САЛҒАРА Жанкісіұлы (1758, Ащылы-Тұщылы қонысы, қазіргі Солт. Қазақстан обл. Жамбыл ауд. Преснов а. – 1859, Преснов ст-нан 6 км жердегі Марқаш көлінің жағасындағы Жалағаш қонысы) – ақын, композитор, ұлт-азаттық қозғалысының батыры. Атақты батыр әрі жырау Жанкісі Көшекұлының ұлы. Қожабергеннің “Асқап” медресесінде, содан кейін Үргеніш қ-ндағы медреседе оқыған. Оқуын бітірген соң мешіт имамы және медресе оқытушысы болып жұмыс істеген. 18-ғ-дың соңғы ширегінде басқа жақтан келгендердің басып кіруіне қарсы соғысқа белсене қатысқан. С. жас салсерілерден құралған топты басқарған. Өз әндерін қобыздың сүйемелдеуімен, ал күйлерін сыбызғымен орындаған. 1782 ж. С. атақты “Жиырма бес” өлеңін шығарған. Ол –«Жүсіп-Зылиха», “Бозжігіт”, “Қасым Жомарт”, ” Сейфүлмәлік-Бәдигүлжамал”, “Иранғайып”, “Шәкір-Шакрат” дастандарының, “Күн астындағы Күнікей қыз” бен “Керқұла атты Кендебай” қазақ ертегілері желісіне құрылған өз нұсқасын жазған. С. “Күйік шаһар”, “Шатыра соғысы”, “Үш төре”, “Бала зары”, “Көшкен жұрт” өлеңдерін, “Қызыл бидай”, “Тобылғы сай”, “Алай көк”, “Шалқыма”, “Ахауайым”, “Еркем-ай”, “Тоқсан бес”, “Мұнанай” әндерін, “Бәйбіше”, “Боз тұлпар” күйлерін, т.б. шығарған.
Қ.Мұқанов