Жаны Жайсаң Жақсы Аға

 Кабинетінде әлдебір қағаздарды қарап отырып, салиқалы да салмақты ойға берілген ұстаз есіктің қалай ашылғанын да аңғармай қалды.
Қолында шақыру қағазы бар бойшаң жігіттің не мақсатпен келгенін естіп-білген соң оның жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап сала берді. Өткен күннің белгісіндей болған жастық дәуреннің небір қызықты сәттері ойға оралды.

Кезінде өзі оқыған, кейін ұстаздық еңбек жолына алғаш қадам басқан білім ошағы көз алдына оралды.
80 жылдық тарихы бар Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының өткені мен бүгіні оған жақсы таныс.
Сол кезде мектеп директоры болған әрі өзіне сабақ берген Ғалым Хамзин, Мәриям Мырзатаева, Шәміл Құсайынов, Күлмайдан Есполқызы сияқты ұлағатты ұстаздардың тәлім-тәрбиесін қалайша ұмытпақ?! Кейін оқу бітірген балаң жігіт тәрбиесін көріп, өнегесін ұққан ұстаздарымен дос-әріптес болды. Аға буынға қарап бой түзеді. Бүгінде өзі де қарт ұстаздың бірі атанды.
«Ал сол кездің ұстаздары қандай еді? Жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен балаларға үлгі бола білген ұлағатты жандардың қоғамдағы орны бөлек еді-ау, шіркін?!»
Қазақта «Білімнің басы — бейнет, соңы -зейнет» деген жақсы бір сөз бар. Бұл сөз дәл осы Жақсылық Мұқажанұлына қарата айтылғандай.
Бар саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаздың өмірлік тәжірибесі мол, рухани әлеуеті мықты.
Алғанынан берері, айтқанынан айтары көп. Білім саласында еңбек еткеніне де жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Ал өңірдегі іргелі оқу ордасы — М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ұстаз болғанына — 30 жыл. Аз уақыт емес, әрине.
Ол 1941 жылы Омбы облысының Москаленко ауданына қарасты қаймағы бұзылмаған Тұмба дейтін қазақ ауылында дүниеге келген. Жастайынан оқу-тоқуға зерек болып өседі.
Бастауышты — Тұмбадан, жетіжылдықты Қарағаш ауылынан бітірген соң білімге деген қызығушылығы ерекше баланың қабілетін байқаған әкесі Петропавлдағы Калинин атындағы №5 мектепке оқуға береді. Қазіргі таңда ол Ә. Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат деп аталады. Аталмыш білім ордасын бітірген соң көп ойланбастан Петропавл педагогикалық институтының биология және ауыл шаруашылығы мамандығына оқуға түскен. Оқуда үздік, қоғамдық шараларға белсене қатысатын балаң жігіттің ұстаздық алғашқы қадамы
институт қабырғасынан-ақ басталған. Институттың соңғы курсында жүрген кезінде өзі білім алған, оқу-өндірістік тәжірибеден өткен мектепке жұмысқа орналасады. Талпынған, тауып оқыған азаматтың алғырлығы мен зеректігін, шапшаңдығын, кішіпейілділігін байқаған мектеп директоры Ғалым Хамзин өзі білім алған оқу ордасына жұмысқа шақырады.
Ол мектепте биология, химия пәндерінен сабақ беріп, еңбек және демалыс лагерінің жетекшісі болып тағайындалады. Сеніп тапсырылған екі жұмысты да ойдағыдай атқарады. 1973 жылы директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып тағайындалған Жақсылық аға іскерлік қабілетімен көптің көңілінен шығады. 1974 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтына аспирантураға оқуға түседі. Ғылым жолына бет бұрған озық ойлы азамат 1976 жылы білім мен ғылымның қарашаңырағы — Петропавл педагогикалық институтында ботаника кафедрасында аға оқытушы болып 1991 жылға дейін жемісті еңбек етеді. Мәскеу, Ленинград қалаларында тәжірибеден өткен. Кейін облыстық білім департаментінің ұсынысымен қазақ мектеп-интернатына директор болып тағайындалады.
Талай қазақ зиялысын тәрбиелеген білім ошағын жаңа белеске көтеруге ұмтылған Жақсылық Мұқажанұлы абырой биігінен көрінді. Қажырлы еңбек етті. Еткен еңбек те зая кетпеді. Білім саласына қосқан ерекше үлесі үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дипломымен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталған.
Оның еселі еңбегінің жемісі болған марапат, мадақтамаларын бәрін бірдей жіпке тізу мүмкін емес. Ал 2002 жылдан бері ол университеттің ауыл шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы болып жұмыс істеуде.
Бұдан бұрын биология кафедрасында студенттерге дәріс оқыған. Негізінен биология, агробиология, өсімдік шаруашылығы пәндерінен студенттерге сабақ береді. 50-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы. 6-7 әдістемелік кітапша шығарған. Жетпістің бесеуіне шыққан Жақсылық Ғалиев зерек ойлы ұрпақ тәрбиелеуге езінің үлесін қосып, білім нәрімен сусындаған студенттерінің жетістігіне әрқашан қуанып, тілеуші болып отырады.
— Жоғары білім ордасында жұмыс істегеніме отыз жылдан астам уақыт өтті. Студенттермен жұмыс істеу еш қиындық келтірмейді. Қазір компьютерлік технология заманы.
Студенттердің жаңа технологиялар тілін жетік меңгергені көңіл қуантады. Сабаққа деген құлшыныстары да ерекше. Тек олар білімнің бұлағы кітапта екенін ұмытпаулары керек. Өйткені, кітап оқу арқылы адамның сана-сезімі, ой-өрісі кеңейеді.
Бәсекеге қабілетті ұрпақ әрқашан ізденіс үстінде болуы қажет. Өзінің мамандығы бойынша ізденбеген, оқымаған, талпынбаған адам жақсы маман бола алмайды.
Ал қазір бәсеке заманы. «Талаптыға нұр жауар» демекші, талаптанған адам қоғамда өзінің орнын табады, — дейді көпті көрген ұлағатты ұстаз. Оқу-білім өз алдына, Жақсылық Мұқажанұлы қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысады. Университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде студенттік жастар комитетінің мүшелеріне ақыл-кеңес беріп, білім ордасындағы іс-шараларға белсене қатысады.
Оның тәрбиесін көрген, өнегесін ұққан шәкірттері де бүгінде түрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Алғашқы шәкірттерінің бірі -ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақан Жүнісов ұстазымен бір кафедрада жұмыс істейді. Ұстаздан шәкірт озса, бұл ұстаздың мерейі емес пе?! Жаны таза, биязы мінезді тәлімгердің еңбегін ерекше бағалайтын шәкірттері бар ұстаз шынымен бақытты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, «Солтүстік Қазақстан».
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.


