Мүсірепов музейі

Ғабит Мүсіреповтің музей-үйі жазушының 90 жылдығы қарсаңында 1992 жылы ашылған болатын. Музейде 500-ден астам жәдігер сақтаулы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жәдігерлер саны шектеулі болатын. Бүгінде қоры толықтырылуда. Музей әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Әдеби бөлімде жазушының өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін экспонаттар қойылған. Екінші мемориалдық бөлмеде жұмыс кабинеті мен демалатын бөлмесі, көзі тірісінде тұтынған, қажетіне жаратқан, Ғабиттің қолы тиген заттары сол қалпында сақталған. Әдеби-мемориалдық музей Халықаралық әлем музейлерінің каталогына енгені зор мақтаныш.

Заңғар жазушы көркем әдебиетпен шұғылданып қоймай, қоғам өміріне де белсене араласты. Отызыншы жылдардың зобалаңы жазықсыз жандардың өмірін қиып, тағдырын тәлкекке салды емес пе? Жапа шеккендердің бірі Бейімбет Майлинге араша түскен Ғабит Мүсірепов болатын. Оның “Бейімбет жау болса, мен де жаумын”, – деген сөзі тарихта қалды. Отызыншы жылдардағы қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалып, елді ауыр жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылған “Бесеудің хаты” қазақ зиялыларының атынан жазылған болатын. Авторларының бірі – Ғабит Мүсірепов. Осы хаттардың көшірмесі де біздің музейде сақтаулы.

Мұражайдың ашылуына орай ауыл аналары тоқыған алаша, басылған киіз, тігілген көрпе-жастықтар да музейге сән беріп тұрғандай. Тарихи оқиғалар негізінде жазылған “Ұлпан” романының түпнұсқасы бар. Біз үшін бұл еңбек ерекше маңызға ие. Жазушы “Ұлпанды” жазбас бұрын көп жыл дайындалған. Ол күнделігінде: “Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, тағысын тағы”, – деп жазды.

Музейдегі бір ғасырдан астам ғұмыры бар, көне жәдігердің бірі – ерсүндет. Әкесі оны Ғабиттің шамамен 5 жасында жасатқан екен. Оны жазушының кіндік әкесі Жүсіп шебер ағаштан ойған. Кейін жөндеуден өткенде кейбір өзгерістер енгізілді. Ерсүндетті ер-тоқым деп те атайды. Салт атқа мініп жүруге лайықталған жабдықты қазақ халқы ерекше құрметтеп, киелі санаған.

Жазушы есімін ұлықтау, тарихи мұраны сақтау, жастардың бойында ұлттық рух қалыптастыру мақсатында музейде көптеген танымдық шаралар өтетінін де айту керек. Оқушылар мен қонақтар экскурсия, әдеби кеш, “дөңгелек үстел”, кездесу, музей сабағы мен тағы басқа шараларға қатысады. Пандемияға байланысты қауіпсіздік шаралары қатаң ескеріліп, музейде “Жүз жасаған бәйтерек”, “Ауған жерінде от кешкендер”, “Ауылым – алтын бесігім”, “Менің Отаным – Қазақстан” сияқты бірқатар тақырыптық шаралар өтті. Келесі жыл біз үшін айтулы оқиғаларға толы болмақ. Жазушының 120 жылдығына орай ауқымды жоспарымыз бар. Биыл Ғабит Мүсірепов музейі күрделі жөндеуден өтеді. Дайындық жұмыстары бүгіннен қолға алынуда.

Клара ҚОШАЕВА,
Ғабит Мүсірепов музей-үйінің меңгерушісі.

Қошаева, К. Мүсірепов музейі [Мәтін] / К. Қошаева // Soltústik QAZAQSTAN. – 2021. – 27 nauryz (№32). — Б. 2  

Похожие записи

  • Естен кетпес кездесу немесе Ғабеңнің аманаты

     1980 жылдың жазы болатын. Дәл сол жылы қызылжарлықтар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 80 жылдығына арналған мерейтойды өткізуге кірісіп кетті.

  • Ұлтының ұлылығын аңсаған жазушы

     Жерлесіміз, қазіргі Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылының маңындағы Елтінжал орман баурайындағы қыстақта мұсылман күнтізбесі бойынша жыл басы саналатын наурыз айының 22-сінде дүниеге келген, көзі тірісінде сөз зергері атанған қазақтың классик жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, драматург, Қазақстанның халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің туғанына ертең 115 жыл толады.
    Ғабең өзінің өмірбаяндық әңгімелерінің бірінде былай деп жазады:
    …Менің туған жылым астрономиялық дәлдікпен анықталған… «Көзі соқыр жирен атты қасқыр талаған күзден кейінгі көктемде, күн мен түннің теңеліп, Сиыр жылынан Барыс жылына ауысатын күні дүниеге келіппін.
    Қыс әлі кетпеген, көктем әлі жетпеген. Наурыз екен. Егер Сиыр жылына жатқызсақ, онда келешекте сиыр табындарына қожа болып, өмірі тоқтықта өтеді, Барыста туса -ол да жаман болмас, оған кімнің жүрегі барып қарсы келер…».
    Әрі құда, әрі жерлес болғандықтан ба, туған жерге келген сайын облыстық партия комитеті арқылы мені қосшы етіп алып кететін. Ол осы жақта жанына ерте келген жолдастарымен қанша күн болса да редакциядағы қызметімді доғара тұрып, солармен бірге болатынмын.
    Сондай сапарларының бірінде, яғни 1978 жылы жанына қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков пен аудармашы Алексей Белялиновты ерте келді. Бұл Ғабеңнің «Ұлпанды» жазып жүрген кезі еді.
    Автор бұл шығармасын сыпайылықпен повесть деп атаса да, жазушылар да, қалың оқырмандар қауымы да оны роман деп жоғары баға берді. Алексей Белялиновты ертіп келген себебін «Ұлпан» романындағы оқиғалардың болған жерімен таныстыру ғой деп топшыладым. Сонда романды орысшаға аударуға да оңай болмай ма?
    Ғабеңнің туған ауылына келгенде ат байлайтын інісі Әшімнің үйі қонақ күтуге онша бапты болмады. Сондықтан аудан, кеңшар басшылығы үй алдына жылжымалы дала қосын қойған.