз бар. Құдай Сізге қуат берсін! Ал ақынның халқына арнаған өлең-жырлары ұрпаққа мұра болып, халықтың игілігіне айналары сөзсіз.

Шашубай МАЛДЫБАЕВ 

Малдыбаев, Ш. Өз заманының күнделігі [Мәтін] : ақын Жарасбай Нұрқанов жайында / Ш. Малдыбаев // Ana tili. – 2022. — 17-30 наурыз (№11-12). — Б. 14
 

Похожие записи

  • Лебіздер

     Герольд күні-түні үйден шықпайтын еді. Құмалақ салып, кітап ашқандай, айналасын қазақша, орысша сөздіктерге толтырып, қай сөздің қай сөзбен жарасып, қай сөзбен таласып қалатынын ойлап, басы қататын.

     ГерольдБельгердейіріталант, іргелісуреткерқайдада, қайзамандадаешкімніңқолтығынасыймайдығой. Дараланбай, сараланбай тұра алмайды. Бала жасынан бір ғана өзін емес, туған халқын ойлап өскен қамырықты суреткер ерте ме, кеш пе бұйдасын үзіп шығып, өмір кеңістігінде, өнер жазирасында өз сүрлеуін салып, өз соқпағын омбылайды. Басынанкешкендерімен, өмірден түйгендерімен бөліседі.<o:p></o:p>

  • Асыл азамат

     Алаштың арыстары бейнеленген осы суретті газетімізде бұрын да пайдаланған едік. Сол сәтте Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сынды тұлғаларды жазбай танысақ та, Абдолла Байтасовқа келгенде көңілімізді күмән торлап, басты кейіпкерімізді дөп басып көрсете алмағанымыз рас.
    Бүгінде осы олқылықтың орнын толтырудың сәті түсіп отыр. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті Гүлсезім Теміртас өзінің редакцияға жолдаған мақаласында А.Байтасовтың екінші қатарда оң жақтан бірінші тұрғанын көрсетіп қана қоймай, суреттің қайжылы, қайқалада түсірілгенін де нақпанақ жазыпты.
    Фотосурет 1991 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланғанда онда кімдердің бейнеленгенін ажырата алмағандар көп болған. Жұмбақтың шешуін фотомұраны алғашқылардың бірі болып көрген Гүлнәр апай Міржақыпқызы Дулатова айтып беріпті.
    Суретте халқымыздың ардақты перзенттері: алдыңғы қатарда (солдан оңға қарай): Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов; екінші қатарда (солдан оңға қарай): Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлаң Абдолла Байтасұлы бейнеленген
    Гулнәр апайдың айтуынша, фотосурет 1926 жылы Қызылорда қаласында түсірілген. Республиканың сол кездегі астанасы, мәдени орталығы Қызылорда қаласы болғандықтан, алаш зиялылары сонда жиналып, ұлт мүддесіне қатысты мәселелерді шешу жолдарын бірлесе іздестірген.

  • «Алаштың» орындалған арман

     Қазақтың тұңғыш саяси-демократиялық «Алаш» партиясының құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Еліміз тәуелсіздік алып, жариялылық самалыескелі төл тарихымызда жабық тақырыптареа жол ашылып, бұрынғы тоталитарлық жүйенің күштеп таңуымен мызғымастай орнығып келген қиғаш пікір, оғаш ойлардың бұрыстығы дәлелденіп, зымиян саясаттың бет пердесі ашылды.
    Тарихшыларымыз бірауыз сөз айтуға батылы бармайтын бүкіл бір кезең, дәуір тарихы қайта қаралып, бірте-бірте ақтаңдақтардың орны толықтырылуда. Соның ішінде әлі де болса шынайы баға беріліп, тың деректердің негізінде қайта объективті зерттеуді талап етіп отырған нәрсе Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының және сол кездегі қазақ зиялыларының қызметі. Бұл тақырыпты көптеген ғалымдарымыз зерттеп, өздерінің үлкенді-кішілі еңбектерін жазуда. Мен де өз білгенімді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
    1917 жылдың жазына қарай қазақтың либералдық-демократиялық қозғалысы жетекшілерінің уақытша үкіметке деген сенімі әлсірейді. Өйткені, уақытша үкімет Қазақстанда әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша іс жүзінде құлатылған патша үкіметінің саясатын жүргізумен болады.
    Қазақстанның өз алдына ұлттық-аумақтық автономия болуы жөніндегі мәселесін мемлекеттік дәрежеге көтереді деген үмітін аяқасты етті. Осыдан кейін уақытша үкіметте шешуші позицияға ие болып отырған кадеттерге деген Әлихан Бөкейхановтың көзқарасы күрт өзгереді. Мұны ол «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 23 желтоқсандағы 256-шы санында жарияланған «Мен кадет партиясынан неге шықтым» деген ашық хатында жан-жақты негіз деген.

  • «Батыр Баян» дастанындағы Баян бейнесі

     Баян батыр туралы жырды Баян ағаның (Баянғали Әлімжанов) домбырада орындауында алғаш тыңдаған едім.
    Ағаның орындаушылық шеберлігі, жыр оқиғасының тартымдылығы, жыр тілінің әсерлілігі — бәрі-бәрі үйлесіп келіп, санамда ұйып қалыпты.

  • Первое поле: Отр. Из романа «Дом в степи»

     Редко бывает, чтобы первое же крупное произведение молодого писателя получило такое широкое признание, как это случилось с романом Сакена Жунусова «Дом в степи». Эта книга быстро завоевала популярность у казахского читателя, а ныне переведена на руский язык. Глубокое проникновение в духовный мир сельских тружеников, широта социальных обобщений, художественное мастерство делают роман таланливого молодого писателя заметным явлением в культурной жизни республики.

  • Бәйкен Әшімов феномені

     Бәйкен Әшімұлы Әшімов — XX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан тарихындағы санаулы ірі тұлғалардың бірі. Ол кісінің халық, мемлекет алдындағы қызметі сан-салалы,ұлан-ғайыр.
    Оған баға беру, республика алдындағы қызметін саралау — алдағы тарихтың үлесі.
    Өз басымыз қиындық пен жетістіктерге, төңкеріс пен өзгерістерге толы заманымыздың куәгері ретінде Бәйекең туралы ғибраты мол бастамаға үн қоссақ деген ғана пікірдеміз.
    Осыған байланысты Бәйкен Әшімұлының «феномені» неде деген сұрақ туындауы заңды. Республика көлеміндегі айтулы қайраткер, парасатты ақыл иесі, кемеңгер ұйымдастырушы қалай қалыптасты, қалай өрістеп, бүкіл Одаққа белгілі басшы ретінде танылды деген сауал әрбір көкірегі ояу, саналы азаматты толғандырары сөзсіз.