Бектұрғанов Хасан Шаяхметұлы (1922, Мамлют ауданы Мамлют қаласы — 1987, Тараз қаласы) — партия және қоғам қайраткері. Арғын тайпасының Қарауыл руынан шыққан. 1922 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданында дүниеге келген. Отбасындағы төрт баланың үлкені. Әкесі Сібір ауылшаруашылық академиясының түлегі, ғалым-агроном Шаяхмет Тастемірұлы Бектұрғанов 1937 жылы жаламен ұсталып, әйгілі 58-баппен репрессияға ұшырайды. 1939 жылы анасы дүние салғанда ол мектепті бітіріп жатқан болатын. Осыдан кейін ізінен ерген інілері мен қарындастарына қамқорлық жасау жүгі оның иығына артылды. Ал соғыс басталып, әскер қатарына шақырылғанда он тоғыз жаста еді. 1941 жылы Фрунзе (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін 38-атқыштар дивизиясының құрамында взвод командирі болып, Калинин және солтүстік-батыс майдандарындағы шайқастарға қатысқан. 1942 жылы сәуір айында 8-гвардия И.В.Панфилов дивизиясында полк комсоргі болады. Мәскеу түбіндегі шайқастардың бірінде ауыр жараланып, госпитальге түседі. Шыққаннан кейін 1943 жылдың сәуір айынан 19-гвардия атқыштар дивизиясына полк комсоргі ретінде жіберіліп, соғысты аяқтайды. Соғыстан кейін Петропавл қаласына оралған соң Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің нұсқаушысы, кейіннен Совет, қазіргі Аққайың ауданы партия комитетінің хатшысының орынбасары болды. Осы кезеңде Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітіреді. 1958-1966 жылдары Көкшетау, кейіннен Ақтөбе облысы партия комитеттері хатшысының 2-орынбасары, атқару комитетінің төрағасы лауазымында қызмет атқарған. Қызылорда облысына басшылық жасаған кезеңі – 1966-1969 жылдар. Мұнан кейін Жамбыл облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметін 11 жыл атқарып, құрметті демалысқа шығады. Ленин (екі рет), «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» (екі рет), І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және көптеген медальдармен наградталған. Х.Бектұрғанов өте іскер, партия жұмысын жақсы білетін, жоғарыға мәселені батыл да нақты, нанымды етіп қойып, сөзін өткізе білетін басшы болды. Ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгенге дейін аупарткомның бірінші хатшыларынан бір ақ кісі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болатын. Бектұрғановтың кезінде екі аудандық және қалалық партия комитетінің бірінші хатшылары депутат болып сайланды. Ол кісі орыс тілінде тәрбиеленіп, білім алса да барлық жиналыстарды тек қазақ тілінде жүргізетінімен есте қалған. Өмірдің күрделі де жауапты кезеңдерін бастан өткерген Х.Бектұрғанов – жалғыз Қазақстанда ғана емес, КСРО аумағында ізі қалған саяси тұлға. Халқымызда «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген қастерлі сөз бар. Олай болса, нар жүгін көтерген, халқымыздың аяулы перзенті Хасан Шаяхметұлының парасаты мен пайымы, шуағы мен шапағатының алысқа кетері ақиқат.
В честь достойного земляка // Северный Казахстан. – 2002.- 25 января
Бектурганов Хасан Шаяхметович //Северо-Казахстанская область: энциклопедия.- 2004. – С.174
Бектұрған Хасан Шаяхметұлы /Қызылжар өңірінің зиялы қауымы. – 2010 жыл. – Б. 74
#СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Мероприятия #Информация #Чтение #Книги