Шал ақын

ШАЛ АҚЫН, шын аты Тілеуке Құлекеұлы (1748. Көкшетау обл. – 1819. Солт. Қазақстан обл. қазіргі Шал ақын ауд.) — халық ақыны, Абылай ханның замандасы Туылған кезде қойылған аты Тілеуке, кейін оны Шал деп атап кеткен. Бала кезінде тапқыр, зерек, ойға жүйрік, алғыр болған, ақылды қариялардың әңгімелерін сүйіп тыңдаумен қатар, онай есте сақтап отырған. Сол үшін де оны замандастары мен жеңгелері қалжыңдап “көпті көрген, қария” деп ат қойған. Әкесі Құлеке атақты батыр болған, анасы үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидің қызы. Құлеке батыр жайлы нақты тарихи мәліметтер сақталған. Оның есімі орыстың ресми құжаттарында жиі кездеседі. Хатық аузында сақталған аңыз-әңгімелерге қарағанда Ш.а. Есіл жағалауына бала кезінде келіп. Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданы аум-нда өмір сүрген. 15 жасынан бастап поэзия өнеріне бейімділігінен, сол замандағы ақындардың шығармалары мен фольклорға деген қызығушылығын танытады. Ш.Уәлихановтың айтуы бойынша, Ш.а. қазақ халқының шығу тегі, тайпалары, хандар генеалогиясы туралы мәліметтер жинап, соның негізінде тамаша эпос жазады. Үнемсіздігі мен епсіздігінен, жинақылығының жоқтығынан Ш.а. әкесі қалдырып кеткен байлықты сақтап қала алмаған. Кедейшіліктің ауыр тұрмысын бастан кешірген кезде байлардан көмек сұрамаған. Жағымпаздық пен жалпақтауды жек көрген, тағдырдың барлық сынақтарынан абыроймен өткен. Ш.а-ның мұралары бізге толық жетпеген, жеткендерінің өзі бір жарым мың жол ғана. Өлеңдері тақырыбы бойынша әр түрлі: жақсылық пен жамандық, жомарттық пен дүниеқорлық, ақылдылық пен надандық, кедейлік пен байлық. Оның лирикалық шығармалары философ. тереңдігімен және адалдығымен баурап алады. Оның шығармаларында діни тақырып ерекше орын алған. Ол өз заманының жоғары білімді адамы болған. Ақын адамдардың өмірден өз орнын таба білуі, өз міндетін түсіне білуі, жақсылық жасай білуі, т.б. көптеген жайттер адамдардың өзіне байланысты екенін айтқан. Осылар жайлы оның дидактикалық шығармалары (“Әке мен шешенің қандай қымбат екенін түсіну”, “Жігіт туралы”, “Егер жігіт бәрін білетіндігімен тәкәпарланса”, “Жаман адам, дәрежесі жоғарылаған сайын ақымақ бола бастайды”, “Әйел бейнесі”, т.б.) көп. Ш.а. адамның ең жақсы қасиеттерінің бірі бірлік пен достыққа ұмтылу деп санады. Ш.а-ның бірқатар өлеңдерінде түркітілдес елдердің поэзиясына тән дәстүрлі эвол. тақырып – адам өмірінің кезеңдері, балалық шақтан қартайғанға дейінгі өмірі бейнеленген. Ол шығармаларын аяқ астынан шығарған. Оның суырып салмалық өнері осы жанрдың бейнесі болып табылады. Ол поэзиялық сөз жарыстардың шебері, көптеген айтыстарға қатысқан (“Шал ақынның қызбен айтысы”, “Бәйбіше мен Шал ақынның айтысы”, “Шал ақын мен жігіттің айтысы”, т.б.). Зерттеушілер оның өнерінің көркемдік жағынан ерекше жетістіктерін айтып, оның тілінің бейнелілігін, дәлдігін, тапқырлығын және стилінің мәнерлілігін көрсеткен. Оның көптеген нақыл сөздері ел жадында сақталған. Ш.а-ның өлеңдері алғаш 1928 ж. басылды (“Жаңа әдебиет”, №5), содан кейін 1958 ж. 8 өлеңі жарық көрді (“Қазақ әдебиеті, 28 қазані. Ш. а-ның кейбір шығармаларын кезінде М.Хакімжанова, Ф.Ғабитова. А.Нұрқатов, т.б-лар ақсақалдардың ауызша айтқандарынан хатқа түсірген. Қазақстаннан тыс жерлерде Ш.а-ның бірнеше шығармасын түркі тілдері әдебиетін жақсы білетін белгілі  ғалым Х.Шаяхметұлы жазып алған, оның қолжазбасы Қазан университетінің Н.И.Лобачевский атындағы ғыл. кітапханасында сақтаулы. Ш.а-ның шығармалары негізінен 1960 жылдан басылып шыға бастады, сол кездері оның шығарм. туралы ғыл. зерттеу мақалалар да жарияланды. «XVII—XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962), “Үш ғасыр жырлайды” (1985) басылымдарының алғы сөздерінде ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі, профессор И.Дүйсенбаев Ш.а-ның шығарм-н Бұхар жырау, Тәтіқара, Ақтамберді есімдерімен қатар қояды. Ш.а-ның мұраларын әдебиеттанушылар – Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин, Г.Абетов, Ш.Елеукенов. Ә.Дербісәлин, Ө.Күмісбаев. т.б-лар зерттеген. 1998 ж. 25 қазан күні Петропавл қ-нда Ш.а-ның туылғанына 250 жыл толуы құрметіне Халықар. ғыл.-теориялық конференция өткізілді. Ш.а-ның шығармалары жоғарыда аталған басылымдардан басқа “Алдаспан” (1971), “XV- XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы” (1982), “Бес ғасыр жырлайды” (1985, 1989) жинақтарына кірді. Соңғы шыққан “Шал ақын” (“Арыс”, 2003) басылымына ақынның қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалары, белгілі ғалымдардың ғыл. мақалалары енгізілді.

Г.Қамбарбаева