Жекекөл

Бұрынғы кездерде орыс халқы балық үшін көлді жағалап қоңыстанса, қазақтар шабындықты жер іздеп, ағашты паналап қонған. Жекекөлдің негізгі халқы ру жағынан – атығайлар. Біразы «ұзын бойды» жағалап қонса, бір жартысы «Балтабай» ағашын жағалап қонған. Бұрын ол біздің атамыз Андағұл «Құлым қажы ауылы» деп аталған. Жекекөл деп аталу себебі, жалғыз осы көлден Есілге дейінгі өңірде суалмайтын су көзі жоқ екен, жан-жақтан ағып келіп қосылар басқа бұлақ та жоқ. Осы көл ғана 100 жылдан аса уақыт суалмаған, суы бірде-бір ортая түсіп, тартылмаған көл екен (М. Ғаббасов «Ауылым менің Жекекөл», 9 б.). Ауыл зиялысы – Альжанов Қазиахмет ағамыздың айтуы бойынша – осы 100-жылдықтың алдында бір құрғақшылық жылдары көлдің суы азайып, кебуге айналғанда, халық жиналып түбіндегі бұлақ көзін ашыпты. Біраздан кейін әлгі су осы Жекекөлдің арнасын толтырыпты. Аталарымыздың айтуына қарағанда, одан кейін жекекөл суалып көрген емес, дәл ортасында бір емес, 2 көзі бар. Ғаламтордың дерегіне қарасақ, Жекекөл ауылы 1906 жылы пайда болды деп көрсетеді, бірақ әкеміз Қаменов Сұңғат – 1904 ж., Жакупов Нұрахмет – 1906 ж., әкесі – Төлепберген – 1866 жылы осы Жекекөлде туған (архивтік құжат №19-4-47 (204-21. 12.04.2018), М. Ғаббасов «Өмір жолы», 2003 ж., 148 бет). Ағайынды – Жақып, Жақия – 1856-1858 ж., Төлепберген – 1866 ж. Жекекөлде туған. Сонымен жекекөл ауылы 1856 жылдары осы тұрған жерінде болған. Бертін келе ауыл тұрғындары үйлерін (қыстау) көлден бастап көше қылып сала бастаған. Жаз шыға ауыл халқы Алуа көлін жағалай жайлауға көшіп отырған.
Ауылды айнала «Бүйректал», «Қарақатты», «Дөңгелек шоқ», «Ұзын бой» ағаштары қоршап тұрған, қазіргі уақытта кейбіреулері құрып кетті. Ауылдан Андағұл, Мерекеге барар жолда – бірінші, екінші, үшінші кезеттер бар. Олардан басқа – «Тоғыз құдық», «Түлкі шықпас», «Жасық», «Алтынбай», «Күмісбай», «Таңқы талы», «Кебже қойғақ», «Сулы тал», «Балтабай», Бойқызыл» ағаштары, «Жанұзақ» көлі бар. Бұл ағаш, жер атаулары кездейсоқ қойыла салған жоқ, әрбір аттың өз себептері болған.
Ауылда рулардан Атығай-Андағұл, Атығай-Балтабай, Керей-Балта, Керей-Монтай, Беспай, Бабасан рулары болған. Әр рудың өзінің зираты бар, олар Құлым – Қажы, Балтабай, Керей, Маңыбай зираттары. 1929 жылы Қызыл Аскер ауданы, Өрнек а/Советі құрылып, Жекекөл ауылы осы Советке қараған. 1929-1930 жж.Жекекөл ұжымшары (колхоз) құрылды. 1928 жылдан 1935 ж. дейін Ленин ауданы болған. 1935 жылы 31/I – Приишим ауданы ашылды. 1936 ж. Біраз жер Қызыл Аскер а/Советіне беріліп, сонымен бірге Жекекөл ауылы да Приишим ауданының құрамына кірді. Басында айтып кеткендей, Жекекөлдің Ұлбай Төлепбергенов деген азаматымыз 1936 жылы ауыр науқастанып, ауылға көшіп келді. Зердесі ояу, көзі ашық, басшылық қызметтерде істеген адам қарап отырмай, партия қатарына екпінді колхозшыларды тартып, бастауыш партия ұйымын құрды, өзі оның хатшысы болып сайланды. Ұйымда 9 