«Ақиқаттан айнымаған ақын» атты ғылыми-практикалық конференция

2026 жылдың 1 шілдесі күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, ақын, журналист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтың 75 жылдығына арналған «Ақиқаттан айнымаған ақын» атты ғылыми-практикалық конференция және естеліктер кітабының тұсаукесері өтті.

Конференцияға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, әдебиеттанушылар, журналистер, өлкетанушылар, ақынның туған-туысқандары, достары, әріптестері қатысты.

Іс-шараны Петропавл қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедәлі Испанов жүргізді.

Конференцияны құттықтау сөз сөйлеп ашқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Динара Беркуталимова мерейтой иесінің қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Конференция аясында «Ақиқаттан айнымаған ақын» атты Зейнолла Әкімжанов туралы естеліктер жинағының тұсаукесері өтті. Кітаптың тұсауын ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ақын, «Дарын» жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, белгілі журналист, туысы Сайын Шаймерден, СҚО әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Динара Беркуталимова кесті.

Дарынды ақын, талантты аудармашы, белгілі публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжанов ақындық пен жазушылықты қатар алып жүре білді. 1993 жылы қаламгердің тұңғыш «Жерұйық» жыр жинағы, 2001 жылы «Мизамшуақ» кітабы жарық көрді. Өзі дүниеден өткеннен кейін «Оттай ыстық Отынағаш», «Замана шам-шырағы» жинағы жарық көрді. Оған 400-ден астам өлеңі, поэмалары, балладалары, новелла, әңгімелері енді.

Тұсауы кесіліп отырған «Ақиқаттан айнымаған ақын» атты Зейнолла Әкімжанов туралы естеліктер кітабын құрастырып, баспаға дайындаған «QyzyIjar nury» газетінің аға тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Самрат Құскенов. Бұл кітаптың бірінші бөліміне Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғали, Тұрсын Жұртбай, Ғалым Жайлыбай, Баянғали Әлімжанов, Құлбек Ергөбек, Толымбек Әбдірайым, Өтеген Оралбайұлы, Жанар Әбдішова, Сайын Шаймерден бастаған қаламгерлердің естеліктері енген. Екінші бөлімге Мәлік Мұқанов, Шашубай Малдыбаев, Тоқтар Зікірин, Қайролла Мұқанов, Қойшыбай Шәниев, Марал Зейнел-Ғабиқызы, Сабыр Сеңкібай, Қошан Қали, Өмір Есқали, Дәстен Баймұқанов, Гүлшат Рамазанова, Зарап Құсайынов, Жақсыбай Самрат, Көкен Қопышев, Мұхамедәлі Испанов, Ерлан Тоқшылық, Жанат Мұхамеджанов, Ербақыт Амантайұлы, Ақмарал Құрманайқызы сияқты жерлестеріміздің естеліктері және Аманжол Зағыпар, Диас Аяған, Ермек Жұма т.б. жас ақындардың арнау өлеңдері енген. Ал үшінші бөлімге Қарақат Шалабаев, Арыстан Әкімжанов, Самрат Құскенов бастаған ауылдастарының естеліктері енген.

Ол Сергей Есенин, Марина Цветаева, Николай Гумилев, Владимир Шестериковтың өлеңдерін аударған. Поэзиядан бөлек, проза, драматургия саласында да із қалдырып, новеллалар, әңгімелер жазған.

Іс-шара барысында конференцияның құрметті қонақтары көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, «Дарын» жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы сөз алып, Зейнолла Әкімжановтың азаматтық болмысы, шығармашылық даралығы, дарыны, адамгершілік келбеті мен шыншылдығы туралы жан-жақты баяндады.

Іс-шара барысында Зейнолла Әкімжановтың поэзиясы, прозасы, аудармашылық және журналистік қызметі де жан-жақты талданды. «Асыл мұра» орталығының ғылыми қызметкері өлкетанушы Дәстен Баймұқанов ақынның поэзиясының көркемдік ерекшеліктеріне тоқталса, филология ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Жанар Таласпаева қаламгердің прозалық шығармалары туралы баяндама жасады. Журналистика саласындағы шәкірті, СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-нің директоры, «Ақпарат саласының үздігі» Ербақыт Амантайұлы, әріптесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Қошан Қали Зейнолла Әкімжановтың журналистика саласындағы қажырлы еңбегі мен азаматтық болмысы жайында естеліктерімен бөлісті.

Конференцияда «Ақиқаттан айнымаған ақын» кітабынан ақынның шығармашылығы туралы белгілі қаламгерлердің, академиктер мен әдебиеттанушылардың пікірлері оқылды.

Іс-шара соңында белгілі журналист, ақынның туысы Сайын Шаймерден сөз алып, Зейнолла Әкімжановтың адамгершілік қасиеттеріне тоқталды, өте бауырмал, шыншыл болғанын тебірене еске алды. Ақынның тұрған үйіне мемориалдық тақта орнататын кез келгенін баса айтты.

Әдеби басқосу барысында Ақан сері атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері Еркебұлан Қарып пен Ғалымжан Нұрпейісов ән шырқап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.

Іс-шараға қатысушылар «Дарқан талант» атты кітап көрмесін тамашалады.

Similar Posts