«Ауыл өмірінің жыршысы»
2023 жылдың 21 желтоқсаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, белгілі жазушы Ермек Қонарбаевтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Ауыл өмірінің жыршысы» атты әдеби кеш өтті.
Шараға ақын-жазушылар, журналистер, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Асыл мұра» орталығының мүшелері, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенттері, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның және Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектептің оқушылары мен мұғалімдері, кітапхана оқырмандары, Ермек Қонарбаевтың ұрпақтары, туыстары, жерлестері қатысты.
Іс-шараны С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-ның қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің бөлім басшысы Майра Әшімова жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған Ермек Қонарбаевтың немере інісі Абылай Балтабаев Ермек Қонарбаевтың өмірбаянына жан-жақты тоқталып, қысқаша шығармашылығы туралы айтып өтті.
Белгілі жазушы, журналист, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов Ермек Қонарбаевтың творчестволық жолы алғашқы қадамынан сәтті басталғанын, жерлестеріміз, сөз зергері, көрнекті жазушы Сафуан Шаймерденов, Кәкімбек Салықов және Қазақстанның басқа да көрнекті жазушылары оның шығармашылығына жоғары баға бергенін, сыншылар тарапынан жылы лебіздерге ие болғанын тілге тиек етті, Ермек Қонарбаев ауыл өмірінің шыншыл жыршысы екенін айта келіп, шығармаларына талдау жасады.
Ермек Қонарбаев – Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі. Өмірінің соңына дейін ұстаздық пен қаламгерлікті қатар алып жүрді. Іс-шарамызға оның шәкірттері – Зәуреш Қайырбекова, Зарап Құрманқұлов, Ғалия Малдыбаева қатысып, оның ұстаздық, адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Ақын, әнші, композитор, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов әннен шашу шашып, Ермек Қонарбаевты көзі тірі кезінде көргені туралы әсерлі баяндап берді.
Ардагер ұстаз, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин Ермек Қонарбаевтың шығармаларының жас ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы зор екенін баса айтты.
Ақын, журналист, музей қызметкері Самрат Құскенов те шығармашылығына тоқталды.
Туыстары атынан Ермек Қонарбаевтың қарындасы Садықова Әзкен Ләмәлиқызы және Ермек Қонарбаевтың қызы Досанова Нұрлыгүл Ермекқызы қатысып, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Шара барысынды Ермек Қонарбаев туралы Слайд және бейнефильм көрсетілді.
Шараға қатысушылар «Дарынды жазушы» атты кітап көрмесін тамашалады.