Менің ағам

  Анамыз көп құрсақ көтергенімен, жарық дүниені көру бақыты бесеумізге ғана бұйырыпты. Бәріміз құлын-тайдай тебісіп, шұрқырасып өстік. Жолымыз жіңішке болғандықтан, үшеуіміз де ағамыз – Ермекке арқа сүйедік. Біз оған қиындықта да, қуанышта да иек арттық. Ол да бізді әрдайым демеп, жақсылығымызды асырып, қайғыда қасымыздан табыла білді.
Әлі есімде, тұлымшағы желбіреген шынашақтай қыз едім. Ағам мені мектепке қолымнан жетектеп алып баратын. Жай алып бармайды. Жол бойы өзінің өмірде көрген-түйгенін, ағалық ақылын айтады. Оның “өзің жақсы болсаң өмірдің жақсылығын ғана көресің” деген сөзі бүгінге дейін санамда сайрап тұр. Өмірлік мақсаттарымның, армандарымның бәрінің бастауында аға алдындағы аманатқа деген адалдық тұратын еді. Мектеп бітірген 1965 жылы жоғары оқу орнына түсуді ойладым. Бұл мақсатыма да ағамның қолдауының, бағыт-бағдарының арқасында қол жеткізгенім рас. Алматы ауылшаруашылығы институты жігерімді жанып, жарқын болашаққа деген ұмтылысымды арттыра түсті. Отыз үш жыл бойы абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетімнің зейнетін көрер жасқа жетіп отырмын.
Ол өз ұлтына деген сүйіспеншілікті, мәрт махаббатты әр адам алдымен өзінен бастауы керек деп санайтын. Сондықтан да болар халқымыздың болмысын танытатын ғұрыптарға өте жақын болды: салт-дәстүрді берік ұстады, домбыра тартып, халық әндерін орындады. Бізді, өзі сабақ берген шәкірттерін қазақ әдебиетінің, руханиятының мөлдір бұлағынан сусындауға шақырды.
Ермектің көзін көргендер оның өмірде қандай болғанын жақсы біледі. Көп ортада ашылып сөйлей бермейтін. Ақкөңіл еді. Жоқ-жітікке, мұқтаждарға қол ұшын созуға құштар болды. Құлап бара жатқан адамның қолтығынан сүйеуге, табаны тайып кеткен жанды демеуге ұмтылды, жақын туыстың да, бейтаныстың да мәртебесін асырып, мерейін тасытып жүруді ғана ойлайтын. Отбасында жалғыз ұл болғандықтан әкем мен шешемді алақанына салды. Өмір бойы олардың қас-қабағына қарады. Туған ауылын, елін, жерін ерекше жақсы көрді.
Оның перзенттік махаббаты шығармаларынан көрініп тұрды. Кейде ағама деген сағыныш меңдегенде оның кітаптарын түнімен жастығыма жастанып оқып шығамын. Ауылдың тұмса табиғаты, адамдар арасындағы сыйластық, кейіпкерлердің мінезі – бәрі шынайы. Оқыған сайын оқи бергің келеді. Әрбір әңгімесі жаныңа сәуле құйып, көңіліңді шалқытады, мерейлендіреді. Осындай сәтте ауылдағы бәріміз бірге тұрған тапал ескі үй көз алдыма келеді. Әттең, ғұмыры ағып түскен жұлдыздай қысқа болмағанда, бүгінде қазақтың даңғайыр жазушысы атанар ма едің?

Әзкен САДЫҚОВА,
Ермек Қонарбаевтың туған қарындасы.


Садықова Ә. Менің ағам // Soltustik Qazaqstan. – 2018.- 6 желтоқсан. – 9 б.

Похожие записи

  • Трудный путь к истине

     Немало написано произведений, исследований, статей о выдающихся исторических личностях нашего края. Среди них особняком стоит недавно вышедший из печати труд доктора исторических наук, Почетного академика Национальной академии наук Республики Казахстан Омирзака Озганбая «Барлыбаевтар ақиқаты» («Истина о Барлыбаевых»). Книга отличается широтой тематики и глубиной авторского мышления.

  • Батыр Баян: Тарихи зерттеулер

     Осыдан қырық жылдай бұрын Қызылжардың жанға сая, жүрекке дауа майдақоңыр жазғы кешінде жасыл бақта сырлы сұхбат шертіп, шалқыған көқілдің шермұңын тарқатып бір топ әдебиетшіл қауым гулесіп отырды. Әңгімелері әсем, әсерлі. Көлденеңнен құлақ шалған адамның өзі бері бұрылып селтиіп, тыныс тартып, тынып қалғанын көрер едіңіз. Сол тұста көз қиығымен тындарман ықыласын аңғарып қалған арқалы ақын. Хамза Абдуллин дауыс мақамын мәнерлей түсіп, жыр маржанын жарқылдатып шаша берді.

  • Ауыл өмірінің жыршысы

     …Ермек Қонарбаев, сөз жоқ, талантты жазушы еді. Өкініштісі — арамыздан ерте кетіп қалды. Оқырман қауымға енді-енді таныла бастаған кезінде өкінішке өкініш үстемелеп кетті.
    Ермек ну тоғайында булбұл сайраған сұлу өлке — Есіл өзенінің бойында дүниеге келген жазушы еді. Осынау сұлу өлкеде туып, осында өскендіктен бе, оның өзі де, жан табиғаты да айрықша сұлу болатын. Қой аузынан шөп алмайтын жәй момын болмаса да өзгеге түк қиянаты жоқ жан еді. Біреуге бедел сату, бел салу дегеніңді білмейтін. Бәлкім, жазған дүниелерін шығартамын деп соңына түсіп жүгіре бермейтіні де содан шығар. Қалай десең де Ермектің басылған шығармаларынан басылмаған шығармалары көп.

  • Қос дүлдүлдің айтысы

     Бәйшешектің басы толған уақыт. Сырлы тау Сырымбеттің етегіндегі ат тұяғы тимеген, жайқалып өскен қалың шалғын, көк майса түкті кілемдей жайқалып тұр. Құмдыкөл жақтан жанға жайлы салқын самал жел еседі. Жел желпіп өткен сайын ауада мың сан шөптің, жүз сан гүлдің мұрынды жарар алуан иісі бұрқырап, жұмақтың хош иісіндей әдемі леп еседі.