ТЕЛЖАНОВ Қанафия Темірболатұлы (Мұхамедқанафия) (1.5.1927, Солт. Қазақстан обл. Уәлиханов ауд. Толбухин а.) – суретші, монументалді сурет өнерінің негізін қалаушылардың бірі, педагог, Қазақ КСР Халық суретшісі (1963). ҚР ҰҒА корр. мүшесі (1994), КСРО Суретшілер академиясының корр. мүшесі (1967), Жоғары мектептер Халықар. академиясының құрметті академигі (1995). 1932 ж. Т-тың ата-анасы Ленинград қ-на көшіп барады (анасы Ж.Жақыпова сол қала қоршауда қалған кезде қаза тапқан). Т. ерте оянған суретшілік талантының арқасында 1937 ж. КСРО Суретшілер академиясының құрамындағы жас талант суретшілер мектебіне қабылданады. 1947 ж. Алматы Көркемсурет уч-щесін, 1953 ж. Ленинград көркемсурет, скульптура және архитектура ин-тының көркемсурет ф-тін бітіреді. 1953-58 ж. Алматы театр-көркемсурет уч-щесінде оқытушы. 1964-68 ж. Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, 1973-86 ж. Қазақ көркемсурет галереясының директоры. 1978-93 ж. Алматы мемл. театр және көркемсурет ин-тында, 1993-2000 ж. Қазақ мемл. көркемсурет академиясында оқытушы, 2000 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1955 ж. Третьяков галереясында қойылған “Жамал” шығармасы арқылы бүкіл әлемдік деңгейде кең танымал болды. Сериялы “Еңбек адамдары” туындысы арқылы қазақ сурет көркемөнеріне үлкен үлес қосты. Бұл сериялы еңбекке кірген “Атамекен”, “Әнші домбырасы” (екеуі де 1958), “Көкпар” (1960), “Тыныштық”, “Кеңес” шығармалары үшін Қазақ КСР Мемл. сыйлығын алған. Революциялық тақырыптағы бірқатар монументалді “1918 жылғы Қазақстан” (1967), “Революция қорғауында” (1980-81), “Бастау” (1967) туындыларын жазған. Т. графика (“Венеция”, 1961) және соғысты бейнелеген көркемсурет (Б.Греков атынд. күміс медаль, 1968) жанрында да еңбектенген. Т. шығармалары көптеген халықар. кормелерге қойылған. Қазақстан мен Ресей мұражайларында және шетел галереяларының жеке қорында сақтаулы. Ш.Уәлиханов атынд. Сыйлықтың лауреаты (1967). “Парасат”, “Құрмет Белгісі”, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медалдермен марапатталған.
Әдеб.: Мұқтарұлы С., Ата мекен, А.-А., 1985: егоже: Суретшінің балалық шағы, А., 1996; Вандроновская Е.. Канафия Тельжанов, М., 1973; Канафия Тельжанов (Альбом. Авт.-сост. Марченко Л.Ф.), А.-А., 1982; Рыбакова И.А., Канафия Тельжанов. В кн.: Мастера изобразмтельного искусства Казахстана, А.-А.. 1984.