коммунист, 4 кандидат болды. Осы Жекекөл ұжымшарының атқарып жатқан жарқын істерін көре алмаған біреулердің жаласымен 26/XI- 1937 ж. №904-ші істі қараған «Үштік» мәжілісінің шешімімен Төлепбергенов Ұлбай 10 жылға еңбекпен түзету лагеріне қамалды. Ол Омбы лагерінде 7/XII – 1942 ж. көз жұмды. Сол сияқты Абдрахманов Қалем ағамыздың әкесі Мұхаметжанов Абдрахман өтірік жаланың арқасында СҚО УНКВД «Үштіктің» шешімі бойынша 28/XI – 1937 ж. сотталып, 30/XI- 1937 ж. 02-05 сағатта атылды. СҚО облыстық соттың Президиумының шешімі бойынша 10 июнь 1963 жылы Мухамеджанов Абдрахман ақталды. Сөйтіп, Сталиндік қасірет біздің ауылды да аттап өтпепті.
1941 ж. Жекекөл мен Мереке деген шағын 2 ауылдан маусым айында әскер қатарына 64 адам шақырылып, майданға жөнелтілді. Бұлардың 28-і майданда ерлікпен қаза тапса, 36-ы Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, елге оралды. Қазіргі уақытта ол адамдар дүниеден өткен. Ұлы отан соғыс ардагерлеріне ескерткіш қойылған, соны қошеметтеп күтіп ұстап, келесі ұрпаққа аманат ету – біздің міндетіміз.
1941-1942 жылдары жер аударылып, ауылға оншақты семья немістер, 25 шақты шешендер келді. Аш-жалаңаш халықты барымен бөлісіп, ауыл адамдары жылы қарсы алды. Сол шешендердің ішінде Батай деген қолы шебер адам болды. Немістер жергілікті халықпен жақсы араласып кетті. 1950 жылы Жекекөл ұжымшарына мереке ұжымшары да қосылды. Осы жылы Мерекеден Жекекөлге Габдуллиндер, Дүйсенов Қамали, Көппергеновтер, Қадырбеков Ахметбек, Тұрсынбаев Қаймен, Нұрғалиев Жазит көшіп келді. 1950-1951 жылдары Ахмадиевтер, Шумаковтер де келді.
1954-1955 жылы Үкіметтің қаулысы бойынша «Тың және тыңайған жерді игеруге Советтер елінің түкпір-түкпірінен көптеген халық келді, олар орыстар, украиндер, белорустер т.б. Жекекөлде әр үйге осы келгендерден кем дегенде 2 адамнан орналасты. Үкіметтің көмегімен көл жақ шеттен үйлер салынды. Келгендердің көбісі механизаторлар еді, Андреев, Соломкин дегендер әлі күнге дейін елімізде. Осы 1955 ж. Үкіметтің қаулысы бойынша баяғы Амангелді, Жекекөл, Мереке, Талапкер, Андағұл, Қаратал колхоздарының жерлерінде жаңадан Амангелді совхозы ашылды. 1957 ж. совхоз құрамына «Путь Ленина» колхозы – «Владимировка», «Путь Октября» – «Андреевка», колхоз им. Калинина – «Калиновка», колхоз им. 30 лет Казахстана – «Поляковка» косылды. 1955 жылдың жазында Мерекеден Жекекөлге Нурмуканов К., Жиенмурзиндер, Зкрин Ерман, Мадан, Қарабалина Қадиша, Байкенов Т., Байкенов Б., Бұзауова З. көшіп келді. 1956 ж. ауылға свет, радио келді, столбының шұқырын әр үй өздері қазды. Сол жылдары моторист ақсақ Кравцов ауылдың сыйлы адамына айналды. 