БЕКЕНОВ Елжас (Ілияс) Жүнісұлы (1892, СҚО қазіргі Таііынша ауд. Қарағаш а. — 30.6.1938, Алматы қ.) — жазушы, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері. Мәскеудегі Қызыл профессура ин-тын бітірген (1933). Ауылда жалшы. Петропавлдағы Мұратов диірменінде жүк тиеуші (1912). Томбы губндағы Судженка көмір кенішінде кенші (1912—15). Петропавл т. ж. бекетінде жүк тиеуші (1915— 16) болған. 1916 ж. қара жұмысқа алынып, Пермь т. ж-нда еңбек еткен. 1922—24 ж. Орынбордағы жұмысшы ф-тінде оқыған. 1925—31 ж. “Еңбекші қазақ” газетінде бөлім меңгерушісі. Жұмысшыларға білім беру қоғамының жұмысшы баспасөзі секциясының жетекшісі, Жұмысшы-шаруа инспекциясы халкомының нұсқаушысы, Петропавлда шығатын ‘”Кеңес ауылы” газеті редакторының орынбасары, кейін редакторы; 1933 — 36 ж. Орал қ-ндағы “Екпінді құрылыс”, 1935—36 ж. Петропавл қ-ндағы “Ленин туы” газеттерінің жауапты редакторы. 1936-38 ж. Бас әдеби басқарманың бастығы қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері 1922 жарияланған. Тұңғыш прозалық туындысы — “Бидің жауыздығы” әңгімесі (1922) Кейін “Жалшы сәулесі” (Ташкент, 1929), “Октябрь күндеріндегі қуаныш” (1927), “Ескендір” (1927), “Ардақты жан” (1928), “Большевик қызы” (1937), “Ана құшағында” (1937) т.б. шығармаларында жаңа заманнан жақсы үміт күткен кейіпкерлері арқылы сол кездегі қазақ қоғамының шындығын заман талабына сай суреттейді. “Жәмила қалай сауатты болды” (1927) әңгімесі қазақ әйелдерінің қоғамдық жұмысқа араласуын бейнелейтін көрнекті шығармалардың бірі болды. “Жаңа жол бойында” (1929), “Алтынды жүйе” (1930) жинақтарына енген әңгімелерінде адал еңбек абыройдың кепілі екендітін аңғартады. “Жұмақұлдың тендігі” (1927), “Бүгінгі ауылдың елестерінен” (1929), “Қан жаспен жуылды” (1929), “Қоңырау” (1930), “Құрманның санасы” (1934), “Талпақ” (1935) әңгімелерінде сол кездегі ауыл өмірінің тыныс-тіршілігі нанымды бейнеленген. Б. сын жанрына да үлес қосып, Ш.Иманбаева, С.Мұқанов, М.Әуезовтің шығармаларын, жас жазушылардың туындыларын талдап, құнды пікірлер айтқан.
Қ. Мұқанов