Құсайынов, З. Өмірге ғашық ақын [Мәтін] : ақын Тоқтар Зікірин жайында / З. Құсайынов // Soltústik QAZAQSTAN. – 2019. – 22 tamyz.- Б. 8-9

 Қалам ұстаған әріптестерімнің ішінде балалық шағында өлең шы­ғару деген өнердің дәмін татпа­ған­дар некен-саяқ десем ақиқат­тан алыс кете қоймаспын. Алай­да, көп­шілігіміз есейе келе қара сөзге ден қойғанымыз шындық. Ме­нің пәл­сә­пәм өмірге ғашық бол­маған адам­нан ақын шықпайды де­генге саяды. Шынайы ақын болу үшін мы­на шексіз дүниені бар жан-тә­ніңмен құлай сүю керек сияқты. Пенде баласының асыл ойлары мен сұлу сезімдері ақын­дық жү­ректе гүлдеп, бүршік ата­тын­дық­тан, әлемді адал махабба­тымен сүй­ген адамға ғана өмір құшағын жайып, сыр сандығының талай құпиясын ашады. Өлеңді айтасыз-ау, сол құдіретті өнердің өзін де өмірге ғашық адамдық се­зімнің сүйіспеншілігі туғызады ғой.

Дүниені сүйген адамның бо­йын­­да Аллаға деген шексіз сағы­ныш оя­на­ды, жүрегінде өлең оты тұтанып ұлы Жаратушымен ойша сыр­ласып, мұңын шағып, оны те­ре­ңі­рек тануға мүмкіндік алады. Міне, осылайша, мәртебелі поэ­зия адам­ның Алладан кейінгі ең жа­қын сыр­ласына айналады. Жал­ғыздықтан жалығып, иман­ды­лық­­тың мейірім­ді шуағын са­ғын­ған адамның шө­лін тек өлең­нің мөл­дір бұлағы ғана қандыра алатыны сондықтан болса керек. Мұндай өнер екінің біріне бұйыр­майтын бақ деуге болады.

Бүгіндері жетпіс деген жастың биігіне шығып отырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өңі­рімізге белгілі ақын Тоқтар Зікірин хақында азды-кемді қалам тербе­генде, қағаз бетіне осындай ойлар маржандай болып түсе кетпесі бар емес пе. Ширек ғасырдан ас­там “илегеніміз бір терінің пұшпа­ғы” де­гендей, Тоқаңмен әріптес ре­тінде араласып жүрміз. Өткен ға­сырдың тоқсаныншы жылдары елі­мізде Тә­уелсіздіктің шырайлы таңы атып, бөркімізді аспанға лақ­тырып қуанғанымыз әсте естен шыға қой­мас. Егемендіктің алғаш­қы жыл­да­рындағы елімізде бол­ған экономи­ка­лық қиындықтар қос өкпеден қыс­қан кезде екеуіміз ре­дакцияның “штабы” деп атала­тын секрета­риат­та біраз жыл бір­ге қызмет атқардық. Бір бөлмеде оты­рып, жұмыстан қолымыз сәл қалт еткен сәттерде Тоқаң өмір жайын­да өз пайымдау­ла­рын ор­таға са­лып, небір түйдек-түйдек ойларды ағы­тып қоя беретін. Ара­сында әлі сия­сы кеуіп үлгермеген жырларын да оқитын. Бұл кезде ақын әлдебір басқа әлемде жүр­гендей сезімде болатынына көзім жетуші еді.

