«Домбыра – ұлттың жаны» әдеби-музыкалық кеші
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – ұлттың жаны» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының киелі аспабы – домбыраның тарихи-мәдени құндылығын насихаттау, ұлттық күй өнерін дәріптеу және жас ұрпақтың рухани-мәдени мұраға деген құрметін арттыру.



Кеш барысында домбыраның қазақ халқының рухани өміріндегі орны, оның ел тарихы мен ұлттық болмысты сақтаудағы маңызы кеңінен сөз болды. Домбыраның қос ішегінде халқымыздың ғасырлар бойғы тағдыры, қуанышы мен мұңы, ерлігі мен елдігі, рухы мен шежіресі сақталғаны туралы тағылымды ойлар айтылып, күй өнерінің құдіреті көркем сөзбен және әуезді шығармалармен өрнектелді.
Мерекелік кештің шымылдығы «Сауран» ансамблінің орындауындағы Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйімен ашылды. Сондай-ақ көрермен назарына «Балбырауын», қазақтың біртуар композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», халық күйі «Секіртпе» және басқа да күйлер ұсынылып, ұлттық өнердің терең мазмұны мен асқақ рухы айшықталды.



Іс-шараға белгілі күйші-домбырашы, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Серікбай Құсайынов қатысып, жиналған қауымды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыра өнерінің ұлт руханиятындағы айрықша орны туралы мазмұнды ойларымен бөлісті. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері, подполковник Дина Хәкімқызы Жапарова ән орындап, кештің көркін аша түсті.
Мерекелік бағдарламада Шекара қызметінің офицері, лейтенант Сақтаған Диас Бағдатұлы мен 6637 әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері Жеңіс Әбілмансұр және Күншығаров Азамат күмбірлеген күйлер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында Мөлдір Қыстаубаева қазақы дәстүр мен ізгі тілекті арқау еткен «Тойың тойға ұлассын» әнін орындаса, «Алуа» би ансамблі «Ерке сылқым» және «Жастар” билерін биледі. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері Наталья Чуряк пен Камила Тасболатова домбыраға арналған өлеңдерді мәнерлеп оқып, әдеби кештің мазмұнын байыта түсті.



Тағылымы мол әдеби-музыкалық кеш ұлттық өнерді ұлықтап, күй құдіреті мен домбыраның рухани-мәдени мұра ретіндегі баға жетпес құндылығын кеңінен насихаттауға арналды. Домбыраның қоңыр үні арқылы көрермен қауым халқымыздың төл мәдениетімен қайта қауышып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын терең сезінді.
Әдеби-сазды кешке кітапхана оқырмандары, 6637 әскери бөлімінің жауынгерлері, Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты. Бірінші қабатта «Домбыра – ұлт қазынасы» атты ауқымды кітап көрмесі жасалды.







