Ермұханбет Қуандықтың «1 жыл 11 ай 3 күн» кітабының тұсаукесері

2022 жылдың 2 желтоқсаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында желтоқсан қаhарманы Ермұханбет Қуандықтың “1 жыл 11 ай 3 күн” кітабының тұсаукесері өтті. Бұл – кітап авторының бас бостандығынан айырылып, қапаста отырған мерзімі…
Іс-шараға кітап авторы және ақын-жазушылар, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, оқытушылар, студенттер, кітапхана оқырмандары қатысты.
Шараны белгілі жазушы, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізді.


Кітаптың авторы – Ермұханбет Қуандық 1986-ның Желтоқсанында студенттер арасына қозғау салып, алаңға шығуды алғаш ұйымдастырушының бірі. Ол қарапайым азаматтық құқығын талап еткені үшін отаршыл-озбыр жүйе тарапынан қатал қуғынға ұшырап, оқудан шығарылып, тергеуге түсті. Бес жыл бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі кесіліп, қапасқа қамалды..Уақыт қысымымен, мерзімінен бұрын ақталып, 1 жыл 11 ай 3 күн түрмеде отырып шыққан соң да, еңсесін түсірместен өз ортасына оралды. Қайтпастан қуына жүріп, ҚазМУ-дың тарих факультетіне қайта қабылданды. Оқуын аяқтап, дипломын қолына алды. Заман талабына қарай еңбектенді.
Ермұханбет Қуандық өмірбаяндық деректі “1 жыл 11 ай 3 күн” атты кітабында көп құпиясы әлі күнге толық ашылмай, жұмбақ жатқан Желтоқсан көтерілісінің өзі көзімен көріп, куәсі болған оқиғаларын боямасыз, қоспасыз нақты дерек-дәйектер арқылы жүйелі, тартымды баяндайды. Бұл кітапта Ермұханбеттің өмірін өзгерткен Желтоқсан тарихы, өзі мен “майдандас” достары басынан кешкен тәлейлі тағдыры тартымды да шынайы жазылған.


Кітап авторы – Ермұханбет Қуандық кітаптың жазылу тарихы, мазмұны туралы айта келіп, кітаптың кейіпкері – біздің жерлесіміз, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Бағдат Мұқановамен ҚазМУ-дің тарих факультетінде бірге оқығанын, сотқа шақырылған жиырмадан астам студент-куәгерлердің ішінде өзін жақтап, батыл қорғап сөйлеген бірден-бір куәгері ол болғанын баса айтты, мұқабадағы ақ-көк-қызыл бояулардың мағынасына тоқталды, ақ түс – қар, көк түс – мұз, ал қызыл түс – жазықсыз төгілген қан,- деді. Қойылған сұрақтарға жауап берді.
Келесі сөз сөйлеген жерлесіміз, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Бағдат Мұқанова Желтоқсан көтерілісінің өзі көзімен көрген оқиғаларын тізіп айтып берді.


Желтоқсаншылар – әскери журналист Боташ Қажымов, Аққайың ауданы Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Қайрат Бабанов, зейнеткер Айдарбек Бегенов сөз сөйледі.
Жастар атынан сөз сөйлеген М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің «Foundation» факультетінің студенті Бақытгүл Аманжол «1 жыл 11 ай 3 күн» кітабы туралы өз пікір-ойларымен бөлісті. Бұл кітаптың жастарға патриоттық тәрбие беруде, елін, жерін сүюге тәрбиелеуде маңызы зор, қазақ елінің болашағы жастарда, шетелден келсем де өз үлесімді қосамын,- деді.
Қатысушылар «Желтоқсан – жан жарасы» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Информация #Мероприятия #Книги #Чтение