Тоқаң Шал ақын ауданындағы шалғай жатқан Балуан ауылының тумасы. Әкесі Нұрахмет ел басы­на нәубет төнген жылдары қан майдан­ға аттанып, 1944 жылы ауыр жа­рақат алғандықтан туған елге мүгедек болып оралады. Сал­дары­нан қырықтың қырқасынан да аса алмай, мәңгілікке көз жұ­мады. Бұл Тоқтардың мектеп та­балды­рығын жаңа аттаған кезі бо­латын. Жетімдіктің қамытын ерте кигені­мен, анасы жалғыз ұлының балалық шағын алаңсыз өткізуі үшін бар жағдайын жасай білді. Алайда, ауылдағы мектептің жеті сыныбын тамамдаған соң тұрмыс жағдайы­на байланысты осы ау­дандағы Ленин мектеп-интерна­тына ауыса­ды. Ал орта білімді Жамбыл мекте­бінде алады.

– Мектепте білім алған жылда­ры менсіз қабырға газеті шықпай­тын, өйткені, оны безендіру менің мойнымда болатын. Суреттен бай­қау­ларға қатысып, жүлдегер де атан­­ғанмын. Ал сүйікті пәнім ма­тема­тика еді. Ал мектепті бітіру емти­ханындағы шығарманы өлең­мен жазып, үздік баға алдым. Ақын­дығым осы кезде басталды деп ойлаймын, – дейді Тоқаң.
Орта мектепті жақсы тамамда­ған ол еңбек жолын ауылда баста­ды, бір жыл қой
 бақты.

Осылай еңбекпен шыңдалған Тоқаң келесі жылы Қарағанды қа­ласындағы кооперативтік институт­тың барлық қабылдау емти­хандарынан сүрінбей өтіп, сту­ден­ті атанды. Ол осы жоғары оқу ор­­нында экономист мамандығы­ның қыр-сырын үйренуге бел ше­ше кіріседі. Алайда, бойға бер­ген та­биғи дарын өз дегеніне көндіре білгендей. Қолына қалам алып жү­рек түбінен мөлдіреп шыққан жыр жолдарын ақ қағаз бетіне түсіруді тоқтатпады. Алғашында оның өлең­­де­рі баланың анаға махаб­ба­­тына, туған жер, табиғат көрі­ніс­те­ріне арналса, кейін тақырып ау­мағы кеңейе түседі. Тұңғыш рет газетке тырнақалды өлеңдерін жі­бергенін әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Көп ке­шікпей жыр жолдары Петро­павл­дағы облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) мен Қара­ған­дыдағы “Орталық Қа­зақстан” га­зеттерінің беттерінде жү­­­йелі түрде жариялана бас­тайды.

Өлең жазудың, оның оқырман жү­регінен орын алатындай етіп шы­ғарудың оңай шаруа емес екен­дігін сол кездері түсінген ол көп уақытын белгілі ақындардың шы­ғармаларын зерделеуге жұм­са­ды. Басқа жігіттер бос уа­қы­тын­да көңіл көтеруді хош көрсе, бұл кі­тапханадан табылатын. Әсі­ресе, ұлы Абайдың, Қадыр Мыр­за-Әлі­­нің, Сағи Жиенбаевтың, Төле­ген Айбергеновтің, Тұманбай Мол­да­ғалиевтің, Жұмекен Нәжі­ме­­де­новтің, Фариза Оңғарсыно­ва­ның кі­таптарын жастығының ас­тына са­лып оқыды деуге болады.

Тоқаң Қарағанды қаласында өт­кізген студенттік жылдарында және кейінгі кезде республикалық “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетімен тығыз байланыс ор­ната білді. Сол жылдары газеттің әдебиет бөлімінде жұмыс істе­ген Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірәшев, Аян Нысаналин, Ты­нышбай Рахимов сынды белгілі ақындармен жиі кездесіп, олардың ақ батасын алған. Әртүрлі ал­қалы жиындарда қазақтың беткеұстар ақындары Қалижан Бекқожинмен, Қайрат Жұмағалиевпен, Мұхтар Шахановпен пікір алмасып, әде­биет төңірегінде ой бө­ліскен. Жас ақындардың өлең­деріне жоғары талап қоя білетін Қа­дыр Мыр­зa-Әлі республика­лық басылымда жа­рық көрген Тоқ­тардың алғашқы өлең­дер топ­та­масына өзінің жақ­сы пікірін білдірген. “Қазақстан әйелдері” жур­на­лы­ның бөлім меңгерушісі, қа­зақ­тың белгілі ақын қызы Рза Қунақова, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев То­қаң­ның өлеңдерін жоғары баға­лайтын.