1957 ж. шешендер Кавказға, немістер туған жерлеріне кетті. Кейбір шешеннің ұрпақтары әлі осы күнге дейін келіп, қайтқандарына Құран оқытып жүреді. Радист Қайырнас ағамыздың дауысын үлкен бір мерекені күткендей тосушы едік. Жастар радиодан концерт беретін. Ауылда орысша, қазақша 4-жылдық мектептер, медпункт, клуб болды. Мал баздары салынды, әдемі қырман, сонан кейін асфальтты тоқ болды. Зират пен ауыл арасында тауық фермасы, оны Ахметова Кәмәш апамыз басқарса, көл сыртында Қалиасқарова Кәмәш апамыз 50-ден артық бие сауып, қымыз дайындады. Ауылда мыңға тарта қой болды. Колхоз уақытында бастырылған астықты құрғақ кезінде поляның шетіне үйіп сабанмен жауып, сосын күз бойы өгізбен, атпен қырманға таситын. Ол астықты екі әйел ағаш вимді қолмен айналдырып тазалайтын. Кейін мехтоқтар салынды. Ауыл оқушылары 4 класты бітіргеннен кейін Октябрь 8 жылдық мектеп-интернатында, Амангелдіде оқитын.
Петропавл №2 Каманин атындағы мектеп-интернатында Жекекөлден оқымаған жастар кемде-кем шығар. Ауылымның балалары ғой деп Хамзин Ғалым ағамыз мектебіне құшақ жая қарсы алушы еді. Амангелді совхозы Приишим ауданының құрамында 1963 жылға дейін болып, 1964 жылы Ленин ауданының құрамына өтті. Егемендік алғаннан кейін 1997 жылы Ленин ауданының орнына Есіл ауданы құрылды. Қазір де сол ауданның құрамында. Енді бірер әңгімеде ауыл ақсақалдарын, зиялы азаматтарды еске алсақ. Ауылымызда ақыл беретін, сөздерін жұрт тындайтын көптеген ел ағасы – ақсақалдар болған. Олар – аталарымыз АбдрахманАқмади, қабдош, Әлтай, Қожан, Әбу, Шериаздан, Исқақ, Жемырза, Мүсәйіп. Олардың ішінде Абдрахман, Әбу, Әлтай, Қожан, Исқақ – аудан көлеміндегі үлкен моллалар болған. Қожан атамыз шым үйдің үстіне шығып азан шақыратын. Ал Исқақ атамыз өзі сауатты, аңшы, бүркіт ұстаған тәуіп еді. Ауру адамдарды оқып, шірткі жазып беретін.
Онан кейін колхоздың, совхоздың не бір ауыр жұмыстарын атқарған ағаларымызды еске алсақ. Жүсіпов Мұқаш, Дүйсенбин қамали, қаменов Сұңғат, Абдильдин Қайырнас, Қайролла, Жакупов Нұрахмет, Есмұқанов Нұрғали, Есенбай, Мальжанов Досан, Рахимжанов бейсен, Едильбаев Сарсенбай, Тұрсынбаев Каймен, Нұрғалиев Жазит, Мұсабаев Елеуке, Сералин шаяхмет, Шериязданов Рақымғали, Абауов Абдраш, Сердалин Қадыр, Қазез, Кәрім, Саутбеков Әйтім. Мұқаш, Сұңғат, Қайролла ағаларымыз қыстың сақылдаған сары аязында 250 жылқыны тебінде ұстаса, Досан, Каймен, Қадыр, Нұрахмет ағаларымыз колхоз-совхоздың ауыр жұмыстарын атқарды. Сондай ағаларымыздың бірі – Саутбеков Әйтім. Ол колхозда да, совхозда да өмір бойы ұсташы болып еңбек етті. Ерінбейтін, жалықпайтын, жұрттын алғысына бөленген тамаша жан біраз жастарды өз өнеріне үйретті.
1929 жылы Жекекөл колхозы ұйымдастырылғанда бірінші колхозшы болып кірген Жүсіпов Мұқаш ағамыз екен. Ал оның баласы – Нәси ағамыз ауылдың құрметті азаматы, өзі өмір бойы учетчик болып істеген. Ауылда колхоз-совхоз өндірісінде барынша еңбек сіңіріп, елдің алғысына бөленген сауыншылар – Дәметкен Молдахметова, Ажар Умбетова, агрономдар Төлепберген Сыздықов, Қайрат Ахметов, Есләмбек Ахмадиев, механик Уәли Бабжанов, ағаш шеберлері – Винокуров Иван, Умбетов Нұрмағамбет – есімдері мақтауға әбден тұрарлық. Келесі ауыл зиялылары – Абдрахманов Қалем, Ғаббасов Мәжікен, Альжанов Қазиахмет, Алпысбаев Естай, Хамзин Ғалым, Ахмадиев Саттар, Әбутәліп Ғабдуллин, Тегіс Нұрғалиев, Бейсен Рахимжанов. Қалем-мұғалімді бұрынғы Мереке, Жекекөлден басқа аудан көлемінде сыйламайтын адам кемде –кем шығар. Есламбек жастарға ақыл-кеңес беріп, қолынан келген қайырымдылығын аямайтынын бәріміз білеміз. Ал Ғаббасов Мәжікен бүкіл соғыстың басынан аяғына дейін көріп, халқына 80-ге келгенше көрсетсе, Қазиахмет, Сәттар, Естай, Ғалым ағаларымыз – ел мақтанышы.
Соғыстан кейінгі ауыл өмірі де аянышты еді. Сол кезде соғыстан оралған майдангерлер – ағайынды Тілеубай, Еділ Балтабаевтар көп жыл ауылды басқарып, елге жан сала қызмет етті. Сондай-ақ колхозды басқарған қымбатты ағаларымыз Көппергенов Жәнібек, Қарабалин Сейпи, Саутов Әшкәр, Шәріпбаев Омар, Шериазданов Рахымғали сынды іскер, белсенді ауыл мақтаныштарын атаған жөн. Осы ауыр жылдары ауылда басқарма болып Талапкерден Мәдиев Әйтім деген ағамыз істеді. Бұл кісі өзінің салмақталығымен, білгірлігімен, турашылдығымен ел сыйластығына бөленді. Одан кейін Көппергенов Әлібек ағамыз – бүкіл Амангелді совхозының сүт жөніндегі жоспарын жауып тұрған шығар. Ауылды бірнеше жыл басқарып, жақсы істерге бастай білген Мұхаметқали Маженовтің еңбегі зор. Экономиканы нығайтты, мәдениетті көркейтті. Осы кезде жаңа мехтоқтар салынды, тоққа асфальт төселді, баздар салынды, медпункт, монша істеп тұрды. Мұхаметқали ағамыздың қолдауымен, Қалем ағамыздың іздесімен, сол кездегі ауылдық Советінің депутаты – Қамар жеңгеміздің жүгірісі арқасында 1970 жылдары ауылға жаңа 8 жылдық мектеп салынды. Бұл мектепте Абдрахманов Қалем, Қонаев Баян, Клумов Сайлау, Капезов Әмір, Гауһар Жолаушина жеңгеміз директор болып, қызмет атқарды. Қанша жас түлектер осы кісілердің қолынан ұшты. Ауылда зейнеткерлікке шыққанша 20 жылдан астам дүкенші болып істеген Жұмағалиев Бақтыбай ағамызды, ұшқыш болып Қарулы Күштер қатарында полковник дәрежесіне дейін көтерілген Қарабалин Сапарды, жас та болса спорт шебері аталған Сайдалин Теміржанды қалай ұмытамыз. Айта берсек есте қалар азаматтар көп. Арамызда үлкен адамдарқазір жоқтық қасы, кейбір адамдар ескерілмей қалуы мүмкін, мен оған кешірім өтінем.
Жекекөлдің табиғаты қандай шіркін, суы да мөп-мөлдір, ауыз суы да, малға қажет су да қиындық келтірмейді. Көл балыққа бай, сүлігі де мол, нағыз емдік құт. Айнала орман, бауыры да, қойны-қолтығы да сынсыған жеміс-жидек, қарақат, құлпынай, шие және саңырауқұлақтар түр-түрімен бар. Аумалы-төкпелі заман Жекекөл ауылына да үлкен әсерін тигізді. 1978 жылы алдыңғы қатарлы Жекекөл және оседлое ауылдары негізінде «Мереке» совхозы құрылды. Совхоз директоры болып Витрук Л.П. деген ветврач Иличевский совхозына келді, мен осы совхоздың бас агрономы болып тағайындалдым. Жұмыс күшінің тапшылығы алғашқы жылдары біраз қиындықтар туғызды. Мереке совхозының әрмен қарай жақсы дамуы 1980 жылы Юрков М.