Біржан сал Қожағұлұлы Біржан

БІРЖАН САЛ. Қожағұлұлы Біржан (1834. СҚО Жамбыл ауд. Жаңажол а. — 1897. Степняк қ.) — белгілі әнші, композитор, халық ақыны. Б. с. домбырада шебер ойнаған, көрнекті дауыс иесі болды. Өзіндік сазды-поэзиялық шығармаларын жарыққа шығарды. Солт. Қазақстан және Көкшетау обл-тарында ауылдан ауылға жүріп, халық мерекелеріне қатысып, өнерлі жастардың басын біріктіріп, көшпелі театр ұйымдастырған. Б. с-дың шығарм-да махаббат тақырыбы өзекті орын алады. Мыс.: “Айтбай”, “Ғашығым”, “Ғашық жар”, “Ләйлім-шырақ” әндері нәзік сезімді, сұлулықты жырлаған сыршылдығымен және мән-мазмұнымен де құнды. Жас жігіттің сүйгеніне деген іңкәр сезімі, махаббат мұңы сұлу да жүйрік, жорға да аяңшыл аттардың суретімен іштей астасып жатыр (“Телқоңыр”‘, “Ақсеркеш”, т.б.). ”Орынбор әні” өлеңінде сенімді серігі домбырасын әнге қосады. Әнші-ақынның шығармаларында жастықтың от жалыны да, серілік, салдықтың салты да, сұлулық атаулыға ынтықтық та, қиянат пен зорлыққа, әділетсіздікке қарсы туған ашу-ыза, туған жері Есіл маңының табиғатына деген сүйіспеншілік те бар. Б. с. қазақ даласының болыстары Жанбота мен Азнабайды әшкерелеп, халықтың сөзін сөйлеп әнге қосады (“Жанбота”, “Адасқақ”). Өмірінің соңғы күндерінде дүниенің жалғандығын мойындап, шер-мұңға батқан көңілден шыққан өлеңдері (“Жамбас сипар”, “Теміртас”) ақынның кәрпікке қарсы шыққандығын көрсетеді. Жаяу Мұса, Басықараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Естай, Үкші Ыбырай, Жарылғапберді, т.б. арқаның атақты ақын-әншілері — Б. с-дын мектебінен өнеге алып, өріс жайған, оның композиторлық өнерін жалғастырып, ілгерілеуіне мол үлес қосқан өнерпаздар. Осындай өнер майталмандары мен ел арасындағы әуесқой әншілер арқылы біздің заманға Б. с-дың 60-қа жуық әндері жеткен. Оның ішінде “Біржан-сал”, “Алтын батдақ”, “Ақтентек”, “Жаймашуақ”, “Бурылтай”, т.б. бар. Б. с. айтыс өнерінің шебері болғандығының көрінісі Сара Тастанбекқызымен болған айтысы. Б. с-дың Жетісу өніріне іздеп барып, Сара ақынмен айтысы оны дарынды, суырыпсалма ақын ретінде дүйім елге таныпты және айтыс жанрының классикасы болып қалды. Б. с-дың бір басында бірнеше өнер болды. Ол ақын, композитор болумен қатар күреске түскен палуан, ойын көрсетуші және шебер әңгімеші болды. Петропавл, Тайынша, Қоянды жәрмеңкелеріндегі мерекелер Б. с-сыз және оның маңындағы ақын-жыршыларсыз өтпеген. Б. с-дың жолын солт. өңірге аттары жайлыған Ақан сері Қорамсаұлы, Жаяу Мүса, Әсет Найманбаев. Балуан Шолақ, Доскей Әлімбаев, Құлтума Сармұратов сияқты ақын-жыраулар жалғастырды. Б. с. әндері дәстүрлі қазақ әндерінің классик. үлгілері ретінде қазақ мәдениетінің алтын қорынан орын алды, муз. мұрасы бірнеше рет жинақ болып басылып шықты. Б. с-дың шығарм. өмірі мен өнеріне А. Жұбанов “Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы” атты кітабында үлкен бір тарау арнады. М. Төлебаев “Біржан — Сара” операсын жазды (либреттосы Қ.Жұмалиевтікі (1946), оның өзегі даңқты ақындардың айтысы болды.

С. Жұмабаев