Қарағандыдан жоғары білімді экономист болып оралған Тоқаң Шал ақын ауданында өз маман­ды­ғы бойынша жұмысқа орнала­сады. Әр жылдары аудандық да­йындау мекемесінде, Сергеевка сыра зауытында басшы қызмет­тер ат­қарған. Осындай қызмет­тер­де жүрсе де Тоқаң өлең шыға­рудан, аудан тіршілігі хақында ма­қала жазудан қол үзген жоқ. Бір­неше жыл “Soltústik Qazaqstan” газеті­нің Шал ақын ауданындағы мен­шікті тілшісі болған Тоқтар Нұрах­метұлы 1995 жылы облыс орталы­ғына қоныс аударып, ре­дак­цияға қызметке қабылданды. Қа­зақ баспасөзінің қарашаңы­рағында абыройлыжұмыс істеді.

Осылай студент кезінде-ақ ба­лау­са жырларымен әдебиетсү­йер қа­уымның назарына іліккен Тоқтар Нұрахметұлы өзіндік қол­таңбасы бар ақынға айналды. Оның жыр топтамалары респуб­ликалық, об­лыстық газеттерде жиі жария­ланып тұрады. Осы жыл­дар ішінде ақын өмірдің өзекті мәселеле­рін, сыр-сезім­дер­ге толы толғанысты сәттерін өлең жолына түсі­ру­ден бір жалық­қан емес. Ол – Мағжан Жұма­баевтың, Қожа­берген жыраудың, Ғабит Мүсірепов­тiң, Сәбит Мұқа­новтың мерейтой­ларына арнал­ған жыр мүшәйра­ла­рының бірне­ше дүркін жеңімпа­зы. Ақынның қа­ламынан әр жыл­дары “Жан шуа­ғы”, “Көңіл көкжиек­тері”, “Тір­ші­лік тынысы” және “Бұл бір дәу­рен” сияқты жыр жинақтары жа­рық көрген. Тоқаң, әсіресе, құр­метті зейнет демалысына шығып, күнделікті жұмыстан қолы бо­саған соң өндірте жазуда. Жетпіс деген белестің қырына шығар ал­дында оның баспадан “Өмір өзе­гі” атты таңдамалы шығарма­лар жинағы жарық көрді. Бұл кі­тапты ақынның көп жылғы қа­жырлы ең­бегі мен ізденіс­терінің жемісі деп білген жөн. “Жүрегім­де жыр әлем”, “Ауылдың мұңы арыл­мас”, “Ауылды сағыну”, “Жылдың төрт мезгілі”, “Ма­хаб­бат, қызық мол жылдар”, “Соңғы дәптердің сыры”, “Балладалар және тол­ғаулар” сияқты бөлім­дер­ден тұ­ра­тын бұл кітап оқырман­да­ры­ның оң бағасын алып үлгерді.

Өмір өзегім – жан өзегім өрілген,
Із
 қалдырдың өшпейтіндей өмірден,
Жүрегімнен
 бәрін түгел ақтардым,
Жырларымда, сырларымда төгілген.

Өмір өзегім – бойымдағы қан ағыс,
Алдырмайды,
 әлі жаным тарамыс,
Өлгенімше мұқалмаса екен-ау,

Қанға малып жыр жазатын қаламұш… – деген осы кітаптың прологына алынған жыр жолда­ры ақынның бітім-болмысын, оның жан дүниесін айқындап тұр­ған­дай. Ақсақалдық жасқа жет­кен, айтары да, жазары да мол Тоқтар Нұрахметұлының қала­мы­нан әлі де небір құнды дүние­лер туары сөзсіз.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ

Похожие записи