Шаймерденов Сафуан

ШАЙМЕРДЕНОВ Сафуан (15.4.1922, Солт. Қазақстан обл. Жамбыл ауд. Амангелді а.) – Қазақстан халық жазушысы, Қазақ КСР Мемл. сыйлығының лауреаты. ҚазМУ-ды бітірген. 1943-49 ж. Солт. Қазақстан обл. “Ленин туы” газетінің әдеби қызметкері, 1950-52 ж. “Лениншіл жас” газетінің Қарағанды обл. бойынша тілшісі, 1952-55 ж. “Жұлдыз” журналының бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары. 1955- 56 ж. “Қазақ әдебиеті” газеті редакторының орынбасары, 1956-60 ж. “Мәдениет және тұрмыс” журналының бөлім меңгерушісі, проза секциясының меңгерушісі, 1961-63 ж. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1971 – 76 ж. Қазақ КСР Мәдениет мин. Репертуарлар коллегиясының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1976 жылдан шығарм. жұмыста. 1953 ж. Ш-тің алғашқы “Болашаққа жол” романы жарық көрді. бұл кітап 1958 ж. орыс тілінде “Инеш” деген атпен жарық көрді. 1964 ж. “Мезгіл” повесі, 1965 ж. балаларга арналған “Жанар мен Данар”, 1966 ж. “Таныс көрші”, 1967 ж. “Қарғаш” повестер мен әңгімелерінің жинағы басылып шықты. Онын “Ағалардың алақаны”, “Әдеби толқындар” шығармалары үшін Қазақ КСР Мемл. сыйлығы берілген. Ш. драматург танымал. “Дөкей келе жатыр”, “Марғау үні”, т.б. пьесалары респ. және обл. театрлар сахналарында қойылып жүр. Үнді әдебиетінің классигі Р.Тагордың “Бөліну” романын (1958) және Л.Н. Толстойдың “Альберт” повесін (1965) қазақ тіліне аударған. “Отан”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен және медалдермен марапатталған. Петропавл қ-ның құрметті азаматы.

К. Омаров