ЖАУАР Бұланбайұлы (1880, Солт. Қазақстан обл. Айыртау ауд. Қоскөл а. — 1968. сонда) — белгілі шешен. Арыстанбай ақынның ұрпағы, қазақ халқының тарихын жақсы білген. Жас кезінде Ақан серімен дос болған. 1917 жылға дейін Ж. Қоскөл а-ның рулық қауым басшысы болған. Қазақстанда әдейі қолдан ұйымдастырылған аштық кезінде (1921—22) өзімен бірге ауылдың 90 отбасын Ресейге, Түмен обл-на апарған, осылайша өз руын аштықтан аман сақтап қалған. Ол туралы акад. Ә.Марғұлан: “Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қайраткерлігі жайында білетін — белгілі Арыстан ақынның ұрпағы Жауар Бұланбайұлы. Жауар — қызыл тілдің шешені, тарихты жақсы біледі. Қартайған шағына дейін (жерлестерімен бірге елге қайтып оралғаннан кейін) Ж. халықтың даналық сөздері мен аңыздарын, тарихи оқиғалар жайлы айналасындағыларға айтудан шаршамаған”, — деп жазүан. Ж. туралы мәліметтер, оның ұлы Уәлиханның жазған өлендері, қызы Забиданың қолдан тоқыған кілемдері Көкшетау Әдебиет және өнер музейінде, Сырымбеттегі Ш.Уәлихановтың мұражай-үйінде сақтаулы.
О.Жауаров