НҰРТАЗИН Ахметжан (1908. Солт. Қазақстан обл. Шал ақын ауд. Көктерек а. — 1973. сонда) — халық ақыны. 1930 ж. партия, кеңес органдарында қызмет істеген. 1933-39 ж. СҚО-ның бұрынғы Октябрь. Есіл, Келлер аудандарында және Көкшетау қ-ндағы статистика басқармасында статистика инспекторы; 1940-42 ж. осы басқарманың бастығының орынбасары болған. Содан кейін Преснов, Пришим орман шаруашылықтарының директоры; 1945-68 ж. Октябрь ауданаралық орман шаруашылығы басқармасының директоры қызметтерін атқарған. Орман шаруашылығында басшылық қызмет атқарған жылдары бастауыш мектеп, клуб, кітапхана, дүкен, мед. пункт, құрылыстарын ұйымдастырған. Новопокров, Заря, Ысқақ Ыбыраев, т.б. ауылдарды көгалдандыруға ықпал етеді. 1957 ж. обл. ақындар айтысына қатысып, бірінші орынды жеңіп алады. Кейіннен обл. көлемінде өткен барлық айтыстарға қатысқан. “Полковниктің қызы”, “Таубай”, “Қоспан партизан”, “Ауылдағы шайқас”, т.б. поэмаларының авторы. Н-нің бірқатар өлеңдері 8—10 сыныптардың оқулығына енгізілген. Шығ.: Полковник қызы. А., 1966; Орман сыры. А., 1969; Көк тоғай, А., 1972.
Б. Қожахметов