Байтасов Абдолла

БАЙТАСОВ Абдолла (1901, СҚО қазіргі Ғ. Мүсірепов ауд. Шұқыркөл а. — 1941. Қырғызстан. Фрунзе (Бішкек) қ.) — жазушы, педагог, қоғам қайраткері. Омбы қ-ндағы мұғалімдер семинариясын, Ташкенттегі Орта Азия мемл. ун-тін бітірген (1927). Алаш қозғалысын қолдап, Қазақ к-ттерін құруға атсалысқан. 1921—23 ж. Петропавл қ-нда “Бостандық туы” газеті редакциясында, 1923 ж. Ташкент қ-на көшіп келіп, жұмысшы ф-ті мен Қазақ халық ағарту ин-тында қызмет етті. 1928 ж. “Ақжол” газеті редакциясының ғылым мен техника бөлімін басқарды. М. Жұмабаевпен бірге “Алқа” әдеби ұйымын құруға қатысты. 1929 ж. қуғын-сүргін кезінде Ташкент қ-нда тұтқындалып, Алматы, кейін Мәскеудегі Бутыр түрмесіне қаматған. 1930 ж. 4 сәуірде ОГПУ «үштігінің» ерекше қаулысымен А. Байтұрсыновпен бірге Архангельскіге 10 жылға ауыр жұмысқа жер аударылды. 1939 ж. рақымшылық бойынша босатылып, Фрунзе қ-нда оқытушы болып жұмыс істеді. Б. өз заманының білікті қаламгері болды. “Жас алаш”, “Жас қайрат”, “Еңбекші қазақ” газеттерінің белсенді авторы ретінде танылды. Бастауыш сыныптар үшін оқу бағдарламасын жасап. “Тіл тарихы”, ” Халықтың ауызша мәдениеті”, “Өлі табиғат”, т.б. кітаптар жазды. Б. аудармашылықпен де айнатысқан. 1988 ж. ақталды.

Қ. Мұқанов