С. директор болып келуімен тікелей байланысты. Мен бұл жылдары ауылдық Советтің председателі, кейін партия комитетінің хатшысы болып істедім. Осы жылдары Жекекөлден Кіндіктіге дейін грейдер салынды. Жекекөлде малды бордақылау ұйымдастырылды. Совхоз орталығында, ауылда жаңадан үйлер, мехтоқтар, мал шаруашылығына баздар салынды. Ауыл шаруашылығында жаңа тұқымдар енгізіліп, техникамен толықтырылды. Центрде сауда орталығы, бала бақшасы, орталық жылу жүйесі, мәдениет үйі, МТМ, тоқ, жанар-жағар май базасы, стройучасток салынды. Көшелерге асфальт төселді, грейдердің екі жағына ағаш егілді. Осы жылдары ерен еңбегімен көзге түскен ауыл басқармасы Шаяхметов Еламанды, бригадир Рахымжанов Бейсенді, кукурузоводтар Мәженов Ескенді, Сыздықов Ануарды, Нұрмұханов Кенжебайды, агроном Ахметов Қайратты, малшылар Сердалин Кәрімді, Қасенов Ғалымжанды атамасқа болмайды. Ауылдың үстімен водопровод тартылды, бірақ ауылға кірген жоқ. Жекекөлде ауыз су мәселесі Жанұзақ көлінен тұщщы табылуымен шешілді. Қазіргі уақытта содан су құбыры тартылған.
Ауыл клубында Альтаев Жәдігер мен клуб меңгерушісі Абдрахманов Бақыттың ұйымдастыруларының арқасында осы кезде мәдениет жұмысының, жастардың ұйымшылдығының ең шырқау кезі болған шығар. Жекекөл жастарының өнері облыс көлемінде жұртқа белгілі болды. Бір шешілмей қалған мәселе – ол – жол жағдайы. Қатты жауын-шаннан кейін, әсіресе қыс мезгілінде қатты бораннан кейін жол қатынасы біраз қиындайтын.
1997-1998 жылдары совхоз ыдырады. Ауылдағы жұмыссыздықпен мәдениет үйінің жабылуы, жастардың қалаға кетуі, оқушылардың күрт кемуі мектептің жабылуына әкеп соқты. Жолдың болмауы мектеп пен медпункт, дүкеннің болмауы ауылдың ыдырауына себеп болды. Үкімет ауыл мәселесіне көңіл аударуда жолды түзесе, оңтүстіктен және оралмандар келсе ауыл сақталып қала ма деген үміт бар.
Ауыл күнін өткізу 2010 жылдан бастап Қамар жеңгеміз бен, жаста болса ауылға шын жүрегімен жаны ашитын Мұқашев Сабыржан ініміздің қолдауымен ұйымдастырылды. Осы кісілерге алғысымызды білдіріп, зор денсаулық тілеймін. Жоғарыларда айтылып кеткендей, өмірден өмірден өтіп кеткен спорт шеберлерінің құрметіне көрші ауылдарда турнирлер өткізіледі екен. Біздің Теміржан ініміз кімнен кем еді? Ауылдың сорпаның бетіне жүзіп шығарларына неге осы жайтты ескермеске?! Жуырда Қызылжарда «Жастар сарайында» жерлесіміз Жоламан Тұрсынбаевтың шығармашылық кеші өтті, бізге ұнады. Оның «Қызқарағай», «Менкесер» әндері, президентке деген «Толғауы» өте әсерлі. «Жекекөл» жайында ән күтеміз.
Ал қазір Сабыржан Мұқашев пен Асқар Жаменовтің «Жекекөлім – туған жерім» әнін және Қапезов Әмір ағамыздың «Жекекөл» өленің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.
Жекекөлім – туған жерім
Солтүстікте бір ауыл бар
Ақ қайынның ішінде
Мөлдір сұлу көлі де бар
Тең келетін теңізге
Асыл жанды халқымыз бар,
Шын жүректен сағынар.
Барша халық қош келдіңдер
Бүгін туған еліме