// Cолтүстік Қазақстан. – 24 қазан. – 2015. – 4 бет.

Похожие записи

  • Қаламгер және қас қағым сәт

     Адам атаулының өзін-өзі түсінуіне, өзіне деген сенімін арттыруға, ақиқатқа ұмтылысын ұштауға ықпал жасау, оларды рухтандыру үшін жүректердің түкпірінен табылатын ерлік және ар-ұят сияқты сезімдерді ояту әдебиеттің мақсаты екендігі баршаға белгілі жайт. Міне, осы мақсат жұмылдырған жазушылар да елден ерекше-ау, шіркін: кез келген оқиғаға басқаша қарайды, әмбеге ғана емес, әрқайсысына қабақ қадайды және тарихи бетбұрыстардың саяси немесе экономикалық келбетін ғана емес, сонымен бірге жекелеген адамдардың жүректерінің лүпілін дәрігердей аңғарады. Мұның бәріне тағы бір қосарым бар: қаламгердің жаны адал, жүрегі ақ, сезімі нәзік болғаны қандай ғанибет?!

  • Армандай ғұмыр дүние

     «Қарашығым!
    Ән тербеп өскен елдің баласымын,
    Әнмен айтсам жете ме жүрегіңе,
    Сырларымның саф таза, саф асылын.
    Сағым далам –
    Сұлулықты жырлаудан жаңылмаған.
    Махаббатты анамдай әлдилеген,
    Әлдилеген ғажайып лағыл ғалам», —

    деп өзі жырлағандай, Қызылжар өңірінің перзенті, ерке Есілдің жағасында, Өрнек ауылында балалық шағын өткізген Есләм Зікібаевтың ақындығы көк аспанда қанатын еркін сермеген қыран бүркітті көз алдыңа елестетеді.

  • Алғыс арқалаған азамат

    «Бірде Н. Погодин театрының  жанынан өтіп бара жатып, Пушкин мен К.Сүтішев көшелерінің қиылысындағы екіқабатты көк ғимаратқа көзім түсті. Қазақтың талай атпалдай азаматтары осы мекеменің ішінде жазықсыздан жазықсыз ату жазасына кесіліп кетіп жатты. Алақандай ауылдан аттап шықпаған жігіттерді өңі түгіл түсінде көрмеген Жапония елінің жансызы деп айыптағанын қайтерсіз?

    Қан сасыған сол ғимаратқа кейінгі жылдардың өзінде көбіміз кірмек түгіл  маңына жолауға жүрегіміз дауалай бермейтін. Енді, міне, шынжырлы трактор сенің де төрт қабырғаңды төрт жаққа айырып, күлпаршаңды шығаруда.

    Бұл өмірде мәңгілік ештеңе жоқ екені ақиқат», — деп бастады әңгімесін Болат Мағазұлы.

     

  • Трудный путь к истине

     Немало написано произведений, исследований, статей о выдающихся исторических личностях нашего края. Среди них особняком стоит недавно вышедший из печати труд доктора исторических наук, Почетного академика Национальной академии наук Республики Казахстан Омирзака Озганбая «Барлыбаевтар ақиқаты» («Истина о Барлыбаевых»). Книга отличается широтой тематики и глубиной авторского мышления.