Әмина Шалабаева. Ақсу,Таң, Өмірге Шәкіртпін.

 Армысың, ару Ақсуым,
Қалың ед қария мекенім?!
Жағаңа келдім жақсы күн,
Жаңа бір өлең әкелдім.
Толқытқан жанын жыр ғана
Албыртсың ақын сияқты.
Маған да қалған жыр бар ма,
Жыр бар ма алтын шуақты?
Ілияс — өзен, ер өзен,
Несібем болсын тұнығың.
Өзіңе қарап терезем,
Сімірдім Күннің жылуын .
Жиналып жолға қанша күн,
Атыңды атап жүрдім мен.
Талай-ақ сені аңсадым,
Үміткер жандай бір гүлден.
Ақсуым, сенен жыр күттім,
Қасыңа келдім дірілдеп.
Ақ шуағындай үміттің
Аялай бер сен күлімдеп.
Бердім бір сәлем иіліп,
Ақынның ару өзені.
Көңілімнен сәуле құйылып,
Жаным бір күйді сезеді…          

Таң

Айналам жарқын, алдым нұр,
Өмірім қазір еңселі.
Тамаша туған, Таң-құрбым,
Қызықтап келем мен сені.
Жайдары тірлік сабағын
Оқимын ыстық сезіммен.
Жауқазын гүлін даланың
Көремін сенің көзіңмен.

Арнадым саған жырымды,
Армандай аңсап сағына,
Төге бер асыл нұрыңды
Елімнің бейбіт бағына!
 

Өмірге Шәкіртпін…

Ойы — Күнге ұқсаған, жаны — гүлге,
Мен өмірге шәкіртпін әлі күнге.
Шытырман ой үйретіп келе жатыр,
Ұмытпауды — ұқтым не, таныдым не?
Сыйлас болған жандарды есіме алып,
(Бірі — аға, бірі — апа, досым анық),
Отырамын жылы сөз арнағым кеп,
Болсын деймін әрқашан кеші жарық.
Өз өмірін әркім-ақ топшылайды,
Санасында сан қиыл көш
Көрсе бірде келбеті мұздай жанды,
Енді бірде көреді жаз шырайды.
Олар — жырлар көңілге жетілмеген,
Жазылады, шабытым — кепілдемем.
Өткен күнде белгі көп дәріптерлік,
Бүгінгі ұрпақ сүйсініп оқыр деген.
Асығамын, елеусіз жырым да әлі,
Шәкірттіктің белгісі мұның бәрі.
Түсіремін түбінде бір жүйеге
Ырғақтарын өмірдің құбылмалы.
***
Жұлдыздай Айлы түнде жымыңдаған,
Сырың кеп, өлең-досым, ұғылмаған.
Бұлданбай, базына айтып, наздансаңшы,
Сен -самал, мен -жапырақ сыбырлаған.
Сен — сәуле көз ұшында дірілдеген,
Мен-тұтқын тұнық оймен күбірлеген.
О, Муза! Мен өзіңнің аяңдамын
Сәбидей анасына уілдеген…
 

 Әмина Шалабаева 

 Шалабаева.Ә. Ақсу, Таң,  Өмірге Шәкіртпін.// Солтүстік Қазақстан. — 2016. – 9 қаңтар. – 6 бет.

 

Похожие записи

  • Жұлдызы жоғары. Жазушы Ермек Қонарбаевтың туғанына 60 жыл

     Уақыт қандай ұшқыр десеңізші. Бәрі де кеше ғана сияқты еді. Енді міне содан бері қырық жылға жуық қайран күндер зымырап өте шығыпты. Бүгін туғанына 90 жыл толып отырған халық ақыны Ахметжан Нұртазинмен, 60 жылдығын атап жатқан жазушы Ермек Қонарбаевпен дала кербезі көк Есілдің кемерінде Аютастың мәрмәр тасында тұрып туыстай табысып құшақ жая қауышқанымызға да қаншама жылдар ара түсіп кеткеніне таңырқамасқа амал жоқ.

  • Шал ақынның туғанына 250 жыл толуына қарсаңында

     Есіл өзенінің жарқабағындағы Аютас шыңы әудем жерден мұнартып көз тартады. Ел аузындағы аңыз бойынша, осынау өрнекті құздың «Аютас» аталуы қазақтың белгілі де беделді батырларының бірі — Күлекенің есімімен байланысты. Тарихи дерекнамаларға қарағанда, ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында ұланғайыр қазақ жерін жатжұрттық жаулардан Корғаған Құлеке, Тілеке атты ағалы-інілі батырлар өмір сүрген. Күлеке батыр Абылай ханның жаугершіліктегі үзеңгілес серігі болумен қатар, көрнекті саясаткер ретінде ел мен ел арасын бітістіріп, елшілікте де жүрген.

  • Қайыңды орман

     Серікбай әуелден қалыптасқан әдеті бойынша, Алматыдан радиодан таңертеңгілік берілетін концертті тыңдап отырған. Бір жас қыз сұңқылдаған дауысы нәшті болғанымен, қазақ сөздерін бұзып айтып, берекені қашырды. «Түсім бе едің, құсым ба едің» деген ән сөздерін «түсім бадың, құсым бадың» деп аңырата жөнелгенде, Серікбай құлағын баса қойғысы келеді. Әйтеуір бұл қыз да тынып бітті, сол сәтпен ілесе қолы арқандаулы Біржанның балаларына айтқан әні естілді.