«Ұлт рухының жанашыры»

2022 жылдың 13 желтоқсаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Көрнекті ғалым-этнограф, жазушы, публицист, аудармашы, өнер зерттеушісі Ақселеу Сейдімбектің туғанына 80 жыл толуына арналған «Ұлт рухының жанашыры» атты әдеби кеш өтті.

 

 

 

 

 

Шараға зиялы қауым өкілдері, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері мен оқытушылары, Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің оқушылары мен мұғалімдері, кітапхана оқырмандары және Ақселеу Сейдімбектің келіні – Сейдімбек Әлия Алтайқызы мен немерелері қатысты.
Шараны белгілі жазушы, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізді.
Алғашқы болып сөз сөйлеген Ақселеу Сейдімбектің жерлесі, досы, журналист- әріптесі, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, академик Зарқын Тайшыбай онымен бірге Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бірге қызмет істегенін, одан кейін де оның өмірінің соңына дейін достық, шығармашылық қарым-қатынаста болғанын айта келіп, оның ұлт жанашыры ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, өнерін, әдебиетін зерттеген ғалым екеніне тоқталды. Ақселеу Сейдімбектің өмір жолы, шығармашылығы, халқына сіңірген еңбегі жайлы да айтылды.

 

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Зәуреш Жиентаева және №5 орта мектептің директоры Күлімкөз Смаилова Ақселеу Сейдімбектің немересі Тарланның мектеп-гимназияда үздік оқушы болғанын, мектепті «Алтын белгіге» бітіргенін, 8-9 сыныпта оқыған кезінде тарих пәнінің мұғалімі Зәуреш Көшеғалдықызының жетекшілігімен атасы туралы ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, облыста 1-ші орын, республикада 3-орын алғанын зор мақтанышпен айтты.

 

 

 

 

 

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Гүлнәр Ахметжанова Ақселеу Сейдімбектің ел ішіне кең тараған «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Алтын асық», «Гагигай» тағы басқа әндері бар екеніне тоқталды. Оның «Арман-ай» әнін домбырамен орындап беріп, тыңдаушылардың қошеметіне бөленді.
Кешіміздің құрметті қонағы, Ақселеу Сейдімбектің келіні Әлия Алтайқызы атасының адамгершілік қасиеттеріне жан-жақты тоқталды, өте тебіреніспен еске алды.
Кешке қатысушылар «Даланың дарқан дарыны» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Информация #Мероприятия #Книги #Чтение