Қожахметов Б. «Кетігін» тапқан: [Жоламан Шаханов] // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 11 қыркүйек. – 16 б.

Алдымен Оспанхан марқұм ойыма оралып отыр: Алматының пойызына жайғаса сала қолыма тиген кітабын Қызылжарыма жеткенше бас алмастан оқығанымда екі иығымды селкілдетіп, екі көзден аққан жасыма ие болғызбай, ішім солқылдап, ішегім түйіліп қала жаздағанша күлгізген сұрапыл сықақшы еді-ау… Ал біздің облыстың Оспанханы, мен білсем, Жоламан Шаханов. Әзіл-әжуа сүйегіне біткен ол оқырманын оқиғамен күлдіруге тырысады. Бір ғасырдың, бүкіл қоғамның жағымсыз кейіпкерлерінің жіпке тізілгендей тұтас галереясын жасаған Оспанханның жарағы зеңбірек болса, Жоламандікі жай мылтық сияқты: біріншісі -быт-шыт қылса, екіншісі — етпетінен түсіреді. Есіліп, көсіліп жазғанды емес, қысқа қайырғанды құп көретін соңғысының стилі Чеховті де еріксіз еске түсіргендей ме, қалай?..

Жоламанның сатира жанрының шебері екендігін ә дегеннен дәлелдегені елдің есінде: оның «Кетік» деген біртұтам әңгімесіне бәріміз де аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Оны жариялау барысында оқып шығып, қолдарын қойған «Ленин туының» бөлім меңгерушісі түгіл, редакторы да бір әрпін қозғай алмағаны да жадымда.

Екінің бірінің қолынан келе бермейтін астарлы әзілімен екі кейіпкерінің де образдарын жасаған Жоламан «Кетіктен» кейін бірқыдыру уақыт көрінбей де кетті: меніңше, ол осы әңгіменің деңгейінен төмендемеуге тырысты. «Кетік» кредосына айналған Жоламан мырс еткізе түсетін астарлы әзіл-оспағымен талай тамаша туындылар жазды.

Сол әңгімелер ешбір Интернетте жоқ. Осыны да ойлаған болар, автор қара сөзбен жазылған сықақтарын кітапқа айналдырыпты. «Айтпайын десем…» деп аталатын кітабының аты да астарлы екен: бұл тіркестің бірнеше мағынасы бар және оның жалғасын табу бас қатырмай қоймайды. Қылдан нәзік, қылыштан өткір әзілдің күбісін күмпілдетіп піскен Жоламанның сатирик екендігі кітаптың заты түгіл, атынан да аңғарылып тұрған жоқ па?!

Кітапта әдеби де, хронологиялық та реттілік сақталған: «Кетікпен» ашылған. Аз жазса да, мәз жазатын Жоламанның ширек ғасыр бойы торкөз дәптерлердің талай беттерін толтырған туындылары баршылық. Кеше -«Ленин туында», енді — «Солтүстік Қазақстанда» жарияланған солардың бәрі де көзіме ыстық көрінеді: тақырыптарына қарап-ақ жымиып қоямын.

Кез келген қаламгер зердесіне түйіп алуымен ерекшеленеді ғой. Жоламан болса бәрін де жадында сақтаған сыңайлы: мәселен, ауыл айтқыштарының айтқандарын құлағына құйып алған. Шәлкес шалдардың, аңғал әжелердің, кесір келіндердің — бәрінің де ауыздарынан шыққан сөздерін магнитофон-миы жазып алған ба дерсің?!

Міне, осыларды оқығанда, шіркін, ауыл-аймақ, әрқайсысы бір-бір шоқыдай бөріктерін баса киген ақсақалдар, ат суара бара жатқан ұл баланың да алдынан кесіп өтпеген аналар көз алдыңа келеді. Солардың аңқаулығын суреттей білген, Жоламан, жарайсың!

Болат ҚОЖАХМЕТОВ


Қожахметов Б. «Кетігін» тапқан: [Жоламан Шаханов] // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 11 қыркүйек. – 16 б.

Похожие записи

  • Сәбит Мұқанов Сталиннің қабылдауында болған

    Ресей тарихында, тіпті, әлемдік тарихта Сталиннің рөлі туралы тиянақты көзқарас әлі қалыптасып болған жоқ. Ресейдің өзінде қоғамдық пікір екіге жарылған.Біреулер үшін ол миллиондаған жазықсыз адамдарды қырып-жойған қанішер, екінші біреулерге Ресейді мемлекет ретінде жер бетінде аман сақтап қалу үшін туған орыс ұлтының «ұлылығына» табынып өткен жанкешті қайраткер.Ал осы жолдардың авторы мен үшін, СОКП қатарында 30 жыл болған бұрынғы коммунист, қазақ тарихын, Ресей тарихын, әлем тарихын, мәдениеті мен әдебиетін бір кісідей білетін, жетпіс беске қарап отырған жорналшы үшін Иосиф Сталин деген кім? Ол — Ресейдегі 1917 жылғы қазан төңкерісі қаһармандарының бірі және аузы дуалы ағылшын айтыпты деген:

     

  • Рақымжан, О. Сәкен Жүнісов тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейі // Qazaqstan kásipkeri — Профессионал Казахстана. – 2020.- №1.- Б. 80

     С.Жүнісовтің ұлттық тілдік құрамдағы лексиканы қолдануы оның шығармаларындағы лингвомәдени бірліктерден, оның концептілік өрісіндегі…

  • Ауыл өмірінің жыршысы

     …Ермек Қонарбаев, сөз жоқ, талантты жазушы еді. Өкініштісі — арамыздан ерте кетіп қалды. Оқырман қауымға енді-енді таныла бастаған кезінде өкінішке өкініш үстемелеп кетті.
    Ермек ну тоғайында булбұл сайраған сұлу өлке — Есіл өзенінің бойында дүниеге келген жазушы еді. Осынау сұлу өлкеде туып, осында өскендіктен бе, оның өзі де, жан табиғаты да айрықша сұлу болатын. Қой аузынан шөп алмайтын жәй момын болмаса да өзгеге түк қиянаты жоқ жан еді. Біреуге бедел сату, бел салу дегеніңді білмейтін. Бәлкім, жазған дүниелерін шығартамын деп соңына түсіп жүгіре бермейтіні де содан шығар. Қалай десең де Ермектің басылған шығармаларынан басылмаған шығармалары көп.

  • Достықты дәріптеген қаламгер

     
    Көрнекті жазушы, аудармашы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының Бейімбет Майлин атындағы, Қазақстан Президентінің Бейбітшілік және келісім, тәуелсіз «Тарлан», Қазақстан ПЕН-клубының сыйлықтарының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» Герольд Бельгер 28 қазанда 80 жасқа толады.

    Жазушы-жерлесіміз Герольд Бельгердің баспадан шыққан кітаптарың газет, журналдарға басылған очерктері мен мақалаларың әңгімелері мен эсселерін оқып отырып, мен оның терең де жан-жақты біліміне, орасан зор еңбексүйгіштігіне тәнті боламыy Сол қасиеттерін көрсету үшін оның шығармаларының бірқатарын ғана атап өтудің өзі де жеткілікті.