Есқали, Ө. Әдебиеттану ғылымының білгірі / Ө. Есқали // Егемен Қазақстан. – 2018. – 29 мамыр.- Б. 11

 Белгілі ғалым Серік Негимовтің шығармашылық жолына үңілетін болсақ, үнемі ізденіс үстінде келе жатқан тынымсыз еңбек адамы екенін айқын аңғаруға болады. Оған Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясы академигінің, филология ғылымдары докторының «Өлең өмірі», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты», «Қазақ өлеңдерінің көркемдігі», «Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика», «Қазақтың сал-серілері», тағы басқа көптеген монографиялары дәлел.

Оның зерттеу тақырыбы әр алуан. Қазақ ауыз әдебиетінен бастап тіл, лингвистика, әдебиет теориясы, шешендік өнер, сал-серілер поэзиясы мәселелеріне қатысты айтқан құнды ой-пікірлері өміршеңдігімен, маңыздылығымен ерекшеленеді. Ол түркі мәдениетінің, Жамбыл Жабаев, Мәшhүр Жүсіп, Мәлік Ғабдуллин мұраларының білгірі саналады. Ғылым мен ұстаздық қызметті тығыз ұштастыра білген сан қырлы талант иесінің ұлттық әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі өлшеусіз.

Жетпіс жастың төріне көтерілген жерлесіміздің құрметіне М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазір¬гі фольклортану мен әдебиеттанудың көкейкесті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, Астана, Шымкент, Қарағанды, Көкшетау тағы басқа қалалардан жоғары оқу орындарының өкілдері, сөз зергерлері, әдебиеттанушылар қатысты. Алқалы басқосуда ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты өзгелерге үлгі боларлық тағылымды әңгімелер қозғалды.

Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жүрекжарды құттықтау лебізін жеткізіп, арнайы сый-сияпат көрсетті. Еңселі оқу орнының ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ақмарал Ибраева «М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атағын беру туралы» куәлікті салтанатты жағдайда табыс етті. Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатовтың құттықтау хаты оқылды. «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры-бас редакторы Жарасбай Сүлейменов өз сөзіне еңбегімен елге танылған тұлғаның білікті, білімді, ізденімпаз қасиеттерін арқау ете келіп, әдебиет деген ғажайып әлемдегі өзіндік тұғырын, жеткен асуын, бағындырған белесін алға тартты. Басылымның атынан мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Қалиев, университет профессоры Зарқын Тайшыбай, мемлекеттік мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова ғалымның ғылым жолындағы қолтаңбасын бөліп айтты.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы Диқан Қамзабектің «Серік Негимов және Алаш мұрасы» атты баяндамасы өте әсерлі шықты. Онда ғалымның жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетін індете зерттеген шығармалары талданып, жоғары баға берілді. Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Мәлібекұлы замандасын өндіртіп жазатын ғалымдар шоғырына қосты. Қай тақырыпқа қалам тартса да ғылыми оқшау ойлары, табанды пікірлері тәнті ететінін жеткізді. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Нартай Жүсіпов, Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат, өзге де шешендер ғалымның ақын-жыраулар поэзиясы, би-шешендер толғауы, шешендік өнер хақында дәйектілікпен, біліктілікпен зерттеп, бірізге түсіріп, жүйелеп берген білгір зерттеуші екеніне нақты мысалдар келтірді.

Белгілі айтыскер ақын, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Серікзат Дүйсенғазин ұстазының жас буынға үлгі етерлік қасиеттерін өлеңмен өрнектеді.

Осылайша ғылымның қия жолында өз соқпақ-сүрлеуін тауып, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым ретінде кеңінен танылып отырған жерлесіміздің мерейтойын Қызылжар жұртшылығы өз мәнінде атап өтті.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы

Похожие записи

  • Из когорты корчагинцев

     А вот с переводом рассказов для предполагавшейся книги Зейнел-Габи на русском языке у меня ничего не вышло: в издательстве предпочли местного, хорошо знающего оба языка переводчика. Но пока книга готовилась к печати, скоропостижно скончался в октябре 1987 года ее автор, а затем начались неурядицы с бумагой, были резко сокращены издательские планы, и в итоге сборник рассказов и повестей Зейнел-Габи Иманбаева на русском языке так и не увидел света.

  • Жақсылық Ысқақов:»Азамат еңбегіне төреші — халық»

    Облыс орталығындағы зәулім ғимараттардың бірі — «Қызылжар» қонақ-үйінің Кеңес одағы дәуірлеп тұрған кезде қазақша атауды қалай иеленгенін көпшілік біле бермейді. Сол тұста ономастикалық комиссияның жетекшісі болған Жақсылық Ысқақовқа К.Ушинский атындағы педагогикалық институттың ректоры Қанаш Шәкенов бой көтеріп жатқан жаңа нысанға «Қызылжар» атауын беруді ұсынады. Әрине, комиссияның бұл шешімін құптай қоймағандар да болды. Дегенмен, «Золотой колос» деп атауды жөн көргендердің ұсыныстары қабылданбай, қонақүй осы көркем әрі келісті атауды иеленген екен. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойы және Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы қарсаңында біз қажырлы еңбегімен ел құрметіне бөленген Жақсылық Ысқақовпен кездескен едік. Ағамыз сағынышқа айналған сол күндер жайлы әңгімесін әріден бастады.

     

  • Менің ағам

     Анамыз көп құрсақ көтергенімен, жарық дүниені көру бақыты бесеумізге ғана бұйырыпты. Бәріміз құлын-тайдай тебісіп, шұрқырасып өстік. Жолымыз жіңішке болғандықтан, үшеуіміз де ағамыз – Ермекке арқа сүйедік. Біз оған қиындықта да, қуанышта да иек арттық. Ол да бізді әрдайым демеп, жақсылығымызды асырып, қайғыда қасымыздан табыла білді.

  • Қожаберген батыр қол бастап…

     1757-1758 жылдар Абылай бастаған қазақ әскерлерінің жоңғар қалмақтарынан азат болған жерлерді қайтарып, қазақтарды қайта қоныстандыру шараларымен өткен еді. Бірақ шығыстағы алпауыт Қытай мемлекеті “бұл жерлер жоңғарлардың ата қонысы, ал жоңғарлардың түбіне жеткен біз қытайлар, ендеше жер де қытайдікі” деп есептеп, өздері иемденгісі келді. Бұл арада жоңғар тағына таласушылардың бірі Қалдан Сереннің жиені Әмірсананың қылығын да естен шығармайық. Ол әуелі Қытай үкіметіне өзі барып берілді де, жоңғарды қыра бастағандықтан ашық қарсы шығып, соққы жеп, жеңе алмайтын болған соң, Абылай қалмақ тұтқынында екі жыл отырғанда достасқаны есіне түсіп, қазақ даласына Абылай сұлтанға қашып келіп, пана тапты. Абылай болса осы алауыздықты әдемі пайдаланды. Әмірсанаға қолдау көрсетіп, ежелгі жауымыздың іштей бүлінгенін пайдаланып, өзіне-өзін айдап салды.