ЕСЕНЕЙ Естемесұлы (1798, Қызылжар ауд. Бескөл қонысы — 1871, Солт. Қазақстан обл. Жамбыл ауд. Бүркет қонысы) — атақты би. Қызылжардағы (Петропавл қ.) Шақшақ би медресесінде, кейіннен Үргеніш қ-ндағы медреседе оқыған. Бұл жерде рухани пондерден басқа, араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренген. Орыс тілін жақсы меңгерген. Медресені бітірген соң ишан Марал Құрманұлының оқушысы болып, мыңбасы-сардар атағына ие болған. 1819 ж. Шақшақ батыр Көшекұлы егде тартқан шағында Е-ді керей-уақ тайпаларының біріккен одағына басшы етіп сайлауға өзінің батасын береді. 1824—30 ж. Е. ашамайлы керейдің биі. 1830—34 ж. керей тайпасының сыбан руына старшина, 1834—36 ж. Аманқарағай ішкі округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың орынбасары болады. 1836—42 ж. аша-майлы керейдің биі. 1842—52 ж. сыбан-керейлердің болыстық басқарушысы, 1852 — 59 ж. Құсмұрын округінің (Аманқарағай окр.) сұлтаны. 1859—68 ж. Бат. Сібір (орт. — Омбы қ.) губернаторының кеңесшісі болып қызмет атқарды. Адал еңбегі үшін Е-ге ресей дворянствосына рұқсат беретін, әскери майор шені берілген. 1832 ж. қазақ елін қорғау мақсатында, басқа да старшиналармен бірге Бат.-Сібір губернаторына шағымхат жазып, онда шептік қазақ-орыстардың қазақтарға жасап отырған қысымшылығына тиым салуын сұраған.
Әдеб.: Мұқанов С.. Аққан жұлдыз, 1-т., А., 1970: Бейсенбаев Ж., Жансын тағдыр жарқылы, А., 1987: Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 3-т., А., 2001.
К. Биғожын