Жекекөлім – туған жерім,
Сағынышпен бүгін келдім.
Арғын, керей бір туғандай
Тату өскен Жекекөлім.

Ыстық кезін ауылымның
Ұмытпайық ағайын.
Сол бір өткен күндерімді,
Осы әніме салайын.
Шықсақ тағы талай шыңға,
Жетпейді екен қашанда.
Ауылымда ойнап өскен
Сол бір бала шағыма.

Жекекөлім – туған жерім,
Сағынышпен бүгін келдім.
Арғын, керей бір туғандай
Тату өскен Жекекөлім.

Баршамызға ортақ бақыт,
Бар емес па ауылың.
Сол ауылға барып жүрші,
Шөп баспасын жолдарын.
Бабаларын бір аунасын,
Келіп тұр деп ұрпағым.
Сол бабамның өсиеті,
Жүрегімде сақталсың.

Жекекөлім – туған жерім,
Сағынышпен бүгін келдім.
Арғын, керей бір туғандай
Тату өскен Жекекөлім.

Жекекөл
Жекекөл Талапкермен екеуара,
Туғандай болды анадан жеке дара,
Аталар екеуінің асқақтады,
Бір Алла екеуіне беріп сана.

Әжелер ақжаулықты болған дана,
Оларға қонақжайғып берді сана.
Кейінде ел намысын қорғап өсті
Осындай ата-анадан туған бала.

Көрікті саймен, сала ағашымен,
Көлі бар ішкен жанға болатын ем.
Жарасқан табиғаты малмен жанға,
Ауылы Жекекөлдің жұмаққа тең.

Алланың бере салған жері дархан,
Болғансоң жері дархан халқы дархан,
Осындай адамдардың арасында
Әр қашан кең жүреді сенің арқан.

Өз елін ұмытпайды ұрпақтары,
Сияқты осы отырған сұхбаттары.
Зады жақсы адамның ісі жақсы
Ұмытпас аталарын жұмақтағы.

Кейінгі сөз
Осының бәрін тәптіштеп айтып отырғанымыз – «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді, өткендердің басына барып Құран оқып, соғыс ардагерлерін еске алу, шетте жүрген ауыл азаматтарына, жастарға шама келгенше ауыл жайындағы бүкіл ақпараттарды естеріне салу. Ауылдан шыққан ірі-ірі мемлекет, қоғам қайраткерлері, әскери адамдар, ғалымдар, композитор, ірі шаруашылық басшылары, бизнесмендер бар, соларға осындай шерулерге келіп, араласып, ұрпақтарын көрсетіп, ауыл жағдайына аралассын деген ой ғой.
Ардагерлер ескерткішін қалпына келтіруге ат салысқан Ебжанов Керімбайға, Айсин Сәбитке, Саутбеков Темірғалиға, Абдрахманов Марсқа, Әтәй ағамыздың баласына көп-көп рахметімізді айтамыз. Ескерткіш жұмыстарын үш пенсионер – Шарипов Жақсылық, Есмұқанов Олжабай, және мен жүргіздік. Келесі “Ауыл күнін” өткізетін әулет басшыларына тілейтініміз – осы атқарылған істердің сапасын түсірмей бір-біріне табыстап, олқыларын толықтырып отырса дегіміз келеді.

Пайдаланған құжаттар мен архивтік материалдар тізімі

1. Ғаббасов, М. Ауылым менің Жекекөл (9 бет)
2. Архивтік құжат №19-4-47 (204-21. 12.04.2018)
3. Ғаббасов, М. Өмір жолы. 2003. (148 б)
4. Мұхамеджанова Күлша әжеміздің (1877 ж. туған) естелігі
5. Альжанов Қазиахмет ағамыздың естелігі
6. УНКВД-інің Үштігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша №16 протоколының көшірмесі 28.11. 1937 ж.
7. 26/XI-1937 ж. №904-ші істі қараған «Үштік» мәжілісінің шешімі
8. СҚО соттың Президиумының 10 июнь 1963 ж. шешімі
9. 1954-1955 жылғы Үкіметтің «Тың және тыңайған жерді игеру» жөнендігі қаулысы
10. Архивтік фондқа тарихи құжат 10.05.2018ж. Явленка
11. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша колхоздар мен совхоздардың тарихы. 10.05.2018 ж. Явленка
12. Мемлекеттік партия архивы. СҚО бойынша (1918-1980)
13. Облыстық мемлекеттік архив. Петропавл қаласы, 1985 ж.

Қаменов Ерсайын Сұңғатұлы, 23 июнь 2018 ж.